Венесуэла – ХХІ ғасырдағы ең үлкен парадокстардың бірі. Әлемдегі ең ірі мұнай қорына ие, Латын Америкасындағы ең қаруланған армиялардың бірін құрған, Ресей мен Қытай сынды державалардың стратегиялық серіктесіне айналған мемлекет бір сәтте-ақ саяси дәрменсіздікке ұрынды. Президент Николас Мадуро ұсталды, билік вакуумы пайда болды, ал ел армиясы – бір оқ атпастан шетте қалды.
Бұл нені білдіреді? Енді осының бәрін майдан қыл суырғандай етіп сараптап көрелік.

Қуатты армия – тек қағаз жүзінде болған ба?
Соңғы 15–20 жылда Венесуэла әскері Латын Америкасындағы ең қаруланған армиялардың біріне айналды. Ресми деректерге сүйенсек:
- Ресейден 100-ден астам Су-30МК2 жойғыш ұшақтары,
- Т-72 танктері,
- С-300ВМ «Антей-2500» әуе қорғаныс жүйелері,
- «Бук-М2», «Тор-М1» кешендері,
- әскери авиация, радиолокациялық жүйелер мен мыңдаған бірлік жеңіл және ауыр қару сатып алынған.
Қаржы көлемі ондаған миллиард доллармен есептеледі. Теориялық тұрғыдан Венесуэла армиясы аймақтағы кез келген қарсыласты тежей алатын деңгейде еді.
Алайда мәселе қарудың санында емес, оны нақты пайдалана білуде еді. Венесуэла оны қажетіне жарата алмады. Сонымен армия неге мадуроны қорғай алмады?
Бұл жерде үш негізгі фактор бар.
Армия – режимнің емес, элитаның құралына айналды
Мадуро билігі жылдар бойы армияны «идеологиялық тірек» емес, экономикалық рента алатын топқа айналдырды. Генералдар мен жоғары офицерлер:
- мұнай логистикасын,
- порттарды,
- азық-түлік импортын,
- алтын мен валюталық операцияларды бақылап отырды.
Яғни армияның жоғарғы эшелоны мемлекет емес, өз бизнесін қорғауға мүдделі болды. Ал режим құласа да, сол мүдделер сақталса – олар үшін трагедия емес.
Сатқындық па, әлде үнсіз келісім бе?
Латын Америкасының саяси тарихында бір заңдылық бар:
егер армия президентті қорғамаса – бұл әдетте сатқындық емес, алдын ала келісілген бейтараптық.
Мадуро жағдайында да дәл осы сценарий байқалды. АҚШ операциясы басталған сәтте:
- әуе қорғаныс жүйелері толық іске қосылмады,
- жойғыш ұшақтар әуеге көтерілмеді,
- президенттік күзет пен армия арасында үйлесімді әрекет болмады.
Бұл «тосын шабуылдан есеңгіреу» емес. Бұл – қарсылық көрсетпеу туралы үнсіз шешімнің белгісі.
Қару бар, бірақ соғысуға ерік жоқ
Венесуэла армиясының қатардағы жауынгерлері мен төменгі офицерлері:
- жалақысы құнсызданған,
- әлеуметтік жағдайы төмен,
- халықпен бірдей экономикалық күйзелісті бастан өткеріп отырған топ.
Мадуро үшін өлуге дайын идеологиялық корпус болмады. Ал армияның соғысуы үшін моральдық легитимділік қажет. Ол жоғалған еді.
Ресей қаруы неге қолданылмады?
Бұл сұрақ көпшілікті толғандырары хақ. Себебі, бұған дейін Венесуэла – Ресей қаруының витринасы ретінде көрсетіліп келген ел.
Бірақ бірнеше маңызды жайт бар:
- Күрделі жүйелер (С-300, авиация) толық ресейлік техникалық қолдаусыз ұзақ уақыт тиімді жұмыс істей алмайды;
- Экипаждардың дайындығы мен жүйелердің сервистік жағдайы соңғы жылдары күрт нашарлаған;
- Ең бастысы – бұл қаруларды қолдану АҚШ-пен ашық соғысқа жол ашар еді, ал оған Венесуэла генералитеті дайын болмады.
Қысқасы, қару болды, бірақ оны қолданудың саяси бағасы тым қымбат еді.
Қытай мен Ресей неге араша түсе алмады?
Қытай Венесуэлаға шамамен 50–60 млрд доллар, Ресей 20 млрд доллардан астам инвестиция салғаны белгілі. Бірақ бұл елдер:
- тікелей әскери қақтығысқа бармайды;
- инвестицияны режимге емес, мұнай мен активтерге байлаған;
- қажет болса, жаңа билікпен келіссөз жүргізуге дайын.
Геосаясатта дос жоқ – мүдде ғана бар. Мадуро сол мүддені қорғаудың құралы болған. Құрал сынғанда, оны ауыстырады.
Бұл оқиға АҚШ-тың өзгелерге ескертуі ме?
Венесуэла – жайғана мемлекет емес, біраз алпауыт елдердің мүдделері тоқайласқан жер. Нақтыласақ:
- Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігі,
- Ресейдің Латын Америкасындағы ықпалы,
- әлемдік мұнай нарығындағы болашақ баланстың түйін нүктесі. Демек Венесуэладағы жағдай әлемдік гесаясатқа да, жаһандық экономикаға да әсері мол. Қысқасы, Мадуроның құлауы – жеке диктатордың тағдыры емес, бұл – үлкен державалардың жаңа кезеңге аяқ басуы. Қытай мен Ресейдің жақын одақтасы Венесуэланы тұсаулау арқылы АҚШ әліде әлемде «басты рөлде» ойнайтын ойыншы екенін танытты әрі өзгелерге «қарсы келген кез-келген елді тұқырта алатынын» ескертті. Бұдан енді өзгелер қортынды шығаруға тиіс. Қорыта келе айтар болсақ, Венесуэла оқиғасы бір ақиқатты тағы дәлелдеді:
мұнай елді бай етпейді, қару режимді құтқармайды, ал армия халықтан алшақтаса – шешуші сәтте үнсіз қалады. Қысқасы, Мадуроның тағдыры – автократтарға сабақ.
Ал Венесуэла – әлі ұзақ уақыт геосаяси текетірестің алаңы бола беретіні анық. Айтпақшы, Дональд Трамп тек Мадуромен тіреліп қалмайтынын ескертті.
Келесі кезекте кім? Бұқараны қанап, халықтың емес, жеке басының мүддесін көздеп жүрген көптеген елдің мемлекет басшыларының енді, ішкені ірің, жегені желім болып, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылары анық!
Dodanews.kz

































