Home Жаңалықтар Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!

Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!

41

Алдымызда екі атаулы  күн  тұр.  Бірі тәуелсіздік  мерекесі.  Екіншісі 1986  жылғы  желтоқсан  көтерілісін еске  алуы  күні. Тілге  тиек етейін  дегенім, кешегі  кеңестік «мызғымас»  одақтың  мезгілсіз мүрдем кетуіне  алғашқы  соққы жасалған Желтоқсан көтерілісі  жөнінде  болмақ.

Биыл 70  жыл  бойы  жүргізіп  келген  Орталық  комитеттің   озбыр саясатын ойран еткен, желтоқсан бұлғағына   33 жыл  толып  отыр. Ал,  сол  ұлы  бұлғақ – Желтоқсан көтерілісі нақты тарихи – саяси бағасын   алды  ма?  Ол  үшін  не  істей  алдық?  Әлде тек  жылына  бір  рет   еске алып,  алаңға   барып, Желтоқсан  көшесінің  басында  тұрған  қалақтай  ғана  ескерткішке  гүл  қоюмен  шектеліп  жүрміз  бе?  Рас,  1986  жылғы  желтоқсан көтерілісінің  тамыры  тереңде. Оны   тек  Қонаевты   орнынан  алып, Колбинді отырғызған  үшін қазақ  халқы  көтерілді  деп  айтсақ, тым үстірт болмақ. Шын  мәнісінде  қазақ  халқының Орталық  жүргізіп келген сайқал  саясатқа  деген ашу-ызасы тым әріден  басталғаны  белгілі.  Алаш  баласы 1731 жылы  патшалық Ресейге бодан болғаннан, кешегі егемен ел атанған 1991 жылға дейін отарлау саясатына қарсы   талай  мәрте ұлт-азаттық көтеріліс жасады. Жырауларымыз:

  1. «Еділді келіп алғаны,
    Етекке қолды салғаны,
    Жайықты келіп алғаны,
    Жағаға қолды салғаны, – деп  бекер жырламаса керек-ті. Отаршылдыққа қарсы болған күрестердің, ұлт-азаттық қозғалыстардың халқымыздың тарихында алар орны өте ерекше.  Мұны  жадымыздан  шығаруға  болмайды.
    Иісі қазақтың арман-мақсаты болған егемендікке жету үшін, алаш  баласы «мың өліп, мың тірілді». Соқтықпалы, соқпақты жолдан өтті. Тар жол, тайғақ кешуде, ұлттың жартысы қырылды.  Босып кетті.  Бірақ өз-өзін жоғалтқан жоқ. Түбі ата-бабамыздың асыл арманы болған тәуелсіздікке қол жеткізді. Нақтылай  түсетін  болсақ, 1930  жылдар   тұсында  кеңестік тоталитарлық жүйенің күштеу саясатына қарсы қазақтар 372 рет көтеріліске шықты. Бұл дүмпу  Қазақстанның  барлық аймағын  қамтыды  деуге  болады.  Ал, 1986 жылдың ақ қарлы, көк мұзды күндерінде болған  Желтоқсан оқиғасы соның заңды жалғасы. Қазақ халқының қай көтерілісінің астарына үңілме, барлығында  тәуелсіз ел болу үшін жанталасудың қаракеті  жатты. Желтоқсан көтерілісі тек Алматыда ғана емес, републикамыздың бірқатар аймақтарында, яғин Жезқазған, Қарағанды, Арқалық, Көкшетау, Талдықорған, Павлодар, Жамбыл, Сарқант, Талғар қалаларымен, Шамалған, Сарыөзек, Шелек секілді елдімекендерді қамтығанын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл көтерілісті қызыл империя «Қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалап,  жастарды қуғындағаны мәлім. Жалпы, сол уақытта 33 мың адам жапа шегіпті.Ал сол Желтоқсан көтерілісінің мән- мағынасы жастарымыздың санасына толық жетті ме? Әлде арада уақыт өткен сайын санамызда ескіріп бара ма? Жалпы, көтеріліс нақты тарихи – саяси бағасын алды ма? Мәселенің  үлкені  сол  болмақ. Әсіресе жас  өркен-жаңа  буынның  жадына  сіңіру  үшін   не  істеп  жатырмыз?  Қандай  қарекет  бар? Әлде  Алматыда   бір  көшені атап,  оның  басына  қалақтай  ғана  ескерткіш  тұрғызумен  бәрі  бітті   деймміз бе?   Егерде Желтоқсан – біздің тарихымыздың бөлінбес бөлшегі,  оны білу, зерттеу, қастерлеу -бәріміздің парызымыз  дейтін  болсақ әлі де қолға   алар  шаралар  жеткілікті. Соның  бірі  ретінде Елордамыздың  орталығында Желтоқсан көтерілісіне  байланысты  үлкен  ескерткіш ашу. Ол  тек Желтоқсан  көтерілісімен  шектеліп  қалмауы  тиіс. Ұлт – азаттық  көтерілстердің  барлығы  айшықталуы  тиіс деп  ойлаймын. Сонда  ғана   жас  ұрпақта,   елімізге,  елордаға   сырттан келген  қонақтарда   иісі  қазақтың азаттық  жолында  расында, мың өліп,  мың  тірілгенін, тар  жол, тайғақ кешуден   өткенін  түсінер еді,  түйсінер  еді. Сондай – ақ,  тас  тұғырда алаш  баласының  күреске  толы өмірі  бәдізделгендіктен, ол  ескерткішке  ерекше атау  беру  керек.  Мұндай алып ескерткіш  тұрғызуға  мемлекет  қазынасында  ақша жоқ емес,  бар. Билік еш  қайтарымсыз бағдарламаларға  миллиардтап  қаржы  шашқанша, елдің  өткенін есіне  түсіріп  отыратын, елдің еңсесін көтеретін  тағылымы  мол  осындай  игі  шараға оң көзбен  қараса  құба-құп  болар  еді-ау.  Сонымен  қатар еліміздің ірі  қалаларында  желтоқсан  атаулы көшелер  пайда  болып,  Желтоқсан  қаһармандары  кесінделген  тас  тұғырлар  тұрғызылып  жатса,  нұр  үстіне  нұр  болмақ. Осы орайда айтқым келгені өзім  жетекшілік етіп  отырған «Байтақ-Болшақ»  экологиялық  альянсы   осындай  игі шараға   мұрындық  болуға  талпынып жатыр. Сәтін  салып,  партия  болып  құрылып  жатсақ, Желтоқсан көтерілісін  елдің есінде  қалдыру   үшін  біраз  тірліктер жасау   ойда  бар.  

Азаматхан  ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ»  экологиялық  альянсының  төрағасы,  Ұлттық  қоғамдық  сенім кеңесінің  мүшесі.

Алдыңғы жазбаПарижде Зеленский мен Путин кездесті
Келесі жазба2020 жылдан бастап адам басына тауар әкелу шектеуі жойылады