Home Жаңалықтар «Ит үреді, керуен көшеді» десекте…

«Ит үреді, керуен көшеді» десекте…

92

Қордайдағы  дүрбелең ұлтаралық  саясатта  қордаланып  қалған  көптеген  мәселенің  бетін ашып берді.  Бұған  дейінде елімізде ұлтаралық  текетірестер  болған. Бірақ  солардан  қортынды  шығармағандықтан жағдай  тағы  қайталанды.

Не  істеу керек?

Осының  алдында «Масаншыдағы  қақтығыс  қайталана  ма?»  деген  тақырыпта сараптама  жазғанмын. Сондағы айтқан, елімізге кірме ұлттардың  оқшауланып,  топтаса орналасуына  тиым  салу керектігін  тағы  қайталаймын. Егерде олардың топтасып  өмір  сүретініне,  өз тілінде  білім алатынына, өздері өмір  сүріп  отырған  мемлекеттің  заңдарына  бағынбайтынына, осы  мемлекетті  құраушы  қазақтар екеніне  пысқырмайтынына  көз  жұма  қарай  беретін болсақ,  әлі алда  талай  қанды  қырғындар, соқтығыстар  болатынын  бағамдай  беруге  болады. Мұндай  жағдай  қайталана  беретін  болса, түптің  түбі елдігімізге  сына  қағылады, тұтастығымызға  қауіп, бүтіндігімізге қатер  төнеді. Сондықтан ұлтаралық  саясатты қайта  қарап, ынтымақта, бірлікте  өмір сүретіндей  тәсілдерін енгізуіміз керек. Ақиқатын айтсақ, оқиға  болған аймақтың әкімін  орнынан алу, құзырлы  орындардың  бірнеше басшысын қызметтен кетіру, баяғыдан  қордаланып,  сыздауықтай  жарылған мәселені түпкілікті  шешпейді. Ұтарымыз  шамалы. Біз кез-келген  оқиғаның  салдарымен емес,  себебімен күресіп, алдын алуға тырысқанымыз  жөн-ау.

Тағы  бір  мәселе, шамадан   тыс  жалтақ, жалпақшешейлік саясатқа  бейімдігіміз. Соңғы кезде әлеуметтік  желілерде  тарап  жатқан  кейбір видеоларға  назар аударсақ, қазақтың  қара  домбырасын  сындырып  жатқандарды, «егерде  Ресей Қазақстанның  солтүстік  облыстарын  қайтарамыз  деп әскер енгізіп  жатса,  қосылып Қазақстанға  қарсы шығамын»  дейтін өзге  ұлт адамдарының  ниеті  бұзық,  пиғылы жаман мәлімдемелерінде  көріп  қаламыз.Ұлттық  қауіпсіздік  комитеті  қайда  қарап  отыр? Мұндай  сепаратистік  көзқарастағы,  ойы  бұзық  жандарды неге  құрықтамайды? Неге  жазаламайды? Сепаратизмге  байланысты  заң  бар  емес  пе? «Ит үреді,  керуен  көшеді»  десекте, мұның  арты  үлкен  келеңсіз  жағдайларға соқтыруы бек мүмкін.

Сондай-ақ,  әлгілер айтарын айтып, жасарын жасап алып,  өтірік  мүләйімсіп кешірім  сұраған  болады. «Кешірім  сұрады,  елміз  ғой кешейік»  деп соған  мәз  боламыз. Бұл  қате  тірлік. Тоқтату керек. Кешірім  бере   беретін  болсақ, мұндай  жағдайлар  қайталана  бермек. Сондықтан қатаң  түрде, заң  негізінде  жазасын алуы керек. Сүйтіп  қана елімізге,  ұлтымызға  қарсы тірлік  жасағысы келетін қаскөйлердің   артын қыстыруға  болады.

Тағы  бір ескеретін аса  маңызды  мәселе, ол  солтүстік облыстарда өз  ұлтымыздың  әлі де  азшылықта  отыруы. Бұл  үлкен  қауіптің  бірі. Осыдан  біраз  бұрын «Қысқарған  облыстарды қайта  қалпына келтіруге  әлі  ерте»  деген  жазба жазғанбыз. Сонда қатердің  қайда  жатқанын айттық. Әгәрәки, Қордайдағы жағдай  солтүстік аймақтардың  бірінде (арандатушылар   жетерлік)  бола  қалса, жерміздің   бүтіндігіне,  еліміздің  тұтастығына үлкен қауіп сонда  болмақ.  Өйткені орыстың артында   Ресей  тұр.  Мәскеудің  «орыстың  тілімен мүддесін  әлемнің кез-келген жерінде қорғаймыз»  деген  ұстанымын  ескеретін болсақ, жағдайымыз мүшкілге айналмақ. Бұл  жерде Ресейдің   «орыстың мүддесін  қорғап»  Украинаға  не  істегенін   еске алсақта жеткілікті.  Сондықтан елімізде  тасбақа  аяңмен  жүріп  жатқан,   оңтүстікте  тығыз  отырған  қандастарымызды    солтүстікке  көшіру   мәселесін жеделдету  қажет. Ресейде  табиғаты  қатал  солтүстік аймақтарға  қоныс аударған  не  болмаса жұмыс істеуге  барғандарға  айлықты  бірнеше  есе көбірек  төлейді. Бізгеде  осы  тәжірибені  ескеру  керек. Солтүстіккке  көшіп барғандар  әбден  жерсіңіп кеткенше жеңілдіктерді аямаған  жөн. «Бұл  мемлекет  үшін  үлкен  шығын»  деген уәж айтылмауы  тиіс.  Өйткені елдің,  мемлекеттің  қауіпсіздігіне  жұмсалған  қаржы шығынға  жатпайды. Осылайша  солтүстік  өңірлерде ұлтымыздың  санын   арттыру арқылы,  болашақта  болуы  бек  мүмкін қатерлердің  алдын алуға  болады. Бұл  аймақтарда  да  Қазақстанның  заңдарын  жүре  тыңдайтындар, қазақ  тілін менсінбейтіндер  жеткілікті. Орыс  жұрты  тұтаса  орналасқан анклавтарда  жоқ  емес. Қордайда  болған жағдайды   сабақ  етіп,  қортынды  шығарғымыз келсе, солтүстіктегі   қордалы  мәселелерді  де жадымыздан  шығармауымыз  керек  деп  ойлаймын.

Әрине,  ең бастысы,  өзге  жұртқа  өзімізді,  тілімізді,  жерімізді    сыйлату  үшін,  алдымен  билік   осы жердегі  мемлекетті  құраушы қазақтың  тілінде сөйлегені жөн. Ұлттың  мүддесі әрдайым бірінші  орынға  шығуы тиіс. «Жақыныңды  жаттай сыйла,  Жат  жанынан түңілсін»  деп атам  қазақ  бекер айтпаған. Осы  қағида ұлтымыздың  ұстанымы  болуы  шарт.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ»  экологиялық  альянсының  төрағасы,  Ұлттық  қоғамдық  сенім кеңесінің  мүшесі

Алдыңғы жазбаКоронавирустан бір тәулікте 97 адам қайтыс болған
Келесі жазбаТоқаев Ассамблея басшысының орынбасарына тапсырма берді