Е,кейде тауып, кейде қауып айтатын Өтекең, Өтежан Нұрғалиұлының да өмірден өткеніне сегіз жылға таяп қалыпты-ау!
Дыбыстан шапшаң ұшатын әскери ұшақтар көз алдыңнан зу еткен торғайдай ілезде жоқ болып кетеді де, артынан қара жерді қақырата күркіреген дауысы жетуші еді ғой. Міне, бүгін Өтекең де жоқ, бірақ санаңды алапат үнімен селк еткізетін, жоғары эмоциялық кернеуде лапылдай жанған жырлары қалды.
Ол кейбір қаламдастарындай топырлатып мадақ өлең жазбады, аласармайтын ақсүйек өнер-поэзияның құнын түсірген жоқ, жанын жалдап жүріп он шақты кітап шығарды. Соғыстан кейінгі елдегі ауыр халді, бүгінгі жуылмаған метей шелектей базданған қоғамды шерлі де шелді жырларына арқау етті.
Ол үйінде екі-үш құрақ көрпесі мен бірер текеметінен басқа дүние жиған жоқ, бірақ қабырғасын сықып кітапқа толтырды.
Ол күлбілтелемейтін, бүгежектемейтін, аярланбайтын, қоғамның да, адамның да өңезді жарасының аузын жұла сөйлейтін. Оның тотяйындай ащы, оқтай өткір пікірлері әдеби немесе әлеуметтік ортада әлемет жарылыс тудыратын. Опасыздарға, сатқындарға шегіртке көзі атып кетердей шұқшиятын. Ол өмірден жорға дуадақтай бұғып өткен жоқ, қасқайып кетті.
Өтекең рушылдық, ішмерездік, сыбайластық, тілемсектік, жағымпаздық сияқты жидіген пәлекеттерді бойына дарытпай, қанына сіңірмей кеткен жампоз.
Қазақта талантты ақындар үздік-создық, сирек те болса туып отырады.
Сол бір айғыр топтың омырау тұсында құйғыта шапқандардың бірі – Өтежан Нұрғалиев. Сонау бозбала кезінде Байғанинде жатып, жыр барабанының дүңкілдеген дауысы Алматыға жетіп, астанаға шақыртумен келген аз шайырлардың бірі – тағы да Өтекең еді.
Кен іздеп, динамитті мол салып, тұтас дөңдерді аспанға ататын геологтардай, ол қазақтың өлең жазирасында қопарылыс жасады. Қалай дегенмен де, «Соғыстың соңғы жазы» деп аталатын төрт жыр кітабы соғыс жайлы жазылған шала-жансар ондаған кітаптан артық болмаса кем емес.
Иә, соғыс жайлы ойлағанда, бейне бір алтын шынжыр тізбегіндей немесе түнде атылған пулеметтің жарқырауық оқтарындай Өтекең жырлары еске түседі.
Өтежан өлеңдері соғыстан кейінгі ел ішінің өмірін бүге-шігесіне дейін түгел көрсеткен ғажайып панорама.
Осы орайда, мына бір «Сырғанақ» деген өлеңіне назар салайықшы:
Ауылымызда шаңғы да жоқ, шана жоқ,
Коньки теуіп сырғанайтын бала жоқ.
Құйрықпенен сырғанайтын қыратқа
Шыққысы кеп көкірегімде жанады от.
Дей көрмеңдер қиял қусам мұны жат…
Кетті ғой деп сол алысқа тым ұзап…
Сол алыста,
Бір топ бала көк итке,
Мінгесіп ап сырғанап жүр күн ұзақ.
Бұл ойынды ойын көріп күлмеңдер,
Ит мінді деп ине тілмен ілмеңдер!
Қан бұршақтап жауып өткен көк мұзда,
Өлген итті шана қылып мінгендер….
Келмей қойған жылда сол бір көп құрбан,
Өгіз болды жүнін жұлып доп қылған.
Соғыс біздің анамызды жесір ғып…
Соғыс біздің шанамызды жоқ қылған!
Төрт аяқтап тауға шықтық тырбаңдап,
Мен ентігем, олар күлед ыржаңдап.
Көк тазы тұр
Тау басында.
Ажалдай….
Төс табаны темір құсап жылмаңдап.
….Іздеп кеттік үлкейген соң басқа ермек,
Уақыт өтпек, өмір озбақ, жас келмек.
Сол күндерді ойлап кетсек кей-кейде
Күрсінеміз шарамызды жас кернеп…
Әбу ақсақал Сәрсенбаев өзінің «Толқында туғандар» кітабында түйенің қабырғасын коньки қылып сырғанаған балалар туралы жазды.
Ал, Өтекеңдер шана орнына өлген иттің денесін пайдаланған! Мұндай «шана» бәлкім дүниежүзінде болмауы да мүмкін, мұндай «ойынды» тіпті әлем әдебиетінен ешкім кездестірмеген де шығар?!
Иә, сонау кездері жоқшылықтың неше атасын көріп өскен, көз жасын жұдырығымен, мұрынын жеңімен сүртіп, қыс күндері күпісінің жеңдері айдын мұздай жалтырап жүретін 1940 жылдардағы қара домалақтардың ішінен Өткежандай өр ақын шықты.
Ол сырттан қабылдаған қарабайыр нәрсені сұлулап, жұтындырып, сыңғырлата қайта үн қататын камертондай, жаралы жылдардың қасіретін қай заманның адамы оқыса да бас шайқап, шерленетіндей етіп бедерлеп кетті.
Көңіл дейтін көшкен жұртта орны бай,
Естен кетпес талай-талай болды жай.
Су түбінде естеліктер жатады
Жарылуын күтіп жатқан бомбыдай.
Өмір деген – тіленшінің теңгесі….
Өмір деген – жақсы қыздың жеңгесі…
Жүрегімде жатыр менің, Өмірдің
Талай-талай суырусыз шөңгесі, –
немесе:
Мен де отырдым өлең дейтін партаға,
Аяз батып, найза батып арқама.
Жүз көзірім болса-дағы бәрібір,
Мен салған жоқ өмірімді картаға.
Содан болар мінез жағы томырық,
Өмір мені он жұбатты -он ұрып.
Содан болар сыбағамды өмірден
Алсам деймін омырып, –
деп, ақын өзінің мехнатты ғұмырын оқырманға паш ете кетеді.
Иә, серілік, сыпалық кімнен қалмаған? Ақан серіні, Сейфолланың Сәкенін, Ғабит Мүсіреповті есепке алмағанда, қазақ ақын-жазушыларының ішінде адамды жалт қарататын мәтөктің бірі – Өтежан Нұрғалиев еді.
Өмірден кете-кеткенше басынан мексикандық қара қалпағын, үстінен қызыл бешпетін, мойнынан ақ шәйі орамалын, кеудесінен өлгенде көрген жалғыз марапаты – «Құрмет» орденін тастаған жоқ. Сөз арасында айта кетейік, «Орден алғанда» деген өлеңінде ақын шаттанып, кемерінен асып шалқиды :
…Мен Құдайдан медаль күттім – ал, Ол маған орден берді,
Анау-мынау ақындардың қолы жетпес …. жерден берді.
Енді міне… бұл Өтекең…. қараңғыда… арқырап тұр,
Омырауында алтын орден – жұлдыз құсап жарқырап тұр,
Жалған айтқан жерім де бар. Осы жолы… жалғаным жоқ,
Бәрін маған Құдай берді.
Ұрлап, жырлап… алғаным жоқ….
Бүгінде осы орденді кез келген бала-шаға, ұры-қары, шалағай әншілер топырлатып алып жатқан жоқ па? Өмірінде «Құрмет» орденін алғанда жүрегі жарыла қуанған адам екеу болса, сол екеу – әйгілі шайыр Өтежан мен сахара сандуғашы Зәуреш Есбергенова болатын.
Зәуреш апай осы марапатты кеудесіне тағып тұрып, көзіне жас алып былай деген еді: «Міне, мен Зәуреш (Закон) Есбергенқызы «Құрмет» орденінің иегерімін. Әрине, төрт жасымнан өлең айтып, өнердің соңында осы уақытқа дейін жүру қиын, алға қойған мақсат тілектерімнен таймадым. «Құрмет» орденінің маған келуі бір Алланың әмірі, ең бірінші Жаратқан Иемнің мені көріп, елеп-ескеруі. Тәңіріме дән ризамын. Ең жоғарғы мемлекеттік деңгейдегі «Құрмет» ордені сан жылдар бойғы сабырлылық пен табандылықтың өтеуі, менің ұлтқа еткен еңбегіме орай берілген байғазы.«Құрмет» ордені маған тап-таза күйінде келді. Соның үшін де, ол маған аса қадірлі, аса қымбат…
Иә, әйгілі әнші өзінің «Өмірімнің жібек жолы» естелік кітабында осылайша тебіренді.
Марапат атаулы жоқ болса, «құда да тыныш, құдағай да тыныш» рахат қой!
Ендеше, бар бола тұра, есіл дарындарды төменшіктетіп, телмеңдетіп қою қай бір жақсылық дейсің!
Жоғарыда сөз еткен серілік дегеннен шығады-ау, бұл-Өтекең есейіп, етек-жеңін жинағаннан кейін өз ортасында айбарақтанып жүру үшін әдейі жасайтын қыры, жасанды тыраштық емес еді. Ол бала кезінен серілікті аңсаған жан. Нанбасаңыз «Қара мата», «Кармен» деген өлеңдерін оқып көріңіз:
Қан қақырап жатқан кезде ел үшін
(Артық айтсам кешір мені,Жеңісім!)
Біздің ұрпақ не кимеді Сам жақта?
Киді ақыры киіктердің терісін…
Қоңыздың да болады ғой қабығы,
(Жақсы, әрине, денесінің жабығы)
Екі метр мата есімнен шықпайды,
Бірдеңенің тигендей-ақ шалығы.
Түн іздедім сол бір Қара матаны.
Күн іздедім сол бір Қара матаны.
Түсімде ол… мақпал қара айғыр боп
Көк биені қуып бара жатады…
Орындалмас арман дейтін жетімді,
Дүниеге келтірмейтін секілді.
Дүниеге бір келтірген пендесін
«Құдай өзі» өлтірмейтін секілді.
Аспанға да ұшып жүр ғой ұша алған,
Сұлуды да құшып жүр құша алған,
Адам деген – Армандардың Қапшығы,
Іші толы Үлкен Арман… Кіші Арман…
Айналаны, жасыра алман, мұны мен,
Арманымның жарқыраттым нұрымен.
Бөренедей топас қыздың жүрегін
Тіліп түстім шалбарымның қырымен!
Мен барғанда тұрды басын таң жарып,
Мен барғанда тұрды алдымнан шам жанып,
Қара костюм киіп жүрген жігіттің
Жүрген жері болады екен жап-жарық!
Иә, сұлулыққа, серілікке, сәндікке, паңдыққа ұмтылған қайран жастыққа не дауа?! Ал, енді «Карменге» құлақ түрейік:
Деп жүрген кез: «Биыл соғыс бітеді»,
Ел әскердің оралуын күтеді….
Есте қапты иіссудың, сабынның,
Иісі аңқыған Біздің Колхоз Дүкені.
Тығып жүрген қолхатындай Елшінің,
Я болмаса, дәрісіндей емшінің,
Әсіресе «Кармен» дейтін иіссу
Болды менің көптен бергі жеңсігім.
Тыныш қана… өкшемді де көтермей,
Я қасынбай, жөткірінбей, жөтелмей,
Ұзақ-ұзақ тартатынмын иісін
Танауымен жел искеген бөкендей.
Дүкенге де барам ылғи сол үшін,
Дүкеншіге берем ылғи қол ұшын.
Кірсем болды одеколон иісімен
Кеңіп жүре беруші еді тынысым.
Сол дүкенге ылғи барып тұрдым мен,
Уақыт өтіп, бір күн озып бір күннен.
Сүйіншіге Шоқат берген бір сомға,
Сол «Карменді» сатып алып тындым мен.
Алдым дағы… Алғаш жауған қар қалың,
Алға қарай жалғыз ұшып самғадым.
Әтір шашып мынау аппақ дүниеге
Жан қалтамда жатты менің Арманым…
Үстіне ілінгенін сәндемек түгіл, жау талағандай боп жүретін бозымдардың иіссу іздеп не жыны бар? Сонау жоқшылық кезеңнің өзінде әлгі шәрдәрідей жұпарды тек Өтекеңдей серілер ғана аңқытып жүргеніне таң қалмасқа болмайды.
Міне, аяулы ақынды бала кезінен сұлулыққа ұмтылған мұнтаз, бекзат деуімнің мәнісі осы еді.
Кейде өз таланты, өз мінезі өзіне қырсық, қара талақ боп жабысатын жандар болады.
Соның бірі – тағы да Өтекең еді. Бұл өзі көп бұрыла бермейтін теміржол сияқты тік мінез адам-ды. Шытынап тұрған ана екі көз – тек қайрат қана емес, қыңырлықтың да белгісі. Оның көз жасы мен жүрек қанын сорғалата отырып жазған асқақ та тәккаппар жырларын оқыған топыраштар күпке түсіп, кролин жұтқан қойлардай пысқырып, бас шайқасатын.
Ол тыныш жүрмейтін дүрбелеңнің, әрекеттің адамы екенін жоғарыда айттық қой.Мәрттікті ту еткен Өтежан ақын біреудің залымдығын, аярлығын сезіп қалса, запыран сөздерімен тұншықтырып, қапысыз суарылған Салахаддиннің қара көк семсеріндей бетін тіліп жіберетін. Оның бұл «тарпаңдығын» бұл дүниеде бақсылар да, бай-манаптар да қаға алған жоқ. Ол кешегі кеңестік қоғамда қашып жүрген қоңыраулы кісідей өмір сүрді.
Бөрімен ұялас, жыланмен ордалас, мыстанмен сиқырлас әккі-жырындылар аңғал ақынды талай жерде оңдырмай омақастырды.
«Қарақшылар керуенді қайқаңда күтіп алып, ойпаңда тонайды» дегендей, кешегі бықсыған әдеби орта Өтекеңді де құрбандыққа шалып жіберді, партия қатарынан шығарды, бірде-бір шығармаса басылмайтын болды.
Қанға батып қалды қылыш опасыздың
мойынында,
Ойнап өттім сұм дүниеде – бір жалған жоқ
ойынымда.
Өмір деген шахматтың фигурасын жара
тескен –
Мен ойнадым «Чемпионмен» ылғи ғана
қаратаспен!
Ақ таспенен ойнаған қу ұтып алды
қара атымды,
Айқыш-ұйқыш оқтар кесті менің ұшқыр
қанатымды.
Қанатыма тиген оқтар қасқыр болып
ұлып түсті,
85-те атқан оғы «Королімді» жұлып түсті!
Иә, Өтекеңнің жанына балаған «Королін» мерт қылды! Әкесіне істеген озбырлыққа жаны күйіп, қарсы жасар қайраны болмай, жалғыз ұлы Саят атылып өлді!
Жас кезінде қатарынан қалмай дүние-мүлік жинасам, үй болсам деген Өтекең жалғыз ұлы Саятынан айрылғасын, теперіш көргесін жалған өмірдің бүкіл жылтырағынан саналы түрде безді. Қуықтай баспанасындағы біраз жиһазын, әйелі Кұләш екеуінің жататын диван-төсегін 1989 жылы Әуезхан Қодарға сыйлады. Үйдің төрт бұрышын кітапқа толтырып, жалғыз текемет төсеп, спартандық тұрмыс кешті.
Сонау алқара көк түнгі аспанда, самаладай жосылып жатқан құс жолының бойында Темірқазыққа арқандалған Ақбоздай, әдеби өмірде де осылай пұшайман болды-ау талай пырақтар!
Ол сөйлесе, түбін түсіре сөйлейтін. Сырт қарағанда бей-жай адамдай көрінгенімен, ал ішкі жан дүниесіне үңілсең, онда бейне бір жанартаулар атылып жатқанын, алапат жарылыстар, сұмдық опырылыстарды көрер едіңіз.
Сондықтан да болар, әрбір өлеңі таң алдындағы жұлдыздай мөлдірей жарқырап, таңғажайып бояулармен көмкеріліп, жайнап түсетін.
Талай сұмдықтарға куә болу, қылмыскер шіріктерді күнде көріп жүру,
әділетсіздікпен үнсіз алысу, жақтас іздемей жалғыз арпалысу, іштегі қайғы-шерін амалсыз тұншықтыру бір адамға оңай ма?
Қалай дегенмен де, Өтежанның үстіндегі қызыл бешпеті мен мойнындағы қызыл орамалы ішмерез қоғамға деген қарсылықтың символы тәрізді еді.
Әсілі, Құдай берген мінезге дауа жоқ қой, ылғи ойына келгенді тайсалмай айтып, өзіне тиесілі атақ-марапаттан қағылып жүретін АсқарТоқпановқа бірде Ахмет Жұбанов: «Сіз зеңбірек сияқты айқайлатып, шулатып атасыз. Мұның басқа әдістері де бар ғой. Сіздің соғыста болмағаныңыз көрініп тұр. Мысалы, миномет деген болады. Оның оғы байбалам салмай төбеден дік ете түседі. Сол әдіске көшу керек саған.
Ылғи ашықтан-ашық жекпе-жекке шығып жүргенше, қисынын тауып та шаруа бітіруге болады ғой», – депақыл айтқан екен. Бірақ, «сүтпен кірген мінез сүйекпен кетеді» дегендей, Асқар Тоқпанов та Ахмет Қуанұлының әлгі ақылын көңіліне тоқи қойды дей алмаймыз, өле-өлгенше сол арқырауынан танбады ғой.
Асқар Тоқпанов қайтыс болғанда Өтекең:
….Ұстазым едің, жанымды талай қинаған,
Абзалым едің қазақта бұрын тумаған,
Жұмақта болсын Дидарың,
Дүниеге толық -сыймаған!!! –
деп жоқтауында да бір құпия мән бар-ау?! Қашан да жан дүние, мінез туыстығы жақыныңнан да бетер ғой!
Өзінен дарын деңгейі төмендер сый-марапатқа бөгіп жатқанда, соның бәрінен қағылып, сыны бұзылып, көрмеде қартайған тұлпардай Өтекең де өтті-ау жарық жалғаннан…
Қазақты руға бөлуден аза бойы қаза болатын бунтарь ақын қалай дегенмен де, өмірінң соңғы жылдары жалғызсырағаны байқалды. Бақұлдасу тәрізді көңіл күй «Маңғыстаумен қоштасу» өлеңінде анық сезіледі.
– Адай Ата! Мен қайтейін, О Дүниеден
жыр тербемей –
О Дүниеде өмір сүрдім, қаламымды
бір сермемей?!
Маңғыстауда біреу жүрсе – маң-маң басып
Адай жүрсін,
Асқақтамай, баспақтамай, жан-жағына
қарай жүрсін.
Бір миллион ағайынға – бір ақыны
артық емес,
Жалғыз жүрген Өтешті де бір керекке
санай жүрсін!
Жеті атадан жалғыз едім. Жалғыздардың
үні шықпас.
Жаяулардың шаңы шықпас. Жалғыз үйдің
күні шықпас.
Алайда, Мен өлеңіммен -қарлығаштың
қанатындай
Адайларға жәрдем бердім -Француздың
Маратындай.
Толстой боп Маңғыстаудың орысына ақыл
айттым,
Есенғали, Есенбайға күндіз-түні нақыл
айттым.
Светқали шөлдеп келсе – «арақ» бердім
тойғанынша,
Әбішімді жамандадым – тас төбемді….
ойғаныңша!
Тас төбемнен тесік тесіп, мыйымды олар
ойып алды,
Әдебиет Базарында соғым қылып
сойып алды!
Сен жатырсың соның мыңнан бірін білмей,
күліп қойып….
Отпан Тауға жарқыратып қылышыңды
іліп қойып!
Күмбезің де «алтындаған», болсын дәйім
«даңқын» да аман,
Ақындарың аман жүрсін -ай астында
аңқылдаған!
Шын күмбезің – Жыр күмбезің -өзегіне
арман жұтқан,
Сол Күмбезің аман болсын – Аярлық пен
Жалғандықтан!
Қош, Маңғыстау! Мен кетейін, сақта өзіңді
сен жүдетпей,
Біздің Күмбез тұратұғын төбеңді де…
белгілеп қой!
Міне, осы бір жанарыңа жас ілдіретін мұңлы толғауды ақынның туған жерге, ел-жұртына деген соңғы аманаты десе де болғандай.
Өтекең бір сұхбатында: «Өмір бойы өзімді сынаумен өттім, бір ісіме де көңілім толмады, яғни өзімді іздедім. Мен біреудің қалтарысына, құпиясына үңілуге құмартып тұрамын. Бұл жерде мен тыйым салынған алмаға әуестігі ауа беретін Хауа -Ана сияқтымын», – деген еді.
Иманды болғыр, осы қасиетінен өле-өлгенше таймай кетті.
Талай темірқанат балаң ақындар осы бір шындықтың шалқар мұхитында қалтырамай, жеке-дара қасқая жүзген қайсар желкенді қара тұтып, қуалай жүзуші еді-ау!
Жарықтықтың қиқарлығы да бір басына жетіп-артылатын. Кейде «Осылар менің «қалжың бомбыма» сенер мен екен, сенбес пе екен, байқап көрейінші» деп, сөздің парқын түсінбейтіндерді әрі итеріп, бері жығып, жорта сөйлеп, мазақ қылып ойнайтын. Бүгінде не көп, өсек-аяң жазатын газет көп, өзіндік ойы, алып-қосары жоқ таяз тілшілер көп, оларға бұралқы сөз, арзан сенсация керек. Солардың бірі ақынға келіп, қазақ қаламгерлері арасындағы бақастық, көреалмаушылық сияқты көрдемше қылықтарды сөз ете отырып: «Кезінде қазақ жазушылары Мәскеуге домалақ арыз жазып, Лениндік сыйлықты алайын деп тұрған жерінен Есенберлинді мұрттай ұшырыпты ғой, ол туралы не білесіз?», – деп Өтекеңе аяр түлкідей дәм ете қарайды.
Мұндай аса сирек кездесетін «ғажап қансонарды» іші пысып, ытырынып отырған Өтекең тегін жіберсін бе? Алақанын ысқылап, күлмең етіп: «Е, соны да білмейсің бе, оны жазған біз ғой, Әбіш Кекілбаев, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, мен төртеуміз жаздық», – деп, ананың сөз ләміне қарай соғып жіберді.
Алла сақтасын, сол, сол-ақ екен, жылдар бойы жасырынып жүрген адам жегіш жалмауыздардың қапияда дәл төбесінен түскендей, Өтекеңнің осы «сайқымазақ сценарийін» бәленбай газет, бәленбай сайт «сүйіншілеп», қарық болды да қалды.
Осынау қауесеттен құлағы сарсылған, телефонға жауап беруден шаршаған Әбіш Кекілбайұлы Нұрғалиевке хабарласып:
-Өтеке, бар болғыр-ау, мынадай адам сенбес пәлекетті қайдан қоқытып жүрсің?
– Е, мен не істеппін?
–Мәскеуге арыз жазған біз, төртеуміз депсің ғой!
-Үй-бой, соны да жазып қойып па? Мен ойнап айтып едім ғой!
– Бала-шаға сенің ойнағаныңды қайдан білсін!
Міне, Өтекең осылай, анда-санда көптен хабарласпай кеткен замандастарын қазанның қара желіндей ұйқы-тұйқы етіп, иманын ұшыра бөрліктіріп, аяқ астынан, тұтқиылдан өздері телефон шалуға мәжбүрлейді.
Ал, осыған күлесің бе, жылайсың ба?!
«Нар баласын қарпып сүйеді»деген нақыл бар қазақта. Кейбір адам мінезінің құпиясына бойлай алмайтын шала сауатты сыншылар: «Өтежан деген ақын Абайды, Әбішті, Мұқағалиды былай деп күстаналайды» деп күңкілдейді. Оу, шындап келгенде, Өтекеңнің осылардан артық кімі бар?!
«Сабылып іздеу рақаты болады, талып табу рақаты болады, есің кетіп тану рақаты болады, мәңгілік табыну рақаты болады» -деп, Роллан аға Сейсенбаев айтқандай, Өтекең де өмір бойы іздеген аңсарлы, жеңсік затын ғұмырының соңына қарай тапқандай болды. Ол әлемдік философия мұхитына құлаш ұрды, оның айғағы – «Афина мектебі».
Осы орайда, «Мамонттарға баратын жол» поэмасын тебіренбей оқу мүмкін емес. Бұл бір қарағанда ақын өмірнамасының түйіні іспеттес.
Бұл не сонда?
Пәлсапа ма? Айтам бәрін. Асықпа.
Мен барамын жырымменен көз жетпейтін Қашыққа.
Тіл жеткеннің бәрін айтам – адамдардың ғұмырын,
Тірі ағаштың тамырларын, өлі ағаштың түбірін.
Мұның бәрі – керек Тарих. Оралмаса болмайды,
Бір жоғалған шежіренің орны қайта толмайды.
Сәл кешеңдеу туып қалып, кеш жетілген ұрпақпыз,
Қырық бесте суық шалып, көптен бері сырқатпыз.
Аспандағы жұлдыз шаңы… Темірқазық тұсында…
Талай сұмдық бара жатыр тіліміздің ұшында.
Қалыңдайды жүрегіңе жауып қойған жабағы,
Өткен күннен алғанымыз өкінбеудің сабағы.
Нағыз Ұстаз керектерге – өмір ғана ғұлама,
Өткен күнге өкініш жоқ. Еркексің ғой, жылама.
Тарихы бар Туған жерде теректің де, талдың да,
Аппақ болып қол жаярда ақиқаттың алдында!
Не десең де… жартасымды жарып шығып жатыр ән –
Көптен бергі тереңдегі сыймай жүрген запыран…
Жердің жүзі – Стадион. Төбесінен гүл ұшыр,
Ешуақытта ескірмейді күрес жолы – ұлы сыр!
Кел, қозғайық көкіректен кеткен күйді ескіріп,
Патефонның табағынан әрең-әрең естіліп.
Өмір бойы өлеңімде Жасадым мен Бай мүсін,
Кіп-кішкентай адамдардың жержүзілік қайғысын.
Басыңды и деп, ат мінгізді, иер жерде Халқыңа…
Адал бол! – деп хат білгізді, адал бол деп антыңа!
Бас иегенім – құлдық емес, емес я соқырлық,
Кітап көрсем деп армандау – мың жылдан соң оқырлық.
Өлілермен Бұл дүниеде кездесе де алмаспыз,
Өйткені біз Ерлік дейтін екі жүзді Алпаспыз…
Бәрін айтам… Жоғалмайтын ұлылықтың мұратын.
Темірқазық жасап кетем мәңгі жанып тұратын.
Әзір бірақ… Уақыт жеңіп, жол үстінде шаң жеңіп,
Жатқан жай бар витаминнің ұйқысымен емделіп.
Елге деген сағынышпен, үйге деген базарлық,
Жатсын менің жан-дүниемді таусылмайтын базар ғып…
Сол базардан тапсын әркім Абай айтқан керегін,
Іздеп жүрген қуанышын, таппай жүрген дерегін.
Талай досым талай жерде жылан болып зәр төкті,
Талай досым талай жерде ақ шашымен ар төкті…
Сан доспенен кездестім мен. Сан тағдырды Ұқтым мен,
Ең соңында ақ сақалды Тағдыр болып шықтым мен…
Менің басым – қатыгездеу, иілмейтін Сараң Бас,
Ескерткіштің қарсы алдында тұратұғын жалаңбас…
Аурудан әбден қалжыраған Генрих Гейне 1848 жылғы көктемнің бір құлпырған әдемі күні Париждің жасыл көшесін жағалап шығады. Ол ақырғы әлін жиып, Луврға келіп, Венера Милосскаяның мрамор мүсінінің алдына келіп тоқтайды. Ақын өлер алдында қоштасу үшін өнер қазынасына тағзым етеді. Иә, сұлулық кеткеннен кейін кеудең есіз үйдің азынаған пешіндей құлазып қалмай ма?
Өтекең де жан берер алдында Желтоқсан көшесімен әрлі-берлі жүріп, содан соң үйіне келіп, кітаптарын аялай сипап отырып дүниеден өтіпті.
2011 жылдың 7 қаңтары күні Өтежан Нұрғалиұлының арыстай денесі Жазушылар одағының фоесіндегі табытта жатты. Жұрт әйгілі шайырмен қоштасуда. Біркезде төменгі қабаттан жүрегіңді жұлып ала жаздайтын аса зарлы, озандаған жоқтау естілді. Талай жақсы мен жайсаңды ақирет сапарына аттандырған қасиетті орда мұндай жоқтауды бұрын-соңды естімесе керек, жамағат сілтідей тынып қалды. Жоқтаудың ұзын-ырғасы мынадай: «Құлыным-ау, осы Алматыда нең бар еді, жалғызыңнан айрылдың, өзің де оңбадың, одан да Байғанинде қасымда жүрсең, мұндай күйге ұшырамас едің-ау!», – деген азалы үн төбе құйқаңды шымырлатады. Жоқтау айтқан туған інісінің қазасына пойызбен әрең жеткен жалғыз апасы екен. Әлгі кейуана «аһ» ұрып келіп, табытта жатқан інісінің кеудесіне туған жерінің топырағын қойып, мәйітті құшақтап солқылдап жылағанда, біраз адамның дәті шыдамай, теріс айналды.
1010 жылы Фердоуси әйгілі «Шаһнамасын» жазып, Сұлтан Махмұт Газневиге сыйға тартады. Бірақ, Сұлтан уәделескен алтын динарын бермей харамдық жасайды. Ақыры түңілген Фердоуси әміршіге мысқыл өлең шығарып, шаһардан қашады. Кейіннен Сұлтан Махмұт шайырды ренжіткеніне өкініп, алпыс мың алтын динарды Тус шаһарындағы Фердоусиге жібереді. Барған керуен шаһардың бір дарбазасынан енгенде, Фердоуси сол күні дүние салып, мүрдесін екінші дарбаздан шығарып бара жатыпты. О, баянсыз қу жалған!
Міне, Өткеңнің де өлеңдері өрге шыққан кезде, амал не, оның өзі бұ дүниеде жоқ еді…
Ақын қазасынан жарты жыл өткеннен кейін қыздары – Маргарита, Бэла, Тахмина Светқали Нұржанды шақырып, әкелерінің мұрасын жүйелеу жөнінде ақылдасады. Светқалидың айтуынша, жарияланбаған жырлармен қатар, біраз уақыт өтуін қажет ететін өттей улы жазбалар да жетерлік екен. Бәрі мұқият реттеліпті.
Айналайын, Өтекем-ай, тірімде қан-жоса қылған иттер өлгенде мұрамды ту-талақайға салмасын деп, күллісін текшелеп, буып-түйіп кетіпті-ау! Бәсе, көзі жұмылғанша қиянаттың неше атасын көрген, өмірдің өзі сақтыққа үйреткен кәрі тарлан, мұрасына мұқият адам бақиға кетіп бара жатып артын қалай тиянақтамасын?! Бұған да шүкір, тасбиықтай тартылған жетпіс екі жасының өн бойында моншақтай тізіліп, жақұттай жарқырап, дауылпаз дарынның он екі жыр кітабы тұр.
Өтекеңнің бойындағы мәрт қасиеттерді тап басып таныған ақын інісі Светқали Нұржан осыдан жиырма сегіз жыл бұрын былайша толғанған болатын:
Көшпендінің ең ақырғы серісін,
Өркениет тұра ала ма басқа ұрмай.
Қып-қызыл боп келе жатад, терісін,
Сыпырып ап қоя берген қасқырдай…
Ащы да болса, шындық осы!
Қош, алдиярым! Қош, алдын кестірмеген ақбөкенім!
Жұмабай Құлиев