Home Басты жазба Түркі елдері Еуразия картасын қайта сыза ма?

Түркі елдері Еуразия картасын қайта сыза ма?

11

Ашығын  айтар  болсақ, Иран, АҚШ және Израиль арасындағы қақтығыс әлемдік саясаттағы кезекті дағдарыс қана емес — бұл Еуразияның көлік картасын қайта сызуға мәжбүр етіп отырған бетбұрыс. Парсы шығанағындағы шиеленіс, әсіресе Ормуз бұғазы төңірегіндегі қауіп, мұнай бағасын ғана емес, бүкіл логистикалық жүйені шайқалтты. Әлемдік жеткізілімнің бестен бірі өтетін осы тар өткелдің тағдыры енді тек Таяу Шығыстың мәселесі емес, Астанадан Анкараға дейінгі кеңістіктің күн тәртібіне айналып  отыр. Демек  2 сәуір күні  Баку қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымы отырысы протоколдық жиын емес, мәжбүрлі стратегиялық реакция болды. Бұрын декларация деңгейінде айтылып келген жобалар енді нақты геосаяси құралға айналып жатыр. Себебі таңдау аз: не жаңа бағыттар құрасың, не тұйыққа тірелесің. Екінің  бірі.                                                                                                           Бас  қосудағы басты әңгіме – Иранды айналып өтетін дәліздер туралы. Бұл жерде Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни Орта дәліз, жай балама емес, уақытша «құтқару желісі» ретінде қарастырыла бастады. Қытайдан шыққан жүк Орталық Азия арқылы Каспийге жетіп, одан әрі Кавказ бен Түркия арқылы Еуропаға өтеді. Қағаз жүзінде бұл маршрут бұрыннан бар. Бірақ дәл қазір ол алғаш рет геосаяси қажеттілікке айналды. Мәселе мынада: әлемдік нарық қауіпсіздікті бірінші орынға қойып отыр. Арзан жол емес, сенімді жол керек. Ал сенімділік дегеніміз — соғыс жоқ аймақ, болжамды саясат және тұрақты инфрақұрылым. Осы үш критерий бойынша Орта дәліз бірден алға шықты.                                                                                 Қазақстан үшін бұл – сирек кездесетін тарихи мүмкіндік. Бір жағынан, ел көмірсутегі экспортынан тәуелді. Баға өсімі қысқа мерзімде табыс әкелуі мүмкін. Бірақ екінші жағынан, дәстүрлі бағыттар бұзылса, сол мұнайды жеткізу қиындайды. Яғни табыс бар, бірақ жол жоқ парадоксы пайда болады. Сондықтан Астана үшін транзит — жай қосымша табыс емес, стратегиялық қауіпсіздік мәселесіне айналып отыр. Премьер  министр Олжас Бектенов Бакуде Зангезур жобасына қолдау білдіргенде, бұл тек дипломатиялық ишара емес еді. Зангезур дәлізі Қазақстан үшін Каспийден әрі қарайғы «тар жерді» кеңейтетін құрал. Басқаша айтқанда, Ақтаудан шыққан жүктің Еуропаға жету жылдамдығы мен қауіпсіздігі осы буынға тікелей байланысты.                                                                                                       Алайда, романтикаға берілудің қажеті жоқ. Орта дәліз әлі толық дайын емес. Каспийдегі порттардың өткізу қабілеті шектеулі, теміржол инфрақұрылымы біркелкі дамымаған, ал саяси келісімдер әлі де нәзік. Бұл – толыққанды альтернатива емес, әзірге қалыптасу үстіндегі жүйе. Соған қарамастан, геосаясат бос кеңістікті ұнатпайды. Иран факторы әлсіреген сайын, оны басқа ойыншылар толтырады. Каспийдегі жаңа жағдай, соның ішінде Бендер-Энзели порты маңындағы оқиғалар, аймақтағы күш балансын өзгертіп жатыр. Бұл — кейбір жобаларға жол ашса, кейбір тәуекелдерді күшейтеді.                                                                                            Соңғы жылдары халықаралық сарапшылар да осы үрдісті жиі жазып жүр. Мысалы, Reuters агенттігі Ормуздағы шиеленіс мұнай нарығын ғана емес, балама дәліздердің маңызын күрт арттырғанын атап өтті. Ал Jamestown Foundation Орталық Азия елдері үшін Иран бағытының әлсіреуі «логистикалық қайта бағдарлану дәуірін» бастап бергенін жазады. Сондықтан Бакудегі кездесу — бір реттік шара емес, ұзақ процестің басы. Түркі мемлекеттері алғаш рет геосаяси қысымға ұжымдық экономикалық жауап беруге тырысып отыр. Бұл жауап қаншалықты тиімді болатыны инфрақұрылымға, инвестицияға және саяси ерікке байланысты. Ал Қазақстан үшін ең маңыздысы — транзиттік елден транзиттік хабқа айналу. Айырмашылық үлкен: біріншісі тек жол береді, екіншісі ойын ережесін қалыптастырады. Қазіргі дағдарыс уақытша болуы мүмкін. Бірақ дәл осы кезеңде қабылданған шешімдер ондаған жылға әсер етеді. Егер Астана осы сәтті дұрыс пайдалана алса, Қазақстан тек мұнай экспорттаушы ел емес, Еуразияның негізгі логистикалық артерияларының біріне айналуы әбден мүмкін.

Азаматхан ӘМІРТАЙ,  «Байтақ»  жасылдар партиясының төрағасы

 

 

Алдыңғы жазбаГеосаясаттағы жаңа ойыншы: түркі әлемі оянып келеді