Сөз жоқ, еліміз табиғи байлыққа өте бай. Кейбір есептерге қарағанда Қазақстан территориясында ондаған триллион долларлық байлық бөгіп жатыр. Бұл дегеніміз 18 миллион емес (еліміздегі халық саны), 100 деген миллион адамды асыруға тіпті өте жақсы өмір сүруіне мүмкіндік береді деген сөз. Амал нешік? Солай бола тұрсада, халықтың басым бөлігінің тұрмысы төмен. Азғана нәпақаға күн көруде. Әрине бұл жеке әңгіме. Оны алдағы постарда қаузай жатармыз. Менің тілге тиек еткім келгені осыншама көл-көсір байлыққа ие елдің, сыртқы, ішкі қарыздарының неге көп екендігі.
Қаржы министрлігінің дерегіне сүйенсек, биылғы жылдың шілдесіндегі мемлекеттік қарызымыз 40 миллиард доллар немесе 15 триллион теңге екен. Бұл қайдан шыққан пәле? Түсінксіз? Деректерге көз жүгірсек, 31 миллиард доллар яғни 12 триллион тенгеден астамы үкіметтік қарыз көрінеді. Сыртқы қарыз 14 миллиард (5,4 триллион тенге) доллар, ал ішкі қарыз 17 миллиард доллар (6,7 триллион тенге).
Табиғи ресурстарға бай мемлекетіміз осыншама қарызға белшесінен бататындай не басына күн туды? Неге сырттан қарыз алуға үйірміз? Не себепті ішкі мүмкіндіктерді пайдаланбасқа? Халықтың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ өмір сүруіне болатын байлық бар емес пе? Өкінішке орай қолда барды ұқсата алмай, әлі шикізат отаны болып отырмыз? Кім кінәлі? Кеше ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаев пайдасы жоқ, шығыны мол, миллиардтаған долларды жұтып жатқан күмәнді жобалар жайында айтты. Соның бірі елордадағы LRT жобасы.
«Бар қашықтығы 22,5 шақырым, ал оның бойында 18 станция жоспарланған. Сонда бұл LRT-ны не үшін салып жатырмыз? Арасы 1 шақырымнан асар-аспас 18 станция болса. Біз ондай қашықтықты жаяу қыдырып-ақ жүре аламыз ғой. Мұндай жобаның қалайша қабылданып кеткенін мен түсінбеймін», деген еді президент.
Бұл көзге «түсіп қалған» бір ғана жоба. Біліксіз мамандар, «бармақ басты, көз қыстымен» қабылдар жіберген, дәл осындай қаншама тиімсіз жобалар бар. Оларға қаншама қаржы салынды. Оның қаншамасы соның басы қасында жүргендердің көмекейіне түсіп кетті. Сұмдық. Осының бәрі айналып келгенде мемлекеттің ішкі-сыртқы қарызының ұлғайып кетуіне әкелуде. Мұнымен аяусыз күресу керек. Күмәнді жобалардың бәрін президент айтқандай қатаң тексеріп, кінәлілерді жазаға тарқан жөн.
Азаматхан ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы