2008-2018 жылдарда тұсауы кесілген мыңдаған кәсіпорындар үкімет пен әкімдердің мақтанышына айналып келді
Бұл деректің күмән келтіретін тұстары бар екені мемлекеттік деңгейде енді мойындалды.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев осы мәселені 2018 жылдың соңғы жұмыс күні үкіметтің экономикалық блогы алдында төтесінен қойып, 1000 зауыттың жоғын бүкіл Қазақстаннан қолына шырақ алып іздеуге ниет танытты.
Премьер-министрдің айтуынша, облыстағы бір зауыттың жұмысы тоқтап қалса, ол өңірде еңбек өнімділігін төмендетіп, еңбек өнімділігін артқа тартып кетеді. Басқа жұмыс жоқ. Бір ғана зауытқа тәуелдіміз.
«Мыңдаған зауытты аштық деп айтып отырмыз. Ал еңбек өнімділігінің жоғарылауына олар неге әсерін бермейді? Сонда қандай зауыттар ашып жатырсыздар», –дейді Бақытжан Сағынтаев.
«Әкімдер қандай зауыт аштық деп есеп береді?» деген сауалды халықтың күткеніне көп болды. Экономикалық сарапшылар мұны жан-жақты талдау қажеттігін айтып жатыр.
Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында 4 трлн теңгенің 961 жобасы іске қосылып, 90,6 мың тұрақты жұмыс орны ашылған екен.
Олай болса, 2011 жылдан бергі уақытта елдегі жұмыссыздықтың ресми мөлшері 5 пайыздан кемімей тұр? Индустрияландыру бағдарламасындағы бір мыңға жуық жоба елдегі жұмыссыздықты неге ауыздықтамады? Олардың экономикалық өсімге әсері мемлекеттік деңгейде неге сарапталмады. Сұрақ көп.
Жабылып қалған кәсіпорындардың қаншаға жеткенін қазір ешкім білмейді
Ресми статитистика «қолға алынған жобалардың үш-ақ пайызы орындалмады, бұл – қалыпты жағдай» деп міз бақпастан отыр. Ал сол үш пайыздың ішінде қанша миллиардтаған теңгелердің кетіп жатқаны оларды қызықтырмайтын сияқты.
Енді жабылып қалған зауыттардың ең ірілері, Елбасы тұсауын өзі кескендері туралы еске түсіріп өтсек: 1996 жылы қазақстандық «Достық-Интеравто» мен оңтүстіккореялық LG International Kia Sportage моделінің қазақстандық үлгісі – «Тұлпар» автокөлігін жасайтын зауыттың тұсауы кесілді. Қос тараптың қол жеткізген уағдаластығы бойынша зауыт жобасына қажетті 1 млн. АҚШ долларының 60 пайызын Қазақстан қаржыландырмақ болған. Алғашқы өнім 1997 жылы наурызда шығып, сәуір айында шыққан автокөліктің бірі Н.Назарбаевқа сыйға берілді. Бұл зауыт та 1998 жылы тоқтап қалды. Оңтүстіккореялық «LG International Kia Sportage» компаниясы өзі салған қаржыны қалтасына салды да еліне кетті. «Жабылып қалған зауыттардың инвесторларымен келісімшарт қалай шешіледі» деген мәселе бізде түрен түспеген тақырып.
«Зауыттың тоқтап қалуына өнімнің нарыққа төтеп бере алмауы, өнім шығаруға қажетті барлық бөлшектердің шетелден әкелінетіні себепкер болған» дейді билік өкілдері.
Экономист Бейсенбек Зиябеков жоғарыда айтып өткен LG International Kia Sportage моделінің қазақстандық үлгісі — «Тұлпарды» құрастыратын зауыттың жабылып қалуы – бағасының тым қымбаттығынан дейді.
Қымбат бағаға қосалқы бөлшектерінің бәрін шетелден тасымалдау себеп болған. «Көлікке қажетті қосалқы бөлшектер импорты әлемде бар құбылыс. Бірақ ол 20-25 пайыздан аспау керек. Дамыған елдер қазір технологиялық тізбекке қосылу арқылы бөлшектердің 50-60 пайызын өздеріне қарасты зауыттарда шығаруға ұмтылып жатыр. Бұл әлемдік тренд. Біз дайын бөлшектерді сырттан әкеліп, көлік құрастырумен топ жара алмаймыз. Ондай кәсіпорындар жабылып тынады. Сол себепті жаңа зауыттарды ашқан кезде, оған қажетті бөлшектердің тым болмаса, он пайызын өз күшімізбен шығаруды жоспарлау керек. Шикізат жетеді, маман бар»,–дейді Бейсенбек Зиябеков.
ҚХР-де, Гуонжоу қаласы тері өнімдерін тереңдеп өңдейтін кәсіпорындары, сапалы терілерден тігілген аяқ киім фабрикаларымен аты шыққан. Теріні терең өңдейтін кәсіпорында технолог болып жұмыс істеген қандасымыз Орынбасар Тәжидің қазір Алматыда ескі аяқ киімдерді жамайтын кішкене нүктесі бар.
– Теріден тігілген аяқ киімдерді дайындау күрделі процес. Гуонжоудағы аяқ киім шығаратын зауыттарда технологияық тізбек механизмі дұрыс үйлестірілген. Теріні терең өңдеу, оны бояудан аяқ киімге дейінгі жұмыс бір жерде кезең-кезеңімен жүргізіледі. Шикізатпен қамтамасыз ету жағы алдын-ала келісімшарттар бойынша шешіліп қойған. Сіздерде осындай жүйелілік әлсіз. Кәсіпорындардың жабылып қалуы себебі киімдерде талғамға және сұранысқа қарай үйлестіріп отыратын мамандармен жұмыс жүргізілмейді. Кез келген кәсіпорын бірінші кезекте осы факторға басымдық береді, –дейді Орынбасар Тәжи.
««Зауыттар неге жабылады?» деген тақырып бізде күні бүгінге дейін ақтаңдақ болып келді
Экономис Бейсенбек Зиябековтың пайымдауынша, облыс немесе аудан әкімдігі жанынан зауыттардың не себептен жабылып қалған зерттейтін сарапталық орталықтар болуы керек.
«Бізде ол жоқ. «Не себепті жабылды?» деген мәселе тиісті деңгейде талданбайды. Егер, осы мәселені жүйелі жолға қойсақ, кез-келген кемшіліктің алдын алуға болар еді», –дейді Бейсенбек Зиябеков.
Экономист Премьер –министр Бақытжан Сағынтаев сұрау салып отырған 1000 кәсіпорыннын, тым болмағанда 20 пайызы жұмыс істегенде мұнайға деген тәуелділіктің деңгейін төмендете алған елдердің әлдеқашан қосылар едік. Нәтиже керісінше болып отыр. Экономистің пайымдауынша, біздің әкімдердің арасында инвестор тарту мен зауыт ашу, бюджеттен мол үлес алып қалу үрдісі байқала бастады. Мұның соңы экономикалық картинаны терең талдаудың орнына популизмге басымдық беруіне ұласып кетті. «Жыл сайын әкімдер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен телекөпір кезінде ондаған жобаның тұсауын кесіледі. Әкімдер салтанатты жағдайда есеп беріп жатады. Қоғамда «жаңадан ашылған емес, шикізат жоқтықтан жабылып қалған жобалардың сұрауы кімде?» деген мәселе қордаланып қалды. Меніңше, телекөпірлерде тұсауы жаңадан кесілген емес, жұмыс істеп тұрған немесе жабылып қалған кәсіпорындардың жағдайы терең сарапталуы тиіс.
Осы мәселе терең зерделенбесе, кейбір топтар мұны өз мүддесіне пайдаланып кетуі мүмкін», –дейді Бейсенбек Зиябеков. |
Билік пен бизнестің ара-жігі айқындалмаса, бұл құбылыс қайталана береді
– Себебі билік шешім қабылдаған кезде халықтың емес, ірі меншік иелерінің жағдайын ойлайды. Шешім қалталылардың макроэкономикалық жағдайларын шешу үшін қабылданады», –дейді Мағбат Спанов.
Мағбат Спановтың пайымдауынша, шетелдік инвесторлар мен Қазақстан арасында бекітілген кейбір жобалардың құпия болып қалатынын айтты.
«Соңғы онжылдықта 1000 кәсіпорын мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржыландырылды. Олардың ел экономикасына мультипликативті әсерінің аз екендігі мемлекеттік деңгейде өткен жылдың соңында ғана мойындалды. Бұл – прогресс. Маркетинг пен логистика мәселесін ала зерттеуге аса көңіл бөлінбейтінін, бір түрлі өнім шығаратын кәсіпорындардың бір-бірімен көрші қонған облыстарда салына беретінін байқап жүрмін. Өңірлердің дамуына берілетін бағаға деген көзқарасты өзгертетін кез келді. Әкімдер жұмысының тиімділігі өздері ашқан кәсіпорындар мен зауыттардың жұмыс нәтижесі болуы керек еді» –дейді Мағбат Спанов.
Мағбат Спановтың пайымдауынша, тек зауытты ашумен шаруа бітпейді. Зауытты ашумен қатар оның шикізат көзін және қай тарапқа өткізу және тауарлардың өтімділігі зерттелуі керек.
«Зауыт жұмыссыздарды жұмыспен қамту үшін ашылмайды. Ондағы технологияның тілін білетін мамандарды өз ішімізде дайындау маңызды фактор. Біздің Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көрсеткіші мен шетелдік инвестицияға, шетелді инветорларға көбірек мән беріледі. Ұлттық инвесторлардың бизнес –жоспарын ынталандыруда кемшілік көп», –дейді Мағбат Спанов.
Қаржыгер-экономист Бейсенбек Зиябеков зауытты қуаттылығын белгілеп, құрылысын салып іске қосумен жұмыс бітпейтінін айтады. Болашақтағы өнімге деген сұранысты зерттелмегені, мемлекеттік деңгейде мән берілмегені осыған дейін де белгілі болатын.
«Елбасының өзі кәсіпкерлікті дамыту туралы тұрақты айтып келеді. Осы саланың жұмысын үйлестіріп отыруға тиісті орындар, әрбір салалар бойынша құрылған министрліктер қайда қарап отыр? Әрбір министрлік өз саласы бойынша зерттеу жүргізіп, болжап отыруға міндетті. Сол үшін ол үкімет деп аталады. Шеттен келетін импортты реттеп, шектеп, отандық өндіріске кеңірек жол ашу да солардың жұмысы», –дейді Бейсенбек Зиябеков.
Ірі кәсіпорындар нарықтағы сұранысқа орай өндіріс бағытын алдын ала өзгертіп, тауарлардың жаңа түрін шығаруды игермейді?
Бейсенбек Зиябеков осы мәселенің кеше де, бүгін де өзекті болғанын айтады. Бізде мәселені сұраныс, тұтынушының талғамы шешеді. Қазір бәсеке заманы.
«Экономиканы қарапайым әдістерін пайдаланып, кәсіпкерлік саланы реттеуге болады. Бұл бағытта бізде нақты жоспарлау жоқ. Мұның соңы бір-біріне ұқсап қалған кәсіпорындардың қаптап кетуіне және оларды банкрот деп танудың жолдары барынша оңтайлануына алып келді. Енді үкімет үшін зауыттардың ашылуы емес, олар шығарған өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі және өміршеңдігі де тренд бағыт болуы тиіс», – дейді Бейсенбек Зиябеков.
Рауан Ілиясов