Бала- бағалайтын жандарға өмірдің жалғасы, тірліктің мәні, жанұяның сәні. Бірақ, қатыгез қоғамның безбүйрек аналары жарық дүниеге әкелген сәбилерін әжетханаға тастап, көшеде қалдырып, қоқысқа лақтырып жатыр. Бұл технология дәуіріндегі ұрпақ санасының уланғаны, әлде кісі баласының азуы ма?
Бірер күн бұрын, Қарағанды қаласында тұратын ер адам полицияға қоңырау шалып, Оңтүстік-шығыс ықшам ауданындағы көп қабатты үйдегі подьездің дәлізінде құндақтағы нәресте жатқанын хабарлайды. Оқиға болған күні дала аяз күшіне мініп тұрған. Абырой болғанда, сәбидің денесі үсік шалудан дін- аман қалған. Полицейлер енді тасжүрек ата-ананы табуға кірісті. Тәртіп сақшылары діттеген мақсатына жетпей қоймайды. Көп ұзамай екі бірдей күдікті қолға түсті. Ұсталғандардың бірі -29 жастағы еркек, екіншісі -22 жасар әйел. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ернат Қалиақпаровтың айтуынша, күдіктілер тергеуге алынды. Ал, тағдыры тәлекке айналған бөбектің қал-жағдайы көпшілікті алаңдатып отыр. Ол жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі Айнұр Әбдиева: «Баланың аман-есен, алаңдауға негіз жоқ. Шақалақ «Бөбектер үйіне» орналастырылады»,-деп Бақ өкілдеріне қысқа қайырды.
«Қауқарсыз аналар қайырымды ортаға зәру»
Перзентінен ерікті түрде бас тарту- қатыгездіктің сұрқайы үлгісі. Табиғаттың төл перзенті жануарлар адамға тән ағаттықтан ада қашанда. Аң-құс біткен құрсағынан шыққан төлін емірене аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, тәңір алдындағы борышқа адалдық танытуда. Сонда, кісі баласы сәби сүю бақытынан неге жерінеді?
-Адамды тұрмыс билейді десек, бұл сылтау. Әйтсек те, капитализмнің қағидасын демографияны тежеуге салдар етуге болмас. Сонда да, мемлекет әуелі халық санын өсіруге мән беру керек. Жасыратыны жоқ, елімізде ұрпақ санын өсіретін жас отбасыларға, екіқабат қыз-келіншектерге көрсетілетін медициналық қызмет жетіліксіз. Оған жақындары тарапынан қолдаудың жоқтығын қосайық. Өз проблемасымен тұйықталып қалған қыздардың жоспарсыз жүктіліктілігін, босанғаннан кейін депрессияға килігуі бір бастан асатын проблема. Жаны мен тәнін дерт бөккен жас аналарды тозақтан қалай құтқара аламыз? Ол жайында ойладық па? Менің пайымдауымша, перзентханалардың аумағынан қайырымдылық қызметін ұйымдастырған абзал. Сол арада мұқтаж жас аналарға психологиялық, материалдық тұрғыдан кеңес берілуі керек. Сайып келгенде, әйелдер тағдырымен айналысатын мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар ананы баладан айырмаудың жолын ойластырған жөн. Бұл ретте, шалыс басқан жас анаға ата-анасы, ағайын-туыстары, тіпті қоғам өкілдері демеу болып, нақты көмек көрсеткені жөн.Қамқор көңіл мен аялы алақанның жылуын сезген әйел ешқашан туған перзентінен айнымайды. Біле білсек, бүгінгі тастанды балалардың қилы өмірі есейгенде, басқалардың тағдырына әсер етеді. Осыны ұмытпайық!-деп өз ойын түйіндеді «Сеніммен болашақ» республикалық бірлестігінің Қарағанды өңірі бойынша филиалының басшысы Индира Жанұзаққызы.
«Беби-бокс» бізге керек пе?
Әлемнің көптеген еліндегі перзентханаларда аналарға баласын жасырын қалдыруға арналған жәшік орнатылған. Ол ең алғаш рет Италияда Рим Папасы Иннокентий II-нің жарлығымен XII ғасырда пайда болды. Оған дейін безбүйрек келіншектер сәбилерін суға тастап жүре берген. Мұндағы шіркеулердің жанында «тастандылар арбасы» әлі күнге жұмыс істейді. Ал Пәкістанда шешесіне қажетсіз деп танылған сәбилерге арналған 300-ге жуық нүктелер бар. Германия Үкіметі 2000 жылдан бері «Беби-бокс» жобасын қабылдады. Неміс еліндегі 100-ге тарта денсаулық сақтау мекемелерінің жанында бейкүнә нәрестелерді қабылдайтын арнайы орындар жасақталған. Ресейде де, қиын жағдайға тірелген аналарға мүмкіндік жасалған. «Азаттық» сайтының дерегінше, 2011 жылы Ресей Федерацияның 16 аймағындағы «Беби- боксқа» 60 нәресте тасталған. Әйткенмен, перзентінен безінген ата -аналарға ойлануға 6 ай уақыт берілген. Шектеулі мерзім аралығында 9 баланы ата анасы қайтарып алған. Қалған бөбектер өзге отбасылардың асырауына берілген. Қалай ойлайсыздар, Қазақстанға «Беби -бокстар» керек пе? Біз жоқ емес, бар! Бірақ бүгінде небары екеу ғана. 2020 жылы тұңғыш рет Алматы облысы Есік қаласында, бір жылдан кейін Қаскелендегі медициналық бірлестік жанындағы «балалалар бөлімшесі мен жан сақтау» бөлімінің жанынан ашылған. «Үміт бесігі» деп аталатын жобаны үш қоғамдық қор жүзеге асырған. Бастамаға жергілікті меценаттар тартылған. Ана мен бала өміріне жауапты дәрігерлер аталған жобаны республикамыздың өзге өңірлерінде көптеп ашуды қалайды.
-Әлбетте, қиын жағдайға ұшыраған қыз отбасының қолдауына зәру. Ата-анасының босағасында отырып жүкті боп қалған бойжеткен алдымен үйдегілерден үрейленеді. Одан қалды, туған -туыстарының, айналасындағылардың өсек- аянына ілгемін деп қорқады. Уайымға салынған қорғансыз қыз ақыр аяғы, жоспарсыз туылған баласынан түңіліп, тіпті сәбиге қол салудан тынбайды. Тіптеп келгенде, оның құрсағынан шыққан бала Қазақстанның азамат емес пе? Біле білсек, қолын қанға бояған ана- қоғамның қас жауы, психологиялық тұрғыдан науқас. Сондықтан бақытсыз аналардың адамдық кейіпін сақтап әрі жазықсыз періштелерді дін-аман қалдыру үшін, елдегі перзентханалардың жанынан «тастанды сәбилер» бұрышын көптеп орнататын кез келді. Өркениеттің үлгісін тәжіребиеге енгізетін қолайлы кез келді, -дейді психолог Арман Елемесов.
Қалай болғанда да, психолог маманның пікірі көпшіліктің талқысына салынуы тиіс мәселе. Бір білеріміз, гинеколог -дәрігерлер жылма-жыл жыныстық қатынасқа ерте түскен қыздар мен кәмелеттік жасқа жетпей жүкті болып қалған қыздар азаймай отырғанына атып дабыл қағуда. Статистикаға жүгінсек, республикамыздағы ең жас ананың жасы- 13-те көрінеді. Ойланбай шоқ басқан бойжеткендердің қатары қашан кемейтінін ешкім тап басып айта алмасы анық. Қарағанды облысында осымен 3 рет далаға тасталған нәресте табылды. Мұндай дерек 2021 және 2022 жылы тіркелген екен.
Айтбала Сүлейменқызы Қарағанды облысы