Home Басты жазба Тәжікстанда билік транзиті басталды ма?

Тәжікстанда билік транзиті басталды ма?

18

Тәжікстанда соңғы апталарда ел ішіндегі ең көп талқыланған тақырып – президент Эмомали Рахмонның көпшілік алдында көрінбей кетуі.  Бұл ел  ішінде неше түрлі  алып-қашпа әңгімеге арқау болып  тұр. Бізде өз   тарапымыздан  болжам  жасап  көрдік.  Сондағы айтқымыз  келгені  мынау:  73 жастағы мемлекет басшысы жылдар бойы күн сайын дерлік телеэфирден түспейтін: жаңа жол ашу, мектептер мен балабақшаларға бару, құқық қорғау органдарымен жиын өткізу – бәрі де оның жеке қатысуымен өтетін. Ал қазір – екі аптадан астам уақыт үнсіздік.

Ресми сайттағы соңғы фото 2026 жылғы 28 қаңтармен белгіленген. Әкімшілік түсініктеме бермейді. Мұндай жағдайда ақпараттық вакуумды қауесет толтырады. Оппозициялық ортада «денсаулығы күрт нашарлады», «комада жатыр» деген болжамдар айтылуда. Бірақ мәселе тек денсаулықта ма?

Билік транзиті: ашық айтылмайтын тақырып

Тәжікстанда билік транзиті мәселесі ресми деңгейде ешқашан ашық талқыланған емес. Алайда саяси элита ішінде бұл тақырыптың пісіп-жетілгені байқалады. Соңғы жылдары президенттің үлкен ұлы, Душанбе мэрі әрі Ұлттық жиналыс төрағасы Рустам Эмомали ықтимал мұрагер ретінде жиі аталады.

Оның әлеуметтік желідегі белсенділігі, өңір басшыларымен кездесулері, символикалық мазмұндағы жазбалары қоғамдағы күдікті күшейтті. Әсіресе әкесі көрінбей кеткен тұста жарияланған «Балалар ата-анасының есімін жақсы тәрбиемен мәңгі етеді» деген пікірі саяси астар іздегендерге азық болды.

Бірақ транзит тек әулеттік сценариймен шектелмейді. Тәжікстандағы шынайы билік тепе-теңдігі күштік құрылымдармен тығыз байланысты.

Ятимов факторы

Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басшысы Саймумин Ятимов – елдегі ең ықпалды тұлғалардың бірі. Қауіпсіздік аппараты Тәжікстан сияқты авторитарлық модельге жақын жүйеде шешуші рөл атқарады. Жоғары лауазымды шенеуніктердің шетелге шығуына шектеу қойылғаны туралы ақпараттар да осы ішкі алаңдаушылықты аңғартады.

Ятимовтың «емделу» сылтауымен Германияда көрінуі және дәл осы күндері Munich Security Conference өтіп жатқаны назар аудартпай қоймайды. Әрине, мұны бірден геосаяси келіссөздермен байланыстыру асығыстық болар. Дегенмен Тәжікстан – Ресейдің әскери ықпалы күшті, Қытайдың экономикалық қатысуы терең, Батыс үшін Ауғанстанмен шекаралас стратегиялық аймақ. Сондықтан кез келген ішкі тұрақсыздық сыртқы ойыншылардың назарында.

Рустам Эмомали мен Ятимов арасындағы бұрыннан келе жатқан жасырын бәсеке жайлы да деректер бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікті басқарған кезеңде Рустам жүргізген операциялар қауіпсіздік құрылымындағы кейбір топтардың мүддесіне тигені айтылған. Кейін жауап ретінде оның кадрларына қысым жасалғаны жөнінде әңгімелер тарады. Бұл – элита ішіндегі сенім дағдарысының белгісі.

Авторитарлық жүйенің осалдығы

Тәжікстан – 1990-жылдардағы азаматтық соғыстан кейін тұрақтылықты ең жоғары құндылық ретінде таңдаған мемлекет. Эмомали Рахмон билікке 1992 жылы келіп, содан бері елді үздіксіз басқарып келеді. Конституциялық өзгерістер оған қайта-қайта сайлануға мүмкіндік берді. Оппозиция әлсіретілді, тәуелсіз медиа шектелді, ал билік вертикалі отбасы мүшелері мен сенімді кадрларға сүйеніп құрылды.

Мұндай модельдің артықшылығы – қысқа мерзімді тұрақтылық. Кемшілігі – институционалдық мұрагерлік механизмінің болмауы. Билік бір тұлғаның беделі мен бақылауына байланған кезде, оның уақытша немесе түпкілікті кетуі жүйелік турбуленттілікке әкелуі мүмкін.

Тарихта мұндай сценарийлер әртүрлі аяқталған. Бір елдерде билік премьер-министрге немесе заңды мұрагерге өтті (посткаримовтық кезеңдегі Шавкат Мирзиёев мысалы жиі айтылады). Басқа мемлекеттерде күштік құрылымдар бастаманы өз қолына алған жағдайлар да болған. Алайда әр елдің контексті бөлек, механикалық салыстыру жаңсақтыққа ұрындырады.

Мәскеу, Бейжің және Батыс

Тәжікстан Ресеймен қауіпсіздік саласында тығыз байланысты: елде Ресейдің әскери базасы орналасқан, еңбек мигранттарының тағдыры да Мәскеуге тәуелді. Қытай – негізгі кредитор әрі инфрақұрылымдық жобалардың басты инвесторы. Батыс елдері үшін Душанбе – аймақтық қауіпсіздік пен Ауғанстан факторына байланысты маңызды әріптес.

Сондықтан билік транзиті тек ішкі элиталық тартыс емес, геосаяси тепе-теңдік мәселесі. Мәскеу үшін болжамды, бақылауға көнетін мұрагер маңызды. Бейжің үшін – келісімшарттардың сақталуы. Батыс үшін – аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздік архитектурасының бұзылмауы.

Не күтеміз?

Қазіргі үнсіздік – міндетті түрде дағдарыс белгісі деген сөз емес. Авторитарлық жүйелерде ақпаратты әдейі шектеу – бақылау құралы. Бірақ уақыт созылған сайын сұрақ көбейеді.

Егер Эмомали Рахмон жақын күндері көпшілік алдына шығып, қауесеттерді сейілтсе – жүйе бұрынғы инерциясымен жалғаса береді. Ал егер пауза ұзаққа созылса, Тәжікстан элитасы транзит сценарийін жеделдетуге мәжбүр болуы мүмкін.

Бір нәрсе анық: билік вертикалі қаншалықты берік көрінгенімен, оның шынайы тұрақтылығы институттарға емес, тұлғалар арасындағы нәзік тепе-теңдікке тіреліп тұр. Ал мұндай тепе-теңдік ұзақ уақыт үнсіздікті көтере бермейді.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Dodanews.kz

Алдыңғы жазба1 шілдеден кейінгі саяси күз: жаңа Конституция нені өзгертеді?