– Кезінде бізді студенттер «бес тапал» деп атап еді. Сол бес тапалдың қазір үшеуі ғана қалды. Әкім, мен (Бұл сұхбат Қалихан аға өмірден қайтпай тұрып жасалған болатын) және Қабдеш. Бәріміз алпысыншы жылдары келдік әдебиетке. Бұлардың біреуі озды, біреуі кеш қалды деп айту қиын. Әкім негізі кинодраматургиядан келді. Қабдеш арғы беттен келді де, жазғанының дені сол жақтың өмірі болды. Сайын о баста әңгімелеріне ауыл өмірін арқау етті. Соның түбіне жетіп барып тоқтады. Рамазанның алғашқы дүниесі «Ертіс мұхитқа құяды» деген романы болатын. Сол кезде «Ертіс мұхитқа құя ма, әлде Рамазанның қалтасына құя ма?» деген қалжың да шықты. Ол тұтас бір өңірдің тарихынан бастап бүгінгісіне шейін өзінің көркем шығармаларына азық етті. Ақан өзінше келді. Оның ең соңғы дүниесі – «Құланның ажалы». Құлан деп отырғаны кешегі Кейкі батыр. Құлан деген – қыпшақ ішіндегі өзінің руы. Бұған дейін оның «Аққу шоқжұлдызы» деген белгілі жақсы повесі болды. Ол мынау Тың көтеруге байланысты. Ақан осыны қазып жазды. Өзгеше жазды. Шындықты жазды. Ақан 34 жасында қайтыс болып кетті. Ортамыздан ерте кеткен сол болды. Бүгінге дейін өмір сүрсе, қанша дүние жазар еді, қайтіп жазар еді? Ол бізге де жұмбақ болып қалды. Қарымды жазушы еді. Менің замандастарым осы жігіттер. Әрқайсы өзінше жүйрік. Бірінен-бірі кем деп бөле-жара алмаймын. Бұлардың қай-қайсыда тума талант иелері.
– Қазіргідей бір ғасыр түгесіліп, жаңа ғасырдың есігін аттаған өліара кезеңде жазушылар үшін темірқазық не болуы тиіс? Бағыт-бағдары жоқ қаламгер адасуы сөзсіз ғой.
– Дәп қазір поэзиядан басқа жанрдың бәрі иесіз қалды. Бұрын жазушылар «не жазсам деуші?» еді, цензурадан жасырыну үшін, «үй артында кісі бар» деп жасқаншақтайтын. Қазір жазайын десең, бәрі бар. Еркіндік, тақырып кеңдігі дегендей. Бірақ «қайтіп жазам, қалай жазам?» деген сұрақты ешкім өзіне қойып отырған жоқ. Қазір прозаға бой ұрған жұрт жасы болсын, тіпті кәсіпқой жазушылардың өзі болсын, прозаның техникасын меңгермеген. Әйтеуір жазып жатыр. Әңгіменің өзіндік тілі бар, шеңбері бар, повесте солай. Роман деген жанр, эпикалық болу керек. Оның тілі де, суреті де эпикалық болуы шарт. Қазіргі прозада жазылған нәрселердің бәрін көпшілік «сыншыл реализм» деп жүр. Бұлардың бәрі мезгілдік нәрселер. Келешекте ол әдебиеттің алтын қорына кірмейді. Себебі мұндағы негізгі өзек болып отырған көшедегі әңгіме, базардағы әңгіме, қазіргі тіршліктегі кем-кетіктер. Бұл керек десеңіз фельетонның тақырыбы. Ал фельетон дегенің мезгілдік баспасөздердің қорегі болмаса, көркем әдебиетке жанаса бермейді. Прозаиктердің біразы өткенді, тарихты жазып, архивке жүгіріп жүреді. Өйткені бүгінгі күнде орентир жоқ. Нені көтеру керек, нені мадақтау керек, неге разы болып отырып жазу керек, неге кейіп отырып жазу керек деген мәселенің бағдары жоқ. Өйткені кейіпкердің кім екенін білмейді қазір. Шенеунік пе, бизнесмен бе, өнер адамы ма? Қайсысы?
tazael.kz