Бұл заңның толғағы ауырлау болған сияқты. Айтылып, талқыланып жатқанына біраз болсада, әліде сол парламент (Сенат) қабырғасында қаралып, соңғы нүктесі қойылған жоқ. Бірақ керек заң. Президенттің өзі бастамашы болып, қабылдануына мүдделі болып отыр. Бірақ бұл заң қоғамның көңіл-күйін дөп басып, диагнозын дұрыс қояйып бере ала ма? Мәселенің үлкен сол болмақ. Неге? Өйткені, мұнда он алты тақырыпқа тыйым бар. Тек тыйыммен ғана шекетелетін болса, бұл не қылған заң дегенде заңды сұрақ туады. Саралап көрелік.
Манадан бері жұмбақтап, атын атап, түсін түстемей отырғанымыз, Петиция туралы жаңа заң. Жалпы Петиция институттары АҚШ бастаған дамыған елдердің бәрінде бар. Тіпті бұл жөнінен Өзбекстанның өзі алда тұр. Біз енді ғана қадам жасап жатырмыз. Онда да түрлі шектеулермен. Бұл заң жобасын жасағандардың бірі Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин: «Шектеулердің бәрі Ұлттық қауіпсіздікке байланысты.Мұны ескермесек болмайды. Пиғылы бұзық, кейбіреулер осы заңды бетке ұстап, бүйректен сирақ шығаруы кәдік. Соның бәрін ескере отырып, қажетті тыйымдар енігізлді. Одан ұтпасақ, ұтылмаймыз» дегенді айтады. Жөн сөз. Қазіргі айналада болып жатқан оқиғаларды, әлемдегі геосаясаттағы шиеленесікен түйткілдерді ескерсек, заңдағы тыйымдардың қажеттілігін сезінуге болады. Тіпті Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің «Мемлекеттік басқару нысаны, әкімшілік-аумақтық құрылымы мен шекараларын өзгерту, сот төрелігі, рақымшылық, ұлттық қауіпсіздік сияқты мәселелерге қатысты петициялар беруге тыйым салынған. Петиция беруге тыйым салынған бұғаттар ұлттық заңнамамен реттеледі», – деуі тектен тек болмаса керек-ті. Демек, белгілі бір деңгейде тыйымдар қажет. Бірақ бұл демократиялық үрдістерге қайшы келмей ме? Азаматардың қоғамда болып жатқан оқиғаларға, үдерістерге деген көзқарасын шектеу емес пе дегенде сұрақ туындары хақ. Бұл жөнінде белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали: «Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін тыйымдар барлық мемлекеттердің петицияларында бар. Бұл заңдылық. Одан қорқуға болмайды. Қорқу керек, егер мұндай тыйымдар болмаған, ескертілмеген жағдайда. Заңды бетке ұстап, қол жинап, елге іріткі салатындар барлық жерден табылады. Мұндай қауіп біздің елімізде де бар. Оларға жол беруге болмайды. Бірақ демократиялық үрдістердің шеңберінде болғаны жөн. Біз бәрін шектеп, тұмшаланған мемлекеттердің қатарына енбеуге тиіспіз. Азаматтық қоғамды қалптастырамыз десек, елеп-екшеп, електен өткізіп барып, заң қабылданғаны жөн» дейді. Рас, заңда жалпы Ұлтық қауіпсіздікке байланысты тыйымдар деп аталып көрсетілгенімен, әлі нақты қай салаларды қамытып отырғанын әзірге ешкім көрген жоқ. Бәлкім жұрттың талдап, саралап айта алмай жатқаныда содан болар. Десекте, «геосаяси мәселелер мен төтенше жағдайлар бойынша бірқатар шектеу енгіздік. Айтар болсақ, қаңтар оқиғасы сияқты кенеттен елде қандай да бір жағдай болса, кейбір азаматтар петиция арқылы төтенше жағдай режимін алып тастауды талап етуі мүмкін» деген Еділ Жаңбыршиндікі дұрыс. Мұның бәрі елеп-ескеріліп, заңда көрініс табуы тиіс. Себебі, Ресейдің кейбір саясаткерлерінің Қазақстанның солтүстік өңіріне байланысты қиянпұрыс көзқарасы, ара-тұра жергілікті сепартистердің ел ішіне сына қағуға тырысуы сондай-ақ, экс-президент кезіндегі жүйе бүгінгі заман талабына сай өзгеріске түсіп жатқан кезде, сол жүйенің сарқыншағын аңсағандар, қол жинап, мемлекеттік құрылысқа қатер төндіру ықтималдығы артып тұрған уақытта, белгілі тыйымдармен бұл заңның қабылданғаны қажет-ақ. Алайда,мұның екінші жағы бар. Ол- ашық, азаматтық қоғам қалыптастырамыз деп жатқан тұста, шектеуі мен тыйымы көп осындай заң қабылдаймыз деп, азаматтық көзқарасты, пікір алауандығын тұмшалап, демократиялық үдеріске қайшы тірлік жасап жатқан жоқпыз ба? Ойланатын дүние.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ