Баспасөз бетінде «Алаш милициясы», «Алаш әскері» жөнінде аз жазылып жүрген жоқ. Бұл өте керек. Өйткені өткенімізді танымай жатып, болашаққа бағдар жасау мүмкін емес. Сол бір өліара кезінде құрылған Алаш әскері кіммен қақтығысқа түсті, кіммен мүдделес болды? Мәселенің үлкені осы болса керек-ті.
Рас, қажет кезінде қызыл ту көтерген қызылмен де, оған қарсы күрескен ақпан де ымыралас болды. Неге? «Ақ па, қызыл ма бәрі бір, тек алаштың мүддесіне қайшы келемесе болды» дескен алаш арыстары. Сондықтан алаш көсемдері исі қазақтың мүддесі үшін ақ пен де қызылмен де тіл табысуға тырысты. Өйткені азғантай алаш жұртын қызылдың кәрінен, ақтың пәрменінен сақтай отырып, бостан ел құруға тырысты. Ол құрылды да. Алайда, Алаш орда (1917-1920) атауын алған Алаш автономиясының ғұмыры ұзақ болмады. Сонысына қарамастан исі алаш баласы үшін үлгі болатын біраз тірлікті жасап кетті. 1917 жылы желтоқсанның 5-13 аралығында Орынборда өткен II қазақ-қырғыз құрылтайында күн тәртібіне 10 мәселе қойылды. Олардың ішіндегі ең негізгілері: қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесі (Үкімет) құру мәселелері болды. Біздің айтпағымыз осы Алаш үкіметінің әскері туралы болмақ. Енді ресми деректерге назар аударалық. Алаш милициясы, халықтық милиция – 1917 ж. желтоқсанның 5-13 күндері Орынборда өткен 2-жалпықазақ съезінің шешіміне сәйкес құрылған Алаш автономиясының қарулы жасақтары. Съездің күн тәртібіндегі 10 мәселенің төртіншісі «милиция туралы» болды. Осы мәселе бойынша Алаш қозғалысының белгілі өкілі Халел Ғаббасов баяндама жасады. Съезд Алаш автономиясы аталған ұлттық мемлекеті аяғынан тік тұрғызу үшін және тек кеңестік негіздегі автономияларды ғана қорғап-қолдауға бейім тұрған «бостандықтың жауы – болшевизммен күресу үшін» «халықтық милиция» атанған ұлттық әскер құру бағдарламасын бекітті. Осыған сәйкес Алаш автономиясына кіретін облыстар мен уездерде құрылуға тиісті милиция бөлімдерінің саны анықталып, оларды соғыс өнеріне үйрету, қажетті қару-жарақпен және киім-кешекпен қамтамасыз ету жолдары айқындалды. Негізінен атты әскер түрінде жасақталатын халықтық милиция қатарына әскери қызметті атқаруға жарамды 20 мен 35 жастың арасындағы ер азаматтар алынатынболды. Бөкей, Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстарындағы милиция қызметкерлерінің жалпы саны 13500 болсын делініп, әр облыс бойынша әскер қатарына шақырылғандар саны мына мөлшерде белгіленді:
- Бөкейде – 1000
- Оралда – 2000
- Торғайда – 3000
- Ақмолада – 4000
- Семейде – 1500
- Жетісу облысында – 2000
Милицияға қару-жарақ пен оқ-дәріні Алашорданың ұлттық қорынан алу белгіленді. Милиционерлерді әскери тәртіп пен өнерге үйрету үшін офицерлер мен нұсқаушыларды: 100 милиционерге 1 офицер, 50 милиционерге бір нұсқаушы шақырылатын болды. Қазақ офицерлерін даярлау үшін Орынбор қазақ әскерінің тәжірибесі мен көмегін пайдалану қажеттігі съезд шешімдерінде баса көрсетілді. Милицияны ұйымдастыруға байланысты жұмсалатын шығын 68960000 сом болып анықталды. Бұл қаражат аталған 6 облысты мекендеген қазақтар есебінен жиналатын болды. Съезд қарарларына сәйкес халықтық милиция жасақтарын құру ісі көп кешікпей басталып, осы бағыттағы жұмыстар 1918 жылдың жазынан, елде азамат соғысы басталуына байланысты жаңа қарқын алды. Алашорда үкіметі бұл бағыттағы жұмыстарды тек қана Орынбор қазақ әскерінің басшылығымен ғана емес, сонымен қатар Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелерінен тұратын үкіметпен («Комуч») және Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметімен (1918 ж. қарашадан – Колчак үкіметімен) бірлесе, соңғыларының көмегіне сүйеніп жүргізді. Алашорданың батыс бөлімшелерінің жетекшілері Жанша Досмұхамедов және Халел Досмұхамедов «КОМУЧ» үкіметінің есебінен 600 винтовка, бір пулемет алса, Алашорданың Торғай бөлімшесі 300 мылтық, 20 мың патронға ие болды. Орынбор казак әскерлерінің атаманы Дутовтың тікелей көмегімен Қостанай және Ырғыз уездерінде екі атты полкті жасақтау жүзеге асырылды.1918 жылы тамыздың 12-нде Алашорданың әскери бөлімінің бастығы капитан (кейбір деректерде подполковник) Хамит Тоқтамышев Уақытша Сібір үкіметінің соғыс министрінің атына жазған хатында Семейде құрамында 750 жауынгер мен 38 офицері барАлаш полкінің құрылғанын баяндай келіп, Зайсанда халықтық милицияның 200 адамнан, Павлодарда 150, Қарқаралыда 250 және Өскеменде 250 адамнан тұратын әскери құрамалар жасақталғанын хабарлап, Қазақстанның әртүрлі аудандарында қызылдарға қарсы соғысқа тікелей кіріскендігі туралы жазады. Ә.Бөкейхановтың 1919 жылғы ақпанның 11-нде Колчак үкіметінің ресми делегациясымен жүргізген келіссөздерінде келтірілген мәліметтеріне қарағанда сол кезде азамат соғысы майдандарында Қызыл Армияға қарсы күреске қатысқан Алаш қарулы күштерінің саны 3000-нан асқан. Осы келіссөздің барысында Алашорда делегациясының басшысы Бөкейханов Сібір үкіметі өкілінің «Милицияны қалай түсінуге болады?» – деген сұрағына «Милиция – біздің әскеріміз. Ол қазір іс жүзінде бар: 700 жігітіміз Жетісу майданында, 540 адам Троицк түбінде, 2000 адам Орал облысында соғыс әрекеттеріне қатынасуда», – деп жауап берді. Бұл мәліметтерге Алашорданың батыс бөлімшесі ұйымдастырған әскери құрамаларды қоссақ, «халықтық милиция» атты Алаш автономиясы әскерінің қатарында бес мыңға жуық адам болған. Нашар қаруланған, соғыс тәжірибесі жоқ «халықтық милиция» бөлімдері Қазақстандағы азамат соғысының барысына ықпал ете алған жоқ. Алашорданың таратылуымен бірге ол құрған «халықтық милиция» бөлімдері де таратылды. Иә, ресми деректер осылай дейді. Бір ақиқат дүние, Алаш әскері сол кездегі жағдайға байланысты елде үлкен өзгерістер, жаңа серпілістер әкеле алған жоқ. Бірақ тарихта зеңбірек сүйреткен, пулеметпен винтовка ұстаған алаш әскері болғаны жөнінде із қалдырды. Әсіресе Алаш әскерлері еліміздің шығыс өңірлерінде яғни нақтылай түсетін болсақ, Үржар, Үшарал, Лепсі маңында атаман Анненковпен бірлесіп қызылдарға қатты қарсылық көрсетті. Бұл жөнінде осы аймақтағы Алаш әскерінің қимыл-әрекетін зерттеп жүрген Рамазан Нүсіпов «Алашорда Алаш полкі туралы ақиқат айтылды ма?» деген зерттеу жұмысында мынадай дерек-дәйектерде алға тартады. «Алғашқы Алаш полктары Лепсі уезіне қараған қазіргі ШҚО-ның Үржар, Мақаншы, Таскескен, Аякөз, Лепсі өңірлерінде ұйымдастырылған еді. Тарбағатайдың күнгей беттерінде Алаш жасақтарының лектері 1918 жылдың басынан құрыла бастайды. Сарқанттық матай руынан шыққан Керімбай (подполковник), Кеңсаба (полковник) Қарабұлақ ауылында алғаш эскадрон құрады. Осы жылдың қыс ортасынан бастап, Көктұмада (қазіргі Үржар ауданының Бақты аулы) жасақтарды 6 ай дайындап, Жетісу майданына аттандырған. 1918 жылғы Лепсі төңірегіндегі ұрыстарда Алаш полкіне Отыншы (Әлжанов) тікелей басшылық жасап, қызылдарға қарсы небір сәтті соғыстар жүргізеді. Күзде соғыс өнерін озық меңгерген, шетінен мыңмен айқасатын жиырма шақты сарбазбен Отыншы жедел Семейге шақырылады. Сол жолы тапсырма орындау сапарында Отыншы қаза болады да, Жетісу майданында қызылдарға қарсы соғысып жатқан Алаш полкіне тікелей атаман Анненковтың өзі басшылық жасайды. Алаш сарбаздары үйлерінен ат мініп шыққан. Әке-шешелері Алаш мұраты жолында еттерінен ет кесіп, балаларын оққа байлағандай, үйден жаназа оқытып шығарып салған. Сарбаздар атпен сапқа тұрғанда, аттың түсіне қарай тұрған: көк аттылар бір қатарға, жирен аттылар бір қатарға, т.с.с. Ал жаяу әскерді ру бойынша сапқа тізген: «Семіз найман» ротасы, «Байжігіт» ротасы, «Сыбан» ротасы, «Болатшы» ротасы, т.с.с. деп. Алаш полкінде үш дөңгелекті, атпен сүйретіп жүретін 14 зеңбірек болған. Атаман Алаш полкін қайтпас қырғындарға арнайы салмапты. Бүкіл армияны ұлтына қарамай тең ұстапты. Атаман Анненков шынында да қаныпезер адам болған ба? Мына дерекке қараңыз: Черкасск шайқасындағы жеңіске орай атаман сарбаздар арасында палуандар сайысын ұйымдастырады. Аякөз маңының бір жігіті бәрін жығады. Атаман сол жігіттің білек, сан бұлшық еттерін ұстап көріп: «Сенде 9 кісінің күші бар екен. Мұнда бір оққа ұшып кетесің», – деп, әскери киімін шештіріп, еліне қайтарады. Сондай-ақ Қален мерген 1919 жылы Пасха мерекесінде мылтықпен тиындар атып, ерекше көзге түседі. Анненков оны да «Аман жүр!» деп, әскерден қайтарыпты. Танымал әншілерді, бақсы-балгерлерді де халыққа керексіңдер деп, үйіне қайтарып отырыпты… Қызылдарға қарсы күрескен сарбаздар Анненковты құрмет тұтқаны сондай, «Алаш гимніне» атаманның да есімін қосыпты.
Арғы атам ер түрік –
Біз қазақ еліміз!
Шалқар көл, самал тау –
Сарыарқа жеріміз!
Той тойлап, мал айдап,
Ерке өскен Алаштың
Ел қорғар еріміз!
Қайырмасы:
Анненков – атаман,
Қолдай гөр жасаған!
Алашпыз қауымнан –
Қорықпаймыз жауыңнан!
Біз – Қали Арыстан,
Долданса қоймайтын.
Алға ұмтыл, ер Алаш
Елің бар қорғайтын!
Әлихан, Әлихан –
Алаштың серкесі,
Ел қамын ойлайтын!
Қайырмасы:
Атаман армиясының негізгі құрамы осы маңындағы горнизондардан тартылған кадрлар мен әскери казактар, переселендерден шақырылған мұжықтар және әу баста Отыншы Әлжановтың басшылығында соғысқан Алаш полкі еді. Кейіннен орыс мұжықтары тұтастай қызылдарға беріліп кетеді. Алаш полкі атаман армиясының негізгі тірегіне айналады.
Бірақ 1920 жылы көктемде қызылдар бүткіл елде жеңіске жете бастаған кезде, Алаш сарбаздары қылыш, мылтығымен Лепсі, Аякөз, Үржар, т.б. бағыттарға топ-тобымен еліне қайтарылады. Сонымен Қазақстанда азамат соғысы аяқталады». Бір ақиқат дүние, Алаш орда, Алаш әскері жеке, тәуелсіз ел болу үшін күресті. Осы мақсатта ақпен де, қызылмен де келісімге келуге тырысты. Мәжбүр болды. Өйткені жаңа құрылып жатқан ел үшін қолдайтын, сүйенетін бір күш қажет еді. Бірақ алаш сенген ақ гвардияшылар талқандалды. Большевиктер үстемдігі орнады. Ленинизм саясатына қайшы келетін Алашорда үкіметі осылайша өмір сүруін тоқтатты. Алаш арыстары құрған үкіметтің қорғаушы, айбыны болатын Алаш әскері де сахнадан кетті. Алдағы жыл Алаш орда үкметіне және оның айбынды әскеріне 100 жыл толмақ.
Сейсен Әмірбекұлы
«Айқын газеті. 2016 жыл