Алматының орталығында Қазақстанда кеңес елін құру үшін жан беріп, жан алысқан қызыл комиссарларға арналған аллея бар. Онда Розбақиев, Масаншы, Фурманов, Жанкелдин т,б қызыл сұңқарлардың тас тұғырлары бой түзеген. Бұл кешегі кеңес заманынан қалған тәбәрік.
Ниет дұрыс. Мемлекеттің қабырғасын қаласқан ерлерді елі ұмытпауы үшін жасалған шара. Ақиқатына келер болсақ, бұл комиссарлардың мойнында еркіндік үшін алысқан қанша қазақтың қаны барын, архивтерді ақтарып тауып алуға болады. Жарайды бұл басқа тақырыптың әңгімесі. Айтқым келгені, дәл осындай аллеяны неге елордамыздың орталығынан ашпасқа. Әрине кешегі кеңестік қызыл сұңқарларға арналған аллея емес. Қазақ баласының алаңсыз, тәуелсіз, азат өмірі үшін, дербес мемлекет болу үшін ақпенде, қызылменде алысқан, сол үшін құрбан болған алаштың арыстарына арналған аллея. Ол жерде алаш көсемі Әлихан Бөкейханов оның серіктері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков бастаған ондаған қазақтың аяулы ұлдарының тас тұғырлары бой түзесе. Тіпті алаштың шығыстағы атты әскерінің басшысы болған, қызылдармен соңғы оғы қалғанша атысып, өртеніп кеткен Отыншы Әлжановтың да тас тұғыры осы жерде тұрса артық болмас еді. Елордаға сырттан қаншама мемлекет басшылары, дипломаттар, қонақ-туристер келеді. Соларды арнайы апарып, «мына ескерткіштер қазақ елінің шаңырағын көтеруге, дербес ел болуға негіз қалаған, азаттығы үшін құрбан болған арда ұлдарымыз» деп гүл шоғын қойдырып жатса, бұл өзгегеде, өзімізгеде үлгі болар еді. Бүгінгі күні «Мәңгілік ел» боламыз дейміз, ал сол идеяны іске асыру үшін осындай игі тірліктер керек. Ақиқатына келсек, қазақтың азаттығы үшін күрескен сол жолда құрбан болған арыстарымыздың жарқын бейнесі мен олардың ел үшін еткен ерен еңбектерін жас буынға насихаттау, жадына сңіру, патриотизмді қалыптастыру үшін бұл аллеяның орны ерекше болмақ. Қысқасы Елордамызда «Алаш аллеясын» ашатын кез келді деп ойлаймын.
Азаматхан ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.