Қазақ поэзиясында жасындай жарқ етіп, ғайыптан жоғалып кеткен ақынның бірі – Бауыржан Үсенов. Ол сегіз қырлы, бір сырлы жігіт еді. Бәлкім тағдыр соны көпсінді ме, нағыз бұлқынып тұрған шағында алды да кетті. Соңында тау бұлағындай мөлдір өлеңдері, сазды әндері қалды… Егер аман болғанда бүгінде Бауыржан қазақтың маңдайалды ақындарының бірі болып, дуылдатып жүрерме еді…
Ол курстасы, белгілі ғалым Бауыржан Омаровтың тілімен айтқанда «Басына бөрік кигізіп, астына сәйгүлік мінгізіп, қолына үкілі домбырасын ұстатып, ХІХ ғасырға аттандырып жіберсең, нағыз сол заманның сал-серісі болып шыға келері» анық еді. Өйткені өзгенің маңдайына бұйырмаған бақ, Бауыржанда бар-тұғын. Ол – ақын, сазгер, мықты орындаушы да болды.
1986 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түстім. № 5 жатақхана комендаты Любовь Шаламайдың қаһарына ұшырап, тұрақтан қуылдым. Әрең дегенде деканаттағыларға жалынып-жалпайып жүріп, уақытша болса да тарихшылардың №6 жатақханасында тұруға рұқсат алдым. Бөтен ортаның аты – бөтен. Көңілім журфакқа бұрды да тұрды. Ақыры желтоқсан айында №5 жатақхананың бірінші қабатындағы бір бөлмеден орын тиді. Жүгімді арқалап, бөлмеге кіріп келгенмін, екі төсек бос та, үшіншісінде шалқасынан түсіп кітап оқып бір жігіт жатыр. Балаң мұртты, көрікті екен. «Ә, Сейсен деген сен емессің бе, кел, кел, анда жайғас» деп өзіне жақын төсекті нұсқап, орнынан тұрды. «Мен Бауыржан деген ағаңмын» деп бір қойды. Оның Бауыржан Үсенов екенін бірден таныдым. Өйткені аздап өлең жазатын болған соң, жасы бар, жасамысы бар ақындардың біразын сырттай танитынмын. Таныстық. Біраз уақыт бірге тұрдық. Бөлмедегі үшінші төсекке бүгінде белгілі ақын Жұмабай Құлиев келіп тұрды. Баукең кейде әуелетіп ән салатын. Дауысы ерекше еді. Сосын өлең оқитын. Кейде «ал, мен болдым. Енді сен оқы» дейтін. Оңашада өз өлеңдерімізді бір-бірімізге оқып, сырласып ұзақ отырушы едік. Арада көп ұзамай аты-шулы Желтоқсан көтерілісі болды. Ол Баукеңнің ең бір көңілсіз жүрген кезі еді. Үш әріптің адамдары оның соңына түсті. Шақырып алып кетеді. Шаршап келеді. «Күнде сұрайтыны бір нәрсе. Студенттерді алаңға сен бастап алып барыпсың дейді, болды. Шаршатты, шаршадым». Бірде терезеден сыртқа қарап тұрып, өзінің атақты «Қара машинасын» оқыды.
«…Содан бері шошынамын дүсірден,
Содан бері көз алмаймын мүсіннен.
Қараңғы түн, қап-қара бір машина,
Шықпай қойды, шықпай қойды түсімнен.
Әлі алдымда батпағым көп кешпеген,
Көкеймде құпиям көп шешпеген.
Шындық жайлы айта берсем, бір түнде,
Қара машина ап кетердей сескенем…
Жанарынан жас көргендей болдым. Көңілі босап тұр екен. «Үнемі бұлай бола беруі мүмкін емес-ау, бауырым. Дүниені дүр сілкіндірген бір өзгеріс болатынына мен сенемін. Еркін елдің алаңсыз өмірін жырлайтын да кез келер» деді күрсініп. Әттең, жалған дүние-ай, сол бостандықтың таңы атқан 1991 жылы 31 жасында Бауыржан пәниден бақиға озып кете берді. Тәуелсіз халқының өмірін көру, жырлау оған бұйырмапты.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ