Статистикаға сүйенсек, 18 бен 29 жас арасындағы ел азаматтарының 30 пайыздан астамы шетелге кетуді қалайды екен. Оның көпшілігі экономика, педагогика, техникалық мамандық иелері мен дәрігерлер.
finprom.kz. порталының деректеріне жүгінсек, 2017 жылдың өзінде 37,7 мың адам шетелге қоныс аударыпты. Оның 54 пайызы яғни, 20,4 мыңы жоғары білімді жас мамандар екен. Одан өзге әртүрлі бағдарламалар бойынша шет елде білім алуға барып, оқуын аяқтағаннан соң да елге асықпайтындар қатары артып келеді. Білімді жастардың елден кетуіне не себеп? Еліміздің ғылыми элитасын құрауға тиіс жастарымыз неліктен өзге елде қызмет етуді қалайды?
Бір таңқаларлық жағдай, 10-11 сынып оқушыларының өзі мектеп бітіре сала шетелге оқығанды жөн санайды. Бұның басты себебі, ҰБТ мен мектеп бітірушілер тапсыратын мемлекеттік емтихан десек қателеспейміз. Ал шетелдік білім беру орындары Қазақстандықтарға тегін гранттар бөліп, ҰБТ немесе мемлекеттік емтиханның қорытындысын қажет етпейтін бағдарламалар ұсынуда. 2017-2018 оқу жылында мектеп бітірген 146 мың баланың 102 мыңы ғана Ұлттық Бірыңғай Тесті тапсыруға ниет білдірген. Қалған 30 мың түлектің не ойлағаны бар?
Жастардың шетелге кетуіне екінші бір себеп бар.
Ол- еліміздегі Жоғарғы оқу орындарында білім алудың қымбаттауы. Бұл мәселе Елбасының да назарынан тыс қалмады. Биылғы жылы 19 шілдеде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдап, осыған байланысты бірқатар мәселелерге тоқталған еді:
«…Білім алу қымбаттап барады. Жастар біздің университеттердегі білім сапасының төмендігіне байланысты Ресейдің жоғары оқу орындарын таңдайтын болды. Біздің қоғамда осындай проблемалар жиі көтерілуде», – деген еді Мемлекет басшысы
Үшінші себеп, жастардың жұмыспен қамтылуы. Өркениетті елімізде әзірше ғылыми-өндірістік, инновациялық сала даму үстінде. Техникалық мамандықтар мен компьютерлік инженерия сынды мамандықты бітірген жастар елімізде жұмыс таба алмайды. Мәселен, Өтебаева Гүлбану Боранбайқызы бүгінде Барселонада Бизнес ісі бойынша білім алуда. Оның айтуынша еуропада ең алдымен менталитет басқа, ол əрине жастарға жұмысқа орналасу үшін қолайлы жағдай жасайды. Оқуын тəмамдаған соң, ата-анасының қасына Қазақстанға оралғанан гөрі, Гүлбану үшін шетелдік алпауыт компанияларда жоғары жалақыға жұмыс істеген əлдеқайда тиімді болып отыр.
Келесі бір себебі, «Жастар ел болашағына сенімсіздікпен қарайды»
– дейді, Философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жақып Алтаев:
«Жастар еліміздің ертеңіне сенімсіздікпен қарайды…»
- Көптеген жыл студенттерге сабақ беріп келемін. Олардың көпшілгінің шетелде білім алуды қалайтыны жасырын емес. Тіпті кейбірі оқу бітірген соң Еуропа, Америка сынды елдерде қызмет істеп, сол жақта тұрғысы келеді. Оның басты себебі, жастар еліміздің ертеңіне сенімсіздікпен қарайды. Еуропа елдерімен салыстырғанда экономикалық-әлеуметтік әл-ауқатымыз төмен екені белгілі. Сондықтан да, жастар еңбекақысы жоғары, қолдау бар елдерде тұруды армандайды. Әрине, Қазақстанда жастарға деген қолдау бар. Дегенмен, жастар үшін өз білімдерін толықтырып, бөлісетін, тәжірбие алмасатын орта жоқ.
Қазақстандық жастар шетелде білім алып келгеннен кейін де, елге қайтып оралғанның өзінде өз білімдерін әрі қарай толықтырып, тәжірбие алмасатын ғылыми орта жоқ. Сол себептен де, олар ғылыми әл-ауқаты жоғары, ғылыммен айналысуға еркін мүмкіндіктері бар елдерге кетуді қалайды. Олардың берісі Беларусия мен Ресейді таңдаса, арысы Американың кен орындарын зерттеумен айналысып жүр.
Мәселен, Мәскеуде Экономика жоғары мектебі бойынша магистр мамандығына білім алып жүрген Малика Шакенова: «Қазақстанда қалыптасқан ғылыми мектептер жоқ. Бар болған күннің өзінде жоғары мамандандырылған кәсіби лабораториялар мен сарапшылар аздық етеді. Тіпті ғылыми бағыттағы басылымдар мен материалдар табу қиынға түседі. Шетелдік дереккөздеріне жүгінуге тура келеді»,-дейді.
Жастардың шетелге кетуіне бұдан өзге де бірқатар әлеуметтік-қоғамдық және экономикалық факторлар өз әсерін тигізеді. Бірақ, барлық білімді жастар осылай туған жерден жырақтай берсе, еліміздің ертеңін сеніп тапсыратын ғылыми элитаның өкілдері қалмайтын секілді. Адами капиталды дамытудағы басты бағыт- ел азаматтарының ғылыми күшін арттырып, білімді жастардың үлесін көбейту болып отыр.
Балжан ХАЛЫҚ