Home Жаңалықтар Шұбартау көтерілісі туралы шындық

Шұбартау көтерілісі туралы шындық

94

1929-31 жылдары болған қазақтардың күшпен тәркілеу және ұжымдастыру саясатына қарсы наразылық көтерілістерінің жалпы саны 372 және оларға 80 мыңға жуық адам қатысты.

Мұндай ірі көтерілістердің және оған қатысушылардың санын сол жылдардағы Қазақстан басшысы Ф.Голощекиннің И.Сталинге хабарлап тұрғаны құпия архивтен белгілі. Солардың бірінде тек екі жылда ғана, Қазақстанда 15-ке тарта ірі көтеріліс болып, оларға 34 мыңдай адам қатысқанын аңғарамыз.

Тоталитарлық жүйе қыспағына қарсы болған осындай ірі көтерілістердің бірі – Шұбартау шаруаларының, 1931 жылы көктемде болғанын және күшпен басылған көтерілісі. Көтерілістің себептері сол жылдардағы архив құжаттарында мүлде бұрмаланып көрсетілген. Бұл құжаттар большевиктер партиясының идеологиялық тұжырымдамасынан ауытқи алмағандықтан, шындықты бейнелеуге, көптеген ауытқушылықтарға жол берілді. Солай бола тұрса да, ақиқатты іздеген адам оны қасаң идеологиялық қауыздан оп-оңай ажыратып ала алады. Осы орайда, бәрінен бұрын ресми қайраткерлер жоғарыдағы көтерілістердің шығу себептерін қалай түсіндіреді, алғаш осыған назар аударайық. Қазақстан үкіметінің басшысы Ораз Исаев 1932 жылы тамызда И.Сталинге былай деп жазды: «…1930-1931 жж. Байлар Алтайдан басталып, Маңғышлақтан аяқталған бірқатар, айтарлықтай ірі контрреволюциялық бас көтерулер ұйымдастыра алады. Бұл бас көтерулерде байлардың еңбекші қазақтарды өз соңдарынан ерте алуларын Ф.Голощекин әрқашанда байлардың ру ішінде ықпалды күш болуымен түсіндіреді… Шын мәнінде басты нәрсе мынада, партия саясатын бұрмалаудың арқасында осы еңбекші бұқараның мүддесі аяқасты етілді… Бұл жерде негізінен шындыққа біршама жақын тұрғанымен О.Исаев екі нәрсені айта алмай отыр: 1) көтерілісті тек байлар ғана емес, дінбасылар және елге беделді ақсақалдар басқарады; 2) кедейлер мүддесі «партия» осы партия саясатының өзінің қате, адамгершілік атаулыдан жұрдай болуынан аяқ асты етілді.

Кейінірек, 1933 жылы 31 қаңтар РСФСР үкіметі төрағасының орынбасары (Қазақстан осы республика құрамында еді) Тұрар Рысқұлов Қазақстанның жаңадан тағайындалған басшысы Л.Мирзоянға жазған хатында біз әңгімелейік деп отырған Шұбартау ауданын негізінен казақтар ғана тұратын 70 ауданның қатарына жатқызып, егіншіліктің мардымсыздығынан бұл аудандарда күйзеліс басталып, 1931 жылдан бастап, жаппай босқыншылық орын алғанын атап көрсеткен еді.

Халықтың мұндай ауыр халге ұшырауының ең басты себебі, 1928 жылдан бас көтертпес ауыр ет салығының белең алып кетуі болды, Мысалы, Шұбартау ауданы Орталықтағы өнеркәсіпті аудандарды ет өнімдерімен жабдықтайтын және осы мақсатпен Семей ет комбинатына мал өнімдерін өткізетін басты мал шаруашылығы аудандарының бірі еді. Оның үстіне, 1930 жылдың басынан кең өрістеген ауқатты шаруаларға қарсы кеңес үкіметінің жаулық саясаты олардың шаруашылықтарын түгелдей дерлік күйретіп үлгерді.

Көтеріліс 1931 жылғы наурыз айының алғашқы жартысында басталды және оған жалпы алғанда (ОГПУ-дің ресми мәлімет бойынша) 600-ге тарта адам қатысты. Көтерілістің бытыраңқы түрде өрістеп кетуіне көрші Абыралы және Шыңғыстау аудандарында көтерілістердің басталғаны туралы хабар, сондай-ақ, Қазақстанның көптеген аудандарында Кеңес өкіметінің құлағаны туралы өсек-аяң шешуші ықпал жасаған.

Бұл туралы ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында Бидайық жайлауындағы 8-ші ауылдың тұрғыны Әзімханов деген кісі былай дейді: «…31-ші жылдың ақпан айында Шыңғыстау ауданынан келген Зарбасов Қабыкен, Әкішев Зәкір маған өздерінің Шыңғыстау ауданындағы көтеріліске қатысқандарын, мата және астық әкелгендерін айтты. Осыдан соң Әкішевті қызыл отаудың тергеушісі шақырып, Шыңғыстау ауданындағы көтеріліс туралы сұрады және босатып жіберді.

Жиналыс Жүнісов Жұманбайдың ауылында өтіп, Шыңғыстау ауданындағы көтеріліс туралы әңгімені тыңдаған соң, сонда ауылдық кеңес мекемесін және аудан орталығын басып алу туралы шешім қабылданды. Көтеріліс туралы Әкішев мәлімдеп, көтеріліске шығу және аудан орталығын басып алу туралы алғашқы ұсыныс жасады».

Осы әңгімені көтеріліске қатысқан басқа кісілер де өздерінің ОГПУ тергеушісіне берген жауаптарында мойындай отырып, сонымен бірі көтерілістің негізгі ұйымдастырушысы ретіңде елге ықпалды және сыйлы Қарамұрзин Мырзаш деген кісіні атайды.

Мысалы, ОГПУ тергеген Манғозин Дүйсен былай деп көрсетеді: «Қарамурзинге Шыңғыстау ауданынан келген Зарбасов Қабыкен онда болған халықтың кеңес өкіметіне қарсы ызалы бас көтеруі туралы айтқан. Дегенмен де, әрқашан алды-артын ойлап, әрекет жасайтын Қарамурзин Мырзаш бұл хабарға илана қоймаған. «Бірақ көп кешікпей-ақ, Қарамурзин Мырзаш Абыралы ауданындағы өзінің күйеу баласы Кемпірбаев Бәкеннен және оның ағасы Кемпірбаев Ысқақтан Абыралы және Шыңғыстау аудандарында шынында да көтерілістер болып жатқаны туралы, сондай-ақ, онда кеңес өкіметінің құлағаны жайлы хабарлар алды».

Осыдан соң, Қарамурзин үйіне өзіне ет жақын керей руынан шыққан туыстарын: Молдабаев Қалиды, Молдабаев Өмірәліні, Молдабаев Ғалиды және Күнғаев Әбубәкірді тамаққа шақырады. Бұл бас қосуға, сондай-ақ, жергілікті керейлерден тағы да біраз адамдар қатысқан. Ас үстінде Қарамурзиннің туысы, N 8 ауылдық кеңес хатшысы Омашев Тұрсынбек ауылда ауқаттылардан жинап алынған, яғни кәмпескеленген малды аудан орталығына айдап әкелу туралы нұсқау бар екендігін айта келіп, мұндай жағдайда Абыралы ауданындағыдай көтеріліске шығып, малды орталыққа айдап әкетуге жол бермей, күшпен алып қалу және кезінде қиянатпен тартылып алынған бұл малдарды иелеріне қайтару туралы ұсыныс жасаған.

Көтерілістің алғашқы ұясы Қарамурзин Мырзаштың ауылы, ал көтеріліс басшысы соның өзі болғанын ОГПУ архивіндегі баска құжаттар да дәлелдейді. Кейіннен қолға түсіп, ОГПУ тергеушісіне жауап бергенде ол өзі туралы былай дейді: «Мен, Қарамурзин Мырзаш, керей руынан шыққанмын. Революцияға дейін бізде, әкемізде 50-60 жылқы, 300-ден аса қой, 10 басқа тарта түйе болған еді. Бізде 2 жалшы болды. 1931 жылы жеке салық салынды және мал дайындауға байланысты жоспарды орындамағаным үшін қудаландым. Азаматтық құқымнан 1931 жылы айырылдым.

Екі бауырым бар: Ахмет 64 жаста, ал Арымтай (кейбір құжаттарда Рымтай – Т.О.) 51 жаста. Алғашқы бауырым шамамен 1930 жылдың желтоқсан айында тұтқындалды және басында Атымтай Базыбеков тұрған Абыралы ауданындағы бас көтеруге қатысқаны үшін Қарқаралы қаласындағы еңбекпен түзету үйіне қалмады. Екінші бауырым Арымтай Шұбартау ауданындағы бандиттік бас көтерулерге қатысқаны үшін тұтқындалды…»

Айыпталушы Мағозин Дүйсен Қарамурзин Мырзаштың туыстарын үйіне жинап, ақылдасқан соң, бір күннен кейін 30-40 адамды басқарып, ауылдық кеңес кооперативіне басып кіргендерін және оның заттарын тып-типыл етіп бөліп алған соң, көтерілісшілер сандарын көбейту үшін керей руының азаматтары тұратын ауылдарға шабармандар жөнелткенін және осының нәтижесінде 100-ге тарта адам жиналғанда, тағы да Қарамурзин бас болып, олардың ауылдық кеңес кеңсесіне басып кіргендерін айтады.

Қарамурзин Мырзаштың басқа ауылдарды көтеріліске көтеру үшін жан-жаққа шабарман жігіттер жібергенін тергеу кезінде баскалар да көрсеткен. Мысалы, Молдабаев Байтау деген батырақ былай дейді: «…Қарамурзин Мырзаштың шабарманы, кедей Ақшалаев Бекіш төмендегідей мәлімет алып келді: «…жан-жақтан алынған мәліметтерге қарағанда кеңес өкіметі құлаған. Абыралы ауданын, Шыңғыстау ауданын көтерілісшілер басып алған».

1931 жылдың 5 наурызында Қарамұрзин бас болып, кооперативті басып алып, оның мүлкін елге үлестірген соң, «Бидайық» жайлауында көтерілісшілердің алғашқы жиналысы өткенін осы куә да растайды. Жиналыста Қарамурзин Мырзаш өзіне тән жүректілікпен ерекше батылдық көрсетіп, көтерілісшілердің сарбаздар жасақтарын жасақтауды ауылдардан талап еткен. Оның нұсқауымен әрбір ауыл өз ортасынан он жігіт – сарбаздар шығарулары тиіс болды. Кеңес өкіметінің зорлықпен тәркілеу, жүгенсіз ет дайындау және бай-кулактарды тап ретінде жою саясатына аса наразы ауылдардан мұндай еріктілер табу ол кезде онша қиын да емес еді. Оның үстіне, жоғарыда айтқанымыздай, көрші аудандарда кеңес өкіметінің құлағаны туралы хабар да халықты желіктіре түсті және наразы халықта: «Олар жасағанды біздер неге жасамаймыз» деген түсінік қалыптасты. Кейіннен сотқа тартылған куәлар Қарамурзин Мырзаштың осы «Бидайық» жайлауында сөйлеген сөзінде көтеріліске қатысудан бас тартатындарға жазалау (ату) шараларын қолданатынын ескерткенін айта келіп, кейбір кісілердің осыған, яғни жазалаудан, қорыққандықтан ғана қатысқандарын әңгімелейді.

Дегенмен де, ашыға бастаған және кеңес өкіметінің күштеу саясатынан әбден мезі болған халықтың кооперативтерді және т.б. мемлекетгік мекемелерді тонау кезінде өз үлестерін алып қалуға мүдделі болғандары шындық.

Қарамурзин Мырзаш жіберген шабармандар 4-наурызда «Сароба» жайлауында да жиналыс өткізген және жиналған 30 шақты адам Молдабаев Қалидың бастауымен Аягөз станциясынан Шұбартау поселкасына келе жатқан өнеркәсіп тауарлары тиелген жүк арбасын тонаған. Онсыз да толқып отырған ауылдар енді үкіметке ет тапсырудан ашық бас тартты. Осындайда аудандық атқару комитетінің хатшысы Исағұлов кейбір деректе ОГПУ өкілі Қызыл отау судьясы Ибраев, ет дайындаушы уәкіл Ибраев т.б. жергілікті белсенділер Ибраев, Кәкішев, Жанұзақов, Өтегенов, сондай-ақ миллиционерлер Мақанов ауылдарды аралап, оларды көтерілістен бас тартуға үгіттеген. Бұл кезде оқиға Исағұловтың айтуынша төмендегідей өрбіген: «Исағұлов, Мақанов, Ибраев және жергілікті партия ұясының хатшысы Сыбанқұлов ет тапсырудан бас тартқан N 11 ауылға келіп, 4-наурызда жиналыс өткізген. Олар өкіметтің құрығы ұзын екенін, оған қарсы бас көтерудің жақсылықпен аяқталмайтынын, ал кеңес өкіметі құлады деген әңгіменің біреулер әдейі ұйымдастырған өсек-аяң болып табылатынын атап көрсетіп, ашу буып тұрған ауылды тоқтатты. Осыдан соң Исағұлов және оның қасына ергендер аудан орталығына қайтар жолдарында көтерілісшілер бас қосып жатқан Бидайық жайлауына 10-15 шақырым жердегі Бабахан ауылына кідірді. Осы жерде төтенше оқиға болды. Кешкі сағат алтылар шамасында шамамен 150-ге тарта аттылы-жаяу көтерілісшілер бұлар орналасқан қыстау үйі есігінің алдында ерсілі-қарсылы ойқастап, наразылық білдіріп, орталарынан бір адамды бұлармен сөйлесуге жіберген. Қыстау есігіне жақындап келген ол адам іште тығылып отырған белсенділерге қаруды тапсыруды талап еткен, іштегілерден жауап мынандай болған: «Егер өлгілерің келсе бізге жақындай түсіңдер, ал қаруды ерікті түрде бермейміз».

Қорғауда отырған белсенділер, дегенмен де, ашулы топ арасынан аман-есен шығуды ойластырып, көтерілісшілерді үгіттеу үшін өздері де орталарынан бір адам жібереді. Үгітші көтерілісшілерге олардың кооперативті басып альш, ондағы астықты бөліп алуларын, аш адамдардың істері деп кешіріммен қарайтындарын айта келе, әлі де болса райдан қайтуға, бөліп алған кооператив астығын қайтаруға және көтерілістен бас тартуға шақырды. Бірақ бұған қандары қарайған көтерілісшілер иіле қоймады, осыдан соң, түнгі 3-4-тер шамасында көтерілісшілер тақап келіп, өздерінің ата-бабаларының әруағын шақырып, «Жобалай», «Жобалай» десіп ұрандады және тікелей шабуылға шықты. Қорғанушы белсенділер оларға бағыттап, қаруларынан 10-15 дүркін мылтық атты. Осыдан соң тосылып қалған көтерілісшілер, киіз үйді тасалап тұрып, белсенділерді үгіттей бастаған. Белсенділер арасынан өз кезегінде Сыбанқұлов та оларды үгіттеді.

Алма-кезек және пікір алысу барысында көтерілісшілер өз күнәларын және қателіктерін мойындаған сыңай танытып, белсенділерге тимейтіндерін және олардың қалыптасқан жағдайды ертең «Бидайық» жайлауына келіп түсіндірулері керектігін айтып, өтініш жасап кетіп калды. Бұл шын мәнінде қулық еді. Дегенмен де осыған сенген белсенділер ертеңіне таң азанда «Бидайық» жайлауына барғанда Сыбанқұловтың үйінің жанында көтерілісшілер оларды аяқ астынан қарусыздандырған».

Бұл, жоғарыда айттық, Исағұловтың әңгімесі. Дәл осы сәтті кедей Манғозин Дүйсен мүлде басқаша түсіндіреді. Оның айтуынша, көтерілісшілер белсенділерді «Бидайық» жайлауында емес, қыстауда отырғанда карусыздандырған және белсенділер бүған ешқандай қарсылық көрсетпеген. Сөзбе-сөз айтсақ Манғозин былай дейді: «…Исағұлов және тағы басқалар отырған қыстаудың есігіне жиналған көтерілісшілер қаруды талап еткен кезде Исағұлов мені өзіне шақырды және былай деді: «…Міне, саған менің винтовкам, оны сақта, бұл маған қажет болғанда маған оны қайтарасың». Осыдан соң, мен одан, Исағұловтың винтовкасын, 63 дана патрондарын және бір гранатасын алдым. Осы уақытта көтерілісшілер келгендердің қалғандарының қаруларын сыпырып алды. Қару алынып болған соң, барлық тұтқындағыларды, оның ішінде Исағұловты және онымен бірге келгендерді еркіндікке босатып жіберді».

Осы айтылғандардың қайсысы шындық дер болсақ, Исағұлов шындықты бұрмалаңқырап отырғандай. Ол ОГПУ уәкілі болғандықтан, шын мәнінде қарсыласпай, өз қаруын көтерілісшілерге тапсыра салғаны үшін жауап беруге тура келетінін, өрине, жақсы түсінді.

Деректерге қарасақ, аудан орталығына шабуыл жасау туралы шешім «Кеңжайлау» жайлауындағы жиналыста қабылданған. Онда алғаш 200-дей көтерілісшілер жиналған және олардың алдында Қарамурзин Мырзаш сөз сөйлеп, көтерілісшілерді жеделдете аудан орталығын басып алуға шақырған. Осы жиналысқа қатысқан Бейбітов Алтай кейіннен тергеушілерге Қарамурзиннің сөз сөйлеген кезде қолына бір нәрселер жазылған ақ жалау ұстап тұрғанын айтты. Ал, тергеуде куә болған Манғозин Тілеубек бұл ақ жалаудың өзінің үйінде дайындалғанын және оған Қарамурзин Мырзаштың айтуымен Омаров Сыпатайдың ұран жазғанын әңгімеледі. Деректерге қарағанда, Мырзаштың қолындағы бұл ақ жалауға «Кеңес өкіметі жойылсын! Мұхамедтің діні жасасын!» деген ұрандар жазылған.

Дегенмен де, аудан орталығын басып алуға көтерілісшілерді тек Қарамұрзин Мырзаш ғана ұйымдастырды десек артық айтар едік. Көрші аудандарда көтерілісшілердің аудан орталықтарын басып алғандарын естіген кейбір ауылдар, өздері де осындай әрекетке дайындалып, жекелеген кісілер аудан орталығын басып алып, кеңес өкіметін тезірек кұлатуға шақыра бастады. Мысалы, 8-ауылдың жігіттерін топтастырып жүрген Серғазин Мұқа көтерілісшілерді аудан орталығына жорыққа өз ауылынан аттануға шақырды.

Кеңес өкметінің жүгенсіз ет дайындау саясатынан әбден мезі болған, уәкілдердің, шолақ белсенділердің тізесі батып, зәбір-жапа шеккен кейбір ауылдарда кек алу науқаны өрістеді. Мысалы, кезінде Меккеге барып қажы атанған, 73 жастағы Ноғаев Қайып N 1 ауылдың жігіттерін көтеріліске көтеруде белсенділік танытып, «Көктас» жайлауында жиналған жұрттың көзінше, кезінде «қайдан тапсаң одан тап, қаптың түбін қақ!» — деп зіркілдеп, ауылдың екі аяғын бір етікке тыққан шолақ белсенді — коммунист-батырақты итше тепкілеп, көкала қойдай етіп сабап, ауыр соққыға жықты. Ол сондай-ақ көрші N 4 ауылдың көтерілісшілерімен тығыз байланыс орната отырып, жұртты тұқымдық астық сақталған қамбаны басып алып, ондағы астықты шелекпен өлшеп, өзара тең бөліп алуға жұмылдырды.

Көтерілісшілер аудан орталығына шабуыл жасаған және аудандық атқару комитеті елден тәркілеп, тартып алған ет дайындатуға арналған жылқылар табынын алдарына салып, дүркіретіп айдап әкеткен және оларды кеңес өкіметін кұлату үшін ауданға аттанатын көтерілісшілерге көлік ретінде пайдалануға үлестіріп берген.

Көтерілісшілер ет дайындауға байланысты кеңес өкіметі тәркілеген малдарды өз иелеріне қайтарған.

Архив деректеріне қарағанда, аудан орталығын басып алуға N 1, 4, 5, 7 ауылдардың жігіттері белсенді түрде аттанған.

Аудан орталығын басып алуда белсенділік көрсеткен Молдабаев Қалидың айтуына қарағанда, көтеріліс басшысы Қарамұрзин Мырзаш бұл сапарға өзі аттанбай, жасының келіп қалғанын ескертіп, (ол 77 жаста еді), көтерілісшілер қатарына өзінің үш бірдей ұлдарын Тәуірбайды, Амансарыны жөне Ұздыбайды қосқан және Тәуірбайға кідірмей жедел аттанып кетуді бұйырған. Осының алдындағы қарбаласта көтерілісшілер жазалаған коммунист Сыбанқұлов Жанұзақтың шешесі пышақпен мойнынан жараланғанына қарамастан, Тәуірбай әке бұйрығын қалтқысыз орындаған.

Деректерге қарағанда, Мырзаштан тапсырма алған көтерілісшілерді аудан орталығына шабуылға Серғазин Мұқа, Молдабаев Қали, Байғозин Мелдехан, Әбітаев Итжан бастап шыққан, алғаш олардың соңынан ерген көтерілісшілер сандары 300-ге тарта адам болған.

Бейбітов Алтайдың кейіннен тергеушіге берген жауабына қарағанда, көтерілісшілер аудан орталығын басып алуға «Көкжайлау» жайлауында болған жиналыстан соң, ілі-шала аттанған. Осында олардың алдында сөз сөйлеген Қарамурзин Мырзаш қолына ұстап тұрған ақ жалауын басқаларға берген. Жолшыбай көтерілісшілерге басқа ауылдардың жігітгері де қосылған.

Мағозин Дүйсеннің айтуына қарағанда, аудан орталығына жақындағанда көтерілісшілер сандары 600-700 адамдай болған. Қарулары нашар: бар болғаны 3 линиялы төрт винтовка, 1 наган, 1 граната, 3 револьвер және 5 бытыра мылтык. Рас, 4-5 ауыл адамдарында тағы бірнеше бытыра болған. Ал қалған елдің көпшілігі сойыл сүйреткен.

Мұнан ары оқиғаның қалай өрбігенін Сатақбаев Әлібектің тергеу кезіндегі әңгімесінен аңғара аламыз: аудан орталығына тақап келген көтерілісшілер өз адамдарын жіберіп, аудан басшылығымен келіссөз жүргізген. Әрине, көтерілісшілер оларды қарсыласпай берілуді, аудан орталығында қамауда жатқан байларды босатуды, астықты және т.б. дүниелерді халыққа үлестіріп беруді талап еткен. Бірде ашынған халық қараңғылықта келіссөз аяғын күтпей, аудан орталығына лап қойған. Бірақ, аудан орталығында бекініп алған белсенділер бірнеше дүркін қарсы оқ атқан. Мұнан қаймыққан қаруы нашар бұқара кідіріп қалып, кейін шегінген. Осыдан соң, қайтадан келіссөз басталған. Аудан орталығынан делегация келіп, кедейлерді көтерілістен бас тартып, үйлеріне таратуға үгіттеген және оларға астық, мануфактура өнімдерін таратып беретіндерін айтқан. Мұның өзі кедейлердің көңіл-күйіне әсер еткенімен, көтеріліс басшылары мұның алдау екенін дәлелдеп, ертең тағы да халықты жинап, аудан орталығына басып кіретіндерін айтқан.

Әрі ызалы, әрі ашыққан халықтың беті қайтпайтынын байқаған аудан басшылары түн жамылып көрші Балқаш ауданына қашьш кеткен. Сондықтан да, ертеңіне таңертең 8 наурызда көтерілісшілер аудан орталығына қарсылықсыз, қан-төгіссіз кірген. Мұнда көтерілісшілердің ең алғашқы жасаған әрекеттері негізінен ет дайындау науқандары кезіндегі ауқаттыларға салынған салықтарды дер кезінде өтемегендері үшін, «байлар» қатарына жатқызылып, қамауда отырғандарды босату болған. Архив деректеріне қарағанда, бұлардың сандары 41 адам еді.

Мұнан соң, аудандық мекемелерді жаппай талқандау, олардың құжаттарын өртеу басталды. Аудандық атқару комитеті, кооперативтер дүниелері түгелдей халыққа таратылып берілді. Көтеріліс басшылары кеңес өкіметі мен кооператив мекемелерінен, астық қоймаларынан алынған заттар мен астықты халыққа әділетті түрде бөліп бермек болды. Осы мақсатпен көтерілісшілер осы мәселемен айналысатын комиссия ұйымдастырылды. Оның құрамына көтеріліс басшысы Қарамурзин Мырзаш, Әбітаев Итжан, Қайтанаев Тоғжан, Бейсенов Мәди, Татубаев Ысқақ, Кәбетаев Амантай, Серғазин Мұқа тәрізді беделді кісілер кірген.

Комиссия Молдабаев Өмірәлінің ауылында жұмыс істеп, астықты және шыт маталарды көтеріліс ұйытқысы болған 300-дей адамға өлшеп, кесіп-пішіп және таратып берді.

Осы оқиғаны естіген және аудан орталығына шабармандарын жіберіп, онда кеңес өкіметінің құлағанын естіген Шұбартау ауданының басқа ауылдары да көтеріліске шықты, олар да жергілікті кооперативтерге басып кірді, кейбір белсенділерді соққыға жықты.

12 наурызда N 8 ауылдың «Сарыбас» жайлауында көтерілісшілердің жиналысы болып, оған жиналғандар ертеңіне 13 наурызда «Ақтас» жайлауында бас қосып, «Мәдениет» колхозына, N13 ауылға шабуыл жасау туралы шешімге келді.

Бірақ бұл әрекетке, яғни көтерілісшілерді «Ақтасқа» топтастыруға көрші Аягөз ауданынан жедел келіп жеткен жазалаушы ОГПУ отряды мүмкіндік бермеді. Ең алдымен, Омашев дегеннің ауылынан шығып, «Ақтасқа» желе-жортып келе жатқан көтеріліс басшысы Қарамурзин Мырзаштың өзі жанындағы 6 серігімен жазалаушы отрядтың тосқауылына тап болып қолға түсті. Ол кейіннен 1931 жылы 6 сәуірде тергеушіге берген жауабында «Мен жоғалған түйені іздеп шығып едім», — деп жалтарды.

Айта кеткен жөн. Кейбір деректер осының алдындағы «Сарыбелдегі» және «Кеңжайлаудағы» жиналыста ақсақалдар кеңесімен көтерілісшілердің Қарамурзин Мырзашты хан көтеріп сайлағанын айтады. Бұған керей және төлеңгіт руларының адамдары қатысқан.

Көтерілісшілердің түпкі мақсаты «Мәдениет» колхозын, яғни, Бақанас елді мекенін басып кіріп, ондағы аудан орталығын басып алу болғаны байқалады.

Келісім бойынша, көтерілісшілер 20-30 адамнан тұратын топтар түрінде «Ақтасқа» жиналып жатқанда, оларды жақсы қаруланған ОГПУ отрядтары мен коммунистік отрядтар қоршап алған. Мұны естіген әрі «Ақтасқа» жиналып үлгермеген көтерілісшілер отрядтары өз ауылдарында қарсыласпақ болған. Мысалы, Мағозин Дүйсен өздерінің «Ақтасқа» келгенде Қарамурзин Мырзаштың және т.б. ұсталғанын естіп, Итжан Әбітаев басқарған 30 адам Тобеке ауылына, «Қара шеке» жайлауына оралғандарын және келіп жаңадан жайғасып жатқандарында өздерін жазалаушы отряд қоршап алғанын, оған бекініп алып қарсыласпақшы болғандарында, жазалаушылар жақтан Кәкішев Жанұзақ жүгіріп шығып, берілу қажеттігін түсіндіргенін, осыдан соң мылтықтарын тастап, берілгендерін айтады. Осыны естіген Серғазин Мұқа мен Молдабаев Қали көрші 5 және 4-ауылдарға көмек сұрап шабармандар аттандырған. Көрші ауылдардан көмекке келген 60-70 адам тұтқындарды босатып алмақ болып шабуылға шыққанда, жазалаушылар оларға оқ атып, бірден Серғазин Мұқа оққа ұшқан, ал қалғандары абыржып, ақыры тұтқындалған.

Дегенмен де, аудан көлеміне кең тарап кеткен көтерілісті басу ОГПУ отрядтарына және коммунистік отрядтарға оңайға түсе қоймады.

24 наурызда Сыздықов Бақыт және Нұркеев Сексен басқарған N 6 ауылдың адамдары Балық тресінің қоймалары, магазиндері орналаскан «Алғазы» аралын басып алуға әрекеттер жасады. Бірақ, Аралдағы балық кәсіпшілігін қорғаған отряд шабуылдың болатынын алдын-ала біліп, балық кәсіпшілігін айналдыра терең ор қазып, өздері сонда берік бекініп алды және шабуылдаушыларға жүгінсек, 56 сағатқа созылған. Нәтижесінде өздерінен 1 адам оққа ұшқан соң, көтерілісшілер шабуылды тоқтатып, «Жыланды» жайлауына қайтқан.

Темір жол арқауы мен аудан территориясына жазалаушы әскердің келуі көтерілісті тұншықтырды. N 8 ауылда көтерілісшілердің негізгі күші жазалаушыларға қатты қарсылық көрсеткен және нәтижесінде 7 көтерілісші оққа ұшқан.

Көтеріліске қатысушылар қатал жазалаңды. ПП ОГПУ-дің (Полномочье представительство объединенного политического управления — Т.О.) Ерекше үштігі өзінің 1931 жылдың 14 мамырындағы және 29 маусымындағы, сондай-ақ, келесі 1932 жылдың 19 маусымындағы үкімдерімен 28 көтеріліс басшыларын атуға, 66 адамды 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге еңбекпен түзету лагерлеріне қамауға, 17 адамды Қазақстанның өз ішінде 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге жер аударуға кесті.

Осы жолдардың авторы кезінде көтеріліске қатысты деп айыпталған 120-ға тарта кісілердің аты-жөнін, жас мөлшерлерін көрсетіп жариялаған еді (қараңыз: «Ақиқат» журналы, 1995 жыл, N 1, 19-20-6.). Өз туыстарын іздеген кісілер осы тізіммен таныса алады.

Ал енді ОГПУ-дің қорытынды қаулысына келсек, Байбосынов деген ОГПУ тергеуші-уәкілі қол қойған құжатта көтеріліс басшыларына төмендегідей айыптар тағылған: «1. Қарамұрзин Мырзаш — көтерілісшілер қозғалысының бас жетекшісі, аудан орталығына шабуылға кооперацияны басып алуға және т.б. жетекшілік жасады…

2.Мәндібаев Қали – көтерілісті дайындауға, ұйымдастыруға тікелей көмектесуші.

З.Әбітаев Итжан – Қарамурзиннің кеңесшісі болып табылады, Серғазин өлген соң, оған көмекшілікке тағайындалады.

4.Молдабаев Тахир – Қарамурзиннің көмекшісі.

5.Сұлтанғазин Спан – Қарамурзиннің екінші көмекшісі, 5 ауылмен байланыс ұстаған.

б.Байғозин Мелдехан – Кеңес қызметкерлері мен коммунистерді соққыға жыққан.

7.Мырзашев Тәуірбай – Кеңес қызметкерлері жанұяларына зорлық-зомбылық жасаған.

8.Мырзашев Амансары – Қолына винтовка ұстап, коммунистік отрядқа қарсылық көрсетті…

9.Молтанаев Тайжан – N 4 ауылдағы бас көтеруді ұйымдастырушы.

10.Манғозин Дүйсен – 1930 жылдың өзінде-ақ контрреволюциялық қызметі үшін жауапқа тартылған.

11.Мұқашев Құдаш – қолына қару алып, комотрядқа белсенді қарсыласты.

12.Орыншин Мұқыш – бандиттік бас көтеру басшысы.

13.Қарамурзин Рымтай – белсенділерді ұрып-соғумен, дүние-мүлкін тартып алумен айналысты.

14.Омаралин Ысқақ – Аягөзден келе жатқан жүк арбасын басып алды.

15.Омаралин Смаил – халық сотын, «Қызыл отауды», «Екпін» колхозын басып алды.

16.Әкішев Зәкір – Шыңғыстау ауданымен байланыстырушы.

17.Зорбасов Қабікен – Шыңғыстау ауданымен байланыстырушы.

18.Мырзашев Мұздыбай – суық қарумен-қанжармен ұсталды.

19.Молдабаев Өмірәлі – «Сары оба» бөлігінде бандиттік бас көтеру басшысы.

20.Бейбітов Алтай – комотрядқа қарулы қарсылық көрсетті.

21.Көбетаев Амантай – 1930 ж. контрреволюциялық қызметі үшін жауапқа тартылған.

22.Тоқшорин Әрібжан – аудан орталығына шабуыл жасаған топты басқарды.

23.Бертөлепов Шайзада – бөлген кезде 40 метр затты (киізді) алып кеткен.

24.Байғозин Тұрғамбай – 1930 ж. контрреволюциялық қызметі үшін жауапка тартылған.

25.Ыскақов Рашид – байларды құтқарамын деп комотрядқа шабуыл жасаған жерінде тұтқындалды.

26.Нұрақымов Құдайберген – жүк арбасын, мекеме, «қызыл үйді», халық сотын тонаған.

27.Оспанов Дәуіт – аудан орталығындағы түрмеден босатылған.

28.Дәуітов Әлізе – әкесін түрмеден бостып алған.

29.Шомақанов Иманқан – мекемені, халық сотын басып алған.

30.Әлдекин Әмрехан – 1930 ж. контрреволюциялық қызметі үшін тұтқындалған.

31.Рымтаев Тоқсанбай – револьвермен, бердеңкемен қаруланып, тығылған коммунистерді іздестірген.

ЗЗ.Әмреханов Ысқақ – тартып алынған дүниелерден мата, көйлек, шалбар, бәтіңке, шапан алған.

34.Әмреханов Алтай – көтерілісшілер босатып алған соң, тұтқындалған коммунистерді күзеткен.

35.Шағаманов Мақа – түрмеге қамағанда қашып кеткен.

36.Қалиев Керімжан – «Мәдениет» колхозын басып алған, дүние-мүлкін үлестірген.

37.Мукин Адамбай – (өлген Серғазин Мұқаңың баласы), бір қап астық алған, коммунистерді қуғындаған.

38.Сыздықов Өмірзақ – тоналғандардан бір жылқы алған.

39.Ахметов Бітірбай – қолына қару алып қарсыласқан.

40.Бейбітов Садық – ол да сөйткен.

41.Сыздықов Кенжехан – «Екпін» колхозын басып алған.

42.Сейілханов Шамахан – ол да сөйткен.

Міне, ОГПУ тергеушісі көтерілісшілердің бір тобына осылай сипаттама берген. Көбісіне тағылған «күнә» – шындығына келсек, ұсақ-түйек. Бірақ, осы ұсақ-түйек үшін, жоғарыда айттық, кеңес өкіметі қазаққа «ашыққан, саясаттан қашық халық қой» деп, аяушылық таныта қоймады, оның үстіне осы көтерілістің өзінде «бандиттік», «контрреволюциялық» деп біржақты саяси сипаттап, төл тарихымызда бұл туралы тәптіштеп жазуға рұқсат бермеді.

Бүгінгі қол жеткізген тәуелсіздігіміз ғана бұл туралы жазуға мүмкіндік беріп отыр.

Тарихи шындық салтанат құрсын десек, мынаны да ұмытпағанымыз жөн: негізгі ауыр жазаны көтеріліске қатысқандар, әсіресе, оны ұйымдастырғандар алды десек те, сол жылдардағы аудан басшылары-коммунистер де жазадан тыс қалмады. 1931 жылдың 25 сәуірінен 5 мамырына дейінгі аралықта Шұбартау ауданында орталықтан келген мемлекеттік комиссия жұмыс істеді. Оның төрағасы Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы Елтай Ерназаровтың өзі еді. Ж.Тәттібаев қол қойған осы мемлекеттік комиссия материалдарында «сатқындық жасағаны, таптық бағытты бұрмалап, оппортунизмге түсіп, байлармен және бандиттермен достасқаны үшін» ауданның сегіз басшысының және т.б. партиядан шығарылғаны айтылған. Олардың аудандық партия комитетінің хатшысы Сатыбалдиннен басқаларының үстерінен сот ісі қозғалған.

Елтай Ерназаров аудандық кеңеске қайта сайланды және аудандық партия конференциясын өткізген. Оның өзінің 10-мамырда жергілікті жерден өлкелік партия комитетіне және Мәскеуге берген жеделхатында партиядан шығарылған аудан басшылары атап көрсетілген. Олар — аудандық партия комитетінің хатшысы Сатыбалдин, аудандық партия комитетінің төрағасы Қамшыбаев, ГПУ өкілі Байбосынов, ауатком төрағасының орынбасары Дүйсембаев, нұсқаушысы Бегімбетов, инспектор Теңізбаев, ауатком хатшысы Исағұлов жөне тағы басқа сотқа тартылған белсенділердің кейінгі тағдырлары бізге белгісіз.

Мұны анықтауға бәлкім көзі тірілер көмектесер. Көзі тірілер демекші, мысалы, Қарамурзин Мырзаштың баласы Мұздыбайдың тірі екендігі туралы ол кісінің балалары Орманбек және қызы Несіпжан бізге жақында хабар берді. Ел ішінде т.б. көнекөз куәлер әлі де бар болар. Олар бізге хабарласса, тарихты толықтыруға қол ұштарын берер еді.

Ал енді Шұбартау көтерілісін ұйымдастырушыларға келер болсақ, Қарамурзин Мырзаш және оның серіктері, азаттық үшін алысқан азаматтар ретінде ардақтауға әбден лайық.

Осы кезеңнің басқа көтерілістері тәрізді Шұбартау көтерілісі де тарих ғылымының жаңа, шынайы сипаттамасын күтіп отыр. Біздің ойымызша, өзінің алдына қойған мақсаты, көтерген ұраны, ұлттық кұрамы, қозғаушы күштері тұрғысынан қарағанда, бұл қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының заңды жалғасы болып шығады. Сондықтан да, егерде біз Шұбартау көтерілісін және т.б. осы кезеңдегі наразылықтарды ұлт-азаттық сипаттағы тоталитарлық жүйе құрсауына қарсы ашық бас көтеру десек, азаттық үшін құрбан болғандардың әруағын тағы бір разы етер едік. Шұбартау көтерілісін егжей-тегжейлі баяндаудағы басты мақсатымыз да осыны айту болып табылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Қазақстан тарихы кафедрасының

меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Т.О.Омарбеков

Алдыңғы жазбаМамин Назарбаевқа Тараздағы ТЖ жайлы баяндады – Тосын жай
Келесі жазбаАлматыда бюджет қаражатын жымқырған генерал сотталды – Ел жаңалықтары