«Бейбітшілік бәрінен қымбат». Өткен аптада өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Сондай-ақ, Орталық Азия елдерінің бірлескен қорғанысын құру керектігі жөнінде ұсыныс тастады. Өте оңды бастама. Өйткені бүгінгі күні әлемдік геосаясат ушығып, дүниенің әр бұрышында соғыс өрті қауалап тұрған кезде , жеке-жеке емес, бірлесе қорғану тиімді.
Әсіресе, Ресей мен Украина арасында болып жатқан қанды қақтығыс тамыры бір Орта Азия елдерін ойландырып тастағаны анық. Демек, қазіргі таңда қауіпсіздік кез-келген мемлекет үшін басты мәселеге айналып тұр деуге болады. Бірақ экономикалық қуаты һәм әскери қабілеті әр деңгейдегі Орталық Азия елдері ортақ қауіпсіздік күштерін құрала ма? Мәселе сонда. Өйткені бұл елдердің барлығының қару-жарағы, әскери техникалары баяғы КСРО-дан қалған не болмаса қазіргі Ресейден алынған. Бір сөзбен айтқанда тозығы жеткен, қазіргі соғыстың талаптарына жауап бере алмайды. Әскерінің саныда кем. Әлбетте, Ауғанстан, ондағы жеңіл қаруланған тәліптер тарапынан қауіп төнсе, әрине тойтарыс беруге болар. Алайда, қазіргі Украинада жүріп жатқандай заманауи соғыс болса, қауқарсыз екені анық. Ол үшін барлау және соққы беретін дрондар, алыстан ататын қанатты және балистикалық зымырандар, соңғы үлгідегі ұшақтар, РЭБ жабдықтары Орталық Азия елдеріне аса қажет. Бұдан тыс ортақ қорғаныс бюджеті керек. Сол кезде ғана ортақ қорғаныс жөнінде әңгіме айтуға болар еді. Дегенмен ортаға тасталған ұсыныс бүгін болмаса ертең өзгелер тарапынан қолдау табары анық. Бірақ қазір емес. Өйткені Орталық Азияда жатқан бес мемлекеттің үшеуі яғни Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан басында Ресей тұрған Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Кеңесінің мүшелері. Украинамен соғысып және Батыстың санкциясына шырмалып жатсада, Ресей әлі қауқарлы. Орталық Азия елдеріне жеке қорғаныс одағын құрғызып қоюы екіталай. Қалайда бұл аймақты өз уысынан шығармасы анық. Бұдан тыс, Орталық Азиядағы бес ел әгәрәки қауіпсіздік қорғаныс одағын құра қалса, бауырлас Әзірбайжан мен Түркия бұған жедел түрде қосылары хақ. Олай болса, Ресей баяғыдан үркіп келген Тұран әскери одағы құрылды дей беруге болады. Түркия армиясы Сирия, Ирак, Ливияда соғысып жаттыққан болса, Әзірбайжан Қарулы күштері Таулы Қарабақтағы соғыста шыңдалған. Демек, бұл екі мемлекет Орталық Азия елдеріне үлкен демеу, сүйеніш болар еді. Осының бәрін сараптан өткізген Мәскеу Орталық Азия елдеріне ортақ қорғаныс күшін құруға қарсылық танытары анық. Демек, Тоқаевтың бастамасы әзірге жүзеге аса қоюы екіталай. Алайда, 80 миллиондық адам ресурысы және Жалпы ішкі өнімі 450 миллиард доллар болатын аймақты қорғайтын ортақы қорғаныс керек екенін бүгінгі күн өзі дәделдеп отыр. Демек, Тоқаев айтқан, Ортақ қорғаныс құрылымы бүгін болмаса ертең құрылуы әбден мүмкін.
Азаматхан ӘМІРТАЙ