Бүгін Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және экологтар күні. Сөз жоқ, адамзат үшін айтулы күн. Өйткені саналы адам баласы еш уақытта табиғаттан тыс өмір сүруі мүмкін емес. Адам мен қоршаған орта бір-біріне құндақтаулы. Ақиқаты сол, таза ауа, таза су, кіршіксіз табиғат адам денсаулығының кепілі. Бірақ бүгінгі күні баяғы тұмса табиғат бар ма? Жоқ. Дүниенің төрт бұрышы жөнінде әңгіме айтпай-ақ қоялық, біз өз елімізде табиғатты аялап отырмыз ба? Қайдам? Еліміздің қай өңіріне барсақ та, табиғатқа қарсы адам қолымен жасалып жатқан қиянпұрыс тірлікті көреміз. Өкінішті. Оталған орман, тоналған тоғай, ластанған өзен-көлдер, өнімді өнім алам деп қара жерге аяусыз төгілген улы тыңайтқыштардың кесірінен сорға айналған, шірінді болған алқаптар, зауыт-фабрика, жылу қазандықтарынан будақ-будақ көтерілген қара түтін т.б бүгінгі күні көз үйреншікті тірлікке айналған. Хақтағалла сыйлаған табиғатқа қиянат жасап отырмыз. «Табиғат – тал бесік» деп қанша айтсақ та, сол жаратқан сыйлаған бесігімізді өзіміз қиратып жатырмыз. Сайын даланың сәніне айналған киіктердің оқтың-оқтың жүз мыңдап қырылуы, заңсыз аң аулаушылардың арқасында баяғыда жерімізде жыртылып-айрылатын аң – құстардың күрт азайуы, биылғы жылы Жайық пен Кеңгір өзендеріндегі балықтың тонналап қырылып қалуы. Осының бәріне кім кінәлі? Әрине өзіміз. Жауапсыздық. Бәлкім қасақана жасаған тірлігіміз. Сол өзендердің бойында орналасқан кәсіпорындардың улы қалдықтарды өзенге төгуі. Сонымен қатар, Каспийдегі ит балықтардың, өзгеде балықтардың әлсін-әлсін қырылып қалуыда сол теңіздің табанынан мұнай мен газ алып жатқан кәсіпорындардың кінәсі. Жалпы, зерттеулер бойынша теңізде (Каспий) 68 миллиард баррель қара алтын бар көрінеді. Егер де жер шарында мұнай қоры 150 миллиард баррель болатын болса, онда Каспийдің мұнай қоры аз емес. Ал Қазақстанға қарайтын (өзге кен орындарын қоспағанда) бір ғана Шығыс Қашаған кен орнында 7 миллиард тоннаға жуық қара алтын көлкіп жатыр. Сондай-ақ теңіз табанында жатқан газ қоры 8 триллион текше метрді құрайды. Бұл аз десеңіз, әлемдегі бекіре балығының 90 пайызы Каспийді мекен етеді. Осындай мол байлыққа белшесінен батып жатқан теңізіміз бар. Иә, біздің мемлекет үшін ел экономикасын көтеретін мұнай мен газ керек. Бірақ теңізді бүлдірмей, ондағы өсімдік (500 түрі бар) әлеміне және балықтар мен жануарлардың (769 түрі бар) өсіп-өнуіне кесір тигізбей алудың жолдарын қарастырған жөн. Ол үшін заманауи технологияларды пайдаланған дұрыс. Сондай-ақ, халық пен жерге айтарлықтай залалын тигізіп отырған Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшатын зымырандардан төгілетін улы гептил мәселесін Ресеймен бірге қайта қарау керек шығар. Осындай қордалы мәселелерді мемелкеттік деңгейде шешу үшін экология министрлігі қажет-ақ. Өйткені өзге министрліктің қолтығына кірген экология комитетінің экология мәселелерін шешуге келгенде пәрменсіз, үні құмығып шығады. Демек экология министрлігін қайта қалпына келтірген жөн. Бұл мәселе, 9 маусымнан кейін заңды түрде президент тағына отыратын адамға айтылып жатқан құлақ қағыс. Ал, өзім жетекшілік етіп отырған «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсына келетін болсақ, біз жайғана қоғамдық ұйымбыз. Бірақ, соған қарамай, қолдан келгенше ел экологиясын сауықтыруға қызмет етіп жатырмыз. Оны ресми БАҚ құралдары мен әлеуметік желілерде жарияланған жазбалар мен видеолардан көруге болады. Өкініштісі біздің күшіміз шектеулі. Сондықтан қоршаған ортаны, еліміздің табиғатын бірлесе қорғайтын болсақ, біз жеңбейтін қиындық болмайды. Олай болса, таза ауа, таза су, көк желек үшін қоғамдасайық ағайын! Мереке құтты болсын!
Азаматхан ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының президенті