Home Жаңалықтар ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ

55

«Алтын тақтың» жалғасы Хақназар, Абылай, Кенесарылар болуы тиіс!
Кеше арнайы кинотеатрға бас сұқтым. Онда да «Алтын тақты» (Жалпы «Қазақ хандығы» атты сериалдың алғашқысы «Алмас қылыш» болса, екінші бөлігі осы «Алтын тақ») көру үшін! Жаман емес. Риза болдым. Берер әсері мол. Әрине киноның кем-кетігін кино сыншылар айта жатар. Айтайын дегенім басқа. Мәселен, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия секілді елдер өткен тарихын, мәдениетін, жаугершілік замандарын киноға айналдырып, көрерменге ұсынуда. Өйткені қазіргі жұрт кітап оқымайды. Ащы ішектей созылған кітаптан немесе қасаң тілмен жазылған ғылыми еңбектен гөрі кино көрген әлдеқайда қызық, әрі оңай. Осыны түсінген кәрістер мен түріктер өздерінің тарихын қалайда жастардың бойына сіңіру үшін киноны қолға алып, тарихын көгілдір экран арқылы ұлттың жадына құя жатыр. Иә, олар ұтты Тіпті жырақта жатқан біз де сол елдердің тарихи киноларын көре отырып, жанкешті жапон самурайы қандай болатынын білдік, үркуді білмейтін жеңімпаз кәріс батырларын таныдық, түріктің Осман империясының өркендеуі мен құлдырауынан хабардар болдық. Міне, бұл тарих кино тілінде сөйлегенде болатын әсер, жадымызда сақталып қалар жаңғырық. Бізде жалаң қылышпен жауға шапқан батырлар, күлде жатқан елін күн еткен хандар болмады ма? Болды! Өкінішке қарай, олар жайлы аттарынан басқа ештеңе білмейміз. Егер біз өз тарихымызды, текті хандарымыз бен сайыпқыран батырларымызды, қара қылды қақ жарып, әділін айтқан билерімізді көркем фильм тілімен қайта жаңғырта алсақ, болашақ ұрпақ алдында өте игі тірлік жасағанымыз. Ұрпақ өзінің кім екенін, қайдан шыққанын білер еді. Қазақққа Қабанбай, Бөгенбай секілді үш жүздің ұранына айналған батырлардың өмірі, Қасымхан, Абылайхан, Кенесары хан секілді «алашым, жұртым» деп ах ұрып өткен, алаш баласының бірлігі, даласының бүтіндігі үшін басын құрбан еткен ел тізгінін ұстаған арда ұлдардың өмірі керек-ақ. Шындығы сол, елдің есінде қалар, болашақ ұрпақ «мен кіммін, тегім кім, қайдан шықтым?» деп толғанғанда, «мынау менің ата-бабамның жүріп өткен жолы» деп қарайтын һәм содан рух алатын бір дүние бар. Ол – бабалар тарихын көркем фильм етіп сөйлету. Біз сол деңгейге жетуіміз керек. Рас, тарихи кино, сериал түсіруге қадамдар жасалып жатыр. Түк жоқ деуге болмас. Шүкір!

Айтқымыз келгені, бүгінгі ұрпақ өз тегін, тарихын біліп өссін десек, кәріс пен, түрік секілді тарихи сериалдарды көптеп түсірген абзал. Қазіргі әр арна түсіріп, халыққа ұсынып жатқан бүгінгі өмір қырларынан сыр шертетін кинолар өз алдына. Тіпті олардың да жастарға керемет бір ғибрат беріп жатқандары шамалы. Әйтеуір ақша игеру, «тисе терекке, тимесе бұтаға» деген далбасалық. Бір көруден аспайтын шалажансар, қойыртпақ сериалдар. Қазір халыққа керегі түріктің «Сұлтан Сүлейман», «Көсем сұлтан», «Ертұғырыл» секілді түсірілуінде кінәрат жоқ тарихи сериалдар. Ал ондай сериалдар түсіруге шамамыз келмесе, өреміз жетпесе, жастар өзге елдің киносын көріп, солардың жетегінде кетері анық. Ал жастарымыз отаншыл, мемлекетшіл болып өсін десек, өз тарихымызды кино тілінде сөйлетіп, ұрпаққа ұсыну. Осы орайда қазақ хандығы жөніндегі сериал «Алтын тақпен» тоқтап қалмау керек. Міндетті түрде жалғасы болса деймін. Естуімше, Қасымхан жайындағы киноны түріктермен бірігіп түсіргелі жатыр екен. Жарайды. Ал Қасымханнан өзге Хақназар, Абылай алаш баласының соңғы қаһарлы ханы Кенесары жөнінде де кинолар түсірілгені жөн. Сонда ғана біз қазақ хандығы жайында толыққанды фильм жасай алдық деп мақтануға болар еді.

Азаматхан Амиртай

Алдыңғы жазбаМадина Әбілқасымова жаңа қызметке тағайындалды – Ел жаңалықтары
Келесі жазбаБангладеш тұрғыны бір айда екі рет босанды – Жаһан