Жоғалған өркениет… Ықылым заманда керемет жетістікке жетіп, мейманасы тасыған, алайда тағдырдың талайымен із-түссіз жоғалып, бүгінге аты аңыз болып қалған жұрттардың жұрағаттары жалпақ дүниенің әр тұсында әлі де бар. Бүгінгі әңгіме осы көне өркениет бүр жарған шаһарлар жөнінде болмақ. Бұдан бірнеше мың, бәлкім ондаған мың жыл бұрында халқы мидай араласқан алып кенттер болды. Бірақ уақыт өте келе, ондағы тұрғындар бізге белгісіз себептермен аяқ асты өзге жаққа қоныс аударды. Шаһарлар иесіз қалды. «Өлі қалалар» деген атауға ие болды. Көне дәуірден сыр тартатын қалалардың бүгінгі орны туристердің ошағына айналды. Өйткені жоғалған өркениет, өткен өмір, адамзат дамуының алғашқы сатылары тек тарихшыларды ғана емес, қарапайым жұртты да қызықтырары хақ. Енді дүниені таң қалдырған сол «өлі» шаһарлардың бірнешеуі жөнінде тілге тиек етелік.
Мачу-Пикчу
Сол иесіз-жұртсыз қалған, бірақ уақытында дамыған шаһардың бірі болған, америка үндістерінің орталығы, тау басындағы Мачу-Пикчу қаласы жөнінде таңнан айтсаң, кешті батырған, кештен айтсаң, таңды атырған небір аңыз-әңгімелер бар. Жылнамаға сүйенсе, Перудегі тау басындағы шаһар шамамен 1440 жылдары қабырғасы қаланып, халқы кенеттен белгісіз себептермен тастап кеткен 1532 жылға дейін үндістердің гүлденген орталығы болған. Бұл үндістер үшін тек қаласы емес, әрі жааға алдырмас қамалы болды. Әсіресе алтын іздеген конкистадорлар бұл шаһарға батып бар алмады. Үндістер кез келген кезде тойтарыс беріп отырды.Әрі алтын іздеушілер тау басындағы қаланы өрмелеп барып басып алуға жүректері дауаламады. Бірақ неге екені белгісіз, үндістер шаһарды санаулы күндерде тастап, өзге жаққа көшіп кетті. Неге? Бұл әлі басы ашылмаған жұмбақ.
«Жартастағы сарай»
Үндістер кенеттен дүрк көтеріліп көшіп кеткен керемет шаһардың бірі АҚШ-тың Колорадо штатында бар. Бұл шаһар Меса-Верде Ұлттық паркінің территориясында орналасқан. Шамамен VI-ХIII ғасырларда үндістердің анасази деп аталатын тайпасы тұрғызған көрінеді. Қаланың қалдығы керемет. Әсіресе «Жартастағы сарай» деп аталатын бөлігінің туристер үшін орыны алабөтен. Бұл – жартасты ойып тұрып салынған сарай. Оны салуға қанша уақыт кетті, қалай жасалды, әзірге белгісіз. Қара тасты ойып, сарай салу үшін үндістер керемет ісмер болғанын осыдан байқауға болатындай. Жыл сайын осы жерге 700 мыңнан астам турист ат басын тірейді екен. 1300 жылы қаланы тұрғындар аяқ асты тастап кеткен. Неге? Бұл да бір құпия болып қалған дүние. Бір қызық жайт, осы жерде кезінде «Макенаның алтыны» деген алтын іздеушілермен үндістердің арасындағы қақтығысты көрсететін шым-шытырық оқиғалы кино түсірілген болатын.
«Елестер мекендеген шаһар»
Гватемаладағы Тикаль қаласын халық «елестер мекендеген шаһар» деседі. Шындығы сол, осы мекенге туристік сапармен келген көптеген туристер түн ішінде талай мәрте үндістердің ұран шақырып, дауылпаз қаққан дауыстарын естіген. Тіпті түн ішінде бұл қаланың аралап көрудің өзі үрейлі көрінеді. Негізі шаһар біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырда үндістер салған. Қаладағы адамдардың саны 200 мыңға дейін жетіпті. Өз тұсында тас өрге домалаған өркениет орталығы болыпты. Аспанды зерттеу, адамға ота жасау – бәрі осы жерде керемет деңгейде жүргізілген көрінеді. Қаланы қазған кезде табылған түрлі құрал-жабдықтар соның куәсі болса керек. Бірақ неге екені қайдам, осы бір ғажап шаһардың тұрғындары өз мекенін Х ғасырда тастап кеткен. Не үшін, неге? Жауап жоқ.
«Өлілер қаласы»
Осы қалалардың санын толтыратын Пәкстанда да «өлілер қаласы» деген көне кенттің орны сақталған. Шаһар ежелгі үнді өркениетінің орталығы болғанға ұқсайды. Елдімекеннің аты да қызық. «Мохенджо-Даро» деп аталады. Аудармасы – «өлілер қаласы». Неге мұндай ат берілді? Жұмбақ. Қазір Өлілер қаласы нағыз «өлілер мекеніне» айналған. Құланды шаһарға түн тұрмақ күн бата барудың өзі тым қорқынышты деседі. Шын-өтірігі белгісіз, түн ішінде «өлі қаланың «өлі тұрғындары» бас көтеріп, бір-бірімен араласып, сөйлесіп, дабырласып жатады-мыс… Бір қызығы, алқаптағы кейбір алып ғимараттар Мысыр пирамидаларын еске түсіретіндей. Және бұл қаланың жас шамасы да сол пирамидалармен шамалас. Кем дегенде мың жыл гүлденіп тұрған қаланы тұрғындар бір күн ішінде тастап кеткен.
«Мәңгілік қозғалыс»
Үндістан талай әлемдік оқиғалардың мекені екені белгілі. Тіпті әлемнің кейбір алпауыт мемлекеттері өздерінің символикасы етіп алған рәміз белгілерде осы үнді жерінде дүниеге келген. Мәселен, қызыл империя өзіне белгі еткен жұлдызша, Гитлерлік Германия символикаға айналдырған свастика, т.б. Бұл белгі таңбалардың бәрі «Мәңгілік қозғалыс» деген ұғым беретіні белгілі. Үнділер көне жұрт. Демек, бұл халық мекендеген жерде ықылым заманғы шаһарлардың үйіндісі жеткілікті. Соның бірі – Виджаянагар шаһары. Қала аты Жеңіс деген мағына береді. Бұл үнді жерінде өркендеген ұлы империяның орталығы болды. Бірақ уақыт өте келе, осы алып шаһарды тұрғындары тастап кеткен. Себебін нақты ешкім айта алмайды.
1001 шіркеулі шаһар
Осындай көне өркениеттің орталығы болған бір шаһар Түркияда да бар. Оны Әни қаласы дейді. Бұл ежелгі армияндардың орталығы болған екен. Мұнда кем дегенде 100 мыңның үстінде адам тұрған. Қалада 1001 шіркеу болыпты. Әлі де храмдардың қабырғалары, түрік селжүктерінің сарайлары болған ғимараттар бар. Селжүктермен армияндар арасында болған қырғын шайқастардан кейін қала құлап, қирандыға айналған. Ал оның тұрғындары амалсыз өзге өңірге көшірілсе керек-ті.
Кир тұрғызған кент
Парсы жұртында да керемет қаланың үйіндісі жатыр. «Персепол» деп аталады. Ұлы қаланы тұрғызып, ұлы империяның астанасы еткен – парсының ұлы патшасы Кир. Шаһардың іргетасы шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 580 жылы қаланған. Қала талай шайқасты бастан өткізді. Тіпті қайсы бір кездері жаудың қол астында да қалды. Бірақ соған қарамастан астана һәм ұлы қала деген мәртебесін жоғалтпаған. Тек араб жаулаушылары кезінде кент күйреп, үйіндіге айналған. Бүгінде көне тарихтан сыр тартқан шаһарда жартылай құланды атақты Ападана сарайының қабырғасы жақсы сақталған.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ