«Батыс Қытай-Батыс Еуропа» күрежолының бойында, Меркі қаласының тұсында мемлекет қайраткері, қазақ халқының бостандығы жолында күрес жүргізген, бүкіл ғұмырын ел тәуелсіздігін сақтап қалуға арнаған қолбасшы Кенесары ханға ескерткіш орнатылды.
Қазақтың соңғы ханы Кенесары хан Қазақ елінің тәуелсіздігін сақтап қалу мақсатындағы ұлт-азаттық қозғалыстың көшбасшысы болған тұлға.
1841 жылғы қыркүйекте үш жүздің өкілдері бас қосқан құрылтайда Абылай ханның немересі Қасымұлы Кенесарыны қазақ халқының ханы деп жариялады. Кенесары хан қазақты Ресей басқыншыларына қарсы күреске бастаумен қатар, мемлекет құрылымына ерекше назар аударды. Халыққа салмақ салмайтын, ыңғайлы Заңдар мен Ережелерді қабылдады. Әскери жүйеге де қатаң тәртіп орнатып, үлкен аумақтардағы соғыс қимылдарына бейімдеу бойынша өзгерістер енгізді. Қазақ әскерін жүз және мың адамнан тұратын жасақтарға бөліп, өзгеше басқару құрылымын қалыптастырды.
Көтеріліс Ақмола бекінісін қиратудан басталып, Қазақ еліне орнатылған Ресейдің бірнеше бекіністерін жермен-жексен етті. Ресей империясын қолдайтын сұлтандарды қатаң жазалады. Қоқан ханы билігіндегі Жаңақорған, Созақ, Ақмешіт қамалдарын алды.
1843 жылдан бастап Ресей Патшалығы Кенесарыға қарсы он мыңдаған әскермен жорықтар ұйымдастырды.
Патшалық әскерлерге қарсы күресте қомақты нәтижелерге жеткеніне қарамастан, әскери күші басым патша әскерінің қысымынан шегінуге мәжбүр болып, Ұлы жүз жеріне бекінді. Бірақ қай-қайсы ұрыстарда Кенесары хан жеңіліс тапқан жоқ. Алайда кейбір рубасылар мен сол рулардың әскербасыларының сатқындығынан қырғыздарға тұтқынға түсіп, қаза тапты…
…Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған мемлекет қайраткерлері, тарихшы ғалымдар, облыс, аудан басшылары, ардагерлер мен ханның ұрпақтары тарихи оқиғаларға тоқталып, Кенесары хан туралы және оның сенімді серіктестерінің
ерліктері жайында сөз қозғап, тарихтан сыр шертті.
…Бірлік пен тектіліктің белгісіндей болған, жинақы жасалған хан мүсіні бейнеленген ескерткішпен Қазақ елі тағы бір тағылымы мол сәулет туындысымен толықты. Бұл – ата-баба рухын шаттандыратын, ұрпақ мерейін өсіретін, тарихымыздың тұғырлы болғандығын танытатын тағылымды белгі.
Бұл ескерткіштің Меркі жерінде бой көтеруінің астарында үлкен мән бар. Кенесары хан билігінің соңғы жылдарында хан ордасы Меркіде болғаны тарихтан белгілі. Екіншіден, ескерткіштің даңғыл жолдың бойына орнатылуы – өткен-кеткен сансыз жолаушының көзайымы болмақ. Хан Кене ескерткіші ұлттық сананы, сондай-ақ, жас ұрпақтың тарихи танымын қалыптастыруға ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, қазақтың соңғы ханына ескерткіш орнатылуы және салтанатты жағдайда ашылуы – ата-баба аманатына адалдығымыздың жарқын көрінісі, ұлыларымызды ұлықтауға арналған ауқымды шара болды.
Ескерткіштің ашылу салтанатынан соң, Меркідегі «Ақ сарай» мейрамханасында ас беріліп, Құран бағышталды.
Қали Жолдас.