Home Жаңалықтар Қорғаныс министрі «қорған» бола ала ма?

Қорғаныс министрі «қорған» бола ала ма?

52

Қазір Қазақстан армиясы алас-күлес жағдайда. Кейбір дереккөздеріне қарасақ, қарулы күштеріміз тәуелсіздік алғалы тарихта болмаған оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқан көрінеді. Еліміздің әр қиырында сауытты әскери техникалар тізбегі, мылтық асынған сарбаз жүр дегендей… Әлеуметтік желі беттерінде қазақстандық соғыс техникаларын тиеген эшелондардың белгісіз бағыттарға қозғалып бара жатқаны жөнінде видеолар баршылық. Бұдан тыс соңғы кезде Семейге қарай теміржолмен тасымалданып жатқан Қытай әскери техникалары жөнінде видеолар тарай бастады.

Дәл осы тұста, біраздан бері шаң басып жатқан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісіміне өзгерістер енгізу туралы протоколды парламенттің ратификациялай қалуы, қурап тұрған қауға от қойғандай, небір алыпқашпа әңгімеге мұрындық болды. Мұндай желбуаз сөздің шығуына Ресей мен Украина қақтығысы себеп болғаны түсінікті. Ресейдің басқыншылық әрекеті, украиндардың отанын қорғау соғысы міне, бір жарым жылға айналып барады, әзірге бейбіт келісім болмайтын сынды. Десек те, Батыстың көмегінің арқасында, соғыстың аз да болса Ресей жеріне ауыса бастауы, яғни Ресейдің Белгород облысына «Орыс еріктілер жасағы» және «Азат Ресей» легионы сарбаздарының шабуылының үдеуі һәм НАТО-ның экс-басшысы Андерс Расмуссеннің «Солтүстік Атланттық ұйымға мүше елдердің кейбірі қажет деп тапса, Украинаға көмек ретінде әскер енгізе алады» деуі жоғарыдағы әңгіменің шығуына түрткі болды. Өйткені ҰҚШҰ-ның шартында «үшінші бір мемлекет ұйымға мүше елдің жеріне басқыншылық жасаса, әскери одаққа кіретіндер бірлесе қорғайды» деген бап бар. «Егер соғыс Ресей жеріне ауысатын болса, Қазақстан амалсыз әскер береді. Сол үшін заңды ратификациялады» деп жұрттың айтып жүргені – осы.

Расында солай болуы мүмкін бе?

«Қазақстан Ресейдің мүддесін қорғап, соғысқа әскер жібереді деген далбаса дақпыртты қаузау – ақиқаттан әлдеқайда алшақ сөз. Иә, өзінің халықаралық бейбітшілік миссиясына байланысты БҰҰ бітімгерлік көмек сұраса, Қазақстан бұл ұсынысты қарауы мүмкін. Бірақ буферлік міндет атқаратын бітімгерлік әскер жібереміз бе, жоқ па – оны президент жалғыз шеше алмайды, парламенттің келісімін сұрайды. Ал біз келісім береміз бе, жоқ па? Мұндағы мен білетін депутаттар Ресейге қарсы тісін қайрап жүргенін ескеретін болсақ, президент ондай келісім ала алмайды. Ресейдің қатысы бар кез келген соғыс конфликтісіне, тіпті бітімгерлік әскер жіберуге мен бірінші кезекте қарсы боламын, қарсы болуға бүкіл қазақ қоғамын шақырамын», дейді мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи.

Айтпақшы, парламент ратификациялаған заңда өзгеріс ретінде «үйлестіруші мемлекет» деген ұғым енгізілген еді. «Ұйымда үстемдігін жүргізіп отырған Ресей «үйлестіруші мемлекет» деген тетікке ие болуы мүмкін бе?» деген сауалға Бапи:

«Дипломатиялық тілді былай қойғанда, қарапайым адами түсінік бойынша, соғысып жатқан елдің ешбірі үйлестіруші (координирующее) мемлекет бола алмайды. Ресей Украинамен соғысып, Қырғыз Тәжікстанмен, Армения Әзербайжанмен әскери кикілжіңде жүргенде, бұл елдердің бірде-бірі ондай рөл атқара алмайды. Тіпті бұл халықаралық қатынастар саясатына ғана емес, қарапайым қисынға сыймайтын мәселе», дейді.

Әлбетте, «Үйлестіруші мемлекетті» ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындайтыны анық. Ол жерде кімнің асығы алшысынан түсетіні белгісіз. Десек те, «үйлестіруші» ретінде Ресейдің аты аталатынын жоққа шығара алмаймыз. Өйткені аймақтық ұйым тұрмақ, халықаралық келісімдерді тізеге салып, белден басып үйреніп қалған Мәскеу бұл жерде де үстемдігін алға тартып, дегеніне қол жеткізері хақ. Бірақ ҰҚШҰ – тұтас армия емес. ҰҚШҰ ішінен құрылған Жедел қимылдау тобына небәрі 3 800 сарбаз кіреді. Оның өзі ұйымға кіретін алты елдің әскерінен құралады. Әрине, ҰҚШҰ-ға мүше болғанымызбен, қазақ сарбаздарының Ресей Украина соғысына араласа қоюы екіталай. Депутат айтқандай, парламент келісім бермей қоюы мүмкін, одан бөлек, бұл қазақ қоғамы үшін өте күйіп тұрған тақырып. «Соғыста бала өлгенше…» деп, бүкіл ел жас-кәрісі қалмай, қарсы шығатыны анық. Сондықтан президент тарапынан мұндай ұсыныс бола қоймайды. Оның үстіне, қазақ билігі соңғы кездері бұл қақтығысқа қатысты өзінің позициясын бірнеше мәрте ашық білдірді. Бұл тек АҚШ пен Батысқа немесе Ресейге ғана емес, қазақ қоғамына да берілген «сигнал».

Мәселе ҰҚШҰ-ға тіреліп тұрған жоқ. Мәселе Қазақстан қарулы күштері оқыс оқиғаларға даяр ма, Қорғаныс министрлігі мен Бас штабта білікті, кәсіби мамандар отыр ма? Негізгі мәселе сонда. Осы жерде Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов жөнінде тілге тиек ете кетсек артық болмас. Өйткені «Жақсылықов ІІМ келген. Армияға қатысы шамалы» дейтіндер бар. Расында Ресейдің әскери академиясын бітірді демесек, Жақсылықовтың бүкіл қызметі ІІМ-де өткенін көруге болады. Ал ондай адамның «бір елдің тұтас армиясын басқаруға қабілетті ме?» деген күмәнді сұрақ өздігінен туындары хақ. Журналистермен кездескен сәтте «Өкпелесең көшіп кет», «қиын болса – өле сал» немесе «өмір деген – жизнь» деп жүрген министр қиын-қыстау сәттерде елге қорған, армияға бас-көз бола ала ма?

«Әскери әлеуетті сараптап отыратын әлемдік институттардың есебіне қарасақ, Қазақстан армиясы үнемі 60-70 орындарда тұрады. Бұл сондайлық жақсы көрсеткіш емес. Әсіресе заманауи техникамен қарулану жағынан кенже қалғанбыз. Былтыр қорғаныс саласына 1 триллион теңге бөлінді. Аз қаржы емес. Әлемде қалыптасқан қиын жағдайды, кешегі Әзербайжан мен Армения, бүгінгі Ресей мен Украина арасында болып жатқан соғыстарды терең зерделей отырып, армияға қандай соғыс техникалары қажет екендігін бағамдауға болады. Соғыс даласында шырпы толы сіріңкенің қорабындай өртеніп жатқан Ресейдің ескі әскери техникаларын алуды азайтқан жөн. Қазір алыстан ататын артиллерия, зымырандар, РЭБ жүйесі, пилотсыз басқарылатын дрондардың уақыты келді. Біздің жаңа деп Ресейден алып жатқан Су-30 ұшақтарының өзі өткен ғасырдың 90-шы жылдары өндіріске қойылған, ескірген ұшақтар. Танктер жайында айтудың өзі артық. Танк полктары осыдан 40-50 жыл бұрын шыққан Т-72 жасақталған. Ал біз ХХI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Демек қару-жарағымыз ескірген. Жаңалайтын кез келді. Жақсылықов былтыр қаңтар оқиғасынан кейін ғана Қорғаныс министрі болған адам. Әскерді кәсіпқой әскери маман басқарғаны жөн. Жақсылықовта ондай қабілет бар ма? Қайдам? Әскердегі әлімжеттікпен (соңғы он жыл көлемінде әскер қатарында жүрген 234 жауынгер түрлі себептермен қайтыс болған. Бұл дегеніміз – айдың-күннің аманында кем дегенде екі рота солдаттың қаза табуы) күресті реттей алмай отырған адам, тұтас қарулы күштерде үлкен реформалар жасайды дегенге сенбеймін», – дейді саясаттанушы Ерасыл Ислам.

Қалай айтсақ та, былтыр ғана Қорғаныс министрі болған адамға әзірге баға беру ерте. Әрі бір жылда үлкен реформалар жасау қиын. Әсіресе әрекетінен, сөзі көп біздің елде. Қорғаныс саласында шикілік көп екені баршаға аян. Тіпті тәуелсіздіктің алғашқы кезінде қазақ жерінде 5 мың танк тұрғаны белгілі. Қазір содан 500 танк бар ма? Қаншасы жасырын сатылды, қаншасы темір-терсек өткізетін жерге кетті? Тіпті мәселе қаңсып қалған дүниені жіпке тізуде емес. Мәселе, қорғансаң қалқан, сілтесең сойыл болуы тиіс қазақ армиясының бүгінгі хал-күйі. Себеп – адамзат қаншалықты өркениетке қол жеткізді, түрлі кикілжіңдерді үстел үстінде дипломатиялық келіссөздер арқылы шешуге болады десе де, Ресей-Украина соғысы бізге үлкен сабақ болуға тиіс. «Өз әске­ріне көңіл бөлмеген ел, өз­генің әскерін асырауға мәжбүр болады» деген на­қыл кімді болса да ойға қалдыруы тиіс. Мұны таным-түсінігі «өмір деген жизнь» сияқты «нақылдан» арыға жетпейтін Жақсылықов түсіне қояды дегенге сенем дегенше… Өкпелемей-ақ көшіп кете салған дұрыс…

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

Алдыңғы жазбаЖигули Дайрабаев үйіне қатысты іс бойынша сотта жеңіліп қалды
Келесі жазбаҚайтқан «малда» қайыр бар ма?