– Әбіш Кекілбаев ағамыздың «Абылайхан» пьесасында жауды жеңген халық Абылайханнан сұрайды: «Ендігі жау қайда? Кімге соғыс жариялаймыз?» деп. Сонда Абылайхан: «енді ішкі жаумен шайқасамыз», дейтіні бар. Онысы әрине надандықпен, енжарлықпен, немқұрайлықпен, екіжүзділікпен, арсыздықпен, жауапкерсіздікпен, қорқақтықпен күресу-ау…
- Қайдам, Солай да болар… Өнерде не үшін жүрміз? Қазақ түзелсе екен деймізде. Мына өсіп келе жатқан көген көздерге қазақтың бір туар ұлдарын танытқымыз келеді. Өйткені олар Біржанды қайтсін, Құнанбайды біле ме екен, өзі? Кертартпалық көп. Кейде біреуге сөзің ұнаса да көзің ұнамай жатады. Туған жерің басқа, руың басқа болып жатады. Осының бәрін шотқа салып, аңдысын аңдып отырған бақай есеп адамдар да бар. Бұл қашан тоқтайды, білмеймін.
Мен жайлы не айтылып, не жазылмады. Оның бәріне жауап беріп, назар аудара берсем, Абай атамыз айтпақшы «ауызымның қасиеті» кетпей ме? Оған режімеймін, мен өкінем. Біз қашан бір-бірімізді бағлап, сыйлап, арқа-жарқа өмір кешеміз? Мына орыстарға қарашы? Бір азаматының туған күні болса, теледидарға шақырып, шоу жасайды. Біз де ше? «Тойына шақыра ма екен, неге шақырмады?» деген секілді ұсақ тірлік. Бүгінге дейін қазақтың талай келеңсіз дүниесін көрдік қой. Әй, қазақ түзеле қоймас -ау. Осы кеткені кеткен. Кейде Баукеңді, Асқар Тоқпанов ағамды, Асқар Сүлейменов ағамды жоқтаймын. Мінезді еді. Езуін тіліп тұрып айтатын еді. Қазір елге дуалы сөз айтатын адам қалмады-ау. Қалмады. Зиялы қауым деген кім? Оның рецебі не? Менің ше, зиялылық кемеңгерлік. Кемеңгердің артында халқы. Ол халықтың сөзін сөйлеу керек. Осындай жан бар ма? Қазір алдына барып бата сұрайтын қарияда жоқ. Кімнің алдына барамыз. Бұл үлкен проблема.
- Есіңізде ме «Даладағы қуғын» фильмінде Күдіре Хамитті ұстап алып: «Совет өкіметі менің қолымда» деп мұрнынан сүйреп, қорлайтыны бар. Сіз Кеңестік жүйе үшін қан төгіп жүрген қызыл әскер Хамиттің рөлінде болдыңыз. Күдіре бай-құлақ, сайын даланың еркін жүрген азат азаматы. Хамит орнатқан сол коммунистік жүйе 70 жыл билік құрып тарих сахнасынан кетті. Баяғы Күдре көксеген заман қайта оралды, иісі қазақ азат болды, бостан болды. Жалпы осы екі жүйенің қайсы сіздің көңіліңізге жақын?
- Өткен жүйені де жоққа шығаруға болмас. Ол кездің де кемшілігі мен жақсылығы қатар өріліп отырды. Дегенмен кешегі мен бүгінгі егемендігімді қалай салыстыра аламын. Ата-бабам армандап өткен, алаштың небір арда ұлдары осы жолда қанын төккен тәуелсіздік мен үшін бәрінен жоғары. Рас, кеңестік дәуірде маған жаман болған жоқ. Өстік. Өркендедік. Танылдық. Марапатталдық. Бірақ бәрібір тұсаулы едік. Мәскеудің қас-қабағына қарап өмір сүрдік. Бүгін азатпыз, еркінбіз. Егерде бүгін Хамит пен Күдіре бірге келе жатса, сәлемді Күдіреге берер едім. Өйткені ол далада өсіп өнген, даланың бүкіл болмысын бойына сіңірген, даланың нағыз еркін саңлағы. Бүгінгі күнмен айтсақ, Хамитқа да кінә тағуға болмайды. Ол сол кезеңге сенді. Сол кезеңнің тумасы. Сол үшін күресті. Ақиқат дүние, Хамит орнатқан қызыл империя, қызыл терор қазаққа оңай соққан жоқ. Миллиондаған боздағымызды жалмады. Мәдениетіміз, тарихымыз талқандалды. Салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз мақұрым болды. Әрине мен саясаткер емеспін. Бірақ осы топырақтың азаматы болғандықтан, алаштың ұлы болғандықтан қызыл империяның ұлтыма істеген жауыздығына ашынбай тұра алмаймын.
- Досқан аға, бір уақыт артыңызға көз салыңызшы. Кімді көресіз, қай кезеңді көбірек еске аласыз. Сонау кіндік шешең Қаншайымның емшегін соңғы рет еміп, емшектен шыққан сәби кезді ме, Хамитті ойнап жүрген, балаң мұртты тұсты ма, әлде «Біржан салда» соңғы рет Ләйліммен оңаша кездесіп, жас аруды құшып тұрған шақты ма?
- Байроннан сұраған екен, «сіз небір ғажап өлеңдер дүниеге әкелдіңіз. Осының бәрі қайдан шығып жатыр» деп. Сонда ол: «бір жастан бес жасқа дейін көргенімді, түйгенімді жазамын» депті. Менің балалық кезім, ең бір қызықты кез еді. «Жалаң аяқ қар кешіп, қызыл аяқ су кешіп» қырда өскен баламын. Даланың бүкіл болмысын бойыма сіңіре алдым. Егер мен кезінде КГБ мектебіне түсіп кеткенде, көп болса қатардағы бір офицер болып қалар ма едім. Талайыма жазғаны осы өнер жолы болар. Бала кезімде халқыммның бойыма сіңірген бүкіл жақсылығын, қасиетін бүгінде сахнада жүріп кері қайтарудамын. Мұқағалиша айтқанда, «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шапан жауып өзіне қайтарамын» деген сияқты. Мен үшін, сәби кезде, бала жігіт атанған уақытта, бүгінгі күнімде ыстық. Бөліп қарау мүмкін емес. Өйткені онда менің жүріп өткен саналы ғұмырым жатыр. Арман жоқ. Жамандықты да көрдік, жақсылықты да көрдік. Жоқшылықта болды. Кейде «Досақан басыңмен баяғыда көрген кедейшілігіңді айта бересің» деп әпкелерім ренжиді. Мен намыстанбаймын. Алматыға бір көйлек, бір шалбармен келдім. Сүйтіп жүріп иниститут бітірдім. Отбасында екі ұл, сегіз қызбыз. Елдің шығысында жатқан шалғай жерденбіз. Анам жарықтық, бірер рет он сом салып жіберген екен. Хатпен бірген. Ол маған жеткен жоқ. Хатты білдірмей тесіп біреулер алып алса керек-ті. Содан посылкамен бір-екі қазы салыпты, ол анау қиырдан Алматыға келгенше көгеріп кетіпті. Жеуге келмеді. Менің бір шалбар, бір көйлекті өмірі тастамай киіп жүргенімді байқады ма, Хадиша апам, жарықтық бір күні өзіне шақырып алып, қолында оралған бір нәрсені маған берді. Ашып қарасам нейлон көйлек. Ол кезде нейлон көйлек кию сұмдық қой. Қуанышымда шек болмады. Тек бір жеріне, темекінің шоғы түскен тесігі бар екен. «Елге сыйлы азамат Байғали Досымжанов ағаңның көйлегі еді. Осыны ағаңның жолын берсін деп әдейілеп алып келдім. Намыстан ба» деді. «ойбай апа, қандай намыс» деп тарпа бас салдым. Ол көйлекті мен кидім, одан кейін інім Ерік киді. Міне сүйтіп өстік.
tazael.kz