Ертең Organization of Turkic States-тың кезекті бейресми саммиті Түркістанда өтеді. Көпшілік бұл жиынды кезекті дипломатиялық рәсім ретінде қабылдауы мүмкін. Бірақ шын мәнінде Түркістандағы басқосу соңғы жылдары геосаяси салмағы күрт өскен түркі интеграциясының жаңа кезеңін аңғартатын маңызды оқиға болғалы тұр.
Бір нәрсені ашық айту керек: Түркі мемлекеттері ұйымы бұрынғыдай тек мәдени-гуманитарлық клуб емес. Ұйым біртіндеп саяси, экономикалық, технологиялық және тіпті қауіпсіздік бағытындағы нақты құрылымға айналып келеді. Соңғы саммиттерде экономикалық интеграция, цифрландыру, логистика, қауіпсіздік, бірлескен инфрақұрылым мәселелері жиі көтеріле бастады. Ал биылғы Түркістан саммитінің негізгі тақырыбы ретінде жасанды интеллект пен цифрлық даму таңдалуы да кездейсоқ емес.
Символизмге келсек, саммиттің дәл Түркістанда өтуі — өте күшті саяси белгі. Түркістан бүгінде жай ғана тарихи шаһар емес, түркі әлемінің идеологиялық орталығына айналып барады. Ақорда мұны жақсы түсінеді. Анкара да түсінеді. Сондықтан Түркістан енді рухани символ ғана емес, геосаяси брендке айналуда.
Қазір көпшілікті бір сұрақ мазалайды: «Тұран одағы» құрылуы мүмкін бе?
Шынын айту керек, дәл қазір Еуроодақ секілді толыққанды саяси одақ немесе НАТО форматындағы әскери блок құрылады деу — асыра сілтеу. Түркі мемлекеттерінің сыртқы саяси бағыты, экономикалық деңгейі мен геосаяси тәуелділігі әртүрлі. Қазақстан көпвекторлы саясаттан бас тартпайды. Өзбекстан да аса сақ қимылдайды. Қырғызстан мен Әзербайжанның өз мүдделері бар. Түркияның өзі Батыспен қарым-қатынасты толық үзген жоқ.
Бірақ бір шындық бар: «Тұран идеясы» алғаш рет символикалық ұран деңгейінен институционалдық кезеңге өте бастады.
Мысалы, соңғы жылдары:
- ортақ кедендік дәліздер туралы келісімдер қабылданды;
- логистикалық маршруттарды біріктіру басталды;
- цифрлық интеграция мәселелері көтерілді;
- түркі инвестициялық қоры құрылды;
- бірлескен әскери жаттығулар өткізу идеясы ресми деңгейде айтыла бастады.
Бұл аз нәрсе емес.
Әсіресе әскери және қорғаныс саласына назар күшейіп келе жатқаны анық байқалады. Бұрын Түркі ұйымы бұл тақырыптан барынша қашқақтайтын. Қазір жағдай өзгерді. Әзербайжанның Қарабақтағы жеңісі түркі әлеміндегі әскери кооперацияға деген қызығушылықты күшейтті. Оның үстіне Түркия соңғы он жылда қорғаныс индустриясында алып серпіліс жасады. Bayraktar, Anka, Kızılelma жобалары Түркияны жаңа технологиялық әскери держава ретінде көрсетті.
Қазақстан да, Өзбекстан да түрік әскери технологиясына қызығушылық танытып отыр. Сондықтан алдағы жылдары:
- әскери кадр даярлау,
- қорғаныс өндірісі,
- дрон технологиясы,
- киберқауіпсіздік,
- барлау ақпараттарын үйлестіру
сияқты бағыттарда нақты келісімдер пайда болуы ғажап емес.
Дегенмен Түркі ұйымы жақын арада әскери блокқа айналады деу — әлі ерте. Себебі Мәскеу де, Бейжің де мұндай сценарийге өте сақ қарайды.
Ресей үшін Түркі ұйымының күшеюі — посткеңестік кеңістіктегі ықпалға тікелей бәсеке. Кремль әсіресе Орталық Азиядағы түркі бірегейлігінің күшеюін мұқият бақылап отыр. Ал Қытай болса Шыңжаң факторы үшін алаңдайды. Пекин «пан-түркизм» идеясының күшеюін ешқашан ашық қолдамайды.
Батыстың көзқарасы қызығырақ. Вашингтон мен Еуропа Түркияның Орталық Азиядағы ықпалын толық қарсылас ретінде қабылдамайды. Керісінше, Ресей мен Қытай арасындағы тепе-теңдік құралы ретінде қарастырады. Сондықтан Батыс Түркі ұйымының экономикалық және логистикалық күшеюіне аса қарсы емес.
Ал Түркия ше?
Анкара үшін Түркі ұйымы — ХХІ ғасырдағы басты геосаяси жобалардың бірі. Ердоған тарихи ықпал аймағын кеңейтуді көздейді. Бірақ Түркия да тым асықпайды. Себебі Анкара ұйымның біртіндеп күшейгенін қалайды. Бүгінгі Түркия үшін Түркі әлемі:
- жаңа нарық,
- жаңа транзит,
- жаңа дипломатиялық кеңістік,
- және үлкен геосаяси капитал.
Сол себепті ертеңгі саммитте ең көп талқыланатын мәселелердің қатарында:
- жасанды интеллект,
- цифрлық интеграция,
- Орта дәліз,
- энергетика,
- логистика,
- инвестиция,
- қорғаныс технологиялары,
- білім мен ғылым интеграциясы болуы мүмкін.
Әсіресе «Орта дәліз» мәселесі стратегиялық сипат алып барады. Ресей арқылы өтетін маршруттардың тәуекелі артқан сайын Түркия мен Орталық Азия арасындағы Каспий дәлізі бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Бұл жерде Қазақстан негізгі транзиттік хабқа айналуы мүмкін.
Тағы бір маңызды мәселе — ортақ ақпараттық және цифрлық кеңістік. Түркі мемлекеттері қазір тек мәдени интеграцияны емес, технологиялық тәуелсіздікті де ойлай бастады. Сондықтан AI, цифрлық инфрақұрылым және деректер қауіпсіздігі тақырыбының күн тәртібіне шығуы — үлкен геосаяси трендтің белгісі.
Бірақ барлық мәселенің түп-төркіні біреу: Түркі әлемі енді өз-өзін жеке өркениеттік кеңістік ретінде сезіне бастады.
Бұл — ең маңызды өзгеріс.
Өйткені соңғы жүз жылда түркі халықтары көбіне бөлшектенген кеңістікте өмір сүрді. Ал қазір алғаш рет:
- ортақ институттар,
- ортақ стратегия,
- ортақ мүдде,
- ортақ геосаяси тіл қалыптаса бастады.
Әрине, бұл жол ұзақ болады. Түркі ұйымы ертең толыққанды «Тұран одағына» айналып кетпейді. Бірақ тарихқа қарасақ, барлық ірі одақтар дәл осындай жұмсақ интеграциядан басталған.
Сондықтан Түркістан саммитінің шын мағынасы қабылданатын құжаттарда ғана емес. Оның басты мәні — түркі әлемінің енді символикалық кеңістік емес, нақты геосаяси факторға айналып келе жатқанында.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz
































