Home Жаңалықтар Тәуелсіздіктің құны қанша?

Тәуелсіздіктің құны қанша?

59

Тәуелсіздік  қасиетті  ұғым.  Бұған  ешім дау айта алмас. Өйткені тәуелсіздік көктен төгілер нұр  емес. Тәуелсіздік  сан  жылдар,  тіпті  ғасырлар  бойы  жүргізілген  күрес,  төгілген  қан, Әр  ұлттың,  әр  мемлекеттің  әлімжеттік  жасап отырған әлеуетті  елден  ірге  бөліп,  азат, бостан  жұрт атану  үшін  тартысқа  толы, күреске  толы  жолы.  Сондықтан  болар қияметтің  қиын   сүрлеуімен  жүріп, азаттыққа  қол  жеткізген кез-келген  ұлт  үшін, тәуелсіздік   қасиетті  ұғым  болып  қала бермек.          Бірер  күннен  кейін  кеңестік қыспақтан  құтылып,  тәуелсіз мемлекет  атанғанымызға  28  жыл  толмақ. Неге екені  қайдам, кейде «тәуелсіздік  бізге  қан  төгіссіз келді. Ойда  жоқта басымызға  қонған бақ  болды»  деген  іспетті  сөздерді  жиі  естимін. «Ресейлік Ельцин,  украиндық Кравчук  және беларустық Шушкевич Минск  түбіндегі  Беловеж орманында   бас қосып, КСРО-ның  түбіне  жетті.  Рахметті  осы  үшеуіне айтуымыз керек»  дейтіндерде  бар. Әрине,  бір  қарағанда  солай  сияқты болып та көрінуі  мүмкін. Алайда, өзге емес, өз еліміздің  тәуелсіз мемлекет атануы, жұрт  айтып  жүргендей  «көктен түскен  тосын  сый» емес. Алаш  баласының әміршіл-отаршыл  орталықпен ғасырлап  жүргізген  күресінің  арқасында  келген  бостандық.  Тәуелсіздіктің  құны тым қымбат, тым ауыр. Әсіресе қазақ  баласы  үшін. 

Сәл  тарқатып айтар  болсам, 1459  жылы  Керей  мен  Жәнібек Әбілқайыр  ханнан  ірге бөліп, өз  алдына  қазақ  хандығын  құрғаннан  бері,  қазақ елі дербестігін, бостан  ұлт екендгін  сақтап  қалу  үшін қаншама айқасты бастан  өткерді. Қаншама  боздақ алаш  баласына  тиселі тоқымдай  жерді өзгеге бермес  үшін  құрбан  болды. Жеңді,  жеңілді, қырылды,  еңкейді  қайтадан еңсесін  түзеді.  Соқтықпалы, соқпақты  жолдан  өтті. Бірақ елдігін сақтап  қалды.  Қазақ  халқы  үшін  ең  бір қан-құйлы, ауыр кезең,  кеңестік империяның  құрамында  болған  тұс еді.

Большевиктік  – кеңестік  империя  енді  құрылып  жатқан  1917-1919  жылдары  Түркістан  жұртының  отыз  пайызы   қырылды.   Ал  1921-1922 жылдардағы аштықта    бір жарым  миллион  қазақ   шейіт  болды.  Одан кейінгі  1928-1930  жылдары  жүргізілген  байларды   тәркілеу,  ұжымдастыру  кезінде  талай  қазақ  баласы  жер аударылды, өзге  елге  босты.  Босып бара  жатып, жолын  тосқан  қызыл  комсомолдардың  оғына   ұшты. Мұның  есебін  шығарған  ешкім  жоқ. Қыршынан  қиылып,  иен  далада көмусіз,  ақ сүйек  болып  шашылып қалғандар   аз  емес екені  анық.  1931-1932  жылдардағы  аштық  3 миллионға   жуық  қазақты баудай  түсірді. 1 миллионға  жуығы  өзге  елдерге  босты.  1937-1938 жылдары  жүргізілген саяси  қуғын  сүргінде  100 мыңның  үстінде адам  қамалып,  25  мыңы  атылды. Атылғандардың дені иісі қазақтың бетке ұстар, көш бастаушы, ағартушы, ұлттың көсемі болуға лайық алаштың арда ұлдары еді. Кеңестік қызыл империя қазақтың мәйегін орып, жантығын қалдырды.  Екінші  дүние  жүзілік  соғыста тағыда  жарты  миллион  боздағымыз   көз  жұмды.  Соғыстан кейінгі  50  жылдары  да  қазақ  зиялыларын  қуғындау, қамау  тоқталған  жоқ. Бұл кезеңде  қызыл  империяның  қыспағына   тарих,  әдебиет және  мәдениет саласының алыптары түсті.

Шынтуайтына келгенде   бұл  қуғын  -сүргіндердің,  қолдан ұйымдастырылған аштықтардың  астарында   қазақ  жұртын   жою, іргелі  мемлекет қылмаудың пасық  саясаты  жатты.  Көзі  ашық, елді  соңынан ертер  арыстарын   құртсақ, қалған  тобыр  бас көтермес,  құлақ кесті құлымыз  болады  деген арам  пиғыл  тұрды.  Бұдан тыс,  халқымызды улап  қырып  салу  үшін, жерімізге ондаған  әскери сынақ  полигондары ашты. Тың  игеру  деген желеумен, қазақтың   түгін  тартсаң  май  шығатын құйқалы,  шұрайлы  жерін астан – кестен етіп  жыртты. Басқасын  былай  қойғанда  Семей  полигонында  бес  жүзге  тарта  ядролық   сынақ  жасалды. Соның кесірінен  миллиондаған  адам уланды,  ауру  жамады. Оның  зардабын  әлі  тартып  жатырмыз.  1954-1960 жылдардағы  тың  көтеру  кезінде  елімізде 25  миллион   гектардан астам  жер  жыртылды.  Шөбі  шүйгін, шұрайлы   жерлердің  «ішек-қарыны»  ақтарылып  қалды. Мұның  өзі  экологиялық апат ала  келді.  Өзен-көлдер суалды, орман-тоғайлар оталды.  Жер  жел,  су эрозиясына  ұшырады. Ауа  ластанды.  Сайып келгенде,  жыртылған 25 млн. га  жердің  9 млн.  га жері  эрозиға  ұшырап  жарамсыз  болып қалды.

Ең сорақысы  тың көтеру  деген  желеумен  сырттан  2 миллион адам әкелінді.  700 қазақ  мектебі жабылды. Амалсыз  қазақтар  балаларын  орыс мектебіне берді. Орыстандыру  саясаты  жүрді.  Қазақ тілінің  қолдану  аясы тарылды.  Ежелгі  жер-су,  елдімекен аттары орысша атауға көшірілді. Осындай  сұрқия  саясаттың  кесірінен, 1959  жылы қазақ  өз жерінде  30 пайыздан  аспай  қалды. Ең сұмдық  көрсеткіш  осы.

Алайда,

Ер Түркі ежелден, оқ тескен етіміз,

Қаймығып еш жаудан, қайтпаған бетіміз.

Жаусын оқ, ақсын қан, шықсын жан, қорқу жоқ,

Алаштың жолында, жан қимақ ниетіміз – деп  ұрандаған  алаш  баласы  кеңестік озбыр   жүйеге  қарсы талай  мәрте  бас көтерді. Бір  ғана  30-шы  жылдары  300  ден астам көтеріліс  болды. Бұл бұлғақтардың  бәрінің  мақсаты еркіндікті аңсау  еді.   Теміртаудағы  дүрбелең, әсіресе  қазақ жерінен  ойып  тұрып  жер  бөліп,  неміс автономиялық   облысын  құру   жөніндегі әміршіл – әкімшіл  жүйеге  қарсы  1979  жылы  жазда Целиноград (қазіргі  Нұр-Сұлтан)   қаласындағы   бас көтерудің,   одан кейінгі  1986  жылдың ызғарлы  желтоқсанындағы Алматыдағы  көтерілістің  түпкі  мақсаты, исі  қазақтың өз  жерінің  тұтастығын  сақтай  отырып, азат,  дербес қазақ  мемлекетін  құру  жолындағы  күресі.  Демек,  алаш  жұрты бүгінгі тәуелсіздікке жету  үшін,  арысын айтпай-ақ  қоялық,  берісі  кеңестік қызыл  империяның  70  жылдық  үстемдік  құру  кезінде, қаншама құқай көргеніне  қарамастан, азаттық  жолында   күресін еш  тоқтатпады  десек  болады. Осы  бір  кеңестік дәуір тұсында  қазақтың  бестен  үші  опат болсада, елдігін  сақтап қалды. Міне, тәуелсіздіктің  құны. Демек қайсы  біреулер   айтып  жүргендей  қазақ еліне тәуелсіздік  көктен  түскен тегін  сый емес. Үлкен  күрестің,  миллиондаған  құрбандықтың  арқасында келді. Сондықтан  оны  көздің  қарашығындай  сақтау   бүгінгі   бізбен  сіздің  һәм келер  ұрпақтың міндеті.                                                                                                                            Осы  жерде айтпай кетуге  болмайтын, ең  бір  өкінішті  жағдай,   үнемі тәуелсіздік  мейрамы   жаңа  жылдық  дайындықтың көлеңкесінде  қалатындығы. Есі  бар  билік  болса, жаңа  жылға  дайындықты  тәуелсіздік  мерекесінен кейін  ғана бастауға  пәрмен  берер еді. Шыршаларды әрлеу, алаулату-жалаулатуды  20  желтоқсаннан бастаса да,  Қазақстанда  тұратын  өзге ұлттардың   ешқайсысының  көңіліне  селкеу  түспесі  кәдік. Бәріде тәуелсіздік  мейрамына түсіністікпен  қарары  анық.  Тіпті  болмаса  ара-кідік айтылып  жүрген   25  қазан  тәуелсіздік  күні  болып белгіленсе. Өйткені  1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданғаны  белгілі. Бәлкім  осылай  жасағанда тәуелсіздік  мейрамы өзінің  деңгейінде аталып  өтіп, ұрпақтың  жадында  өзгеше  жаңғырарма  еді?

Азаматхан  ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ»  экологиялық  альянсының  төрағасы,  Ұлттық  қоғамдық  сенім кеңесінің  мүшесі.

 

Алдыңғы жазбаЖарты айда 12 млрд теңгені игеріп үлгереміз – экология министрі
Келесі жазба«Хан Шатырда» өрт шықты