«Қоғамның қаншалықты дамығаны әйел мен балаға деген көзқарасынан аңғарылады» деген Оноре де Бальзак. Біздің қоғамның даму деңгейін осыдан-ақ байқай беріңіз. Астанада болған бес баланың жазатайым болған орны толмас қазасы қоғамда бұрыннан пісіп жетіліп тұрған шиқанды жарып жіберді. Әлеумет дүрлікті, ашынған аналар шеруге шықты. Билік орындары осыдан кейін ғана шұғыл қимылдай бастады.
Бұл не? «Жыламған балаға емшек берместің» кері ме? Әлгі қайғылы жағдай шенеуніктерді ұйқысынан шошып оятпаса, көпбалалы отбасы мәселесі ушыққан күйінде әлі қаншаға созылатын еді? Осы уақытқа дейін министрлік ұйықтап отырсын, Елбасы жанындағы Әйелдер мен отбасы ісі жөніндегі комиссия не бітірген? Сұрақ көп. Бірақ жауап мардымсыз.
Қазақстандай байтақ елдегі халық санының аздығы аналарымыздың тууына қолайлы жағдай туғыза алмай отырғанымыздан екені айдан анық емес пе. Демографияны жыл сайын биік мінберлерде ауызға аламыз, ал оны түзетудің жолы көпбалалы отбасылар санын арттыруда емес пе. Кезінде «2015 жылы республика халқының саны 20 миллионға жетеді» деген құзырлы орындардың есебі де болған, оның бәрі арман күйінде қалған жоқ па.
Себебі, бала туу санын арттырамыз деу құрғақ сөзбен өмірі бітпейді. Ең бірінші қолайлы жағдайдың жоқтығы, мемлекеттік жәрдемақының жетімсіздігі аналардың арқасын аяздай қарып тұр. Азаннан қара кешке дейін ала қап арқалап жүріп тапқан баласына жәрдемақы алмақ түгіл, қайта сол жәрдемақыны Үкіметке өз қалтасынан төлеген қазақ әйелінің шықпаған жаны қайсы дейсің? Баланы тууын туар-ау, оны ары қарай жақсылап ішкізіп-жегізу, киіндіру, денсаулығын қадағалау, тәрбиелеу, оқытып-шоқыту деген бар емес пе? Онсыз да жұмыссыз әйел осыдан қорқады. Жұмысы барының өзі жұмысынан шығып қалам ба деп қорқады. Аяғы ауыр әйелді аяйын деген жұмыс беруші де көп емес. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деумен құр үмітке сырық жалғап, аналарды қашанғы алдаусырата бермекпіз?
Дүниеге келген әр балаға жарытымды мемлекеттік жәрдемақы төлеу, жөргекпұлды көбейту соншалықты қиын ба? Онсыз да айдалаға шашылып жатқан ен тегін байлығымыздың бір бөлшегін ана мен баланың несібесіне жаратсақ, біреу тақиямызды басымыздан шешіп ала ма? Бала бір жасқа толғанға дейін ай сайын төленетін 10 мың теңге деген не сұмдық? Не деген әділетсіздік? Балаға бір жасқа дейін ең қажеті ана сүті десек, сәбиді жарытып емізуі үшін анаға ішіп-жем керек емес пе? Алты айдан кейін сәбидің аузы қимылдап, тамақ сұрамай ма? Сәбиге қажетті дәруменді тамақтар қымбат тұрады. Соның бәріне әлгі он мың теңге жұқ бола ма? Ол бала ары қарай өспей ме? Ең болмаса бір жасқа дейін емес үш жасқа дейін жәрдемақыны созуға болмай ма? Әр балаға үш жасқа толғанша ай сайын елу мың теңге төлеп тұруға еліміз соншалықты қауқарсыз ба? Елу мың теңге Біріккен Араб әмірлігіндегі әр балаға төленетін 50 мың доллар емес қой.
Көршілес Ресейде көп балалы деп үш және одан көп балалы отбасылар саналады. Ал бізде – төрт және одан жоғары. Қазір ауылдың өзінде кей отбасындағы бала саны көп болса үшеуден аспайды. Сол үш баланы асыраудың өзі күшке түсіп тұр. Сондықтан көбіне-көп бір-екі баламен шектеушілер саны артып барады. Оның үстіне, статистика айтқандай, бала сүю мүмкіндігінен айырылғандар саны артып барады. Бұл да халықтың денсаулығын, тұрмыс жағдайын жақсарта алмай отырғанымыздан. Сол үшін де, егер үш баласы барды көп балалы отбасыға жатқызатын заңдық бап енгізсек, осының өзі демографиялық ахуалды жақсартуға жасалған басты қадам саналар еді. Әйел, балаға жасалар қамқорлықты осыдан бастау қажет. Үкіметіміз ана мен балаға жасалар қамқорлық пен әлеуметтік көмекті күшейтуге тиісті ғана емес, міндетті де. Ең басты міндет те осы емес пе.
«Байтақ болашақ» экоальянсының төрағасы
Азаматхан Амиртай