Биылығы көктем еліміздің 9 өңірі су тасқынынан зардап шекті. Кейінен белгілі болғандай, су шайып кеткен және қауіпті жерлердің саны 20 -ға жеткен.
Бірнеше елді мекендер еріген қар суының астында қалып, халық тұрғылықты жерлерінен көшірілді. Шаңырақтарын тастап шыққан жұрттың көңілі қапалы. Солтүстік аймақтарда су тасқынының екінші кезеңіне қам жасап жатса, Шығыс Қазақстанда оның екінші толқыны басталды. «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында Батыс өңірде мол су ел шетіне жеткені жазылды. Мұқым қарашаны әбігерге салған топан су Үкімет пен әкімдерге, тиісті сала министрліктеріне айтары жоқ сын болды. «Ғылымсыз күнің жоқ» деген бекер айтылмаған. Осы нақыл сөзге енді көз жеткізгендейміз. Егер шенеуніктер өзекті мәселені шешудің жолын ғалымдармен ақылдасып, қамданғанда, мұндай «байбаламға» баспас едік. Ғылымның қиялы ұшқыр демекші, ғалымдар күн жылып, жердің тоңы жіби бастағанда бірнеше млрд шаршы метрқар суы жерге сіңіп кетеді. Біле білсек, бұл табиғаттың бізге берген тосын сыйы. Ғалымдардың пайымдауынша, қар суын оңтайлы пайдалану үшін жобаларға қажетті қаржыны бөліп, іс жүзінде әрекет еткен жөн.
Егер шенеуніктер мүмкіндікті пайдаланса…
Былай қарағанда, қар мөлшері биыл да жылдағыдай нормада жауды. Жалғыз-ақ, табиғат бізге құпиясын ашып берді. Енді мүмкіндікті жіберіп алмау өз қолымызда. Бәлкім, мұндай тасқын болмағанда, қазақстанда су қоры мол құйылатынын аңғармас едік,-дейді ғалымдар.
-Демек, болашақта Қазақстандағы су проблемасын шешуге болады деген сөз. Келешекте қар суын пайдалануды оңтайлы жолға қойсақ ұтарымыз көп. Ал ол үшін не істеу керек? Біріншіден- су деңгейі қай жерлерде көтерілді, қай өзендер арнасынан асты сол жерлерге үлкен су қоймаларын тұрғызып, бөгеттер салу керек. Осылайша, жылда сол араға құйылатын қар суының мол қорын бөгеттерге жинап, оны ауыз су ретінде пайдалануға әрі ауыл шаруашылығының қажеттілігіне жаратуға жетеді. Бұл-бірнеше жылға жететін су қорын молынан жинап алуға таптырмас мүмкіндік. Онымен қоса, су тасқынын көзін анықтайтын карта жасауға болады. Өркениетті елдердің барлығы бүгінде тасқынға осылай тойтарыс береді. Мәселен, Америкада билігі үнемі «су тасқыны» картасы арқылы әрекет жасайды, -дейді химия ғылымдарының докторы Азамат Едрисов.
Су тасқынын алдын алуға бөлінген қаражат қайда кетті?
Елімізде жылда су тасқынынан қамдануға ел қазынасынан млн-даған қаржы бөлінеді. Су ресурстары және ирриграция министрлігі 30 жылдың аралығында мемлекеттік бюджеттен осы мақсатқа бағышталған ақшаның көлемін есептесе, кетеуі кеткен бәленбай бөгеттерді жаңартып, жүздеген су қоймаларын салуға болар еді. Алайда тасқынға тас түйін дайын тұруға тиіс ел қазынасы қардың суындай зым-зия жоғалуда. Тіпті мұның есебі ешкімнен сұралмай келді. Тек топан су ойран салған кезде төтенше жағдайлар вице-министрі бақ өкілдеріне биылға 3 миллиард теңге бөлінгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, ол су тасқынын алдын алуға және күрделі жағдаймен күресуге бағытталуда.
Су түбінде жатқан сөз- шер толқыса шығады
Сөз орайы келгенде айта кеткен жөн, бізде «мемлекеттік бюджеттен немесе бюджеттен» деген термин кең қолданылады. Америка сенаторлары мен Еуроодақ өкілдері «салық төлеушілердің қаржысынан» деп сөйлеуге әдеттенген. Өркениетті мемлекеттің билігі халықтың қаржысы тек халықтың игілігіне жұмсалуға тиісті дегенді меңзейді. Демек, қазақстандықтар мемлекеттік бюджетке түскен ақшаның әр тиынды талап етуге құқы бар.
Тасқын болған өңірдегі су сапасы қандай?
Қамданған қапы қалмайды қашанда. Су тасқыны орын алған Шет ауданындағы жағдай қазір қалыпты. Біраз күн бұрын облыс тұрғындары арасында WhatsApp желісі арқылы «Ертіс өзенінің арнасындағы су басқан ауылдарда мал қорымдары, зираттар шайылып ластанған су арқылы таралып, соның салдарынан ел арасында ауруға шалдығу оқиғалары көбейіп жатыр» деген жалған хабарламалар тарады. Қарағанды облысының сантиарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарламаның шындықққа жанаспайтынын хабарлады. Ведомствоның мәлімдеуінше, су тасқыны орын алған сәттен аймақта халық тұтынатын суға зертханалық тексеріс күшейтілгенін.
-Атап айтқанда, санитариялық-химиялық және бактериологиялық көрсеткіштер бойынша судың сапасы санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтерге сәйкес келеді. Бүгінде Сәтбаев атындағы каналдың суы санитариялық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес келеді. Бұл маңдардағы судың сапасына апта сайын мониторинг жүргізіледі. Осы ретте, су тасқыны басталғаннан бері қалада жіті ішек инфекциялары бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты екені еске сала кеткен ләзім,-дейді облыстық СЭБ департаментінің ресми өкілі Айгүл Шәтекова.
Айтбала Сүлейменқызы Қарағанды облысы