Шалқая қарасаң қалпағың түсер бұл құз жртас – әлемдігі ең биік шың. Ол әлемге «Эверест» деген атпен белгілі. Алайда жергілікті халық (тибеттер) «Жомолунгма» деп атайды. Жомолунгма жергілікті тілде «Жер ананың тәңірі» деген мағына береді.
Ал «Эверест деп неге аталды» дегенге келсек, 1832 жылы Үндістандағы Британ жер қыртысын зерттеу қызметі Гималай тауларындағы шыңдарды суретке түсіру жұмысын жүргізді. Сол кезде бәрінен ерек көрінген ең биік шыңға сонда суретке түсіріп жүрген экспедиция мүшелері өз басшылары Джордж Эвересттің атын берді. Содан бері Жомолунгманы әлем «Эверест» деп біледі. Бұл шың Непал мен Қытай мемлекеттерінің қиылысқан тұсындағы Тибет жерінде орналасқан. Непалдықтар оны Сагарматха (Аспан тау) деп атайды. Шындығында Жомолунгма жер бетіндегі ең биік шың еді. Шыңның биік нүктесі 8848, кей жерлерде 8853 метр деп саналады. Бұл шың жөнінде аңыз-әңгімелер де көп. Тибет монахтары Жомолунгманың жер шарындағы ең биік шың екенін ықылым заманда-ақ білсе керек. Тіпті «жер кіндігі» не болмаса «уақыт кілті» атанған атышулы Шамбалада содан көп алыс емес. Бәрі де сол жұмбаққа толы Гималай тауында. Атақты шыңның етегінде бұдан бірнеше ғасыр бұрын Далай Ламаның жарлығымен салынған Ронбук монастыры әлі күнге бар. Көкке қадалған шыңның құзар төбесі яғни үш мың метрдейі таза жартастан тұрады. Оны тибеттіктер Жумаланг-мафенг (Жер тәңірісі), Жо-Мо-Лун-Ма(«құс дауылы) немесе Канг-Ча-Мо-Лун (құс патшалығындағы қар) деп те атайды.
Жалпы осы шыңды бағындыруға тауға өрмелеуші мыңдаған альпинистер тырысып бақты. Олардың ішінде бағы жанып 8848 метрге көтерілгендерінен гөрі, шыңға өрмелеп бара жатып, құлап не болмаса қар тасқынының астында тіпті қатты суыққа қатып өлгендері әлдеқайда көп-ті. Есеп бойынша осы шыңға барар құзар жартастардың арасында екі жүзден астам альпинистің денесі жатыр. Оларды төмен түсіріп, қатып қалған мүрделерін жерге қойнына тапсыру мүмкін емес. Тек бірен-сараны болмаса. Сағатына 200 шақырым жылдамдықпен соғатын желдің өтінде, не болмаса қарлы боранда, сәл тықырға бола көбесі сөгіліп кетіп, қар көшкіні орын алып жататын бұралаң тау жолдарымен, қия жартастарды басып жоғары өрмелеп шыңның басына көтерілу қиямет-қайың. Бірақ адам баласындағы осы шыңның басына қалай да шығам деген сенім талай жүрегінің түгі бар азаматты жолға алып шықты. Эверестке шығу талайдың соңғы сапары болды. Талайы мұзтауда бақилыққа қалды. Ол жайлы айтуды кейінге қалдыра отырып, біз құзар шыңға өрмелеп келе жатқан альпинистердің өлген адамдардың елесімен қалай кездескенін тілге тиек етейік. 2004 жылы мамырда Пемба Дорж атты альпинис шыңның төбесіне шығып төмен түсіп келе жатты. 8000 мың метрлік биікте сәл тоқтап, құтыдағы ыстық шайдан ауыз тимек болады. Әрине, тастың қуысында жайланып отырып сораптап шай ішетіндей емес. Тоқтаған жер тым биік болғандықтан бұл жерде арнайы апаратпен демалмаса, ауа жетіспейді. Шайдан бірер ұрттап, көтерілген жолмен жіптен ұстап төмен түсе бастағаны сол еді, өзіне қарсы көтеріліп келе жатқан адамның сұлбасын көрді. Көзі оттай жанып, алға қолын созған адам сұлбасы тым қорқынышты еді. Қатты шошынған Пемба күрт қимыл жасап, қолын созған адамды қаға-соға төмен қарай жанталаса сырғай жөнелді. Көлденең тұрған жақпар тасқа соғылып тоқтамағанда тік сырғанақ оны сүйреп туу қияға бірақ соғарма еді. Оның ар жағы өлім болатын. Әйтеуір жолындағы жартас оны ажалдан аман алып қалды. Есін жиып артына қараған Пемба ешқандай адам сұлбасын байқамады. «Менің ше ол шың басында өлген альпинистердің рухы шығар» дейді Пемба артынан жергілікті баспасөзге берген сұхбатында.
1980 жылы атақты итальяндық альпинис Рейнгольд Месснер жеке дара Эверестке көтерілді. Шыңның құзар басына жетіп қалғанда әлдебіреулердің сөйлескен, сондай-ақ қараң-құраң еткен сұлбалары көрінген. Арнайы лагерьден шығар алдында шың басына қарай кеткен ешкім жоғын анықтап алған Рейнгольд «бұлар кім болды?» деп алғашында таң қалған. Сосын барып сұлбалардың 1924 жылы шыңға көтеріліп, сол жерде қаза тапқан ағылшын альпинистері Мэллори және Ирвин екенін анықтаған. Соларға қарай бір қадам жасаған Рейнгольд кілт тоқтап, «олар өлгендер, мен тірімін. Менің жолым бөлек, мен шыңға шығуым керек» деп өзіне-өзі есеп беріп, бетін қармен үйкелегені сол еді, әлгі елес бейнелер лезде еріп жоқ болған. Дегенмен көптеген ғалымдар өте биіктікте ауаның жетіспеушілігі басым болып, содан қан қысымның көтерілуі, құлақтың бітіп қалуы көбіне адамға қос көрініп яғни адамның көзінің алдында галлюцинация пайда болуы мүмкін дейді. Мүмікін бір себеппен рас та шығар.
Эверестке көтерілген көптеген альпинистер белгісіз сұлбаларды жиі көретінін айтады. Тіпті әлгі елестер белгілі бір қашықтықты ұстап, бұлардан қалмай тауға өрмелеп немесе бірге түсіп келе жатады екен. Жергілікті монахтардың айтқанына келсек, «шың басында қаза тапқан, мүрдесі көк мұзға оранып тастардың арасында қалған альпинистер өте көп. Солардың рухы үнемі тірі жандардың көзіне шалынады. Жылына бірнеше мәрте біз дұға оқып, рухтарды сабырға шақырып отырамыз» деседі. Бұған сенбеске лаж жоқ. Өйткені шыңға барар құзар жартастардың арасында жүздеген адамның денесі көк мұз болып (бұл жерде суық 60 градусқа дейін жетеді. Ал 40 градустық суық норма болып саналады) шашылып жатыр.
Осы секілді аңыз-әңгімелер өте көп. Оның бәрін тізіп жату шарт емес. Енді нақты әңгімеге көшейік. Ең бірінші болып шыңды зерттеуге экспедция 1921 жылы келді. Сол жолы олар тау етегінен алғаш рет «қар адамын» кездестірген. Джорж Мэллор және Ирвин 1921 жылы бірінші болып 8500 метр биіктікке көтерілді. Бірақ сол қалпы із-түссіз жоғалды. Қайда кеткені, тағдырлары не болғаны жұмбақ болып қалды. Біраз жылдарға дейін ол екеуі «8500 метр биіктікке көтерілді ме, жоқ па?» деген талас та болды. Бірақ 1975 жылы Қытай альпинисі 8100 метр биіктікте өліп жатқан адамның денесін көрген. Қытай альпинисінің айтуынша, өлген адам Ирвин болуы мүмкін. Осыдан кейін барып Мэллор және Ирвиннің шыңға көтерілгені жөніндегі талас тоқтаған. Жыл сайын Эверестке шығуға 500 дей альпинс талпыныс жасайды екен. Бірақ 1921 жылдан бері бүгінге дейін тек 400 тауға өрмелеуші ғана шыңның басына шығу бақытына ие болыпты. Демек қалғандарының түрлі себеппен жолы болмаған. 200-ден астам адам үсіп не болмаса құлап, көшкінің астында қалып тіпті ауа жетпей қаза тапқан. Шың басына шығу кем дегенде екі айға созылатын көрінеді. Сондай-ақ ауа апаратынсыз оған көтерілу мүмкін емес. Осы шыңға көтерілудегі ең бір үлкен қасірет – 1952 жылы Кеңестік 40 адамнан тұратын экспедицияның түгелімен көшкін астанда қалып қаза табуы. Бұл трагедия тіпті «Шың басындағы қанды оқиға» деген атпен «Гиннестің рекордтар кітабына» да кірген.
Шыңға өрмелеудің қиямен-қайыңын аз да болса әңгіме еттік. Енді аспанмен таласқан құзардан шаңғымен сырғанап түсуге талаптанғандарға келейік. 1969 жылы жапон Миура тау шаңғысмен 8 мың биіктіктен сырғанап түсуге талпыныс жасады. Бірақ оның арты сәтсіз аяталып, Миура ажал құша жаздады. Одан кейін 1992 жылы француз Пьер Тардевель өз бағын сынап көрмек болды. 8571 метр биіктіктен төмен қарай не бәрі үш шақырым сырғанаған. Ол үш шақырымның өзіне үш сағатын жұмсапты. Ал итальяндық Ханс Каммерландр 6400 метр шың төбесінен оның етегіне түсу үшін 17 сағат уақытын шығындапты.
1998 жылы француз Кирил Десремо сноубордпен төмен түскен. 2000 жылы Даво Карничар шаңғымен, ал 2001 жылы Штефан Гатт Жомолунгмадан сноубордпен сырғанап түскен. 2001 жылы ерлі-зайыпты француздар Бертран және Клер Бернье шыңнан планермен түссе, 2004 жылы итальяндық Анджело Д Арриго дельтапланмен құлдилаған. 2005 жылы Дидье Дельсаль шыңның ұшар басына тікұшақпен қонған. Жалпы аспанға шаншыла қалған, әлемдегі ең биік шың Жомолунгма жөнінде әңгіме көп. Бірақ оның бәрін тізіп жату мүмкін емес. Жыл сайын осы шыңды көріп қайту үшін дүниенің төрт бұрышынан жүздеген мың турист келетін көрінеді.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ