Home Басты жазба Соғыс Қазақстан мұнайының жолын бөгеп тұр

Соғыс Қазақстан мұнайының жолын бөгеп тұр

11

Қазақстан мұнайының тағдыры бүгінде мұнай бағасымен емес, Қара теңіздегі қауіпсіздікпен өлшенетін жағдайға жетті. Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумы (КТК) терминалына бағытталған дрон шабуылдары Ресей мен Украина арасындағы соғыстың Қазақстан экономикасына тікелей әсер ететінін тағы бір мәрте көрсетті. Бұл енді сырттағы соғыс емес. Бұл – біздің экспорттық табысымызға, бюджетімізге және энергетикалық қауіпсіздігімізге соққы.

Қазақстан экспорттайтын мұнайдың негізгі бөлігі дәл осы КТК арқылы Еуропа нарығына жөнелтіледі. Егер теңіздегі танкерлер қауіпсіздікке алаңдап терминалға кірмесе, құбыр жұмыс істегенімен, мұнайды қабылдайтын ешкім болмайды. Қоймалар толады, кейін өндіріс қысқарады. Бұл – жай ғана логистикалық кідіріс емес, миллиардтаған долларлық тәуекел.

Астана алғаш рет мұндай оқиғаларға ашық әрі қатаң реакция білдірді. Бұл түсінікті де. Өйткені мәселе енді геосаясат туралы емес, ұлттық экономикалық мүдде туралы болып отыр. Қазақстан ешбір әскери қақтығысқа қатыспайды. Бірақ соғыстың экономикалық салмағын көтеруге мәжбүр. Бейтараптық жариялау мұнай тасымалын қорғап қала алмайтыны анық байқалды.

Бұл жағдай тағы бір шындықты ашып берді. Қазақстан көп жылдан бері экспорт бағыттарын әртараптандыру туралы айтып келеді. Ақтау арқылы Каспийді кесіп өтетін бағыт, Баку–Тбилиси–Жейхан құбыры, Қытай бағыты – бәрі бар. Бірақ олардың ешқайсысы әзірге КТК-ның орнын баса алмайды. Демек, Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі туралы әңгіме әлі толық шындыққа айналған жоқ.

Ең алаңдатарлығы – бұл соңғы оқиға болмауы мүмкін. Егер Қара теңіздегі қауіпсіздік нашарлай берсе, сақтандыру құны өседі, тасымал қымбаттайды, жеткізу мерзімі ұзарады. Мұның бәрі ақыр соңында қазақстандық мұнайдың бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді. Ал бюджет кірісінің едәуір бөлігі мұнайдан түсетін ел үшін бұл жай статистика емес.

Қазақстан бүгін таңдаудың алдында тұр. Біріншісі – КТК-ға тәуелді күйде қалып, әрбір әскери шиеленісті экономикалық қауіп ретінде қабылдау. Екіншісі – қымбат болса да, балама экспорт дәліздерін жедел дамыту. Иә, бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Бірақ соңғы оқиғалар уақыт күтпейтінін дәлелдеді.

Бір нәрсе анық: Украинадағы соғыс Қазақстанның шекарасына жеткен жоқ. Бірақ оның салдары қазақ мұнайының жолына жетті. Ал мұнай жолына төнген қауіп – мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне төнген қауіп.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Алдыңғы жазбаБір құбырға байланған ел
Келесі жазбаБайқоңыры бар елдің ғарыштағы бағы қандай?