Түзетуі де, жаңылысуы да оңай, кіп-кішкентай кілтипанның үлкен зардабы болады. Мәселен, атақты Қаракерей Қабанбай батырдың азан айтып қойған есімі – Ізбасар.
Аңыз, жырда да, ескі кітаптарда да солай. Біз жыраулар туралы зерттеуімізде бірнеше мәрте жүгінген «Тауарих хамса» кітабында да – Ізбасар. Алайда, Қабанбай туралы арнайы еңбек жазған шеттегі бір бауырымыздың қолына осы Құрбанғали еңбегінің әбден тозған данасы, иә көшірмесі түссе керек, «з» үстіндегі ноқат өшіп қалған сияқты, нәтижесінде елеусіз әліпті және қосып, «Аирбаср» немесе «Аирбасл» («р»-ды биіктеу жазса «л» болады) деп оқыған да, түзу атаудың ешбір қисынын таппай, Ерасыл деп жаза салған. Қазақтың XVIII ғасырдағы бас батыры атадан туғанда Ізбасар болды, жауға шапқанда асқан ерлігі үшін Қабанбай атанды, уақыт оза келе, қолбасылық қасиеті үшін Дарабоз деген мәртебеге жетті, ешқашан да Ерасыл деп атанған емес, басқаны былай қойғанда, бұл – қазақ тілінің қалыпты заңына үйлеспейтін тіркес.
@Мұхтар Мағауин (13 томдық шығармалар жинағы, 6-том, 339-бет)
( Dauren Berikqazhyuly Фейсбуктағы парақшасынан)