Home Жаңалықтар Ұлы көшпенділердің үлесі

Ұлы көшпенділердің үлесі

28

Жаһандану дәуірінде қазақ халқын  үлкен сын күтіп тұр. Ол –  халқымызды ұлт ретінде сақтап қалу және Қазақстанды әлемдегі отыз озық мемлекеттің қатарына қосу.

Рухсыз ұлтты сақтап қалу мүмкін емес. Ал ұлтымызды сақтағымыз келсе ұлттық патриотизмді мықтап дамытуымыз қажет.  Ұлттық патриоизм арғы тамыры терең тарихтан, бай мәдениеттен мейлінше нәр алғанда ғана қуатты түрде дамиды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ұлы көшпенділердің әлемдік тарихтағы рөліне тоқтап, қазақ жерінің Еуразия кеңістігінің мәдени мәйегі, рухани түп қазығы болып келгенін  таратып айтқан «Ұлы даланың жеті қыры»  атты мақаласында  Ұлы даланың бесінші қырын  ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ БЕСІГІ  ретінде  атап өтеді. Президенттің осы мақаласында айтқандай,  біздің дәуіріміздің I мыңжылдығының орта шенінде Алтайда пайда болған Түркі дүниесі Ұлы дала төсіндегі  қандай ел болған? Олар қандай мемлекет құра білді? Нені білді, нені меңгерді? Қысқасы, Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақ елінің түп негізі болып табылатын  түркілер әлемі адамзат баласы ақыл-ойының дамуына не  қоса алды?

Қазақстанды ұлы дала өркениетінің қара шаңырағы ретінде халықаралық деңгейде танытып, қалыптастыруымыз үшін  ұлы көшпенділердің  әлем өркениетіне қосқан үлесін әлемге, батыс әлеміне мойындата  білуіміз қажет.  Ғалымдардың айтуынша, өркениет үш түрлі фактордан тұрады: мемлекет, қала және жазу-сызу. Отырықшы халықтарға тән осы үш нәрсені батыс жұрты  көшпенділерде болмағандай көреді.  Бізде осы үшеуі де болды. Бұл орайда Римді жаулаған ғұн патшасы Еділ (Атилла), Кирдің басын алған Томирис ханшайым, түркі дүниесінің төріндегі Бумын, Тоныкөк, Күлтегін, Естеміс қағандар, Мысырды  билеген  Сұлтан Бейбарыс, Үнді жеріне иелік еткен Бабыр, Шыңғыс хан құрған мемлекеттерді атасақ та жетер.  Отырар, Сығанақ, Сайрам, Сарайшық сынды қалаларымыздың қираған қабырғасы,  жерасты жолы әлі күнге сақталған.  Мысырдың  пирамидаларындай  болмағанмен, соған бергісіз Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан Баб, Жошы хан мовзолейі бар.  Қазақ тілінің түп атасы – түркілердің сына жазуы славян-кирилл жазуынан 15 ғасыр, грузин және армян жазуынан 10 ғасыр бұрын пайда болған. Алғашқы транспорт – атқа мінуді, жарғақ шалбар киюді, темір игеруді,  қару-жарақ түрлерін жасауды Еуропа бізден үйренді.

Бұл айтылғанның бәрі жалпы түркіге ортақ өшкен, өлген, жоғалған тарих, оны енді келіп жалаулатып қайтеміз, онан да бәрін «қазақ» деген атауға ие болған, қазақ мемлекетінің құрылған кезінен бастап түгендесек те жетер дейтіндер де табылар. Жоқ!  Біз, Елбасы айтқандай, Қазақстан – ұлы дала өркениетінің қара шаңырағы екенін әлемге мойындатуымыз керек. Мұндай идеология Қазақстанның болашағы үшін, қазақ ұлтының келешегі, ертеңгі ұрпақтың бабаларының мемлекеттігі мен жерінің тұтастығын сақтап қалған қайсар да жауынгер, кемел де кемеңгер халық болғанына мақтана білуі үшін, жаһанданудың тозаңына жұтылмай, бәсекеге қабілетті ел болуы үшін керек.

Енді не істемек лазым? Көне түркі ескерткіштерінің көшірмесін Астана төріне қондырғандар үшін  рахмет! Кезінде бабаларымыздың тасқа таңбалаған осы мұраларын бізге батыс ғалымдары оқып берді. Енді оны өзіміз оқуымыз керек. Өйткені Орхон-Енисей жазбаларынан бастап, талай мұрамызды сөйлетуде орасан қателіктер бар екенін біле бастадық. Біз өз мұрамызға өзгелердің көзімен қарап үйренгенбіз. Сол әдеттен арылып, бұл мәселеге өзіміз шындап кірісетін уақыт жетті.  Ұлттық құндылықтарымызды адамзаттық мұраға айналдыруға өзіміз күш салуымыз қажет.

 

Азаматхан ӘМІРТАЙ

«Байтақ-Болашақ» экологиялық  бірлестігінің  төрағасы

Алдыңғы жазбаҚазақтың назасы кімге?
Келесі жазбаБір кем дүние