Бүгінігі күні халықта президент Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне деген сенім оянды. «Ұлттық кеңес өздеріне артылған сенімді ақтап, қоғамды ілгері сүйрейтін локомотивтің рөлін атқаруы тиіс» деседі көпшілік. Десек те, халықтың сенімін арттыра түсу үшін не істеу керек?
Біріншіден Ұлттық кеңес қазіргіге қарағанда әлдеқайда демократиялы 93 жылғы Ата заңды кері оралтуға күш салуы тиіс.
Екінші Сайлау заңына өзегірстер мен толықтырулар енгізу жөнінде билікке талап қойғаны дұрыс.
Үшіншіден Бұқаралық ақпарат құралдарына қысым жасауды тоқтаттырып, сөз бостандығының қанат қағуына мұрындық болуы керек.
Бұл Ұлттық кеңестің басты талап-ұсыныстарының бірі болғаны жөн деп есептеймін. Әрине алдағы уақытта елімізде жүргізілуі тиіс саяси, экономикалық ресформалармен әлеуметтік саладағы өзгерістер де Ұлттық кеңестің еншісінде болары хақ. Бір сөзбен айтқанда бұл кеңес ұсыныстар мен бастамалардың орны болмақ. Бірақ билікке халықтың көкейіндегі ұсынысты жеткізу бар да оны орындау үшін талап қоя білу бар. Яғни кеңестің ұсынысы жерде қалмай жүзеге асқанда ғана нәтиже болмақ.
Осы орайда мына бір нәрсені айта кеткен жөн. Рас, Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдан бері елімізде болып жатқан жағымсыз оқиғаларды (көп балалы аналар талабы, президенттік сайлаудағы жымысқы ойындар, Арыстағы жарылыс т.б) таразыға тарта отырып, тек парламентке, «Нұр Отан» партиясына ғана арқа сүйеуге болмайтынын түсінді. Елде әлеуметтік жарылыстар болмас үшін, оның алдын алуға ұмтылды. «Халық кедейленді, олардың көкейіндегісін білу үшін диалог керек» деді. Сүйтіп халық пен билік арасындағы «алтын көпір» болуы тиіс Ұлттық кеңесті дүниеге әкелді. Бұл Тоқаевтың ең бір дұрыс шешімі, қадамы еді. Ал Ұлттық кеңес сол сенімнен шыға ала ма? Иыққа артылған жауапкершілікті көтере ала ма? Мәселе сонда. Құрылымға әр саланың мамандары кіріп отыр. Былайша айтқанда көзге көрінбейтін бірақ саясатта да, экономикада да өз орны бар әр түрлі топтардың өкілдері. Әр қайсының өз мүдделері бар. Демек жеке бастарының амбициясы басым олардың ауыз біршілікте бола қоюяда екіталай. Әркім өзі илеген пұшпағына қарай тартуы заңды. Қайтпек керек? Демек осы ұйымды дүниеге әкелген президент және оның айналасындағылардың, бірсөзбен айтқанда ұйымдастырушылардың үлкен қайрат –күші керек. Кеңесті бір игілікті тірлік маңына ұйыстыра білетін, кеңес мүшелерін алалап жармайтын бәріне бірдей қарайтын қабілет керек. Сонда ғана кеңес жұмысы жанданбақ. Бұған президент әкімшілігімен оның айналасындағы кеңесшілерінің біліктілігі жете ме? Бұл да үлкен мәселе.
Азаматхан ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы