Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» ретінде жариялағаны белгілі. Содан бері 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын» еске алу азалы күні болып саналып келеді. Ал 2012 жылы елорда Астанада «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументі ашылды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген. Жөн-ақ. Алайда бұл күнді біз қалай атап өтіпжүрміз?
Алдымен осы «Үлкен террор» деген атауға ие болған 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін қалай басталғанына тоқталайық. Жалпы кеңес елінде қуғын-сүргін өткен ғасырдағы Қазан төңкерісінен бастап, 1953 жылға дейін бірнеше мәрте жүргізілді.1918-22 жылдар «Қызыл террор» деген атпен тарихта қалды. Большевиктер билікті қолға алысымен бірден Кеңес еліне қарсыларды аяусыз жазалады.. Бұл Коммунистік жүйенің алғашқы сүргіні. Екінші кезең – саяси репрессия 1920-22 жылдарды қамтиды. Бұл тұста көптеген саяси қайраткерлер, зиялы қауым қуғын көрді. Шетелге қашты. Ал үшінші кезең Сталин билік жүйесін бір уысқа жинаған 20– жылдардың соңынан басталды. Бұл кездегі сүргіннің шырқау шегі – 1937-38 жылдар. Жалпы репрессия 1953 жылы Сталин өлгенге дейін жалғасты. 1937 жылы 23 ақпаннан 5 наурызына дейін созылған, КСРО-дағы саяси қуғын-сүргінге дем берген Орталық комитеттің кезекті пленумы өтті. Онда Сталин кеңестік жүйенің жауларымен аяусыз күрес жүргізу керектігін тікелей мәселе етіп қойды. Осыдан кейін-ақ НКВД «халық жауларын» жоюға білек сыбана кірісті. Жазалау екі кезеңнен тұрды. Біріншісі қылмысы ауыр «халық жаулары» атуға кесілсе, қылмысы біршама жеңілдер 8-10 немесе 25 жылға түрмеге қамалды, жер аударылды.
Нақты деректерге көз салсақ, 1921 жылдан 1953 жылға дейінгі аралықта қуғын-сүргінге ұшырағандардың жалпы саны 5,5 миллион деп есептелген. Бұлардың ішінде 642 980 жан атуға кесілген. 2 369 220 адам кемі 5 жыл немесе 25 жылға лагерьге айдалды, түрмеге қамалды. Қалғандары ұзақ мерзімге жер аударылды. Жалпы 1934-1954 жылдары «еңбекпен түзеу» лагерьлерінде (ГУЛАГ)1 053 829 адам ауыр азаптан көз жұмса, 1920 -50 жылдар аралығында осында 10 млн адам отырып шықты. Негізі 1937-38 қуғынға ұшырағандардың басым көпшілігіне «халық жаулары», «отанын сатқандар», «шет ел шпиондары» деген айыптағылды.
Жалпы соңғы кезде «Кеңестік кезеңдегі репрессияның құрбандары 5,5 миллион емес, одан онесе, жиырма есеп көп» дейтін жаңа зерттеулер пайда бола бастады. Алыс-жақын шет ел зерттеушілері кеңестік жүйе кезінде қуғын-сүргінге ұшырағандар 40-50 миллион дегенді айтады. Әрине бұл әлі анықтауды қажет етеді. А. Солженицин өзінің бір сұхбатында («Комсомольская правда»): «1917 жылдан 1959 жылға дейін кеңестік жүйенің өз халқына қарсы жасаған зұлматынан яғни аштық, коллективтендіру, жер аудару, түрме-лагерьлерге қамау, ату-асу, азамат соғысы кезіндегі шығын бәрін қосқанда 66 миллион адам опат болды. Бұған екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалтқан 44 миллон отандастарымызды қосыңыз. Демек социалистік құрылыс кезінде біз 110 миллион адамнан айрылып қалдық» дейді. Мұның да өзегінде ащы шындық жатқаны белгілі. Орталық комитеттің 1937 жылы өткен пленуымнан кейін «халық жауларын» әшкерелеу Ресейдің орталық және батыс аймақтарында 5 тамызда басталса, Өзбек, Түркімен, Тәжік, Қырғыз, Қазақ ССР-де 10 тамыз күні, КСРО-ның Қиыр Шығыс аймақтарында 15 тамызда басталып төрт ай ішінде аяқталуы тиіс еді.
1937 жылдың 5 тамызынан 1938 жылдың қарашасына дейін НКВД 800 мың адамды ұстады.Солардың тең жартысы атуға бұйырылды. Сол жылдары тұтқындарды қамау үшін КСРО-да 53 лагерь құрылды. Оның мыңдаған бөлімшелері болды. 425 колония, 2000 арнаулы комендатура жұмыс істеді. 30-мыңнан астам түрме болды. Осы орындарда милиондаған КСРО тұрғындары «халық жауы» деген айыппен азапты жылдарын өтеп шықты. Көбі сонда өлді. Ал, мұндай лагерьлер Қазақстанда да КАРЛАГ, СТЕПЛАГ, АЛЖИР деген атпен құрылды. Тек бір КАРЛАГ-та бір миллионнан астам адам отырды.
Жалпы осы қуғын сүргін кезеңі қазақ халқына оңай соқпағаны анық. Қысқасы 1916 жылғы топалаң, 1918-20 жылдардағы азамат соғысы, 1921-22 жылғы аштық, 1928-29 жылдардағы тәркілеу, 1931-32 жылдардағы аштық, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын -сүргін – осының бәрі иісі қазақты баудай түсірді. 1937-38 жылдары 100 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырады. Солардың 25 мыңы атылып кете барды. Атылғандардың дені исі қазақтың бетке ұстар, көш бастаушы, ағартушы, ұлттың көсемі болуға лайық алаштың арда ұлдары еді. Кеңестік қызыл империя қазақтың мәйегін отап кетті.
Бұл жерде тағы бір айтпай кетпейтін бір мәселе, ол 3 миллион 379 500 қазақты жалмаған ашаршылық кезеңі.
Бүгінгі тарихшылар мен саясаттанушылардың есебінше, 1930 жылдың жаз айынан 1933 жылдың жазына дейін 3 миллион 379 500 қазақ ашаршылық құрбаны болған. Бұның 1 миллионнан астамы көрші елдерге босып кеткендердің қатарына жатады. Демек, 2 миллион 200 мың адам аштан қырылған. Бұған 1921-22 жылдардағы аштық құрбандарын қосыңыз. Онда 1 жарым миллион адам шейіт болды. Егерде зобалаң күндер басына тумағанда ұлтымыздың саны бүгінде 25-30 миллионға жетіпжығылар еді, әттең…