Home Руханият Киіктің киесі

Киіктің киесі

445

Киікті құртып ала жаздап, оған қыруар қаржы бөліп, жағдай туғызып, күзетіп, санын қалыпқа келтіргенде аяқ астынан оларды аулауға, атуға рұқсат беріліп жатыр екен. Өте өкінішті. Мұның басқа жолын таппаған үкіметте мый жоқ!

Бұрын, бізге дейінде даламызда киік болды, болғанда да өте көп болған және оның көптігі мал мен жанға ешқандай кесел болмаған. Ата-бабамыз дала заңдылығын сақтаған, киіктерді өз жайына қалдырған.  Ей, сорлы министрлік, мынадай шешімін масқара ғой!Төрт түлігіңді оқсатып алсаң да жарамай ма, киікте нең бар, сорлы?

Жалпы біздің шаруа қожалықтары, ЖШС иелері далада киік көп, малымыздың жайылымын бүлдіруде деп байбалам салғанда керім, халықтан қызғанып, жерді жекешелендіріп, бөліп-бөліп сатып алып, енді оны Құдайдың аңынан да қызғанып отыр.

Біліңіз, киік шөптің басын ғана кертіп жейді. Қысы-жазы солай. Киіктердің қорегі қандай шөп болса да оның басы. Ал үй жануарына шөптің ортасы қалады, жылқы тебіндеп тамырын жейді. Алла аса әділ ғой, ешбірін ризықсыз қалдырмайды.

Киік судың тұнығын ішеді. Және тез қанады. Киік көлтауысар емес!

Киіктердің үй жануарларының шөбімен, құдығымен еш шатағы жоқ. Мая-мая шөпке көзін де салмайды. Олар өз аяғымен жайылып жүріп, тағы қайталауға тура келеді, шөптердің тек басын кертіп жейді де алға аса береді. Қалғаны төрт түлікке жетеді. Оны олар отап кетпейді. Қазір мал баққандар байбалам салып, босқа дабылдатып отыр. Олар солай деген соң солай болады. Өздері пәлені шақырып алады.

Киік шөптің 90 түрлісін жеп, қоректенеді. Көктем туа, қар астынан шыққан жас шөп өте улы болып келеді. Соны киік жеп, денесіне, мүйізіне дәрі жинайды. Киік жайылып кеткеннен кейін үй малы өріске шықса, шөптен уланбайды, көк тышқақ болмайды. Киігі жоқ дала көктемде уға толы болады. Малға қауіпті. Қар астындағы шөп суықтан қорғану үшін уға айналып, өз-өзін сақтайды. Адамның көз-жанары да қатты суыққа ащы жастың арқасында шыдайды. Алла ауаны – 60-қа жеткізбейді. Егер сол мөлшерге жетсе, онда адамның көзі, қарашығы әйнектеніп, ұясынан шығып, жерге атылып сынып түсер еді. Оған жеткізбейді, сақтайды. Сол сияқты ғой, үш ай, кейде алты ай қыста шөптер тұқымын сақтау үшін ащы уға айналады.

Киік сондай-ақ даланы өрттен қорғайды. Олар отар-отар болып шауып өткенде өрт шығу қаупі бар заттар киіктердің тұяғының астында өшіп қалады.

Киік өсімдіктердің тұқым шашып, жан-жаққа тарап, көбейіп өсуін қамтамасыз қылады. Өсімдік тұқымдары олардың тұяғымен, олардың екпінімен де далаға тегіс жайылып, өсуге мүмкіндік алады.

Киік болашақ ұрпағының еркек не ұрғашы болуын жатырында реттеп, қалағанын туатын бірден-бір жануар. Егер бір жылы еркектер аз болып, кіл аналықтар көбейгенін білсе, соны өздері реттейді. Алла етікке сондай қабілет берген және жетімін қаңғытпайды, бір-бірінің лағын емізіп, өргізіп әкете береді.

Киіктің ең басты ерекшелігі бауыздап жатсаң да дыбысын шығармастан құрбан болады. Көз жанары мөлдіреп, бәрін сезіп-біліп жатады.

Желтоқсан айының аяғы, қаңтар туа «Текебұрқақ амалы» болады. Содан көктемде, көкек-мамыр аралығында шыбыштайды, яғни жаппай төлдейді.

«Құралай салқыны» соғып, киіктер жаңа туған лақтарын желге қарсы өргізеді. Жел үстін кептіріп, бойын шынықтырып, жас төл енесіне ілесіп, шауып, отардан қалмайтын күшке ие болады.

Тап осы күндері қасқырлардың тісі қақсап ауырып, етке зауқы соқпайды. 3-4 күн ет жей алмайды. Есесіне осындай мүмкіндікті пайдаланып, бұл Құдай-Тағаланың қамқорлығы, мейірімі ғой, киіктер жас төлдерін туып, өргізіп жатады.

Киіктің жаңа туған лағы туа салысымен күнбағыс сияқты күнді бағады, яки ол жерге жатқанда көлеңкесін мейлінше түсірмеуге тырысады. Қасқырдың етке зауқы болмағанмен түзде одан өзге де жыртқыштар бар, солар биік қабақта тұрса, көлеңкесі арқылы жас төлді тауып алуы мүмкін. Міне, осы мүмкіндік жаңа туған лақтың түйсігінің арқасында болмайды. Және қашан өздігінен аяғына тұрып, шауып кеткенше жас төлдің иісі де шықпайды. Алла-Тәңір оларға түйсікпен қоса аңдардан құтылардай күш алғанша денесін иіссіз етіп қояды екен!

Киіктер қақында осының бәрін білген, яки киікті «Құдайдың малы» деп қараған атам қазақ оны киелі жануар санаған. Ақбөкен, Жезкиік, Жезқанат деп атап, олармен табиғатта қатар өмір сүрген, киіктердің тіршілігіне аса құрметпен қараған. Қазақтың осы пейілін құралай көз дала еркелері де білген.

Киікке біздің сүйікті пайғамбарымыз с.ғ.у. ақ батасын берген дегенді үлкендерден естіп өскен ауыл баласымыз.

Бір сұр мерген аналық киікті желінің сүтке толтырмаққа жайылып жүргенде нысанаға іліктіреді. Киік мергеннен құтылмасын біліп, оған жалынады. «Сұрмерген, мені босатып қоя бер. Менің екі лағым бар. Солар аш, мен соларды емізуім керек» десе, мерген: «Ал менің бала-шағам мені күтіп отыр. Олар да аш. Аңшылықтан құр қол келмес деп мені күтіп отыр» деп өзінің уәжін айтады. Екеуінің сөзін сол жерге Құдай айдап келе қалған пайғамбарымыз естіп тұрады. Киік: «Аңшы, мен шауып барып, лақтарымды соңғы рет емізіп қайтайын. Мен сені алдамаймын. Бұл Құдайдың ісі ғой. Мен көндім. Сен мені аз уақытқа босат» дейді жалынып. Мерген: «Сен мені алдап кетесің. Жоқ. Босатпаймын» деп саусағы мылтықтың шүріппесіне барып қалғанда, Алланың елшісі сөзге араласады. «Мерген, тоқта! Ақбөкенді жібер. Ол лағын емізіп оралсын. Мен кепілдікке қаламын!» дейді. Мерген де, киік те Алланың елшісін таниды. Содан бөкен шауып екі лағына келеді. Дақтары: «Анашым, сен қайдан келдің? Үстіңнен сондай жұпар хош иіс аңқып тұр. Керемет жерден келдің бе? Бұл не хош?» деп сұраса, аналық киік болған жайды айтады. Сонда қос лақ: «Анашым, Алладан ұялмайсың ба? Біз үшін сүйікті пайғамбарымызды кепілдікке қалдырып, тез кет! Біз өлмеспіз. Сен болмасаң, басқа киіктер бар емес пе?» деген екен. Содан аналық киік қайтып оралады. Алайда Алла ғой сынаушы. Пайғамбарымыздың дұғасы қабыл болып, содан бері киік баласы далада аш, жетім қалмайтын болыпты.

Иә, біздің есімізде. Бұл шамамен 70-ші жылдар мен 80-ші жылдардың шені. Ауылға көлікпен киіктерді әкеп сататын. Оқ тиген. Бірінің бүйірі, бірінің желкесі тесік, қарайып, қан ұйып қалған. Сол жерінен қорғасын шығады. Арнайы атып, жұртқа сатты. Өліп жатса да барлығының көзінде қайғы-мұң болатын. Менің әлі есімде, көзіме елестейді. Содан байыған елді көрмедік. Керісінше, ауыл-аймақта түрлі ауру, індет өршіді. Адамдардың өлімі өсті. Нәрестелер шетінеді. Жол апатынан адамдар қырылды. Осыдан сабақ алмадық-ау. Сондай зауал қайталанатын сияқты… Өзіміз шақырып аламыз.

Киіктің киесі атса, аңшы да былайғы адам да одан оңалуы неғайбыл. Оның өлер сәтіндегі көз жанарына қараудың өзі мүмкін емес.

Сәкен Сейфуллиннің «Ақсақ киік» өлеңінің мән-маңызы, өзектілігі әлі күнге сол күйінде. Біздің қазақ, біздің үкімет басындағылар тарихтан тағылым алуды қашан үйренеді? Даламыздан киік құрыса, оның нақақ көз жасына қалсақ, жұқпалы індет те, табиғи апат та айтпай-ақ жетіп келеді! Осыны білесіңдер ме, сендер? Ақбөкеннің көз жанарында адам баласының болмысы да болмысы бар.

Қазақ қыздарына: Құралай, Еңілік, Елік, Жанар, Жәудір, Марал деген сияқты есім бергенде киіктің сұлулығын, қасиеттілігін ескерген. Ал біз бүгін обал мен сауапты айыра аламыз ба? Барлығын ақшамен, нәпсі көзімен өлшейтін күйге түскенбіз.

Киікті өсіріп, не кемітіп бағу адамның құзырындағы нәрсе емес! Бөрінің Тәңірі киіктің де Тәңірі! Осыны ұмытпа, екі аяқты ақыл иесі!

Киікті қазақ және дейді бөкен,
Бетпақты байғұс бөкен қылған мекен.
Киікті атып аңшы өлтіргенде,
Жазықсыз жан өлді деп ойлай ма екен.

Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,
Басқаға жануарды-ау теңгермедім.
Көздері мөлдір қара ақ бөкенді,
Адамның баласынан кем көрмедім.

Munaidar Balmolda
24.10.2023.

Алдыңғы жазбаАлматыда сейсмикалық жарықтар қай жерлерде?
Келесі жазбаБайшыкештерден құралған партияның сыйқы осы ма?