Жақында әлеуметтік желі беттерінде «2030 жылы Қазақстан төңірегінде соғыс болу қаупінің болжамы бар» деген ұшқары әрі үрейлі әңгіме көтеріліп қалды. Басы ары. Бұл желбуаз әңгіме, әңгіме ретінде қалсын дегенім келеді. Соғыс ылайым бізді айналып өтсін. Дегенмен сондай бір оқыс жағдай бола қалса, сенім артып отырған әскерлеріміз елді, жерді қорғай ала ма деген ой келеді. Қазақстан қарулы күштерінің саны не бәрі 70 мыңның көлемінде. Резервистерді қосқанда 245 мыңға жетіп жығылады. Осы тұста мынаны ескерген дұрыс. Еліміздің жері кең, аумағы үлкен екені рас. Нақтылайтын болсақ, жеріміздің аумағы 2724,9 мың шаршы шақырымға тең. Көлемі жағынан Әлемде 9 орында. Былайша айтқанда Еуропаның алып елдері – Франциядан – 5 есе, Италиядан – 9 есе, Ұлыбританиядан – 11 есе үлкен. Мысалы, Ұлыбритания, Франция, Испания, Германия, Австрия, Нидерланд және Жапон елдері Қазақстанға еркін сыйып кетеді. Шекарамыздың жалпы ұзындығы – 13394 шақырым. Ресеймен – 7591, Қытаймен 1782 шақырымға созылады.
Сонынмен қатар, Түркіменстанмен – 426, Өзбекстанмен – 2354 және Қырғызстанмен – 1241 шақырымы шектеседі Мұндай көлемді жерді ұрпағына тастап кеткен ата-бабамызға мыңда бір рахмет. Дегенмен саны жағынан кішкентай ғана армиямыз соғыс бола қалса, осы жерді қорғап тұра алама, әлде… деген жаман ой келеді. Жалпы қазіргі армиямыздың жағдайы қалай? Бес қаруы сай ма? Әлде кезіндегі КСРО – дан қалған не болмаса бүгінгі Ресейден алған жаман-жәутік қарумен жарақтанып әлі жүр ме? Ақиқатқа тура қарап айтар болсақ, тәуелсіз Қазақстан әскерінің атар қаруы да, мінер танксі де, ұшар ұшағы мен тік ұшағыда сол КСРОдан қалған, тозығы жеткен дүние. Яғни Қарулы күштеріміздің қару-жарағының 80-85 пайызы сол КСРОдан қалған және сол импреияның мұрагері Ресейдікі. Бұған қарсы ешкім дау айта алмас. Енді ресми деректерге үңілейікші.
Ресейлік әскери сарап мекемесінің дерегіне үңілсек, Қазақстан қарулы күштерінде 4900 танк, 5179 түрлі бронды көлік, 9282 зеңбірек, миномет, сондай-ақ С-300 ПМУ2, С -75, С-200, «ТОР», «БУК», «Панцирь» секілді зымарандық зениттік қондырғылар бар. МиГ-29, Миг-31, МиГ-25,Су-25, Су-24, Су-27, Су -30 секілді әр түрлі мүмкіндікке ие 300-ге тарта ұшақ, Ми-24, ми-8, Ми-6, Ми26 секілді 125 тікұшақ, 18 әскери тасымал ұшақтары бар. Бір қарағанда біраз әлеуетке ие секілдіміз. Алайда мұның бәрі ескірген, бүгінгі күннің талабына сәйкес келе бермейтін атыс құралдары.
Өйткені сапта тұрған танктер Т-64, Т-72 өткен ғасырдың 1960-1970 жылдары шыққан. Әскеріи ұшақтарда сондай. Тіпті ең «жаңа» дейтін Ресейден алған Су -30 ұшақтарының өзі 2000 жылға дейін өндіріске қойылған. Демек жаңа ештеңе жоқ. Қазақстан тәуелсіздікке ие болған жылдары елімізде 5000 танк болды. Қазіргі деректерге қарасақ, әскери сапта тек 350, кей жерде 850 танк қана тұрғанын байқаймыз. Сонда қалғаны қайда? Бұрындары Қазақстан территориясында әскери техника сақтайтын үш үлкен қойма бар деген айтылатын. Онда 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында Еуропадан шығарылған кеңестік армияның техникалары сақталған. Әр базада 200 танк, 350-400 бронды машина, 200 артиллериялық құрал бар. Аяқ асты жағдайда осы техникаларды пайдалана отырып, әрқайсысынан жеке толыққанды мотоатқыштар дивизиясын құрауға болады деп есептелінген. Қазір бұл қоймалар бар ма, жоқ па? Білмедік. Сарбаздарымыз жарақтанған ескі қарулар тізімін осылай жалғастыра беруге болады. Қазір әлемнің әр тұсында 80 астам түрлі қарулы жанжалдар жүріп жатқаны жайлы жиі айтылады. Тіпті алысқа бармай-ақ, ТМД кеңістігінде болып жатқан Ресей Украина қанды қақтығысын алайық. Бұл соғыс заманауи техникалардың соғысы екенін көрсетті. Майдан сахнасына ұшқыссыз басқарылатын түрлі дрондар, радио электронды (РЕБ) құралдар шықты. Соғыс тактикасы өзгерді. Елдімекендерде, қалаларда жаңаша ұрыс әдістері меңгерілді. Алыстан ататын зымыран қондырғылары, РЭБ толқындарына төтеп беретін ұшақтардың керектігін көрсетті. Қарсыласының әскери базаларын анықтап беретін барлаушы жер серіктерінің қажет екенін аңағртты. Демек, бізде осы жүріп жатқан соғыстардың қыр-сырын зерттей отырып, Қарулы Күштерімізді соған лайық етіп жарақтардыруымыз керек. Ресейдің ескі-құсқысына қарап мөңірей бермей, заманауи қару-жарақ шығарып отырған, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Оңтүстік Корея тб. елдермен әскери-өндірістік ынтымақтастық орнатқанымыз әлдеқайда жөн болар еді.Түбі бір қандасымыз Түркиямен қорғаныс-өнеркәсіп кешені мәселелерінде қарым-қатынасты күшейткен жөн-ау. Өйткені Түркия әскерінің көптігі һәм қаруының мықтылы жағынан НАТО-да АҚШ-тан кейінгі орында тұр. Сол түріктер қазір Bayraktar TB2, Bayraktar Akinci, ANKA-S тб соғыс дрондарын, «Алтай» деген танк, алыс және орта қашықтыққа ұшатын қанатты һәм баллистикалық зымырандар, бронды көліктер шығарып жатыр. Сондай-ақ 5 буынға жататын «Қаған» KAAN атты истребитель шығаруды қолға алды. Мұндай 5 буын ұшақтары тек АҚШ, Қытай және Ресейде ғана бар. Қысқасы тамыры бір түріктермен әскери ынтымақтастығымызды күшейтсек, ұтарымыз көп болмақ. Тіпті 5 буынға жататын «Қаған» KAAN ұшағын бірлесе өндіруді қолға алсақ тіпті жақсы боларма еді. Сондай-ақ, ара-қатынасымыз өте жақсы жолға қойылған Оңтүстік Корияның қару-жарақ шығаратын әскери өндірістік кешендеріменде байланыс орната алсақ жаман болмас-ты. Себебі, қазір Сеул заманауи қару жасаудан әлемнің көп елдерін басып озды. Бізге керегі олардың жаңадан шығарып жатқан сауыты мықты К2 (Қара пантера) танксі, түйдектете зымыран ататын K239 Chunmoo (РСЗО) қондырғысы және KF-21 секілді жаңадан шығарып жатқан ұшақтары қажет. Сонымен қатар Patriot (АҚШ) , SAMP/Т (Еуропа) секілді әлемдегі ең озық әуе қорғаныс кешендерін алып, еліміздің әр бұрышына орнатып қойсақ, мұртымызды балта шаппас еді. Әрине, мұның бәріне қомақты қаржы керек. Биылғы әскери бюджетіміз 2,2 миллиард доллар екен. Бұл Жалпы Ішкі Өнімінің 1 пайызына да жетпейді. Қазіргі әлемдегі ушығып тұрған геосаясатты ескер отырып, кем дегенде әскери мақсатқа ЖІӨ –нің 2 пайызын арнау керек-ау. Сонда заманауи қару алуға мүмкіндіктер пайда болар еді.
Өткен жазбамызда , соңғы үш жылда әскер сапында жүрген үш жүзге тарта сарбазымыз кездейсоқ жағдайда мерт болғанын жазған едік. Ешқандай соғыссыз, бейбіт күнде. Бұл нені білдіреді? Яғни жауынгерлер арасында темірдей тәртіп жоқ деген белгі. Генералдар не қарап отыр? Түсініксіз. Жалпы, қазіргі айналамызда болып жатқан соғыстарды, қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы Күштерімізге нақты, үлкен реформа қажет. Қарулы күштер – елдің тірегі, қорғаны,, тұтастығының кепілі. Жер бетінде кез келген мемлекет өз қарулы күштерінің қуатты, мықты болғанын қалайды. «Өз әскеріне көңіл бөлмеген ел, өзгенің әскерін асырауға мәжбүр болады» деген нақыл кімді болса да ойға қалдырары хақ. Демек, бізгеде әскерімізді бес қарумсен жарақтап, кез-келген оқыс оқиғаға даяр отырғанымыз жөн.
Айтпақшы, Кеңес заманында, жерімізде шахтыдан ататын екі ракеталық дивизия; 38-ші (Державинск) және 57-ші ( Жаңғызтөбе) тұрды. 1400 ядролық оқтұмсығы бар еді. 240 қанатты ядролық ракетасы бар, қырық ТУ-95 стратегиялық ұшақ тағы болды. Амал қанша, соның бәрін Ресейге беріп жібердік. Ең құрмағанда 100 ядролық оқтұмсықты (атом полигонымен оқтұмсық екеуі екі бөлек дүние. Шаталаспаңыз) алып қалғанда, қазіргідей үркердей ғана әскер ұстап, айналамызға үрке қарап отырмас едік-ау. Ядролық қаруды ұстауға «қаржы жоқ» десті, сол кезде. Ақша бар еді, жоқ емес. 100 зымыран тұрмақ, оданда көбін ұстап тұратын қаржы қазір елдегі 160 байдың қалтасында жүр. Өкінішті ме, өкінішті.