– Бір сұхбатыңызда «Дүниенің бәрі Нобель сыйлығымен есептелмейді» дегенді алға тартыпсыз. Әрине, солай да шығар. Бірақ бүгінде еліміз мұнайымен, газымен, экономикалық реформаларымен, саяси ұстанымымен танылды, ал қазақ әдебиетін әлі әлем мойындай қойған жоқ. Егер де қазақтан Нобель сыйлығын алып жатқан ақын-жазушыларымыз шықса, Дүние қазаққа басқаша көзқараспен қарар ма еді, қалай ойлайсыз? Сондай-ақ Нобель сыйлығына лайық деп кімдерді атауға болады?
– Өте дұрыс. Мәселе сыйлықта тұрған жоқ. Алайда ұлтты танытатын тұлғалардың сыйлық алып жатқанына не жетсін. Ал енді кім және қалай алып жатыр дегенді жинап қоя тұрайық. Өйткені бұл салмақтылықты және сапалылықты қажет ететін мәселе. Нобель сыйлығы керек пе? Сөз жоқ, керек. Бірақ ол кімге және неге беріледі деген тағы әңгіме бар. Орыс сыншысы Вадим Кожиновтың «Нобель сыйлығы – аңыз» деген мақаласы бар. Сонда «Толстойға неге бермеді? Өйткені ол өз ұлтын тым сүйетін еді, сондықтан бермеді. Ол ескілік көзбен қарайтын адам деп бермеді» дейді. Сондықтан Нобель сыйлығы кімге, қалай беріледі деген сұрақ шығады алдыдан… Оған саясат араласады. Жалпы әдебиет саясиланған тұста, жақсылықтың нышаны алыстайды. Менің көзқарасымша Нобель сыйлығы қазір тым саясаттанып кеткен. Ал саясаттанып кеткен сыйлық үлкен көркемдік дүниелерге беріле бермейді. Біреулер Аманхан бүйректен сирақ шығарып отыр деп те айтар. Мысалы, Маркестің «100 жылдық жалғыздығын»(«100 лет одиночество») мен қабылдай алмадым. Өйткені онда ұлттық менталитетіміздегі қадір-қасиетті бұзатын жағдайлар көп. Тіпті бір әйел түнде бірнеше адамды қабылдайды. Өзінің туысқанына үйленіп жатады. Ал сол әдебиетке керек пе? Не үшін?! Біреулер оған аңыздар араластырған деп жатады. Бірақ ол ұлтқа, адамзатқа не береді? Ол имандылыққа үйретеді ме, әлде бұза ма, осы тұрғыдан келу керек. Қазір Астанадан бір ақын қыз шығыпты дейді эротикалық өлеңдерімен. Соны кейбір сайттарда жиырма бірінші ғасырдағы қазақ өлеңінің жаңа деңгейі деп жатыр. Осы нәрсені түсінбеймін. Эротиканың көкесі Маркестің кітабында бар, әлем әдебиетінде бұндай тақырыптағы өлеңдер, шығармалар көп. Бірақ олардың біреуі эротикалық жазбаны әдеби құбылыс деп айтпайды. Оны тек қана біздің шала жансар, оқымаған сыншыларымыз ғана құбылыс деп жатыр.
Негізі бізде Нобель сыйлығына лайықты қазақ жазушылары өте көп. М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Қ.Жұмаділов, М. Мағауин, Д.Исабеков,Т. Әлімқұлов, Қ.Ысқақов, А.Сүлейменов, Ә.Кекілбаев, Т.Әбдіков, және т.б. Бізде өте көп, бізге алу қиындау, өйткені тым дәстүршілміз. Дәстүршіл нәрселер көп жағдайда әлемдік үлкен сыйлықтарды ала алмайды. Жалпы, дәстүр – азаматтық қоғам орнатамын, америкалық ұлт жасаймыз деген ұғым түсіністіктермен сыйыспайды, қайшы түсініктер. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, біздің қазақ жазушыларының Нобель сыйлығын ала қоюы өте қиын. Л.Толстойға берілмеген сыйлықтар Әуезовке беріледі деп ойламаймын. Одан кейінгі жазушыларымызға алу қиын. Өйткені дәстүр өміршілдігін көрсетеді, ал «жаңашылдық» сол дәстүрді жоюға ұмтылады.