Ұлы адамдардың өмірге келуі де, өмір сүруі де, тіпті өлуі де өзгеше. Олар көптің біріне жатпайды… Олардың тағдыр-талайы өзгешелеу… Ондайларға жаратқан Алла да өзгеше қасиет, қарым- қабілет сыйлайтындай…
Сондай жанның бірі һәм бірегейі төрткіл дүниеге аты мәшһүр австриялық ұлы компазитор Вольфганг Амадей Моцарт. «Болар бала боғынан» демекші Моцарттың болашақ ұлы муыкант екені сәби шағынан белгілі болған көрінеді. Өйткені ол үш жасында құдіретті музыка әлеміне бейімі бар екенін танытса, алты жасынан сонаталар жаза бастаған. Бәлки бұл жерде музыка маманы болған әкесінің де үлесі бар болуы мүмкін. Бар жоғы отыз алты жыл ғана сүрген өмірінде ол 626 шығарма жазып кетті. Бәрі де қайталанбас дүние… классика, шедевр…
Айтайын дегеніміз ұлы сазгердің шығармасы емес, өмірі де емес, оның жұмбақтау өлімі… «Моцартты улап өлтірді» деген лақаптың растығын тағы бір елеп-екшеу. Сонымен ұлы сазгер 1791 жылдың 5-ші желтоқсаны күні жарық дүниені талақ етіп, о дүниенің есігін аттады. Жұрт оның өлімін композитор Антония Сальериден көрді. «Өмірдегі бақталасы еді, бәсекелесі еді. Өзінен таланты мықты Моцартты қалайша тұқыртам, қалайша үнін мәңгі өшірем» деп жүруші еді, ақыры түбіне жетті» десті былайғы жұрт. Мұндай пікір композиторлардың арасында да айтылып қалып жүрді. Әрине бұған қарсы пікір айтқандар да болды. Олар көбінесе медицина саласының мамандары. Моцарттың денсаулығындағы кінараттарды жақсы білген олар өзгеше диагноз қойды… бәлкім бұл да рас болар. Себебі 1997 жылы Миланда өткен сот отырысы Антония Сальеридің Моцарттың өліміне қатысы жоқ деп оны ақтап алды… Неге екені қайдам, Моцартты жерлеген күнде белгісіз… бір құжатта 6-шы желтоқсан десе, екіншісінде 7 желтоқсан деп көрсетілген. Оның мүрдесі қасиетті Марк зиратына қойылған. Тағы бір оғаш дүние ұлы сазгердің жаназасы күндізгі үште шығарылғанымен, денесін қара жерге күн батқан соң, зиратта адам баласы жоқ кезде тапсырылған. Тірісінде көлеңкесіндей болып толып жүретін достары да, сол кездегі белгілі адамдар да болмаған. Неге? Бұл әлі күнге жұмбақ. Көзінің тірісінде оның ұлы екені мойындалғанымен оны қара жерге тапсыру өте жұпыны жағдайда өтті. Моцартты ұлы тұлғалар секілді жеке қабірге көмген жоқ. Үшінші деңгейге жататын, яғни 4-5 адамды бірақ жерлейтін жерге көме салды… Оны жерлеудің құны 30-ақ доллар болыпты… Веналықтар ұлы композитордың дүниеден өтіп кеткенінде білмей қалған. Туа біткен дарын, ұлы сазгер бола тұра ол өмірде ақшаға жарымай өткен жандардың бірі болды… Үнемі тапсырыс алып, саз жазып күн көрді. Мінезі ойпыл-тойпыл еді, үнемі әлде неге көңілі толмай ренжіп жүретін. Еңбекқор еді. Ұлы дүниесін жазуға отырғанда күн мен түнді ауыстырып алатын. Бәлкім өз дозасынан тыс еңбек етуде мезгілінен бұрін өлуге сүйрелеген болар… Өлерінен бірер апта бұрын Моцарт әйелі Констанцеге: «мені улаған болу керек. Үнемі құсқым келеді. Денемді белгісіз діріл, үрей алып барады. «Аква-тофану» («аква-тофана») ұзақ уақытттан кейін әсер ететін, иіссіз у. Удың құрамын жасап шыққан адам ХVII ғасырдағы итальяндық бақсы Джули Тофи деген жан. Зәһар соның атымен аталады) берген болар-ау біреу…» деп, өзінің өлер күнінде дәл айтқан. Сол тұстағы газеттер «Ұлы композитордың денесі өлген соң ісініп кеткен. Демек уланған» деп жазды. Өмірінің соңғы тұсында белгісіз адамның тапсырысы бойынша жазылған атақты «Реквием» өзгенің емес, өзінің өлімінде ойналды… Бұл кездейсоқтық па, әлде арнайы даярланған дүние ме? Жұмбақ. Оның өлімі кімге керек болды? Не үшін? Жұрт күдіктегенген итальяндық Сальери Моцарттан бес жас үлкендігі бар. Император Иосиф II-нің сарай сазгері. Жай адам емес, белгілі сазгер. Оны Вена халқы жақсы таныған, құдіретіне бас иген. Сальери көптеген белгілі музыкалық шығармалар жазды. Оның шәкірттерінің қатарында, кейінен аты шыққан атақты Бетховен, Шуберт және Ференц Лист секілді құдіретті талант иелері болған. Сондай адамның Моцартты бәсекелес санап, улап өлтіруі мүмкін бе дегенде сауал туындайды. Кім білсін, бірақ қартайған шағында Сальери өзін-өзі өлтірмекте болған. Жанында болғандар «Моцарттың ажалына себепші болған мен едім» дегенді айтты дегенді таратқан. Бірақ бұл атақты адамдарды қаралау үшін айтылған лақап болуы да мүмкін…шындық болуы да мүмкін… Дегенмен мына бір жағдайға да назар аударған жөн-ау, осы жерде. Моцарттың өліміне қатысы бар деген адамның қатарына масондық топтың өкілі (сазгерде осы топтың мүшесі болып енгені белгілі) Франц Хофдемель жатады. Оның сұлу да жас сымбатты әйелі Моцарттың шәкірттерінің бірі болған. Кім білсін ұлы сазгермен сұлу қатынның ортасында қандай жағдай болғанын. Хофдемель бір күні әйелін қызғанып, сабап, әдемі жүзін адам көргісіз етіп тілгілеп тастайды. Демек бір нәрсені сезген болу керек. Артынша өзін өлтірген. Аман қалған әйел араға бәленбай
ай салып, босанған. Сол кездегі өсекті тыңдар болсақ, нәрестенің әкесі Моцарт болып шығады. Сол Хофдемель сазгерге қастандық жасауы әбден мүмкін дегенде сыбыс бар. Әрине ұлы Моцарттың өлімі жөнінде түрлі болжам көп. Әлі де айтыла береді. Дегенмен жасындай жалт етіп ағып түспегенде ұлы сазгер талай ұлы шығарманың авторы болар еді-ау. «Реквием» оның соңғы туындыларының бірі. Оны жаз деп тапсырыс берген жан белгісіз. Өкініштісі сол «Реквием» өзгенің емес, ұлы сазгердің өз өлімі кезінде ойналды. Кім білсін оның түбіне жеткен жан солай ойластырған шығар…