Home Жаңалықтар МАЭК пен АМӨЗ-дегі апат: кінәлілер жазалана ма?

МАЭК пен АМӨЗ-дегі апат: кінәлілер жазалана ма?

51

Шығыста, Семей орманында болған өрттен ес жинай алмай жатқанда, батыста тағы бір оқыс оқиға болды. Мұның зардап, залалы өрттен асып түспесе кем емес. Біздің айтып отырғанымыз Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты мен Атырау мұнай өңдеу зауытында болған апат. Бірі – мұқым Батыс өңірін электрмен, ауыз сумен, жылумен қамтамасыз етіп отырса, екіншісі – еліміздегі көмір сутегі отынының үштен бірін өңдеп отырған зауыт. Демек, бұл мемлекет үшін үлкен шығынды жағдай.

, МАЭК-те (Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты) болған апаттан АМӨЗ (Атырау мұнай өңдеу зауыты) және ондаған маңызды нысандар жұмысын тоқтатуға тура келген. Мәселен, АМӨЗ тауарлық мұнай өнімдерінің 20-дан астам түрін шығарады. Жылына 5,5 млн тонна мұнай өңдеуге әлеуетті. Ал МАЭК – өңірдегі өндіріс орындарын және тұрғындарды электр энергиясымен, жылумен және сумен қамтамасыз ететін алып мекеме. Комбинат құрамында үш электр станциясы (ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭС), Дистиллят өндіру және өнеркәсіптік жылу, сумен жабдықтау зауыты бар. Демек, МАЭК энергия бермесе, Батыс өңірдегі барлық маңызды нысандардың жұмысы қараң қалды дей бер.

Сонымен президент болған жайды бақылауға алды. Үкіметте ала-шапқын орнады. Премьер-министр Әлихан Смайылов Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Қаныш Молдабаевты және «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшылығын қырына алды. Апаттардың себептерін анықтау үшін жедел сарапшылар тобы құрылды. Оның құрамына Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және өзге де құзырлы орындар енді. Бір сөзбен айтқанда, Смайылов: «Ең бастысы орын алған апаттардың себептерін анықтау керек. Адами фактор болды ма? Бұл ретте тек кешегі оқиғаға байланып қалудың қажеті жоқ. Уақытылы шешім қабылдамау, кейінге ысыру және мәселелерді дер кезінде елемеу осыған жеткізіп отыр. Мұның барлығын объективті түрде анықтау керек», – деді. Ендігі қалған тірлік сарапшылардың қолында. Адами фактор демекші, осы жерде МАЭК кімге қарайды дегенге аз кем тоқтала кетсек. «2003 жылғы 1 мамырдан бастап МАЭК энергетикалық кешенінің иесі және операторы «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының 100% еншілес кәсіпорны «МАЭК – Қазатомөнеркәсіп» ЖШС болды. 2019 жылдың 14 қарашасынан бастап «МАЭК – Қазатомөнеркәсіп» ЖШС ҚР Энергетика министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының құрамына кірді. 2022 жылдың 21 қарашасынан бастап «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты – Қазатомөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 21 қарашадағы №930 Қаулысымен комбинат Маңғыстау облысының коммуналдық меншігіне берілді, сондай-ақ «МАЭК – Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-і «МАЭК» ЖШС деп өзгертілді». Деректер осылай дейді. Демек, апатқа Маңғыстау облысының коммуналдық меншігі жауапты деген сөз. Айтпақшы, МАЭК-тегі апаттан тек «АМӨЗ» ғана зардап шеккен жоқ. Аймақтағы мұнай өндіріп жатқан «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражамбасмұнайгаз», «Эмбімұнайгаз» және тағы да басқа кәсіпорындардың жұмыстары жартылай және толықтай тоқтады. Сондай-ақ «ҚазТрансОйл» желісі бойынша Атырау және Маңғыстау облыстарындағы 11 мұнай айдау, «Магистральды су құбыры» желісі бойынша 3 су сорғы стансасы және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның кен орындарында 30 жер астына су айдау сораптары сонымен қатар «Қаражанбасмұнай» АҚ бойынша – 2400-ден астам ұңғыма, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның «Қаламқас» және «Жетібай» кен орындарында 1131 ұңғыма, Атыраудағы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның кен орындарында 1809 ұңғыманың жұмыстары тоқтатылды. Қысқасы, бір тәулікте 10 мың тонна мұнай игерілмей қалды. Бұл мекемелердің бір күндік жұмысының өзі ондаған миллион доллар тұратынын ескерсек, апаттың мемлекет үшін үлкен зиян екені анық. «Семей орманында болған өртті де диверсиялық шабуыл деп есептегенмін. МАЭК-тегі жағдай да соған ұқсайды. Міндетті түрде адам факторы бар» дейді саясаттанушы Ерасыл Ислам.

«Апатты бірнеше факторға бөліп қараған жөн. Біріншісі, сыртқы фактор. Апат бола салысымен Ресейдің бірқатар басылымдары «Қазақстанда жанар-жағармай коллапсы орын алды. Енді Астана Мәскеуге алақан жаяды» деп қуана жазып жатты. Демек, бұл көрші елдің Қазақстанды көмірсутегі отынының тапшылығына тап келтіріп, өзіне тәуелді етуге жасаған жасырын әрекеті емес пе деген ой келеді. Әрине, бұл жорамал. Нақты емес.

Екіншісі, ішкі фактор. Бүгінгі билікке қарсы топ, еліміз үшін аса маңызы стратегиялық орындарда апатты туғыза отырып, биліктің әрекетсіздігін, қырсыздығын көрсетіп, халықты қарсы қою. Наразылығын күшейту. Лаж болса, қаһарлы қаңтар секілді «шіліңгір шілде» бұлғағын ұйымдастыру.

Үшіншісі, биліктің өзі осындай қадамға баруы мүмкін. Өйткені қазіргі айналамызда қалыптасқан жағдай, амалсыздан барлық салада бағаны көтеруге мәжбүр етіп тұр. Ешқандай себепсіз бағаны көтеретін болса, халықтың тікелей наразылығына тап болатынын, өздеріне деген сенімсіздікті күшейтетінін билік біледі. Сондықтан адам шығыны жоқ, тек қаржылық шығынды талап ететін осындай кішігірім апатты қолдан жасай отырып, жанар-жағармай бағасын бір пәс көтеріп алу дәл қазір керек болған секілді. Неге? Шымкент мұнай зауыты толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ. Кейбір бөліктерінде жөндеу жұмысы жүруде. Сол секілді Павлодар мұнай зауыты ағымдағы жөндеу үшін 20 шілдеге дейін тоқтаған. Осындай жанар-жағармайдың дефициті кезін пайдаланып, билік бағаны көтеріп алуы ықтимал», – дейді саясаттанушы.

Әрине, бұл саясаттанушының жеке пікірі. Нақты емес, болған жағдайға жасаған жорамалы. Энергетика министрлігімен «ҚазМұнайГаз» басшылығының айтқанына қарағанда, апат зардабы бір аптаның ішінде ретке келтіріліп, зауыт және өзге де кәсіпорындар жұмысын бастамақ. Бірақ бұл қаншалықты шындыққа сәйкес келеді? Өйткені зауыт жұмысын толықтай реттеп, мұнай өңдеу қуатына келуі үшін кем дегенде бір ай уақыт керек деген де пікір бар.

Десек те, кейбір деректерге қарасақ, өңірде электрдің жиі ажыратылып кетуі бұған дейін де қалыптасқан жағдай секілді. Мәселен, 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында 153 ажырату тіркеліпті. Бұл дегеніміз – 74 мың тонна мұнай өндірілмей қалды деген сөз. Ал жалпы соңғы екі жарым жылда электр энергиясының шектеулерінен 280 мың тонна мұнай өндірілмеген. Яғни мемлекет 60 млрд теңге пайдадан қағылған. Қысқасы, үкіметбасы Смайыловтың «кешегі оқиғаға байланып қалудың қажеті жоқ. Уақытылы шешім қабылдамау, кейінге ысыру және мәселелерді дер кезінде елемеу осыған жеткізіп отыр. Мұның барлығын объективті түрде анықтау керек» деп шырылдауында негіз бар. Президенттің баспасөз қызметі: «Президент апаттардан кейін Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында туындаған жағдайды ұдайы бақылауда ұстап отыр. Кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылады» дейді.

Дұрыс. МАЭК те болған апатқа және Батыс өңірін электрмен жабдықтауда кінәрат барын біле тұра, оның шешімін табудың жолын ұсына алмаған Энергетика министрлігі және оның басшысы Алмасадам Сәтқалиев, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, т.б. міндетті түрде жауап беруі тиіс. Алайда, Семейдегі өрттен кейін Төтенше жағдайлар министрі орнынан кетіп, оқиға болған облыстың басшысы және Экология министрі тырп етпеді. Тек ескерту алумен шектелді. Өртке кімдер себепкер болды, ол да әзірге анықталған жоқ. Қысқасы, кінәлілер жазасын алмады. Егерде Маңғыстау мен Атырауда болған апатқа жауаптылар да жеңіл-желпі сын, ескертпелермен құтылып кететін болса, онда мұндай тосын жайлар тізбегі жалғаса бермек. Қалай десек те МАЭК пен «АМӨЗ-дегі» апат – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне түскен селкеу. Әрі  бұл оқиға талған  салада беті ашылмаған былықтың көп екенін көрсетіп берді. Тіпті Павлодар және Шымкент мұнай зауыттарының да техникалық жөндеулерге байланысты дәл осы кезде жарым-жартылай жұмыстарын тоқтатып тұруы да ойланатын мәселе. Елдегі АИ-92 бензин және дизель отыны бір айға, ал АИ-95 қоры екі аптаға ғана жететінін ескерсек, үлкен дау әлі алда сияқты.

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

Алдыңғы жазбаЖәрдемақы мен жалақы өсті, бірақ таксистер салық төлейді: Бүгіннен бастап не өзгереді?
Келесі жазбаНұрдәулет Ақыш. Үркер ауып, түйелер маңып барады