МАРСЕЛЬ ПРУСТ
1896 жылы Париждің «Кальман леви» баспасынан жас жазушы Марсель Прусттың «Қуаныштар мен күндер» деп аталатын өлеңдер мен әңгімелерден тұратын тырнақалды туындысы жарық көрді. Бұл өте жоғары деңгейде, талғампаздықпен шығарылған жинақ болды.
Оқырман қызығушылығын туғызу үшін атақты Анатоль Франстың алғысөзімен шыққан кітапта Мадлен Лемердің ғажайып иллюстрациялары, композитор Рейнальдо Аненің осы жинақ үшін арнайы жазған музыкалық партитуралары бар еді. Бір сөзбен айтқанда елді қызықтыратын дүниелердің бәрі ойластырылып, кітаптың құны ғана ескерілмей тым қымбат болды. Кітаптың бағасы 13,5 франк тұрды. Бұл сол заман үшін әжептәуір ақша. Мұндай қаражатқа ол кездері 10 килограм ұн, 5 литр зығыр майын, жарты килограм балық сатып алған күннің өзінде «Комиди Франсес» амфитетрына баруға екі билетке ақша қалар еді. Бұл жағдай сол кездегі зайырлы қоғамда әр түрлі күлкілі әңгімелер туғызды. Бір күні Марсель Пруст көшеде келе жатып, екі сыншыны кездестіріп қалып «Қуаныштар мен күндерді» оқыдыңдар ма деп сұрайды. «Оқыған жоқпын. Мұндай қымбат кітапты сатып алуға жағдайым көтермейді» дейді біріншісі. «Ал, сіз ше?» деп сұрайды Марсель екіншісінен. «Газетке пікір жазуым керек болғандықтан, мен бұл кітапты сатып алдым» дейді ол. «Сіз шынымен де кітаптың бағасы тым қымбат деп ойлайсыз ба?» деп аң-таң қалады Марсель. «Шындығын айтсақ, кітаптың бағасы соншалықты қымбат емес. Кітаптың құны оның мазмұнына сай келеді. Өзіңіз есептеп көріңіз. Атақты Анатоль Франстың алғысөзі үшін төрт франкқа шығындалуға болады, Мадлен Лемердің иллюстрациялары үшін де төрт франкті қиюға болады, Рейнальдо Аненің партитутарсы үшін қалай төрт франк бермейсіз. Әр жағында сіздің прозаңыздың құны 1 франк және өлеңдеріңіздің құны 50 сантим болып қалмай ма» деп жауап береді сыншылар.
Францияның ұлы суреткері Марсель Пруст проза жазуды ерте бастағанымен, әдебиеттегі алғашқы қадамдары аса сәтті болған жоқ. Өзгеше тәсілмен жазылған, уақыт өте келе Батыс сыншылары ХХ ғасырдың ең ұлы романы деп әспеттеген «Жоғалған уақытты іздеу» атты монументалды туындысын да әдеби орта бірден мойындамады. Осыған орай, романның жаңалығын түсінбей оны түкке алғысы етіп тастағандардың сынына шыдамай атылып өлгісі келген Марсель Прустты райынан қайтарған ерекше бір оқиға болды.
1913 жылы «Жоғалған уақытты іздеудің» бірінші томы жарық көргенде оны сынаушылардың қатары тым көп болды. Өйткені, туындының стилі де, оқиғаны баяндау мәнері де осыған дейінгі жазылған шығармалардың ешқайсысына ұқсамайтын. Сонымен бірге кітапта кеткен қателер де көп еді.
Пруст корректураға өте салғырт қарайтын. Кітап жарық көріп жатқанда ол абайсызда кетіп қалған қателерді түзетудің орнына қайта-қайта шығарманың мазмұнын өзгертіп, толықтырулар енгізумен айналысып кетті. Ал, кеткен қателер сол күйі қалып қойды. Әсіресе, Пруст сол кездегі өте ықпалды сыншылардың бірі Поля Суденің кітапқа жазған рецензиясын жүрегіне ауыр алды. Сыншы француз тілін жөнді білмейтінін дәлелдеп, Пруст прозасының тас талқанын шығарды. Оны оқыған жаны нәзік суреткер өзіне қол салып өлгісі келіп, дүниеден түңіліп кетті.
Тап осы уақытта Габриэль Астрек те өз театрының қаржылық дағдарысқа ұшырағанына уайымдап, жаны күйзеліп жатқан-тын. Бір күні ол француз басылымынан Прусттың кітабын сынаған мақаланы оқып шығып, «Сван бағытына қарай» туындысын сатып алады. Шығарманы оқи бастаған сәттен ол өз қайғысын ұмытып, кітапқа ғашық болып қалады. Дегенмен, кітапта кеткен қателер расында да көп екен.
Астрек жас күнінде күн көріс қамы үшін корректуралық жұмыспен де айналасып, нәпақасын тапқан мықты корректор да болатын. Ол бірден қолына қарындаш алып, кітаптағы қателерді түзетуге білек сыбанып кірісіп кетті. Сосын ризашылық сезіммен шығарманы оқыған кездегі алған көл-көсір әсерін білдірген хат жазып, қателері түзетілген кітаппен бірге оны авторға салып жібереді. Астректің арқасында қатесі жөнделген туынды қайтадан кітап болып басылып шықты. Жұрттың бәрі жабылып, шығармасының сау тамтығын қалдырмай сынап жатқан кездегі Астректің қолдауы Прустты өзіне қол салып өлгісі келген ойынан айнытып тастады. Бірнеше жылдан соң «Жоғалған уақытты іздеу» романының екінші кітабы жарық көріп, жазушының таланты мойындалып ол Францияның ең жоғары Гонкур сыйлығын иеленді.
ГАБРИЭЛЬ ГАРСИА МАРКЕС
1965 жылға дейін Нобель сыйлығын иеленген, әйгілі жазушы Маркес әлем түгіл, өз еліндегі жұрт тани қоймайтын көп жазушылардың бірі еді. Суреткердің «Құлаған жапырақтар», «Полковникке ешкім хат жазбайды» туындылары оқырмандарды аса қатты қызықтыра қоймады. Журналистикадан нәпәқасын тауып жүрген Маркес сол жылы жұмыстан қатты шаршап, отбасын алып Мексикаға барып демалып қайтуды ұйғарады. Қажетті заттардың бәрін көліктеріне тиеп алып, демалуға бара жатқан сәтінде кенеттен «Жүз жылдық жалғыздық» романының идеясы басына келіп, мазасын алып, жанына тыныштық бермей қояды. Романның қалай басталатыны, оқиғалардың қалай өрбитіні, шығарманың композициясы мен формасына шейін елестеп, көз алдына келе қалады. Осы кезге дейін ол «Үй» деп аталатын жаңа туындысын бастап қойған-тын. Кенеттен Маркес шығармасын бастан-аяқ өзгертуі керек екенін түсініп, бұл романды мүлде басқаша жазуы керек екеніне көзі жетеді. Ойына келген дүниелерін тез арада қағаз бетіне түсіруі керек екенін түсінген Маркес отбасымен бірге демалғысы келген жоспарынан бас тартып, жарты жолдан кері қайтады. Үйіне келе салысымен уақыттан өзін тежемеу үшін жұмыстың бәрін тастап, бөлмесіне қамалып алып, күні-түні тыным таппай, жаңа романның мәтінімен 18 ай бойы жұмыс істейді.
Азаматы ақша таппайтын үйде қандай береке болушы еді. Маркес жұмыс істеген кездегі тапқан тиын-тебеннің бәрі таусылып, амалсыздан үйіндегі іске татитын. дүние-мүліктердің бәрін сатуға тура келеді. Көлік те, кір жуатын машина да, бәрі-бәрі сатылады. Әйелі Мерседес тек қана шәш кептіретін фенді ғана сатуға үзілді-кесілді келіспей қояды. «Маған фен өте қажет. Не істесең оны істе, бірақ мен фенді ломбардқа өткізе алмаймын» дегенді ол күйеуіне ашық айтады.
Маркестің бұл тірлігі шығармашылық жолдағы қауіпті тәуекел еді. Өйткені, бүкіл отбасының жиған-тергенінің бәрі «Жүз жылдық жалғыздықтың» жолына тігілді. Шығарма жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып шықса – зор бақыт, ал, керісінше болып, романды ешкім баспай қойса ше? Басқан күннің өзінде кітапты жұрт сатып алмай қойса, қайтпек керек? Үй-ішінің бәрін қара су мен қара нанға қаратып қойған Маркес әйелі мен бала-шағасының бетіне қалай қарайды? Мұны жақсы түсінген Маркес өз мәтінінің қаншалықты шынайы, әрі әсерлі шыққанын тексеру үшін таныстарын, жақын достарын жинап алып, романның алғашқы тарауларын оқып береді.
Маркес романды оқып жатқан сәтте бөлменің ішінде өлі тыныштық орнайды. Неге жұрттың үнсіз қалғанына қатты үрейленіп, ол бір кезде сәл тыныстап, мәтіннен көзін алып, абайлап, тыңдаушыларының жүзіне қарайды. Шығарманы тыңдауға жиналған жұрт мына дүниенің қызығын ұмытып, көздерін Маркестен алмай бар жан-тәндерімен беріліп, құдды бір Гомер тіріліп келгендей, орындарынан қозғалмай оны ұйып тыңдап отыр екен. Міне, осы сәтте Маркес қатты қуанып, романның жақсы жазылғанын ішкі түйсігімен сезгендей болады.
Романның соңғы нүктесін қойғаннан кейін оны Маркес баспаға пошта арқылы жібермек болады. Посылканың бағасы салмағы арқылы анықталады. «Қырсыққанда қымыран іриді» деген халық даналығы рас екен. Қолжазбаның салмағы ауыр болып шығып, оны жіберуге Маркестің ақшасы жетпей қалады. Басқа дүниесі қалмағандықтан, Мерседес жыларман болып, көзінің қарашығындай сақтап келген шәш кептіретін фенін ломбарқа амалсыздан өткізіп «Габо, сенің шын мәнісінде де шедевр жазғаныңа сенгім келеді» дегенді айтады.
Әйткенмен «Жүз жылдық жалғыздық» романының да бірден жолы болған жоқ. Көптеген баспалар бұл туындының пайда әкелетініне күмәнданып, оны шығарудан бас тартты. Алайда, бұл кітаптың пайда әкелетініне әлі толық сенімді бола қоймаған аргентиналық «Сурамерикана» баспасы ғана тәуекел етіп, жылдың соңына дейін өтіп кететініне үміттеніп оны сегіз мың тиражбен басып шығарады. Бірақ сегіз мың кітап жылдам сатылып, бірнеше күннің ішінде жоқ болады. Таң-тамаша қалған баспагер кітаптың екінші тиражын шұғыл басып шығарып, ол да азғантай уақыт ішінде сатылып кетті. Табиғи апатпен ғана салыстыруға болатын романның даңқы осылай басталған еді. Міне, сол уақыттан бері бұл романды жүзден астам баспалар миллиондаған тиражбен басып шығарып, жиырмадан астам тілге аударылды. Соңғы жылдары Батыста жарық көрген романдардың ешқайсысы да дәл осындай сұранысқа ие болып көрмеп еді. Көлемі төрт жүз беттен асатын роман туралы жүздеген эсселер, ғылыми еңбектер мен монографиялар жазылды.
УИЛЬЯМ ГОЛДИНГ
Уильям Голдингтің «Шыбындардың әміршісі» әлем әдебиетіндегі бестселлер шығармалардың бірі. Биыл бұл романның жазылғанына 70 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде ол көптеген халықтың тілдеріне аударылып, шығарма сюжетінің негізінде фильмдер түсіріліп Голдингтің есімін әлемге танымал етіп, жазушылық даңқын аспанға шығарды.
«Шыбындардың әміршісі» Голдингтің ең алғашқы романы, одан кейін ол он екі роман жазды. Бірақ суреткердің осы шығармасы ғана әлі күнге дейін жаһандық бестселлердің көшін бастап келеді.
Кітаптардың да қилы-қилы тағдыры болады. Бұл шығарманың да өте қызық тағдыры бар. Ағылшын жазушысы атақты туындысын 1953 жылы жазып бітіріп, баспаларға ұсына бастайды. Алайда, роман баспагерлерге ұнамай, жеті ай ішінде 21 баспа оны шығарудан бас тартады. Шындығында суреткердің тылсымы терең туындысының идеясын түсінбеген баспагерлер адам иланбайтын абсурдтық оқиғаны оқуға жұрттың ықылас таныта қоятынына сенімді емес еді.
Нарықтың заңы – қатал. Қандай ұлы туынды болса да, шығарған кітабы сатылмаса баспа қып-қызыл шығынға батады. Сондықтан да басып шығарар алдында кітабыңды елдің қызығып оқитынына деген зор сенім болуы тиіс. Ал, баспагерлерге бұл туынды өте қызықсыз, оқиғасы адамды зеріктіріп жіберетін шығарма болып көрінеді.
Егер де «Faber$Faber» баспасында заңгер болып жұмыс істеп жүрген Чарльз Монтейт есімді азамат болмағанда жарық көре салысымен елдің сұранысын туғызып, бірден бестселлерге айналып Уильям Голдингті дүниежүзіне танымал еткен атақты туынының келешегі қалай боларын бір Құдай біледі. Чарльз Монтейт қоқысқа лақтырылғалы жатқан қолжазбаны кездейсоқ оқып шығып, шығарманы ұнатып, өз баспагерін оны өте арзан бағаға – бар-жоғы 60 фунт стерлинге сатып алуға көндіреді. Соғыс кезіндегі, әуе апаты барысында адам аяғы баспайтын аралға түскен мектеп оқушыларының тағдыры туралы антиутопиялық романды ол редакциялап, қатты қысқартып, ықшамдап «Шыбындардың әміршісі» деген жаңа атпен 1954 жылдың қыркүйегінде жарыққа шығарады. Әдебиетшілер тарапынан көптеген сындардың айтылғанына қарамастан, «Шыбындардың әміршісі» жарық көре салысымен оқырман қолынан түспейтін кітаптардың қатарын толықтырды. Бір сөзбен айтқанда Голдингтің туындысына деген сұраныс Джордж Оруэлдің «1984» антиутопиялық романынан кем болған жоқ. 1983 жылы жазушы Уильям Голдингке әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы берілді.
P.S. Құрметті менің алтыннан да ардақты, күмістен де салмақты достарым. Егер де сіздің шығармашылық жолдағы ізденісіңізді ел түсінбей, бағаламай жатса, қапа болмаңыз. Мүмкін, сіз ғасырда, рабайда бір туатын гений шығарсыз. Нағыз шедеврдің бағасын Уақыт береді. Уақыт – Құдай, оны жеңе алатын құдірет жоқ.
Бәріңді де табалдырығымыздан аттаған 2024 жылмен құттықтаймын. Ең бастысы аман болайық. Мен Құдайдан, бәріңнің амандығыңды тілеймін. «Өмірдің бір күндік қана сәуле» екенін ұмытпайық. Жүрегімізді нұрландырып тұрған сол ғажайып сәулені бағалай білейік. Жаңа жыл баршаңызға тек жақсылық әкеліп, армандарыңыз орындалсын.
Амангелді Кеңшілікұлы
(ФБ – парақшасынан)