Әлемде қарулы қақтығыс бел алып келеді. Соның бірі, Оңтүстік Азиядағы жағдай. Яғни, көптен бері бір бықсып, бір сөніп келе жатқан Пәкстан мен Ауғанстан арасындағы текетірес. Сол тәжікелесудің арты бірнеше күн болды, бір-біріне мылтық кезеп, оқ атуға алып келіп отыр. Енді осы мәселені өзімізше сараптап көрелік. Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы шекара сызығы – картадағы қарапайым белгі емес, ондаған жылдық сенімсіздік, этникалық бөліну және геосаяси есептің жарасы. Бүгінгі әуе соққылары мен шекаралық қақтығыстар – аяқ астынан тұтанған өрт емес, баяғыдан бықсып жатқан шоқтың жалғасы.
Екі елдің арасын бөліп тұрған Дюранд сызығы 1893 жылдан бері даулы. Исламабад оны халықаралық шекара деп санайды, Кабул тарихи әділетсіздік дейді. Бірақ мәселе тек сызықта емес. Пәкістан билігі Ауғанстан аумағында әрекет етеді деп санайтын «Tehrik-i-Taliban Pakistan» (TTP) ұйымын басты қауіп ретінде көрсетеді. Исламабадтың уәжі – «егер көрші ел экстремистерге тосқауыл қоймаса, біз өз қауіпсіздігімізді өзіміз қорғаймыз». Ал Кабул мұны егемендікке қол сұғу деп бағалайды. Сөз соғысқа ұласты, соғыс шекарадан асып, әуе кеңістігіне шықты.

Енді сандарға қарайық. Пәкістан – шамамен 240 миллион халқы бар, аумағы 881 мың шаршы шақырымнан асатын ядролық держава. Ауғанстан – 40 миллионға жуық халқы бар, аумағы 652 мың шаршы шақырым шамасында. Демографиялық, экономикалық және әскери тұрғыдан Пәкістан әлдеқайда қуатты. Оның тұрақты армиясы, заманауи әуе күштері және ең бастысы – ядролық қаруы бар. Ауғанстанда 2021 жылдан бері билікте отырған «Талибан» қозғалысы негізінен құрлықтағы партизандық тәжірибеге сүйенеді. Таулы аймақ – Кабулдың табиғи қорғаны. Бірақ әуе үстемдігі кімде екені белгілі.
Сонда бұл тек екі елдің шекаралық дауы ма? Жоқ. Бұл – аймақтық тепе-теңдікке әсер ететін үлкен ойын. Пәкістан дәстүрлі түрде Қытаймен стратегиялық серіктес, АҚШ-пен де әскери байланысын үзген жоқ. Соңғы жылдары Түркиямен жақындасты. Тіпті жуырда Пәкістан, Сауд Арабиясы және Түркия арасында «Азия НАТО-сын» құру идеясы талқыланды деген ақпарат тарады. Бұл бастама ресми әскери блокқа айналмаса да, оның саяси ишарасы анық: ислам әлемінде жаңа қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру талпынысы бар. Бірақ мұндай альянс құрылса, ол шын мәнінде қауіпсіздік кепілі бола ма, әлде жаңа қарсы блоктардың пайда болуына жол аша ма?
Ауғанстанның жағдайы күрделі. Талибан үкіметін әлемнің көп бөлігі ресми мойындаған жоқ. Соған қарамастан, Кабул Ресеймен, Иранмен, Қытаймен прагматикалық байланыс орнатуға тырысып отыр. Бұл елдер тұрақтылықты қалайды, бірақ ашық әскери қолдауға бармайды. Себебі Ауғанстандағы тұрақсыздық Орталық Азияға, одан әрі Ресей мен Қытайдың шекаралық аймақтарына әсер етуі мүмкін.
Егер қақтығыс ұзаққа созылса не болады? Біріншіден, босқындар легі күшейеді. Қазірдің өзінде миллиондаған ауған босқыны Пәкістан аумағында өмір сүріп жатыр. Жаңа толқын Иранға, Орталық Азия елдеріне, тіпті Түркия арқылы Еуропаға жетуі ықтимал. Бұл – гуманитарлық дағдарыс. Екіншіден, сауда жолдары мен транзиттік жобалар тоқырайды. Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы инфрақұрылым жобалары да қауіп астында қалуы мүмкін. Үшіншіден, экстремистік топтар хаосты пайдаланып, аймақтық қауіпсіздікке жаңа қатер төндіреді.
Болжам қандай? Пәкістан толық ауқымды соғысқа баруға мүдделі емес. Ядролық қаруы бар мемлекет үшін ұзақ соғыс – экономикалық күйреу мен халықаралық қысым деген сөз. Ауғанстан да ашық майданда ұзақ қарсы тұра алмайды. Сондықтан ең ықтимал сценарий – шектеулі әскери операциялар мен артынан дипломатиялық келіссөздер. Катар немесе Түркия секілді делдалдар араласуы мүмкін. Бірақ сенім дағдарысы шешілмейінше, шекарадағы оқ атулар қайталана береді.
Ең қауіпті сценарий – жанжалдың аймақтық сипат алуы. Егер Пәкістан исламдық әскери блок идеясына шындап кіріссе, ал Ауғанстан қарсы геосаяси лагерьлердің үнсіз қолдауына сүйенсе, онда бұл тек шекара соғысы болмайды. Бұл жаңа блоктық текетіреске айналуы мүмкін.
Қарапайым халық үшін бұл – саясат емес, өмір мәселесі. Шекарадағы әр жарылыс – үйінен айырылған отбасы, босқынға айналған бала, тоқтаған мектеп, жабылған базар. Геосаясаттың ауыр салмағын ең алдымен бейбіт тұрғындар көтереді.
Соңғы сөз ретінде: Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы қазіргі қақтығыс – тек екі мемлекеттің дауы емес, бұл аймақтық қауіпсіздік жүйесінің әлсіздігін көрсететін айна. Егер тараптар эмоцияға ерсе, соғыс ұзаққа созылады. Ал егер прагматизм жеңсе, бүгінгі қақтығыс ертеңгі келіссөз үстеліне жол беруі мүмкін. Бірақ уақыт созылған сайын, бұл жанжалдың бағасы қымбаттай береді.

































