Бүгінгі күні, әлемдік тәртіп қайта құрылып жатыр. Кеше ғана жаһандану ұраны үстем болса, бүгін геоэкономика мен ресурстық қауіпсіздік алдыңғы орынға шықты. Санкциялар, сауда соғыстары, логистикалық үзілістер – бәрі мемлекеттерді шикізат, энергия және транзит бағыттарын қайта ойлауға мәжбүр етті. Осы жаңа картада Қазақстан бір сәтте шеткері ойыншыдан стратегиялық торапқа айналды.
Қазақстан – жай ғана мұнай экспорттаушы емес. Ол – уран державасы, түсті металл өндіруші, сирек элементтер қоры бар мемлекет, Еуразияның ортасындағы транзиттік көпір. Әлемдік уран нарығында шешуші позицияға ие ұлттық оператор – Қазатомөнеркәсіп. Мұнай экспортының негізгі арнасы – Каспий құбыр консорциумы. Ал сирек металдарға қызығушылық күн сайын артып келеді.
Бүгін Қазақстанға кімдер көз тігіп отыр?
Қытай – инфрақұрылым және өңдеу қуатымен. Бейжің үшін Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» бастамасының өзегіндегі буын. Еуропа – жасыл энергетикаға қажет шикізат іздеп отыр. Брюссель Қытайға тәуелділікті азайтуды көздейді. АҚШ – стратегиялық минералдар мен ядролық отын қауіпсіздігі тұрғысынан серіктестікке мүдделі. Ұлыбритания – критикалық минералдар альянстары арқылы жеткізілім тізбегін әртараптандырмақ.
Бұл – классикалық шахмат партиясы. Әр ойыншы өз фигурасын алға жылжытады. Бірақ тақтаның өзі – Қазақстан.
География – біздің басты артықшылығымыз әрі басты сынағымыз. Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқан, Каспий арқылы Кавказ бен Түркияға шығатын, Орталық Азияны жалғайтын тораппыз. Транскаспий бағыты, Орта дәліз, теміржол және порт инфрақұрылымы – бұлар енді жай экономикалық жобалар емес, геосаяси құралға айналды.
Мәселе мынада: шахмат тақтасы болу мен шахматшы болу – екі бөлек рөл. Егер Қазақстан тек сыртқы державалардың стратегиясына реакция жасап отырса, онда ол алаң ғана. Ал егер өз күн тәртібін қалыптастырып, шарттарын қойса – ойыншыға айналады.
Мұнай тарихы бізге сабақ берді. 1990-жылдары инвестиция ауадай қажет болды, нәтижесінде ұзақ мерзімді келісімдерге қол қойылды. Бүгінде сирек металдар мен литий төңірегінде дәл сондай жаһандық қызығушылық қалыптасып отыр. Айырмашылығы – тәжірибе бар. Қоғам да, мемлекет те бұрынғыдан сақ.
Қауіп неде?
Біріншіден, экономиканың тар секторға тәуелділігі сақталса, кез келген сыртқы қысым бюджет пен валюта тұрақтылығына әсер етеді.
Екіншіден, ірі державалар арасындағы текетірес күшейсе, Қазақстанға «таңдау жаса» деген жасырын немесе ашық қысым артуы мүмкін.
Үшіншіден, логистикалық бағыттардың біржақтылығы стратегиялық осалдық туғызады.
Мүмкіндік қандай?
Қазақстан көпвекторлы саясат жүргізіп келеді. Бұл – жай дипломатиялық формула емес, тіршілік стратегиясы. Бір мезетте Бейжіңмен де, Брюссельмен де, Вашингтонмен де, Мәскеумен де жұмыс істеу – теңгерім өнері. Бірақ тепе-теңдік автоматты түрде сақталмайды. Ол үшін экономикалық әртараптандыру, ішкі өндіріс пен технологиялық база қажет.
Бүгінгі әлемде ресурс жеткіліксіз – оны өңдей білу керек. Тек руда сату – ХХ ғасыр моделі. Егер Қазақстан сирек металдарды өз ішінде өңдеп, жоғары қосылған құнды өнім шығара бастаса, онда ол жай шикізат көзі емес, технологиялық тізбектің бөлігіне айналады. Бұл – геосаяси салмақты арттырады.
Тағы бір маңызды фактор – қауіпсіздік архитектурасы. Әуе кеңістігі, киберқауіпсіздік, энергетикалық инфрақұрылым – бәрі жаңа типтегі қатерлерге осал. Геосаяси маңыз артқан сайын, нысанаға айналу тәуекелі де өседі.
Қазақстан қазір тарихи кезеңде тұр. Әлем бізге тек серіктес ретінде емес, ресурс пен маршрут көзі ретінде қарайды. Бірақ елдің болашағы сыртқы көзқарасқа емес, ішкі стратегияға байланысты. Шахматта жеңіс көбіне позициялық артықшылықтан басталады. Қазақстанның позициясы жаман емес: ресурс бар, география бар, саяси тұрақтылық бар. Енді сұрақ – осы артықшылықты кім қалай пайдаланады? Егер біз өз ережемізді жазбасақ, оны басқалар жазады. Қазақстан жаңа геосаяси шахмат тақтасы болуы мүмкін. Бірақ басты мақсат – тақта емес, ойыншы болу.
Азаматхан ӘМІРТАЙ
«Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы

































