– Қазір біз ата тарихты қайта зерделеу кезеңінде тұрмыз. Бұл жөнінде жазушы ретінде сіздің де көзқарасыңыз болуы тиіс. Тарихқа «ревезия» жасалар тұста, не айтарыңыз, не алып-қосарыңыз бар?
–Жалпы, Ұлы даланың ежелгі дүниеден бастап бүгінге дейінгі тарихының негізі қаланды ғой. Бұл салада арғы-бергі тарихшыларымыз қыруар еңбек атқарды. Оған дау жоқ . Ол тарихты ешкім аттап өте алмайды. Алайда Ұлы дала тарихы өкінішке қарай, жүз пайыз толық қамтылды деу қиын. Әсіресе, мынау соңғы екі жүз елу жылға созылған бодандық тұсында, қазақ өз тарихын өзі жаза алмады. Сондықтан да халықтың тарихи санасын қалыптастыру жолында алда атқарылар жұмыстар легі аз емес. Тарихтың даулы тұсы да жетерлік. Бір ғана мысал. Еуропалық тарихшылар осетиндерге балайтын, ирандықтар өз ата-бабалары санайтын , түркілер өз тегі деп білетін ежелгі Еуразияны мекендеген көшпелі скиф, сақтар туралы да ақиқат айтылып болды деу қиын. Соның бір мысалы – скиф, сақтар туралы ең ежелгі деректерді игеру мәселесі. Ұлы дала тарихы дегенде біз көбіне грек , парсы, араб және қытай жазбаларына сүйенеміз.
Мысалы, жаңа заманнан бері еуроцентризмге бой алдырған Батыс тарихшылары Ескендір Зұлқарнайынның (Александр Македонский) тарихын айтқан кезде немесе ол жайлы кітаптар жазып, кинолар түсірген кезде Ұлы дала тарихына байланысты бір керемет деректі тастап кетіп отырады. Ескендірдің ерлігіне сақтар қосқан үлесті «ұмытып» кетіп отырады. Бәлкім әдейі Александр Македонскийдің қолбасшылық мәртебесін түсіргісі келмегендік болар. Еуроцентризм деген осы. Батыс тарихшылары айналып өткен деректі Македонскийдің жорықтарында үнемі жанында болған немере ағайыны тарихшы Каллисфен бәрібір жазып қалдырыпты. Көргенін жазған. Ақиқатты аттамаған. Ескендір әскерінің алғы шебі көшпенді скиф садақшыларынан құралғанын тәптіштеп тарих бетіне түсіре білген. Оның жазуынша Ескендірдің ең бірінші ерлігі Македонияға жорық жасаған скифтерді айламен алдап қолға түсіруден басталыпты. Алғашқы соғысында-ақ Ескендір ұлы қолбасшыға тән үлкен айлакерлік жасаған. Былайша айтқанда, Македонияға жасанып келген жауды-скифтерді таудың бір ұрымтал қолтығында күтіп алып ойсырата жеңген. Тау арасымен өтетін тар жолдың алдын бөгеп, екі шетіндегі жартастарға әскер қойған. Сөйтіп, скифтердің әскері түнде тар қолтыққа кірген кезде Александр негізгі қолмен қиқулап жаудың желкесінен тиген. Екі бүйірден жаяу әскер жартастан тас домалатқан. Осылайша тар қылтада қысылып қалған скифтер ашық далада көрсететін керемет жауынгерлік ұрысын көрсете алмай, бір-бірін басқылап қырғынға ұшырайды. Осы тұста Александр тағы бір тәсілге көшеді. Ол: «Егер менің бодандығыма өтетін болсаңдар, мен сендерді қырмаймын!» дейді. Әрине, тар қылтада қалып, қырыла бастаған скифтер Александр шартына көнеді. Оның қоластында оған әскери көмек беріп тұруға ант ішеді. Келер жылы Александр солтүстік скифтерге қарсы жорыққа аттанады. Оның 75 мың әскеріне 70 мың скиф садақшылары келіп қосылады. Македонияға ең қатерлі жау болып келген солтүстік скифтер тізе бүгеді. Оларды тізе бүктірген өз қандастары грек әскерінің алғы шебін құраған скифтер еді.Тарихшылардың жазуынша ол заманда шайқас тағдырын сайыпқыран садақшылар шешетін болған. Ал ол заманда әлемдегі ең алыстан ұратын атқыш садақшылар скифтер болған. Скиф садағы мен садақшыларын Гомерден бастап грек жыраулары жаппай жырлаған. 75 мың грек әскерінің алғы шебіне 70 мың скиф садақшыларын қойғаннан кейін «жеңілісті білмейтін» Ескендір әскерінің әлемді жаулап алу тарихы басталады. Азия жорығында Александр әскерінің скиф садақшылары қазіргі заман тілімен айтқанда ауыр артиллерия рөлін атқарған. Солтүстік жорығында Александрге қарсы тұрған тағы бір күш – скиф қыздарынан құралған аманзонкалар болыпты. Тарихта аманзонкалар деп садақ тарту үшін, бір омырауын туа сала күйдіріп тастаған қыздарды айтады. Осы тайпаның шекарасына келіп тоқтаған, Ұлы қолбасшы, амазонкалармен келіссөз жүргізген. «Бізге беріліңдер, одақтас болыңдар!» деген. Амазонкалар патшайымы: «Бізбен соғысып әуре болма, жеңсең тарихта әйелдерді женген деген атқа қаласың, ол саған абырой емес, жеңілсең тіпті масқара боласың!» депті. Ескендір келісімге келіп, амазонкалармен де одақтасады. Осы жерде ел шетіне жау тигенде әйел-қыздардың қолға найза алып атойлап атқа қону дәстүрі Ұлы далада қазақтар арасында кешегі күнге дейін сақталғаны еске түседі. Сөйтіп, амазонкалар да Александрдың өзге елдерге жасаған шақыншылығына көмек береді. Аса қаһарлы күшке ие болған Македонский осыдан кейін өзінің ата жауы, Дарий басқарған әлемдегі ең қуатты империя – парсы империясына қарсы аттанып оны талқандайды. Алайда ол соғыстың алғы шебінде 70 мың скиф садақшысы болғанын, Македонский әскері қатысқан тарихи шайқастардың тағдырын шешуде сол садақшылардың шешуші рөл атқарғанын, әрине, еуропалық тарихшылар дабыралап жазбады. Айтпады. Жасырды. Бүкіл жеңісті, даңқ-дабыраны түгел Ескендірге және оның грек әскеріне теліді. 150 мың Ескендір әскерінің тең жартысы, яғни 70 мыңын құраған далалық скиф сарбаздарының сөйтіп, «еңбегі – еш, тұзы – сор» болды. Персияны бағындырса да Ескендір Ұлы даланы бағындыра алмай Сырдан өтпей кері шегінгені аян. Бұдан шығатын қорытынды – біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықта екі ұлы империя парсы және грек империясына тізе бүкпеген тек Ұлы дала болғаны. Өз жерін жауға бермеген көшпелі сақтар өз заманының ең қуатты әскері болғаны. Бұл даңқты жауынгерлік дәстүр сақтар ұрпағы ғұндарға, ғұндар ұрпағы түріктерге ұласқаны белгілі. Түріктер ұрпағы Дала қазақтарына ұласқаны белгілі. Өкінішке қарай скифтер тілінде жазылған жазба дерек сақталма
ған. Сондықтан Батыс тарихшылары біресе скиф, біресе сақ, біресе массагет атаған Ұлы дала тайпаларын түріктердің арғы тегі деуге ауыздары бармайды. Осы жайт бізге түркілер тарихына түп-тұқияннан бері жасалған және жасалып келе жатқан қиянаттың бір түріндей көрінеді де тұрады. Неге? Себебі арада ондаған ғасыр өтсе де Ұлы даланы жайлаған баяғы көшпелі скиф-сақтар және сол даланың ежелгі ұрпағы қазақтар арасындағы ұқсастықтар тайға таңба басқандай мен-мұндалап тұрған жоқ па? Скиф-сақтар да киіз үйлі көшіп-қонған, жылқы етін жеп, қымыз ішкен ел болған. Оны Геродоттан бастап грек тарихшыларының бәрі жазды. Егер сақтар, скифтер парсылармен діні, тілі бір туыс халық болса, онда парсы империясымен Ұлы дала ғасырлар бойы неге теке тіресте болды?! Сол жаулық одан кейінгі ғасырларда Фердауси жырлаған Иран – Тұран арасындағы жүзжылдық соғысқа ұласқан жоқ па?! Содан кейін Геродаттан басқа да эллин тарихшылары «Скифтердің сөзге тұратын, әділетті халық екенін, өте жауынгер халық екенін» бір ауыздан мойындайды. Біздің заманымызда Үндінің тұңғыш президенті Жавахарлал Неру: «Еуразия даласында жауынгерлігімен мақтана алатын жалғыз халық бар, олар – түріктер» деп жазған. Көшпелі түріктердің ерлері ғана емес әйелдеріне де тән жауынгерлік қасиет бастауы сол тарих тереңіндегі амазонкалардан келе жатқан дәстүр дедік. Ұлы даланы парсыларға бермеген Томирис, Зарина ханшайым ерліктеріне Геродоттың жазуымен күллі адамзат тәнті болды емес пе?! Кешегі Әлия мен Мәншүк ежелгі Томирис пен Заринадан бері үзілмей келе жатқан тек көшпелі Ұлы дала қыздарына ғана тән батырлық дәстүр сабақтастығын әйгілеп тұр емес пе?! Тегінде болмаса кешегі Желтоқсанда қазақ қыздары қызыл жендеттерге қарсы тұрып қанды шайқас салар ма еді?! Тағы бір мысал, парсы патшасы Дарий Ұлы далаға біздің заманымызға дейінгі 6 ғасыр аяғында басып кіргенде сақ әскері соғыспай шегіне береді. Дарий сақ қолбасшысына « Ей, ер болсаң қарсы тұрып соғыспайсың ба, неге қашасың ?» деп жаушы жібереді. Сонда сақ қолбасшысы: «Бізде сен қирататын кент жоқ. Сондықтан шегініп барамыз. Ол қорыққандық емес, сақтардың қалай соғысатынын көргің келсе олардың ата-бабасының моласына тиісіп көрші!» деп жауап қатады. Біздің осыдан 25 ғасыр бұрын өмір сүрген сақ бабамыз әлі күнге түк өзгермеген ата-баба моласын құрметтеп, аруақ сыйлайтын Ұлы дала заңын айтып тұр емес пе?! Әлі күнге шейін қазақ ата-баба моласына біреу тиіскенді аямайды емес пе?!
– Дегенмен қасаң тілмен жазылған тарихты жас ұрпақ оқып, көңіліне тоқи қояр деп айту қиын. Сондықтан жас өркеннің есінде қалатындай басқа жолдар қарастырған жөн болар?
– Оның рас. Ұлы даланың осындай тамаша дәстүрін дәріптеу не үшін керек? Құлдық санадан құтылу үшін керек, кешегі қызыл империядан қалған. Өкінішке қарай тарих оқулығы қанша тамаша жазылса да қарақұрым оқырманға жетпейді. Оның үстіне кітап оқымайтын заманға тап келдік. Не істеу керек? Қарақұрым оқырман бүгінде экран алдында отыр. Дені жастар. Ендеше, тарих сол экран арқылы қарақұрым көрерменнің тура алдынан шығуы шарт емес пе?! Өзге жол жоқ. Бұл бүгінгі дамыған елдер қолға алған тәсіл. Идеологиялық тәсіл. Олар тарихты қағаз бетінен алып экранға көшіріп жатыр. Әсіресе, телеэкранға. Телесериалдарға айналдырып жатыр. Яғни виртуалды тарихты қолдан жасап жатыр. Сол арқылы адамзаттың тарих санасын қалыптастырып жатыр.Әркім өз тарихын көтеріп жатыр. Әркім экранда өз тарихын әспеттеп жатыр. Мұндай жағдайда оқулыққа сеніп бейғам отырғандар былай қалары анық. Оқулық құрғақ деректерді ғана үйіп-төгіп беруі мүмкін. Бірақ кино өнеріндей тарихи оқиғаны бүкіл болмысымен көрерменнің көз алдында тірілте алмайды ғой!! Кино өнеріндей сезімді қозғап біресе күлдіріп, біресе жылатып бейне бір сол бір дүрбелең оқиғаның ішіне кіріп кеткендей, тарихи тұлғалардың жанында жүргендей жан дүниеңді астан-кестен етпейді ғой!!! Сондықтан да бүгінде экранды қай ел жаулап алса, әлем алдында сол елдің тарихы бар да, қалғаныныкі жоқ болып көрінеді, қалың көпшілік санасында. Бұдан былай экран алдында отырған әлем үшін сериалдарда көрінген тарих қана тарих болып, экранда көрінбеген тарих тарих болмай қала беретін түрі бар. Бұл мезгіл тудырған феномен. Бұ нені көрсетеді? Миллиондаған, миллиардтаған көрермен санасы үшін әлемде алапат күрес жүріп жатқанын көрсетеді. Сол мәдени-идеологиялық күреске төтеп бере алмаған Кеңес Одағы атты алпауыт көз алдымызда күйреп түсті емес пе? Сондықтан да бүгінгі ұран – «ел боламын десең, экраныңды түзе!» Сондықтан да тарихымыз телесериалдарға көшіп бүгінде балмұздақ жеп экран алдында отырған ұрпақтың алдынан шығуы керек. Тамаша түсірілген тарихи телесериал – әрі мәдениет, әрі тарих, әрі тіл, әрі тәрбие. Патриоттық тамаша мектеп. Аудиториясы ең ауқымды мектеп. Ал бізде оқиғалы көркем сериалдарға сұранып тұрған тақырыптар аз ба? Жетіп артылады. Тіптен тарихи тақырыптың мұрты бұзылмай жатыр деуге болады. Ақиқатын айтсақ, алтын көмбенің үстінде отырмыз. Оны игере алмай жатсақ кінә өзімізден. Әйтпесе әлемді тітіреткен Алтын орда тарихы кімнен кем?! 3 ғасыр ұдай Ұлы дала әлем ортасы болды емес пе?! Төрткүл дүниенің кіндігі болды емес пе?! Еуропа, Ресей, Араб, Парсы, Үнді, Қытай яғни күллі әлем құбыласы 3 ғасыр ұдай Ұлы дала болды емес пе?! Мұндай тарих Америкада болса Голливуд бүгінде оның неше бір нұсқасын жасап, жарқыратып, жалаулатып, жалпақ дүниені шарла, жырғап жүрер еді! Көшпелілер тарихын көкке көтерер еді!!! Өйткені тарихымыз соған лайық.
Әңгімелескен Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ