Қарағандыда қар кетіп, жердің беті жалаңаштанған соң, тұрғындардың көретін көрешегі зор. Мұндағы тізгіншілері мен жолаушылар айдың күннің аманында имандарын оқып, тілін кәлимаға келтіріп отырады. Қарапайым халықтың діттеген жеріне аман-сау жетуі уайымға айналды.
Өйтпеске амал жоқ! Облыс орталығындағы ішкі көлік жолдарының барлығы дерлік ажал апанына айналған. Бұрын «ойдым-ойдым» деген теңеу қолданатын едік, енді «апандай» деп телейтін болдық. Былтыр атом бомбасы түскендей кейіптегі тесіктерге жеңіл көліктің дөңгелектері тірелетін. Осы орайда салыстырмалы мысал келтірейікші, бізге климаттық жағынан ұқсас Астанада жөндеуген өткен жолдардың неше жыл өтсе де мұрты қисаймайды, ал Қарағандының былтыр жөнделеген жолдары келесі жылы неге шытынап, ойық-тесікке айналады? Бұдан шығатын қорытынды, кеншілер шаhарының жолдарын жөндейтін мердігерлері пайдаланатын материалдардың сапасында гәп бар ма, әлде тендерден бөлінген ақшаның жартысы орта жолда жұтылып кете ме? Алайда бұл сұрақ қарашаға басы ашық күйде қалып келеді. Мемлекет басшысы әр Жолдауында жергілікті әкімдерге жол сапасын ерекше қадағалауға алуды талмай айтып келеді. Президент пәрмені әкім қаралардың құлағына жетпей жатыр. Оның үстіне, қалалық жерлерде жеңіл көліктердің иіні күн құрғатпай көбейе бермек. Себебі, жаhан шаhарларына тән тенденцияны тоқтату мүмкін емес.
«Тоғыз әйелдің толғағы бір күнде келді» демекші, қала әкімдігі шұрық-тесік жолдардан шырғалаңға түскен Қарағандылықтарға өткен аптада тағы бір уайымды қосып берген еді. Атап айтқанда, халқының саны едәуір көп Оңтүстік-шығыс пен Әлихан Бөкейхан ауданының жол қиылысын қала орталығымен жалғайтын Гоголь көшесіндегі көпір жолын бес күн жөндеуге жабылды. Сол кезде, қалада көлік тығыны демде екі есеге арытып кетті. Қарағандының шенеуніктері жолды жұмыс уақытында жөндеуге пәрмен берсе, халқына жаны ашитын Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік қызметкерлері мердігерлерге тас жолды тек түнгілікте қалыпқа келтіруді бұйырады екен.
Қош делік, кеншілер қаласы тұрғындарының мұңы мұнымен шектелсе жақсы болар еді… Өкінішке орай, іштегі запыран бітер емес. Задында, шаhардың келбетіне қарап әкімін танисың деуші еді, ертеректе. Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожуховты алғаш рет бір кеңесте көргенімізде, «кісі кейіпіндегі» манекен бе деп таң қалып және тамсана қараған едік. Үсті- басының тазалығы кіршіксіздігі былай тұрсын, киім-киісі, шаш үлгісі құдды подиумға шығатын модельден бір мысқал да кем емес. Сол Кожухов басқаратын Қарағандыда қоқыс жайрап жатыр, көшенің қалқасындағы үйінділерден шыққан борсыған иістер қолқаны қабады. Ескі қаланың орталығы мен Оңтүстік-шығыс ықшамауданындағы жаяу жүргіншілер жолының бойына төселген плита төсеніштер /брусчаткалар/ қирап жатыр. Жаяу жүргіншілер серуендейтін аллеялар мен саябақтарда отырғызылған жас талдар мен көшеттер сусап тұр, солып қалғандары санаққа алынбаған. Осы көріністі көргенде, аза бойың қаза болады.
Түптеп келгенде, әкімдері көшеге шықпайтын, көлік жолымен жүрмейтін Қарағандының шенеуніктері кім үшін және неге қызмет істеп жүр?
Айтбала Сүлейменқызы
Қарағанды қаласы