Home Руханият КҮЛТЕГІН

КҮЛТЕГІН

7

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

роман

(жалғасы)

Алты тайпалы түркештердің қалың қолы Ащыөзекте түріктерді тосыннан тарпа бас салу үшін күтіп жатқаны рас-ты. Қыстың көзі қырауда мол әскер жинап үлгермесе де, Тоныкөк бастап келе жатқан қосындардан бұлардың саны үш-төрт есе көп еді. Ежел көптігіне һәм тұтқиылдан тап беріп, бүріп тастарына сенді. Көңілі де көтеріңкі еді. Өйткені табғаш билеушісі У-хыңның: «Қағанын қағансыздандырсаңдар, елін елсіздендірсеңдер, түріктерді енді қайтіп бас көтермейтіндей қылып жойып жіберсеңдер, батыс аймақтың тәңірқұты деп жариялаймын» деген уәдесі бар. Дәл осындай уәде қырғыз қағаны Қылышбекке де берілген еді. Ол шығыс аймақтың тәңірқұты болып отыруға тиіс еді, алайда Қылышбектің қапы қалып, шейіт болғанын естіді.

«Мен Қылышбек емеспін. Мен – Ежелмін. Қапаған қашан келіп басымды алады деп күтіп отыра алмаспын, Ол қу болса, мен сұммын. Айламды асырып, Тоныкөкті талқандасам, Қапаған мен үшін түк емес. Ол қызылкөз пәленің қара қанын ағызармын. Ар жақтан сансыз қолмен табғаштар келсе, мына жақтан тұйғындай мен төнсем, түрік қағандығы жалп етіп құлары анық. Онда түркеш атының тұяғы жетер жердің бәрі менің дәргейіме көшіп, ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда болары хақ».

Ежел алақанын ысып қойды. Өз ойына өзі ырза. Тоныкөкті қалпақпен ұрып алатындай, әлекедей жаланып, түрік әскерін шыдамсыздана күтіп жатқанына біраз болды.

 

***

 

Терістіктегі көшпелі тайпалардың бір-бірімен қидаласуға көшкенін У ханым да естіп жатқан. Қырғыздардың қағаны өліп, елі шабылғанын, түркештердің түріктерге қарсы аттанғанын жансыздары арқылы хабар алып отырған билеуші сарайындағылар, жымысқы әрекеттерінің іске асқанына дән риза еді. Мын-Вэй қолбасшыны сарайға алдырған У билеуші:

– Табғаштың құжынаған әскерінсіз, сексеуілді сексеуілге ұрып сындырудың жолын көрсеткен сен, кез келген шен-шекпенге лайықсың. Түркеш жеңе ме, әлде түрік жеңе ме, ит жығыс түсе ме бізге бәрі бір. Ең бастысы, олардың бір-бірімен алысып, әлсірей бергені жөн. Анау қарлұқ, тоғыз-оғыздар, қидан, байырқаларды да осылай көтеріңдер. Жылы сөзді, тәтті уәдені аямаңдар. Қағандарына сарай маңындағы ақсүйектердің қызын қатындыққа беріңдер. Қағанның қойнына кіріп, жыландай арбасын, сайтандай азғырсын. Бегін еліне, елін бегіне қарсы қойсын. Ал алданған, арбалған елді жұтып алу қиындыққа соқпайды.

У ханым тілінің зәрін төге сөйледі. Көшпелілерді иттің етінен де жек көретінін тағы бір көрсетті.

–  Айтқаныңыз болады, – деді Мын-Вэй, – бұл көшпелілер баладай аңғал. Жылы сөзге тез еріп, көнгіш. Ондай жұртты іштен іріту қиын емес. Табғаш үшін ең бастысы көк түріктердің қағанатын құлату. Бұл жүген-құрық тимеген асаудай болған жұртты тұсаулау қиынға тимек, бірақ табғаштың жібегі мен күріші, сұлу қыздары жұлындарына түскен құрттай іштен кеміре берсе, ұзаққа бармасы хақ. Бірде болмаса, бірде жалп ете түсері сөзсіз.

У ханым Мын-Вэйді бекерден-бекер бас қолбасшы етіп тағайындамағанына тағы бір көз жеткізді. Айтқандары көңіліне қонды.

– Олай болса іске кіріс! – деді У билеуші.

Ол түрік қағанатының көп ұзамай күйрейтініне сенімді еді.

 

 

***

 

… Ащыөзекте жол тосып жатқан Ежелге шолғыншылар, түріктердің жақындап қалғанын жеткізді.

«Тоныкөктей данасымен қосып, Бөгі мен Күлтегіндей батырының басын кессем, бүкіл түрік жұрты менің қоржыныма топ етіп өзі түспей ме?»

Кісәпір ойға кеткен Ежел қосындарына дайындалыңдар деп пәрмен берді.

 

 

***

 

Суыт жүрген Күлтегіннің жасағы екі күн өтпей, Тоныкөктің қосындарына келіп қосылды.

– Қапағанды мұндай екіжүзді деп ойламаппын, – деді түнерген Тоныкөк. – Астындағы тақ, өзі кеткен соң әлжуаз, боркемік ұлына бұйырсын деп, көк түріктің көк семсеріндей болған сендерді өлімге айдап салып, бұғып қалуын кешіруге болмас. Бірақ қазір оны ойлайтын уақыт жоқ. Ордалы жыландай болып ордамызды ойрандауға төрт құбыламыз түгел жауығып тұрған кезде, бас араздықты қоя тұралық. Жолымызды тосып, алдымызда тұрған түркештерді түре қуып, хан ордасына дейін барайық. Астамсыған Ежелдің басын алып, бақанға ілейік.

–  Олар көп қой. Қыстыгүні қырауда ұзақ жолдан шаршап, қалжырап келген әскеріміз түркештермен алысуға шамасы жетер ме екен? Бәлкім, шегініп кетерміз. Әлі де болса, қағанға ат шаптырып көмек сұралық. Жер аяғы кеңіген көктем мен жазда қайтып келсек болмас па? –деген кейбір қосын басылары.

– Жоқ! – деді шарық таспен наркескенін қайрап отырған Күлтегін бас көтеріп. – Жоқ. Шегіну деген әңгіме бұл жерде айтылмауы тиіс. Көк түріктің ұлдары көк семсерін жаудың қанына малмай кері қайтпайды! Суырлы тауда Ежел суыр болып ініне кіріп кетсе де  суырып алып, басын кесемін! Қағанатқа қарсы келгендерді көрге тықпай тоқталман!

–  Алтын тауды асып, өткелсіз қара Ертісті кешіп, қар жастанып, мұз төсеніп келгендегі мақсатымыз, кері қайту емес! Көп деп қашпайық, азбыз деп қорықпайық! Шабамыз! – Тоныкөк кесіп айтты.                                                                                             Ақылдаса келе, Бөгі үш мың аламан алып, Ежел әскерінің көк желкесінен тимек болып шешілді. Ұзын найзалы, тың ат мінген Бөгі бастаған қол, күншілік жерден бөлініп, түн ішінде тауды бауырлай, алыстан орағытып, Ащыөзекке жетіп, қалың тоғайға жасырынды. Түріктің негізгі қолы түркештердің қақпан құрып, аңдып жатқанын білмегенсіп, олар тұрған жерге тікке келмек. Ол қолды Рұғила батыр бастамақ. Алғашқы қақығыстан кейін-ақ Рұғиланың қолы қаша шегінуге тиіс. Сол кезде Сурылы таудың қалың жынысына тығылған Күлтегін мен Тоныкөктің қолы қос қапталдан бүргенде, Бөгі көк желкеден жебеше қадалмақ. Соғыс тәсілін Тоныкөк осылайша құрды. Сәтін салса, түріктер емес, қақпанға түркештер түспекші.

 

***

 

– Тоныкөктің әскері біз күткендегіден де аздау, – деді шолғыншылардың басшысы, – жеңіс сіздің қолыңызда, тақсыр! Көк бөрілердің ұрпағын бөріше қыңсылатып, қуалап жүріп соғып алатын кез келді.

Бұл сөз көңіліне майдай жаққан Ежел дырау қамшысын білемдеп:

–  Сәтін салса, Тонынкөкті қақаған суықта қарағайға байлап қойып, қызыл ала қан қылып дүре соғармын. Құтылықтың қос иті де жазадан құтылмас, шақыр қолбасшыларды! Қылтадан қылтыйып қарап, жол тоспай, ашық майданға шығайық. Көрсін түркештердің кім екенін. Бөрінің ұрпақтарын кең далада алдыма салып тырқыратып, бір рақаттан шығайын. Қыранша шүйілейін, топан

судай жайпап өтейін.

Ежелдің бұлай сөйлеуінде де жан бар. Ол өз әскерінің көптігіне сенді. Әрі тың, әрі сақадай сай, ал Тоныкөк басқарып келген қол айшылық жол жүріп, Алтын тауды асып, Ертісті жағалап, қар кешіп әбден қалжырап, діңкелегендер. Әлі құрып жеткен әскерден ұрыста үлкен жетістік күту де қателік. Ежелдің ойы осы еді. Бар әскерін қылтадан шығарып, Тоныкөкке қарсы жүрді. Түріктер де түркештердің шеп құрып қарсы келе жатқанын көрді. Соғыс тәсілінің кілт өзгергенін аңғарған Тоныкөк қосындардың алдына шығып:                                                                                                                                 –  Азбыз деп абыржымаңдар. Кешегі өткен бабаларымыз Бумын мен Естемістер жеті жүз сайыпқыранмен жеті есе көп жауына атой салып қарсы шапқан. Ұлы қағанат құрған. Кеше Құтылық басшы, мен қосшы болып, азаттық соғысын бастаған кезде біз де аз едік, бірақ жүрегімізде ел болсақ, еркін болсақ деген от маздап тұрды. Көк тәңірі, Қара Жер, Ұмай ана қолдады. Шаптық. Қырдық. Қырылдық. Түрік атының аяғы жетер жерде қағанат көтердік. Азды көп еттік, жарлыны тоқ еттік. Қазір төрт құбыламыз жауығып, қағанатқа қауіп төнген кезде, көк бөрінің ұрпақтары бөрілігін танытуға тиіс. Күндей күркүрейік, жасындай жарқылдайық! Қарсы келген жауды, жарып өтейік, таптап өтейік. Көк тәңірі бізге жар болсын! – деп рух шақыра сөйледі.

– Төбемізден көк Аспан, астымыздан қара Жер қуат берер! Бөрілі байрақ астында күн сөнгенше сөнбейміз, жер тұрғанша тұрамыз! Ешкім бізді кеудемізден баса алмайды! Бастыны идіреміз! Тізеліні бүктіреміз! – деп атын аспанға секіртіп, қара аттың жалы байланған найзасын жауға қарап білеген Күлтегін жауар күндей күркіреді. Атой шақырып, жер-көкті жаңғыртқан көк түріктер қолы сапын бұзбастан түркештерге қарсы беттеді. Екі көшпелі елдің әскері атой шақырып, дауылпаз қағып, ұрандап, Ащыөзектің қыр беткейіндегі кең жазықта бетпе-бет келіп тоқтады. Түркеш жағынан боз ат мінген біреу айқайлап алға шықты. Бұл бірден ат қоймай, алдымен батырлардың күш сынасатын жекпе-жегі екенін түріктер түсіне қойды. Демек, соғыс бірнеше күн батырлардың жекпе-жегінен тұрмақ.                                                                                                                           –  Дұрыс болды, – деді Тоныкөк, – жолдан келген әскеріміз бірер күн болса да тынығып, қылышымызды қапысыз қайрап, найзамызды ұштауға мұрсат бар. Ежелдің соғыс тәсілін аңдайық, соған сай қимыл жасармыз.

Атының айылын қаттырақ тартып, секіріп мінген Күлтегін:

– О, Көк тәңірі, жар бол! – деп жиренін аспанға секіртіп әскердің алдына шықты.

– Жар болсын!

Түрік әскері ұранға басты. Боз ат мінген түркеш батыры найзасын кезей алға ұмтылды. Аруақ шақырып, ұрандаған қос батыр бір-бірін жеп қоярдай болып қарсы шауып келеді. Әп дегенде екеуі де бір-бірінің осал жерін аңдыды ма, найзаларын қағыстырып өте шықты. Бұрыла сап кері шапқан Күлтегін бұл жолы найза қағыстырып өтіп кеткен жоқ. Түркеш батырымен қатарласа бере атын аспанға секіртіп, бар күшімен қарсыласының кеудесін жапқан қалқаннан ұрды. Көк құрыштан құйылған найзаның ұшы қалқанды жарып, сауыт киген денеге кірш етіп қадалған. Соққының сойқан болғаны сондай, найзаның ұшы жон арқандан бірақ шықты. Кері сурып алғанда, жау батыры аттан гүрс етіп құлады. Бөрілі байрақтар күркіреп кетті. Атын аспанға секіртіп, аруақ шақырған Күлтегін түркештерді жекпе-жекке тағы шақырды. Сонша болмай, шоқпарын ұршыққа үйірген түркеш батыры бері қарай суырылып сала берген. Жұлдыздай аққан Күлтегін жау батырын шоқпар сілтеуге жеткізбей, тоғыз буынды ұзын найзасын сауыты жұқа қолтықтың астынан қадаған. Көк түріктер күркіреп кетті. Рух көтерілді. Бөрілі байрақ аспан астында желкілдеді. Үшінші батырын Күлтегін найзалап өлтірген соң, түркештер жағының мысы басылып, бөгеліп қалды. Жекпе-жек осымен бітіп, екі жақ бір-біріне тап беруге тиіс еді, бірақ олай болмады. Түркеш жағынан таудай құла ат мініп, арыстанша ақырған біреу шықты.

«Қарахан батыр» деп шу ете қалды түріктер. Бұл – түркештердің бас қолбасшысы. Алдына келгенін бұршақша атып, найзаласқанда жан шыдатпайтын нағыз хас батыр еді. Талай соғысты бастан өткерген, жекпе-жекте талай батырдың басын кескен, найзалап өлтірген, жасы алпысқа тақап қалса да өте жырынды.

–  Бек, – деді Күлтегіннің жанына шапқылап келген Рұғила батыр, – жолды маған беріңіз! Қараханмен майдан даласында кездесу, бір арманым еді. Онымен жасымыз да шамалас. Қараханның басын айбалтамен ұрып, қақ айырайын!

– Ертеңгі күнгі жекпе-жекті сізге бердім. Бүгінге қолқа салмаңыз! Қараханның қара қанын ағызып, басын алдыңызға тастаймын!

Осыны айтқан Күлтегін аттың айылын тағы бір қатайта тартты да, найзасын кезеп, ортаға қарай тұра шапты.

– Менің алдымнан ешкім тірі кетпеген, келесі жемтігім сенсің, Құтылықтың күшігі! Қаныңды суша шашайын, кел бері!

Арыстанша ақырған Түркеш батыры, құла атымен Күлтегінге қарай тіке салды. Әні-міні дегенше екі батыр айқаса кетті. Ілгері-кейін шауып, найзаласқан екеуі бірін-бірі ала алмай жатыр. Қарахан жырынды көрінгенімен, Күлтегінде жастықтың буы бар. Қарахан ұрымтал тұстан ұрам дегенше, Күлтегін найзасын жалаңдатып, бірнеше рет түйреп қалуға тырысып бағып жүр. Аруақ шақырып  ұрандап тұрған екі жақтың әскеріне бірде –  Күлтегінге найза қадалғандай көрінсе, бірде – Қарахан аттан ауып бара жатқандай әсер берді. Аспан асты, қара жердің үсті, айнала тау-тас  мыңдаған әскердің ұранынан жаңғырып тұр. Ет пісірім уақыт өтті, бірақ жекпе-жек бітер емес. Алып денелі Қарахан шаршағандай еді. Астындағы аты да ауыр денені көтеруден қалжырап, ұршықша үйірілуден қалғандай. Күлтегіннің денесі енді бусанып, қарқын ала бастағандай. Түркеш жағы Қараханның аты да, өзі де баяу қимылдап, Күлтегіннің соқыларын әрең қайтара бастағанын байқады ма, ақ ту ұсатаған біреу айқайлап ортаға шапты. Бұл көшпелілердің жекпе-жегінде батырларға ат ауыстырып мініп, сәл де болса тыным алуға берілетін мұрсат еді. Бұл қағида ежелден бар. Ешкім оны бұзбайтын. Қарахан мінетін атты қосағына алған түркеш аламаны ортаға шапты. Күлтегін жетегіне ат ілестіріп, өзіне қарай көсіле салған Ақшарқатты көрді.

– Бек, тәңірім саған қуат берсін! Найзаңның ұшы мұқалмасын! Кылышыңның жүзі майырылмасын!

Көзінен от шаша сөйлеген Ақшарқат есік пен төрдей қарагердің тізгінін Күлтегінге ұстата берді.

– Айтқаның тәңірімнің құлағына шалынсын! – деді

Күлтегін қызға ризашылықпен қарап. – Сендей қолдаушым, жанашырым бар да, менің мерейім қай жерде де үстем болады!

Қыз кері шапты.Тың ат мініп, сәл де болса демін алған қос батыр қайтадан айқаса кетті. Аспан айналып жерге түскендей еді. Күн тұтылғандай еді. Қара жер ойылып кеткендей еді. Ұрандасқан әскердің үнінен жер-дүние тітіркенгендей еді. Көктем күні еңкейе бастағанда атты тастап, жаяу қылыштасуға көшті. Қарахан аттың үстінде найзаласуға шебер болғанымен, жаяу жүріп қылыштасуға жоқ еді. Ара-тұра ақырып, Күлтегінге тап бергені болмаса, шегініп қорғаныста жүр, кейде қылышын жерге тіреп, деміккенін басқысы келеді. Бір сәт, үстіндегі ауыр сауытты шешіп лақтырып, тері күртешемен қалды. Буы бұрқ-бұрқ етеді, бірақ одан күш алып кеткен Қарахан жоқ, қимылы қожырай берді. Күлтегін қанша жас болса да ұзаққа созылған жекпе-жектен шаршағандай еді. Қараханның ауыр соққыларын қайырып тастап, өршелене алға ұмтылып жүр. Кенет, ұрандатқан бүкіл әскердің дауысынан асып, құлағына алыстан, тым-тым алыстан қасқырдың ұлығаны естілгендей болды. Жер-дүние бір сәт мауығып, қасқырдың ұлығанына елтіп қалғандай көрінді. Көз алдына өткенде көрген арлан елестеді. «Көк бөрі мені қолдап жатыр» деді іштей. Алпыс екі тамырына атқақтап қан жүгіріп, бойына керемет бір күш біткендей сезінді. Қасқырға тән жылдамдықпен Қараханға тап берген. Оның сілтеген қылышын қағып тастап, бар күшін сала наркескенмен иықтан төмен қиғаштай ұрды. Сауытсыз дене қаққа бөлінді. Түркеш жағы шу ете түсті. Бөрілі байрақтар ұрандап қоя берген. Наркескенінің жүзінен қан тамшылаған Күлтегін өліп жатқан Қараханға да, ұрандасқан қалың әскерге де емес, алысқа, сонау жақпартасты, қалың қарағайлы тауға қарады. Әлденені іздегендей еді. Сонау ұшар басын күн сүйген Найзашоқының төбесінде көкке қарап, ұлып отырған арланды көргендей болды.

 

 

***

 

Жанған отқа аяқ-қолын қақтап, ердің үстінде отырған Ежелде маза жоқ. Түркеш қолының бас батыры, қолбасшысы Қараханның Күлтегіннің қолынан қаза болуы, жанын жай таптырар емес. «Әттеген-ай! – деген іштей өкіне. Кеше Қараханның айтқанына көніп, лап бергенде ғой. Қазір ұрыстың тағдыры шешіліп қалар еді. Әскерім сай еді, тың еді. Аламандарда түріктерді жайпап өтеміз деген қайрат бар еді, бәрі өзімнен болды-ау. Құтылықтың күшігі Күлтегіннің Қараханның қолында қыңсылап жатып өлгенін көргім келіп, соғыс алдында көшпелілерге тән жекпе-жек өтсін деп қағынғанымның арты не болды? Бір Қарахан емес, үш бірдей батырым Күлтегіннің қолынан қаза болды. Оттай лапылдап, шоқтай маздап тұрған сарбаздарымның меселі қайтып қалды. Жүні жығылды. Әттең… әттең… Кеше бар күшімен лап қойып, алыс жолдан арып-ашып келген түріктерді ту-талақайын шығаруым керек еді ғой, тіпті болмағанда Ащыөзектің тар қылтасында алды-артынан қоршап, неге қойша қырмадым? Күлтегіннің жекпе-жекте жан шыдайпайтынын біле тұра, неге батырлардың күшін сынастырдым? Не түлен түртті? Енді не істеймін? Батыры өліп, бағы тайған қол ертеңгі соғыста жанын шүберекке түйіп, жан беріп, жан алысып ұрыса қояр ма екен? Қайдам! Әскердің алдына ұрандап өзім шықсам ше?»

Ежелдің көз алдына көк сүңгісін өзіне кезей ұмтылған Күлтегін елестеді. Күлтегінмен кездесудің соңы, өлім екені аян. Жаны түршігіп кетті.

«Апыр-ай, қойымды құрттап, қойыртпағымды ұрттап, тыныш неге жата бермедім? Неге табғаштардың тәтті сөзіне алдандым? «Тәңірқұты боласың» деді. «Түрікті қыр» деді… Иә, түріктерді табанға сап таптай алсам, бұл өңірде түркешке қарсы тұратын күш жоқ-ты. Бәрі менің алдымда тізе бүгіп, айдауымда жүрер еді. Ел билесем деген қиянпұрыс арман ғой мені осы күйге жеткізген! Сол арман көкжиекте бұлдыраған сағымдай болып, алыстап бара ма, қалай?» Күпісін қымтап, отқа қарап ойланған Ежелдің басы қатты.

«Түрік өз жұртым еді ғой. Не жамандық көрдік? Бәлкім, жаздым- жаңылдым деп ертең алдарына барып, тізе бүксем ше? Бірақ Тоныкөк кешіріммен қарағанмен, рақымсыз Қапаған сөзге келмей басымды кесері хақ».

Алдындағы жылқының етінен бірер асап, қымыздан тартып жіберген. Суық қымыз ішін мұздай қылып жіберді. Содан ба, әлде өлімді ойлғаннан ба, өңі бозарып, денесі тітіркенді. Жанған отқа төне жақын отырды.

–  Ишленби батырды шақырыңдар! –деді күзетшілерге. Қараханнан кейінгі арқасүйері осы Ишленби оғылан еді. Ол, бір қарағанда тым қораш көрінгенімен, мықты қылышкер, талай соғысты көрген, қол бастаған жырындылардың бірі болатын.

– Қазірден бастап, түркеш әскерінің бас қолбасшысы сенсің! – деді Ежел Ишленбиге дем беріп, сенім арта сөйлеп. – Ертеңгі соғыстың тағдыры сенің қолыңда. Бұдан да зор ұрыстардан аман шығып, түркештердің ақ байрағын желкілдетіп жеңіспен оралағаныңды білемін. Бұл жолы да саған сенім артып отырмын. Баста әскерді, түріктерді Алтын тау асыра қуып таста!

– Тақсыр, әміріңізге құлдық! Бірақ сіз тұрғанда, қол бастағаным қалай болар екен? – деді Ишленби Ежелдің айтқанына марқайып қалса да, ертең болатын соғыстың оңай емес екенін түйсініп.

– Түріктердің арыны қатты. Кеше он екі тайпалы қырғыздарға қырғидай тиген бұлар, бізді де бүріп тастай ма деп тұрмын…

– Туғаннан көзін соғыспен ашқан түркештердің түріктерден айбары кем емес. Оған күмәнің болмасын, тақсыр! Алысқанымен алысып, жұлысқанымен жұлысар әлеует бізде де бар! Біз көппіз, тақсыр! –деді Ишленби бас қолбасшы деген атаққа астамсыды ма,  күшене сөйлеп. – Жасанып келген түрікті Суырлы тауда суырға жем етуге бармын!

– Олай болса, аянып қалма! Мен күзетші жасақты алып, біраз жерге шегіне тұрайын. Кім білсін? – Ежел соңғы сөзін жұтып қойды. – Ұрыстың мән-жайын айтып хабар беріп тұрарсың! Мені Итішпес көліне  құятын Қусақ өзенінің бойынан табарсыңдар.

Бүкіл әскерді Ишленбидің қолына тапсырған Ежел өзін күзететін екі мыңға жуық аламанды ертіп, түн қараңғысында майдан даласын тастап, жылыстап бара жатты.

 

(Жалғасы бар)

 

Алдыңғы жазбаҚазақ — тек Алтын Орданың емес, Ұлы Даланың мұрагері