Жұмбақ жер – Санников жері жөнінде талай жазылды. Талай деректі және көркем фильм түсірілді. Көркем шығармалар дүниеге келді. Әсіресе ол жердің тропикалық оңтүстік белдеуде емес, қасат мұз басқан солтүстік Полярда жатқаны жұртты қызықтырды. Аязы 50-60 градусқа дейін баратын, мәңгілік мұзды өлке – Солтүстік мұзды мұхиттың бір қиырында ыстық суы атқылаған, жеміс-жидегі уылжып пісіп тұратын, аң-құсы жыртылып айрылып жататын ғажайып мекені бар дегенге адам баласының сене қоюы екі талай. Бірақ сондай бір мекен бар екені анық. Тіпті жыл құстары да солай бағыт алады. Қызық. Бұл өңірде құстар жылы аймақ – оңтүстікке емес, мәңгілік мұз басып жатқан солтүстікке қарай бет түзейді. Неге? Бұл жер – дүниенің қыртысын зерттеп жүрген ғалымнан жәй адамға дейін ойға қалдырады.
Қаңқылдаған қаз да, тыраулаған тырна да, сұңқылдаған аққу да көк зеңгірде шеру құрып, солтүстікке қарай қалқып бара жатады. Мәңгілік тоң, көк мұз арасында оларды не күтіп тұр? Әлде, мұзтаулардың ортасында күннің нұры төгілген, суы жылы, жасыл-желегі мол, жанға-жайлы жұмақ өлке бар ма? Жыл құстарының солай қарай ағылуы соны меңзейтіндей ме, қалай?… Осы жұмақ жер – жұмбақ жерді іздеп, жүздеген адам солтүстікке аттанды. Кім де болса, алдымен жұрттың аузында жүрген жұмбақ аралды табу еді. Көбі ақ қар, көк мұзға қамалып, суықтан қатып өлді. Тіпті, Ақ патшаның генералы Колчак та ұмтылыс жасаған…
Алғашында барон Эдуард Толь бастаған экспедияцияның құрамында болған ол бар жоғы лейтенант еді. Солай бола тұрса да, жүрер жолдың бәрін картаға түсіріп отырды. Кейін жеке өзі экспедиция жасақтап солтүстік өлкені талай шарлады да. Ол тек ақ патшаның адмиралы ғана емес, Солтүстік поляр өлкесіне экспедияция жасаған, ғалым-океаногаф, зерттеуші ретінде де таныс. Санкт- Петербургтен Владивостокка дейін солтүстік мұзды теңіздерді кеше отырып, тұңғыш рет жол ашқан да Колчак болатын. Орыс жұрты үшін еңбегі ерен күрделі тұлға.
1934 жылға дейін КСРО-ның солтүстік аймаққа сапарға шыққан кемелерінің бәрі (Санкт-Петербургтан Владивостокка дейін) Колчак жасап кеткен карта бойынша жүрді. Тек кейіннен өзге теңіз жолдары белгілі болған соң, бағыт өзгерді. Бірақ Колчактың Солтүстікке жасаған экспедияциясы жайында Кеңестік заманда айтылмады. Себебі Колчак қызыл империяға қарсы күркескен адам. Бұл жеке әңгіме.
Мұз құрсанған Артика мен Антарктиданың бір қиырында жұмақ жер барын баяғының фантас жазушылары да жазып кеткен. Мәселен, Жюль Верн, Говард Лавкрафт, Джек Лондон, Артур Конан Дойл. Бұлардың қай-қайсысы да өздерінің шығармаларында ақ қар, көк мұз жастанған солтүстік өлкеде әйтеуір бір жұмақ жер бар дегенді келтіріп отырған. Тіпті миллиондаған жыл бұрын ғажайып өркениет болғанын да қолдарынан келгенше түрлі дерек-дәйекті алға тарта отырып айтқан. Бәлкім, олар адамзатқа таныс антланттықтар, не болмаса шумерлер болуы да мүмкін-ау дегенді меңзеді де. Кім білсін? Бәрі де ұғымға сыяды.
Неге десең, солтүстіктегі мұз басып жатқан құрлыққа сапар шеккен көптеген экспедициялар бүгінгі күні түрлі сенсациялық жаңалықтар ашуда. Мұз тоңдардың астынан мамонттардың, жылы өңірді ғана мекендейтін құстардың қатып қалған қалдықтарын, белгісіз көне жұртан қалған әрқилы жәдігерлер тауып, «бұл өлке кезінде күні шуақты, жасыл-желекке оранған аймақ болған» деген тұжырымдар жасауда. Бірақ түпкілікті шешім жоқ. Әзірге болжам ғана. Тіпті Ностардаумс та «солтүстікте тек іріктелген адамдар тұратын мекен бар» дегенді айтыпты-мыс.
Дегенмен, чех жазушысы Карл Глоухтың «Дуаланған өлке» деген романы Гренландияның бір қиырында жасыл желекке оранған, аң-құсы жыртылып айрылған, суында балығы мол жұмақ жерді суреттеген. Әлгі жерде тас ғасыры адамдарының деңгейіндегі саналы тіршілік иелері мекен еткені туралы жазған. Жазушы романын жазбас бұрын, сол жерде тұратын жұртпен кездесіп, көне жұрт жөнінде елдің есінде қалғандарын қағазға түсіріп алып, бәрін қорытып барып жазғанын айтады. Жергілікті халық баяғыда сондай өлке болғанын, кейінен жойылып кеткенін әлі күнге жыр қылып айтып жүрсе керек…
Дәл сондай жұмақ өлке барын геолог, жазушы Владимир Обручев ХХ ғасырдың басында жер қыртыстарын зерттеуге Саха еліне барған экспедицияда жүргенде жергілікті жұрттан Мұзды мұхиттың бір түкпірінде сыры беймәлім жұмбақ жер барын естиді. Олар жыл сайын құстар уақыты келгенде сол жылы аймаққа барып, ұя басып, көбейетінін, ол жерде сахаларға туыс болып келетін «онкилондар» деген тайпа тұратынын да айтады. Бұл жазушыға қанат бітіріп, жұртан естігенін, көрген-білгенін шығарма етіп жазып шыққан.
«Санников жері» деген қызғылықты кітап, өткен ғасырдың 70 жылдары киноға айналып, халық қызыға көрді. Сонымен, «Санников жері» деген атау алған жұмақ өлке бар ма, жоқ па? Ол «жұмақ жерді» ең алдымен солтүстік атырапта ақ түлкі аулап жүрген орыс кәсіпкері Яков Санников 1811 жылы көрген екен. Түлкі қуып, шошақ мұздың үстіне шыққан ол, көкжиектен көкке өрілген шыңдары бар ғажап аралды байқап қалады. Бұрын-соңды бұл маңда осындай арал барын ешкімнен естімеген аңшы жұмбақ аралға ұзақ қарайды. Алайда белгісіз аралды көп ұзамай, қалың тұман басып, көзден ғайып еткен… Неге екені қайдам, аңшы ертесінде де, одан кейінде көзіне елес болып көрінген аралды таппай қалған. Дегенмен, көргенін жұртқа айтты. Содан кейін, ел елес аралды «Санников жері» деп атап кеткен.
1886 жылы полярлық геолог барон Эдуард Толь Котельный аралының жағасында айналаға дүрбі салып тұрып, көкжиектен көзге көрінер-көрінбес болып тұрған таулардың сұлбасын байқап қалады. Өз күнделігіне ол: «Көкжиек ашық еді. Солтүстік-шығыс беткейге дүрбі салған мен, кенеттен көкке шаншылған шыңдардың сұлбасын көрдім. Ол таулар шығысында құрғақ жермен ұштасып жатты… Демек, Санниковтың айтқандары жалған емес, шындық болды. Біз ол жерді картаға түсіріп, «Санников жері» деп ат қойдық…» деп жазды. Бұл ешқандай елес емес екеніне көзі жеткен Толль бірден сол маңға баруға мүмкіндігі болмайды. Дегенмен, араға он алты жыл салып, жанына үш серігін ертіп, баяғыда көрген жұмбақ өлкеге аттанады. Бірақ мұз құрсауында қалған олар қаза тапты. «Санников жерін» іздеуге талпыныс жасаған алғашқы экспедицияның сапары осылай қайғымен аяқталды.
1893 жылы Фритьоф Нансен деген саяхатшы «Фарм» деген кемеге мініп, Жаңасібір аралдарының маңын түгелімен қалдырмай шарлап шықты. Бірақ аталмыш жұмбақ аралды еш жерден таппады. Өзінің екі томдық шығармасында ол: «1893 жылдың 20 қыркүйегінде біз Толль айтқан өлкеге бет түзедік. Өкінішке қарай, аталмыш жерді кездестірмедік. Бәлкім, Толь де, Санников та қателескен болар. Егер де олар айтқан арал рас болса, біз енді соның үстінде тұрар едік қой» дегенді келтірген. Сәл берірек келер болсақ, 1930 жылы ұшақ мініп, мұзды аймақты зерттеп жүрген Иван Черевич және Валентин Аккуратов кенеттен кездейсоқ аралға тап болады. Бірнеше мәрте суретке тартқан олар, жанар-жағармай аз болған соң, амалсыз кері қайтқан. Бірақ содан кейін ол аймаққа ұшуға реті келмей, көрген аралдары тек әңгіме және сурет қалпында қалған. 1937 жылы кеңестік «Садко» мұзжарғышы «Санников жерін» іздеуге тапсырма алып, аталмыш аймаққа бет алған. Алайда талай айға созылған бұл экспедицияда түк таппай кері қайтқан еді. Әрине, одан бері де Санников пен Толль айтқан аралды іздеп, талай экспедиция мұзды мұхитты шарлады, бірақ әңгімеге арқау болған аралды кездестірмеген. Дегенмен, соңғы кезде ғалымдар: «Санников пен Толль көрген аралдар шындығында арал емес, толқын айдап, келген айсбергтер болуы мүмкін. Олар кейде суы таяздау жерге шөгіп қалып, кейінен мұзы еріп, су болып ағып кетеді. Бәлкім, әлгі азаматтардың көргендері сондай айсбергтер болуы мүмкін» деседі. Ал бұған қарама-қарсы пікір айтатындар да көп. Олар, «Жанартаудардың атқылауынан жаңа аралдар пайда болуы ықтимал. Тіпті, ол жерлерде Санников өз кітабында жазғандай ыстық бұлақтар ағып, жасыл-желекке оранған алқап-ормандар, таулар пайда болуы физикалық заңдылық. Құстардың да сонда ағылуы белгілі жайт. Бірақ жанартаулар қайта оянып атқылаған кезде, жұмақ өлке қайтадан мұзды аймаққа айналуы да мүмкін жайт» деген болжам айтады. Бұл да көкейге қонады. Дегенмен, әлі күнге құстардың солтүстікке ұшуы тоқталған жоқ… Демек, әлі адам баласы таппаған бір жұмақ өлке мұз аймақта болуы мүмкін-ау. Осы өңірге саяхат жасаған ағылшын-американ ғалымдары мұз тоңның астынан елдімекендердің орындарын тапқан… Оларда «ондаған мың жыл бұрын бұл аймақ жасыл-желек жамылып жатуы мүмкін» деген қортындыға келген. Тіпті бүгінгі ғалымдар көкке ұшырылаған жер серігі арқылыда «Санников жерін» анықтауға тырысқан. Көктен түсірілген суреттердің бәрінде солтүстік мұзды аймақтарда жатқан жұмбақ жерге ұқсас нысандар көрініс тапқан. Сол бойынша есептеп, әлгі жерге барғанда ешқандай желекті өлкені таппаған. Қазір ғалымдар сол жаққа ұшып баратын жыл құстарының кейбіріне сіріңкенің талындай бейне камераларды байлап жіберіп, құстар қай жерге барып қонатынын анықтауға тырысуда. Алдағы уақытта, «Санников жері» бар ма, жоқ па, тек қиял-ғажайып аңыз ба, оны осы құстар арқылы білетін боламыз.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ