Біздің қазаққа күрескерлік жетіспейді. Мысалы, дүние жүзінде ағылшын халқы 60 миллионға жетер-жетпес, бірақ жер шарындағы 7,5 миллиард халықты ағылшын тілінде сөйлетуге, жаздыртуға күш салуда. Қандай күрескерлік десеңізші!
Сондай-ақ қасымыздағы 32 миллион өзбек бір тілде сөйлеп, мемлекеті бір тілде жұмыс істейді. Біз болсақ, қасымызда жүрген аз орысты, саусақпен саңарлық ұйғырды, татарды, дүңгенді, басқа да кішігірім этностарды қазақша сөйлете алмадық. Бұл қазекеннің әлсіздігін, екі адамға сөзін өткізе алмайтын жуастығын көрсетпей ме?!
Сонымен қатар қыпшақ-қазақтардың тарихтағы ұлы перзенттері Жошы, Бату, Хулагу, Үгедей, басқада көптеген тарихи тұлғаларын өз тілімізде жазғанымыз дұрыс. Кезінде қытай, орыс және еуропалық жылнамашылар өз тілдеріне жақындатып бұларды әріп қателерімен жазды емеспе.Мысалы, Жошыны – Джучи, Батылды – Бату немесе Бати, Құбағұлды – Хулагу, Үкітайды – Үгедей, Мұқатайды – Мукалай (қытайды бағындырған батыр), Сүбетайды – Сүбедей (қолбасшы), Төлені – Тулу (Шыңғысханның ұлы) деп жазды. Міне, осы тарихи тұлғалардың есімдерін өз тілімізде жазсақ дұрыс болар еді. Олар өмірде өз тілдерінде аталды емеспе. Бұлардың түгелі – қазақтың ұлы тұлғалары. Мұны көпшілік болып қолдап, күрескеніміз дұрыс. Мәңгүрттіктіңде шегі болады. Сонда ғана тарихымызды тазалап, қалпына келтіріп, дұрыс жолға түсеміз. Қазір де өз ата-тегін (фамилиясын) бұрынғыша орысшалап жазып жүрген мәңгүрттер жетерлік.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі