Home Жаңалықтар Ғұн Әтильдің алтыны…

Ғұн Әтильдің алтыны…

45

«Жер  бетіне  тығылған  қазыналарды  ақтарып-төңкеріп, бағасын шотқа  салып  есептеп  жіберсең,   соның өзі-ақ  әлем  халқын    елу  жыл  асырауға  жетеді»  деген  пікір  бар. Кім  білсін? Бірақ  әлгі  айтылғанның  сөздің астарына  байыптап  қарасаң, өзегінде  бір  шындық  жатқанын  байқауға  болатындай.

Қазына…   талайлардың  түнде  ұйқысын,  күндіз   күлкісін  ұрлаған сиқырлы  дүние…   Ежелгі  перғауындардың,  бергісі  Шыңғысханның   қазынасын  іздеп, дүниені шиырлап, сүлдесі  құрығандар  қанша  ма? Сол  бір көкжиекте  сағымдай  бұлдыраған  сиқырлы  мекенді  іздеп,  сол  жолда  барын  да,  жанын  да  бергендер  жүздеп  емес,  мыңдап  саналады. Әсіресе, атақты шапқыншы,  қолбасылар  Александр  Македонский,  Аттила, Шыңысхан,  оның  немересі  Батухандардың  қазыналарын  іздеушілердің орны  бөлек. Бүгінде Македонский,  Аттила,  Батухандардың  азды-көпті  қазыналары табылғанымен,  Шыңғысханның   байлығы  тұрмақ,  өзінің  жатқан жері  әлі  белгісіз. Әрине  қазына  дегенде   кез-келген адамның көзіне  жат-жұлт  еткен алтын  елестері  хақ. Шындығы  сол  барлық  дүниенің  нарқы  алтынмен  есептеленетіні  тағы  бар. Әзірге  жерден қазып алынған  алтын әлем  бойынша 160 000 тонна  деп  есептеледі. Ал  әлі игерілмей  жатқаны қанша…

Ежелгі  заманда Мысыр  елінің  байлығы 3500  тонна алтыннан тұрған. Ассирия  арасында  болған  соғыста  бұл  байлық ассириялықтардың қолына  өтсе,  кейіннен  парсылар  жеңген  соң, парсы патшасының  қазынасын  толтырған. Атақты македондық  қолбасшы  Александр  Македонскийдің парсы  патшасы  Дари-III-ке  қарсы   осы  алтын  үшін  аттанған. Барды.  Жеңді.  Алтынды алып  еліне  қайтты.  Жалпы Македонский жорықта  жүріп  өзге елден  өз  жеріне  10 000 тонна  алтын  жиған.   Гректердің  билігі аяқталған  тұста ол  елдегі  бар байлық-қазына Ежелгі  Римнің  қолына  көшті. Әрине,  қай  ел  бай,  сол  ел әлем  қожасы. Содан  кейін Римнің дәуірі  басталғаны  белгілі…

Атақты  қолбасшы Александрдың  өмірі  тым  қысқа болды. Көктей  жұлынды. Оның  өлімі  жөнінде   түрлі  аңыз  көп. Бірақ  біздің  айтпағымыз  ол емес,  оның артына  қалдырған  қазынасы  жөнінде. Былтыр  Болгариядан  сол  қолбасшыға  тиесілі  деген  біраз қазына  алтын-күміс,  гауһар  тастар  табылды. Ғалымдар  зерттей  келе қазына Александрдың  әулетіне  жататынын анықтап   шықты. Бірақ македондық  ұлы  қолбасшыдан бұдан басқа  байлық  қалды деп айта  қою  қиын сияқты. Өйткені  ол  елдің  бүкіл  байлығы  кезінде римдіктердің   қолына  өтіп кеткен-ді. Дегенмен тарихта Аттилланың,  Батуханның   қазынасы  жөнінде  әңгіме көп. Біздің тілге  тиек  еткелі  отырған тақырыбымыз атақты  Аттиланың қазынасы  жөнінде  болмақ. Ұлы  ғұн  қолбасшысының қазынасы  қайда  жасырылған? Табылды  ма? Табылса  қай  маңнан?  Әңгіменің  өзегі  осы болмақ.

Ай  тұтылған түнде   Соғыс құдайының  жеңіс  семсерін тауып алған  Аттила тұтас  Еуропа  тарихына өзгеріс  жасады. Жолындағысын  тас-талқан  еткен  ұлы  қолбасшы Римге   бір емес  бірнеше  рет  қанды  жорық  ұйымдастырды. Ал  ол  тұста Рим мұқым  Еуропаның   қожасы  еді. Кәрі  құрлықтағы   барлық  тайпа-ұлыстар  Рим  императорларының  ашса алақанында,  жұмса  жұдырығында  болды. Ал  Аттила  сол құлдық бұғауда  отырған   Еуропаны   Римнен азат етті. Содан  болар  батыс  Аттиланы  азат етуші  батыр ретінде  таниды.  Қаншама  эпостық  жыр,  шығармалар,  өлеңдер  арналды. Кейіннен  ондаған  көркем және деректі  фильм  түсірілді.

Иә,  Аттилланың  тарихтағы  орны  осындай.  Ал  оның  жаугершілік  заманда,  өзге  мемлекеттерден  тартып  алып,  өзінің  өлерінен    біраз  бұрын  жасырып кеткен қазынасы  жөнідегі    аңыз  өте  көп. Аттилланың қазынасы  қайда? Және  оның  қазынасы  өзінен  кейінгі  ұлы  жиһангер Шыңғысханның  қазынасынан еш  кем  болмағаны белгілі. Тарихшылар  солай  дейді.  Өйткені  Қара теңізден  Римге  дейін аралықта  жатқан  елдерді  шапқаннан жинаған  қазынасы     аз болмауы  тиіс. Оның  баға  жетпес байлық  өзінің  соңғы  тоқтаған  жері  әрі  резиденциясы  болған Бибионе қаласында деген болжам айтылады. Бұл  қала Адриатика  теңізінің  жағасында  орналасқан. Бірақ  бұл қаланы  кейінен теңіз  суы  көтеріле  келе  басып  қалғанға ұқсайды. Ол  қаланың орнын  табу  бүгінгі   археолог-сүңгуірлердің  арманы  екені  белгілі.  Өйткені   мол байлықтың  үстінен  түсу  бар  да,  атақты  Аттиланың  қазынасын  тапқан  адам  ретінде  тарихта ену   тағы  бар. Профессор һәм  археолог Фонтани ол  қаланың орны  қайда  ораласқанын  нақты  анықтай білген  жан. Ол гұндардың  Батысқа  жасаған  жорық  жолдарын  зерттей  отырып,  тарих үшін  аса қажет  олжаның  үстінен  түскен.  Ұлы  қолбасшының  сарбаздарының жүріп  өткен  жолдарының бірі  Венеция  шығанағына  барып  тірелген. Сұрастыра  келе   профессор   жағалаудағы  шағын елдімекен  халқы  үй  салу  үшін,  қажетті  құралдарды  алыстан іздемейтініне көз  жеткізген. Өйткені елдімекен  халқы  теңіз  түбіне  сүңгіп,   әр  түрлі  пішіндегі  тас кірпіштерді алып,  шығып  баспананы  тұрғыза беретін  болса керек. Ал балықшылар  профессорға  талай   мәрте   ауға  түрлі  монеттер,  әшекей  заттар  ілінгенін  жырғып   айтқан. Фонтани балықшылар берген  жәдігерлерді  зертей  келе  ол біздің  жыл  санауымыздағы төртінші- бесінші  ғасырға  жататынын  анықтаған.  Бұл  сол  Аттила  шапқыншылығы  кезбен  тұспа-тұс. Фонтани  аквалангистер  тобын  шақырып,  теңіз  түбін  кең  түрде барлаған. Олар  қираған  қала  орнын тапқан. Су астынан  өткеннен  сыр  шертетін  қанша  ма,  жәдігерлер,  құрал-заттар,  бұйымдар  тапқан. Тіпті  арасында көшпелілер  пайдаланылған  заттарда  кедескен  көрінеді. Осының  бәрін  зерттей  келе  профессор бұл  қала   Аттиланың  резиденциясы  болған Бибион болуы  мүмкін  деген   болжам айтқан.  Бірақ  нақты   емес. Сол-ақ  екен көмбе  іздеушілер  Аттиланың  баға  жетпес  қазынасын  іздеу  үшін  осы  маңға  лап  қойған  көрінеді. Бірақ   осы  күнге  дейін   Ұлы гұн  қолбасшысының  қазынасын таптық деген  жан  болған емес. Соған  қарағанда   қазына  ол жер  емес,  бас  маңда  болуы  мүмкін. Аттиланың  қазынасын  іздеуден  орыстарда  қалыс  қалар емес. Өйткені  ұлы қолбасшы  Қара  теңіз жағлауынан  аттанғаны  тарихтан белгілі. Тіпті  жаулап алудан қолы  босаған  кезде  осы  теңіз  жағалауына  шатырын  тігіп, жылдап  демалып,  алдағы  жорықтарын   жоспарлар  жататыны  тағы бар. Осы   мәселе  орыс зерттеушілерін  Аттиланың   тарихын,  қазынасын  іздеуге  басты  себепші  болуда. Рас,  орыс  жерінде  көне  тайпа  көсемдерінің  жерленген  молалары  жетерлік. Солардың зертелгені     жиырма  шақты. Молалардан   ескі  заман  бұйымдарымен  бірге    шіруден аман  қалған  адам сүйектірде  табылған. Кейбірінің  табыты  алтын-күміспен  апталған. Қару-жарағы  да   асыл  темірден  жасалған. Бірақ  әзірге  «мынау  Аттиланың   денесі, мынау  оның қазынасы»  деп жаһанға  жария болған ештеңе  жоқ. Тек   жалпақ дүниені   гұндардың Батысқа  жасаған   жорықтарда  қолға  түсіріп  не  болмаса  тартып  алған мол қазынасы  жөніндегі   аңыз тыныш  таптырар емес.  Тағы  бір  қазына ол  атақты Шыңғысханның  немересі,  Жошының ұлы  Батуханның байлығы  жөніндегі  қаңқу  сөз.  Ол басқарған империяның шығысы Ертіс өзенінен басталып, батысы Дунай дариясына дейінгі аралықты алып жатты. Бату әкесінен гөрі, атасы Шыңғысхандай қаһарлы еді. Халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады. Ол 1243 жылы Еділ сағасынан Сарай қаласын салдырды, бұл қалада алтынмен аптап, күміспен күптелген сән-салтанатты хан сарайы, төңіректің төрт бұрышынан келген саудагерлер жиналатын сауда алаңы болды. Азия тарихшылары «Батудың қазынасының көптігі сол, ол өзі салдырған шаһарды алтынмен аптады, күміспен күптеді. Жаулап алған жерлерден шеберлер алдырып, қаланың сән-салтанатын арттыратын сарайлар салдыртты. Сол заманда Сарай-Батудан көркем һәм бай қала еш маңда жоқ еді» деп жазады. Кім не десе де ұлы Шыңғыс қағанның немересі, атақты қолбасшы Жошының ұлы Батухан әлем
ді тітіреткен аса қаһарлы хан болғаны анық. Оның жаугершілігі өз алдына. Біздің айтпағымыз, сол Бату ханның әлемге аңыз болып тараған екі алтыннан құйылған арғымағы жөнінде болмақ. Аңызға сүйенетін болсақ, Бату басып алған елдерден жиналған алтыннан екі сәйгүлік құйдырған. Аттың көздеріне жақұт тастар орнатылған. Сом алтынан жасалған бұл екі пырақ Сарай-Бату шаһарына кіре беріс қақпаға қойлып, қаланың сәнін кіргізіп тұрған көрінеді. Батухан дүниеден өткен соң оның орнын басқан Береке хан алтын аттарды өзі орда тіккен Сарай қаласына көшірген. Ол қазіргі Ресейдің Волгоград облысындағы Царев селесының маңы. Бұл алтын аттар кейінен билік тізгінін қолына алған атышулы хан Мамайдың кезінде жоғалып кеткен. Өйткені Мамай Күлік шайқасында жеңіліп, кейін шешінген кезде алтын аттарды алып жүруге мұршасы болмай қалған көрінеді-мыс. Кейбір аңыз-әңгімелерде алтынан құйылған аттар Мамаймен бірге көмілген дегенді келтіреді. Кім білсін?

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Алдыңғы жазбаСыры жұмбақ мекендер…
Келесі жазбаНайман қала, бұл қай қала?