Home Басты жазба Бір құбырға байланған ел

Бір құбырға байланған ел

20

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері мұнайды экономикасының басты тірегіне айналдырғаны  белгілі. Бірақ сол мұнайдың әлемдік нарыққа қалай шығатынына келгенде біз әлі күнге дейін өзіміз толық шешім қабылдай алмайтын жағдайдамыз. Үлкен  өкініші осы. Өйткені, соңғы бірнеше күнде Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалы маңында мұнай тасымалдайтын танкерлерге жасалған шабуылдар осының кезекті дәлелі болды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі арнайы мәлімдеме жасап, еліміздің экономикалық мүддесіне қарсы әрекеттерді тоқтатуға шақырды. Бұл – дұрыс қадам. Алайда, мәселе бір мәлімдемемен шешілмейді.

Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы Новороссийск портына жеткізіледі. Демек, еліміздің негізгі экспорттық бағыты Ресейдің Қара теңіздегі инфрақұрылымына тәуелді. Нақты айтатын  болсақ, бір құбырға  байланған  елміз. Соғыс басталғалы бері бұл маршрут бірнеше рет түрлі себеппен тоқтады. Бірде дауыл болды, бірде терминалдағы ақау анықталды, бірде сот шешімі шықты, енді әскери қауіп күшейіп отыр.

Қазақстанның ең үлкен қателігі – мұнайдың өзін әртараптандырғанымен, оны тасымалдау жолдарын толық әртараптандыра алмауы. Біз мұнай өндіру көлемін өсіру туралы жиі айтамыз. Теңіз кеңейіп жатыр, Қашағанның әлеуеті жоғары, Қарашығанақ та жұмысын жалғастыруда. Бірақ өндірілген мұнайды қауіпсіз әрі тұрақты жеткізетін бағыт болмаса, өндірісті ұлғайтудың өзі тәуекелге айналады.

Кейбір сарапшылар соңғы шабуылдарды Украина мен Ресей арасындағы соғыстың тағы бір көрінісі деп бағалайды. Басқалары мұнда энергетикалық қысым элементтері бар екенін айтады. Қалай болғанда да, Қазақстан бұл жанжалдың тарапы емес. Бірақ оның экономикалық салдарын бірінші болып сезініп отыр. Бұл – ең қауіпті жағдай. Соғысқа қатыспайсың, бірақ шығынын бірге көтересің. Ең қиыны осы.

Қазақстан сыртқы саясатта бейтарап ұстанымын сақтап келеді. Алайда бейтарап болу ұлттық экономиканы қорғау мәселесінде үнсіз қалу деген сөз емес. Егер біздің экспорттық инфрақұрылым қауіпке ұшыраса, мемлекет халықаралық құқық аясында өз мүддесін белсендірек қорғауы тиіс. Бұл тек дипломатиялық нотамен шектелмеуі керек. Консорциумға қатысушы барлық мемлекеттермен, халықаралық теңіз ұйымдарымен, сақтандыру компанияларымен және инвесторлармен нақты келіссөздер жүргізілуі қажет.

Тағы бір мәселе – Қазақстанның мұнай экспортының баламалары.

Көп жылдан бері Транскаспий бағыты туралы айтылып келеді. Ақтау мен Құрық порттары арқылы мұнайды Әзербайжанға жеткізіп, одан әрі Баку – Тбилиси – Жейхан құбырымен Жерорта теңізіне шығару идеясы жаңалық емес. Бірақ бұл бағыттың өткізу қабілеті әзірге КҚК-ны толық алмастыра алмайды. Соған қарамастан дәл бүгін сол жобаларға инвестиция салудың уақыты келді.

Қытай бағыты да бар. Атасу – Алашанькоу құбыры жұмыс істеп тұр. Бірақ оның да мүмкіндігі шектеулі. Оның үстіне Қазақстанның барлық экспортын шығысқа бұру экономикалық әрі саяси тұрғыдан тағы бір тәуелділік туғызуы мүмкін.

Иран арқылы Парсы шығанағына шығу мәселесі де ара-тұра көтеріледі. География жағынан тиімді көрінгенімен, халықаралық санкциялар мен күрделі геосаяси жағдай бұл жобаны жақын жылдары толық жүзеге асыруды қиындатады.

Шын мәнінде Қазақстанға бір ғана бағыт емес, бірнеше бағыт қажет. Мұнайдың кем дегенде үш-төрт тәуелсіз экспорттық дәлізі болуы тиіс. Сонда ғана бір бағыттағы дағдарыс бүкіл экономиканы тұралатып тастамайды.

Қазір әлемде энергетика тек экономика емес. Ол – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Құбырлар да, порттар да, танкерлер де бұрынғыдай жай коммерциялық нысан емес. Олар геосаяси қысымның құралына айналып барады. Қазақстан осы жаңа шындықты мойындауы керек.

Біз соңғы жылдары бірнеше мәрте бір құбырға тым көп үміт артудың салдарын көрдік. Әрбір тоқтаған танкер – бюджетке түспеген салық. Әрбір кешіккен партия – инвесторлардың сеніміне сызат. Әрбір қауіп – ұлттық экономиканың әлсіз тұсын көрсететін белгі.

Қазақстанға енді реакция жасайтын емес, алдын ала әрекет ететін саясат қажет. Ақтау портын кеңейту, Каспийдегі танкер флотын ұлғайту, Әзербайжан және Түркиямен ұзақмерзімді энергетикалық серіктестікті күшейту, Қытай бағытын жаңғырту, жаңа экспорттық инфрақұрылымға инвестиция салу – мұның бәрі ертең емес, бүгін басталуы тиіс.

Өйткені бүгінгі әлемде мұнай өндірудің өзі байлық емес. Оны қауіпсіз әрі тәуелсіз жеткізе алу ғана нағыз стратегиялық артықшылыққа айналып отыр. Қазақстан дәл осы сабақтан қорытынды шығарса ғана кезекті геосаяси дауыл кезінде өз экономикасын өзгелердің шешіміне тәуелді етпейтін мемлекетке айнала алады.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ, «Байтақ»  жасылдар  партиясының төрағасы

Алдыңғы жазбаҚұрылтай: партиялардың додасы ма, әлде халықтың таңдауы ма?