Home Қоғам Анкара–Астана осі: Ердоған сапары нені өзгертеді?

Анкара–Астана осі: Ердоған сапары нені өзгертеді?

17

Бұйырса,  ертең  Түркия  президенті  елімізге ат  басын  тірейді. Жалпы, Ердоғанның Астанаға келуі — жай ғана протоколдық сапар емес. Бұл — соңғы жылдары күшейіп келе жатқан Қазақстан–Түркия осінің жаңа кезеңге өтетінін білдіретін саяси белгі. Оның үстіне сапардың дәл Түркістандағы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитімен қабаттасуы кездейсоқ емес. Ақорда да, Анкара да символизмді жақсы көреді. Ал Түркістан бүгінде жай тарихи қала емес, түркі интеграциясының идеологиялық орталығына айналып барады.

Қазір Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс бұрынғыдай тек “бауырлас халықтар” риторикасымен шектелмейді. Қарым-қатынас барған сайын прагматикалық сипат алып келеді. Соңғы жылдары екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты өсіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша сауда көлемі шамамен 9 пайызға артқаны айтылды. Қазақстанның Түркияға экспорты 3,9 миллиард долларға дейін жеткен. Түркия бүгінде Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі саналады.

Бірақ мәселе тек саудада емес. Анкара Орталық Азияға бұрынғыдан әлдеқайда белсенді кіріп жатыр. Әсіресе Ресей әлсіреп, Қытай тым күшейіп кеткен кезеңде Түркия аймақта «үшінші күш» рөлін алуға тырысуда. Батыс үшін де Түркия — Орталық Азияға жұмсақ ықпал жүргізетін қолайлы ойыншы. Сондықтан Вашингтон да Анкараның аймақтағы рөлін мұқият бақылап отыр. Сарапшылар Түркияның соңғы жиырма жылда Орталық Азияда экономикалық, мәдени және әскери ықпалын айтарлықтай күшейткенін ашық жаза бастады.

Меніңше, Ердоғанның бұл сапарындағы негізгі тақырыптардың бірі — логистика мен қорғаныс болады. Әсіресе «Орта дәліз» мәселесі. Ресей арқылы өтетін маршруттарға тәуелділік азайған сайын Қазақстан үшін Каспий бағыты стратегиялық маңызға ие болып барады. Түркия дәл осы жерде негізгі транзиттік хабқа айналғысы келеді. Сондықтан Ақорда мен Анкара алдағы жылдары теміржол, порт, цифрлық кеден және транскаспий инфрақұрылымы бойынша жаңа келісімдерге баруы әбден мүмкін.

Екінші мәселе — әскери технология. Түркия бүгінде тек аймақтық держава емес, қорғаныс индустриясын экспорттайтын елге айналды. Bayraktar, Anka, Kızılelma сияқты жобалар Анкараның жаңа геосаяси брендіне айналды. Қазақстан да соңғы жылдары түрік әскери технологиясына қызығушылық танытып келеді. Бұл бағыттағы келісімдер жария түрде толық айтылмаса да, әскери-техникалық ынтымақтастық тереңдей беретіні анық.

Ал Түркістандағы саммиттің негізгі астары — идеология. Түркі мемлекеттері ұйымы енді жай мәдени клуб емес екені айдан анық. Ұйым ішінде экономикалық интеграция, цифрлық кеңістік, тіпті қауіпсіздік мәселелері көбірек айтыла бастады. Соңғы саммиттерде бірлескен әскери жаттығулар туралы бастамалар көтерілді. Бұл — өте маңызды өзгеріс. Өйткені түркі әлемі алғаш рет символикалық деңгейден институционалдық деңгейге өтудің белгілерін көрсетіп отыр.

Дегенмен  мен  мына бір  шындықты айта кеткеніміз  жөн: Қазақстан Түркиямен қанша жақындасса да, толық геосаяси таңдау жасауға бармайды. Тоқаев сыртқы саясатта көпвекторлы тепе-теңдікті сақтағысы келеді. Сондықтан Ақорда үшін Түркия — Ресейге қарсы альтернатива емес, тепе-теңдік құралы. Ал Ердоған үшін Қазақстан — Орталық Азиядағы ең тұрақты әрі ең маңызды серіктес.

Сол себепті бұл сапардан революциялық шешім, күрт  бетбұрыс  күтудің қажеті жоқ. Бірақ бірнеше маңызды келісім, жаңа инвестициялық жобалар және түркі интеграциясын күшейтетін саяси мәлімдемелер болуы әбден мүмкін. Ең бастысы — Анкара мен Астана бір-біріне бұрынғыдан да көбірек қажет екенін  сезінуде.  Қазіргі геосаясатта бұл байланысты енді тек «туыстық» емес, ортақ стратегиялық мүдде ұстап тұр деп айтуға  болады.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ, «Байтақ»  Жасылдар  партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазбаСкляр, Нәлібаев, Дәдебай: Ақордадағы үлкен комбинация