«Үлкен жетілікке» кіретін (АҚШ, Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония жәнеҰлыбритания) мемлекеттердің соңғы бас қосуында 2027 жылға дейін дамушы елдерге 600 миллиард доллар көлемінде инвестиция салу қаралған. Оның 200 млрд. доллары Орталық Азия (ОА) елдеріне арналып отыр. «Бұл не қылған батпақ құйрық» демекші, 200 млрд. тегінен тегін келейін деп жатқан жоқ. Бұл жерде «Үлкен жетіліктің» үлкен есебі жатыр.
Орталық Азияда 80 миллиондық адам ресурысы бар. Бұған орсан зор табиғи яғни жүздеген триллион долларлық байлықты қосыңыз. Одан қала берсе ОА Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғастыратын аса маңызды дәліздік рол айтқарады. Содан болар ОА өз орбитасына тарту үшін Ресей, Қытай және «Үлкен жетілік» соның ішінде Еуродақ арасында үлкен тартыс, бәсеке жүріп жатыр. Қалай десек те, қазір Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғыс жасаған соң, Батыстың эконоикалық құрсауында қалып, ОА –дағы ықпалы біршама әлсіреді. Әзірге негізгі тартыс Қытай мен Еуродақ арасында. Бұған әрине түркі жұрты үшін жетекші рөл атқарып отырған Түркияны да қосуға болады. Айтқымыз келгені, Қазақстан үшін аса маңызды Транскаспи жүк тасымалы дәлізі (Орталық дәліз) туралы. Ресеймен шекісіп жатқан Батыс үшін жүк таситын балама жолдар керек. Соның бірі һәм бірегейі Транскаспи дәлізі. Бұл жол өз тауарын Еуропаға жеткізу үшін Қытайға да аса қажет болып тұр. Бұрынғыдай мұхит асып, не болмаса Ресей темір жолдары арқылы айшылық жол жүріп барудың орнына Транскаспи дәлізі әрі қысқа әрі қауіпсіз. Бір сөзбен айтқанда өте тиімді. Сол секілді бұл дәліз Еуродақ үшінде «өмір жолына» айналып отыр. Себеп белгілі, Ресеймен дүрдараз болып, ол жақтан келетін энергоресурыстарға шектеу қойылғалы бері, Батыс көмір сутегі отынын ОА-дан, ал, өзгеде қажетті заттарды Қытайдан осы жол арқылы тасымалдауға көшкен. Бұл дәліздің мүмкіндігі жылына шамамен 10 миллион тонна жүк, 300 мың жүк контейнерін қабылдауға қауқарлы. Бірақ белгіленген ол межеге әзірге жете қойған жоқ. Былтыр 3 миллион тонна жүк тасылды. Әрине мұның бәрі еліміздегі Ақтау және Құрық порттары арқылы өтеді. Демек Қазақстан бұл дәліз арқылы тек өз мұнайын ғана жіберіп қоймайды, Қытай және ОА республикаларынан келетін транзиттік жүктерденде үлкен пайда көрмек. Бір сөзбен айтқанда миллиардтаған қосымша доллар ел бюджетіне түсіп тұрмақ. «Үлкен жетілік» бөлетін 200 миллиард доллардың біраз бөлігі осы Транскаспий дәлізіндегі инфрақұрылымдарды дамытуға кететіні анық. Демек біз өзімізге беріліп тұрған осы мүмкіндікті төкпей-шашпай дұрыс пайдалана білгеніміз жөн. Ары беріден соң бұл дәліз, Ресейге деген тәуелділіктен құтқаратын жол болмақ. Өйткені қазақ мұнайының 80 пайызы Каспий құбыр желісімен Ресей арқылы өтетін. Соңғы бірер жылда (соғыс басталғалы) әлсін-әлсін Ресей «құбыр істен шықты» деп қазақ мұнайын Батысқа өткізуді үлкен жырға айналдырған. Демек, Транскаспий дәлізін қазақ елін Мәскеуге тәуелді болудан құтқаратын құрал ретінде қабылдаған жөн.
Азаматхан Әміртай